Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан және демократиялық құндылықтар
2016 ж. 20 қаңтар
3750
0
Тәуелсіздігімізді алғанымызға 25 жылдың жүзі болса да өзіміздің ұлттық-демократиялық қайнарларымызды танып-білу, жаңғырту үрдісі әлі де болса баяу, қарқынсыз жүріп жатқаны ащы да болса шындық. Бұл жайт ұлтым деп соққан әр жүректі қынжылтпай қоймайды. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің саусақпен санар-лық өкілінің ғана есімін білеміз, ал олардың сыртында қаншама қайраткерлеріміз шаң басқан мұрағаттан «шыға алмай», өзі өмірін берген халқының игілігіне «жарамай» жатыр десеңізші? «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деп халық мақалында айтылатындай, біздің басым көпшілігіміз бүгінгі таңға дейін «Алашорда» атты мұзтаудың тек ұшар басын ғана тани алатын, одан арғы тереңіне бойлай алмайтын қауқарсыз күйдеміз.
Әлихан Нұрмұхамедұлының осыдан екі жыл бұрын жарық көрген шығармаларының 9 томдық толық жинағына зер салар болсақ, осындай өткір, жаңа ғасырда, тіпті, өзектілігі еселене түскен жайттарға куә боламыз. Мәселен, осыдан 100 жыл бұрын Әлиханды не толғандырды? «Демократия – шет елдің сөзі, – дейді ол Торғай облысының комиссары болып жүрген кезінде, – оның мағынасы – халық билігі. Ал большевиктер халықтың билігін «буржуазиялық соқыр сенім» деп есептейді. Шаруалар, жұмысшылар мен солдаттар, естеріңізге сақтаңыздар! Бірінші мәселе – билік басшысының халық алдындағы жауапкершілігі. Екінші мәселе – сөз еркіндігі, баспасөз бостандығы, жиналу еркіндігі. Үшінші мәселе – төте, жасырын дауыс беру. Төртінші мәселе – халық депутаттарының дербес құқықтылығы. Бесінші мәселе – халық билігі. Олар осы аталғандардың барлығын «буржуазиялық соқыр сенімге» жатқызып отыр...».
Шын мәнінде, бүгінгі демократиялық жаңғырулар сонау бір ғасыр бұрын бастау алып, дамып кеткенде бүгінгі таңда Қазақ елі Еуропаның дамыған елдерімен терезесі тең болары әбден мүмкін еді ғой...
Алаш қайраткерлерінің мемлекет құрылысындағы демократиялық ұстанымдары, әсіресе, «Алаш» партиясының бағдарлама жобасынан өте жақсы көрініс тапқан деуге болады. Мемлекет қалпы. Жергілікті бостандық. Негізгі құқық. Дін ісі. Билік һәм сот. Ел қорғау. Салық. Жұмысшылар. Ғылым-білім үйрету. Жер мәселесі. Осы аталған 10 бөлімнен тұратын ол бағдарлама «Алашорда» мемлекетінің Атазаңы іспетті темірқазығы болуы тиіс еді. Осы құжатқа үңілер болсаңыз, нағыз әділеттілік, зайырлылық үлгілерін көріп, сол заманда-ақ бір ғасыр алда ойлаған арыстарымызға бас иеріңіз сөзсіз.
«Мемлекет қалпы» атты бірінші бөлімде: «Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер «Учредительное собрание» мен «Государтсвенная Дума» алдында жауапты болу» делінген. «Президент» деген атауды бұрын-соңды қолданып көрмеген елде отырып, ол лауазымның жілік-жілігін шағып, ұғындырып беру үшін, өнеге болуға лайықты, халқына адал қызмет етіп отырған елдер үлгісін аз зерттемегені, аз ізденбегені анық. «Депутаттар тегіс тең, төте және құпия сайлаумен болады. Сайлау хақында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болады» делінген, бұдан арғы тармақта. Бүгінгі біз өте жиі айтып, санамызға сіңіріп жатқан «ұлттар теңдігі», «ер мен әйел» теңдігі мәселесі сол заманда-ақ шешіліп қойған болар еді ғой?.. (Ә.Бөкейхан. Шығармаларының толық жинағы. Астана, 2003. – 7-том. – 42-45 бб.)
Қазіргі таңда жиі айтылатын «азаматтық қоғам», «құқықтық мемлекет» ұғымдарын да Алаш арыстары айналып өтпеген екен. Бағдарламаның «Билік һәм сот» деп аталатын 5-бөлімінде «Би һәм судия жергілікті жұрттың тілін білуі тиіс, – делінген. – Билік һәм сот жүзінде жұрт біткен тең болуы; құдайдан соңғы күшті би һәм судия болып, кім де болса, олардың үкіміне мойынсұнуы». Осы екі сөйлемде қазақ тілінің лайықты мәртебесі, имандылықтың маңызы және сот алдында «әке-көке» көмектеспейтіні анық айтылып тұр емес пе?
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген әдемі сөз бар бүгінде. «Халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы» деген категорияға да кімдер жататынын жақсы білеміз. Соңғы жылдары табысы көпке көбірек салық төлететін «ерекше әділ» заңды қабылдап, бөрігімізді аспанға атып жатырмыз. Осы бір ұғымдар соңғы 20-25 жылда ғана санамызға сіңіп жатқандай көрінетіні бар. Ал бұл ұғымдар туралы «Алаш» партиясының бағдарламасына «Салық – мал, ауқат, табысқа қарай, байға – байша, кедейге кедейше әділ жолмен тартылу» деп Әлихан бастаған ұлт көсемдері сол кезде-ақ жазып кеткен екен.
«Алаш» партиясы әділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұрт тарих ету жолына бастайды» деп мақсат-міндетін көрсеткен «Алаш» партиясының төлқұжатын Атазаңға пара-пар құнды дерек деп бағалауымыз орынды болар.
Жер мәселесі де бұл бағдарламадан сырт қалмаған. «Жер законында жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу, – деп жер сатуға деген қарсылығын ашық айта отырып, Жер сыбағасы, алдымен, жергілікті жұртқа берілсін, қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеуі, бұрын отырған жерлердің мұжық отырмағандары қазаққа қайтуы, қазаққа тиетін сыбағасын жергілікті комитеттер кесуі» деп көкейдегі мақсатын айқындай түседі. Бұдан халықтың жер мәселесіне қатысты мұң-мұқтажын терең түсінген жанашыр ұлдың көксеген арманын анық көре аламыз.
Жалпы, Әлихан Бөкейхан жер мәселесіне қатысты сол кезде шығып тұрған баспасөзде жиі сөз қозғап отырған. «Қазақ жүрген жер өлшеніп, түгел планға салынған жоқ. Есеп болмаса, даукес жалғаныш күшейеді... Башқұрд біз секілді жалқау, бар сататын жерінен айырылып отыр. Мұны тағы мұжық алған... Жер пайдасын жергілікті жұрт көріп отырған жоқ, мәдени дәрежесі артық қулар көріп отыр... Бостандық, теңдік, туысқандық болғаны рас болса, біз енді бұл зорлыққа көнбейміз; біздің жерге енді мұжық уақытша, өзіміз жер еншімізді алып орныққанша келмесін... Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұрдша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді!.. Енді жер жұрт қазынасы болғаны өз пайдасы. Біз осы себептермен біздің республикада жер сатылатын болмасын дедік...» дейді, «Қазақ» газетінде (Қыр баласы // Қазақ. 1917. – №251, Орынбор).
Осы мәселе бүгінгі таңда өзекті ме? «Жалқаулық» дертінен құлан-таза айыға алдық па? Жоқ. Отбасы-араздық мәселесінен аса алмай жүрген бауырлар бар ма? Бар. Жер мәселесі күн тәртібінен түсті ме? Жоқ. Қулығы артқандардың ұпайы түгел ме? Иә... Ендеше өткеннен неге сабақ алмаймыз?
Дін мәселесі де бүгінгі таңдағы бас ауруымызға айналған саланың бірі. Әлихан Бөкейхан бұл туралы қандай пікірде болған? «Франсұз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді – молла үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді, рухани іс аяқасты болады. Жалование алған моллалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ дін ісін көркейтер болса, үкімет ісінен бөліп қойған оң болады» деген ол «Сарыарқа» газетінде (Ғали хан // Сарыарқа. – 1918 – №29. – 25 қаңтар, Орынбор). Араға жетпіс төрт жыл салып, сол айтқанды еліміз орындап, дін мен мемлекетті бір-бірінен дербес қылды. Алайда, ұлт көсемдері бүгінгідей миссионерлік, дінараздық мәселелер боларын білгенде оған да жол көрсетіп кетер ме еді, кім білсін?..
Ресейдің уақытша үкіметі абақтыға тоғытылып, саяси ахуал ырду-дырду кезеңді басынан кешірген тұста Әлихан бастаған ұлт қайраткерлері ел ертеңіне деген жауапкершілікті өздеріне ала отырып, 6 миллион халықтың басын қосқан Алашорда үкіметін құрғанын тарихи деректерден білеміз. 1917 жылдың маусымынан өз жұмысын бастаған бұл үкімет өзіне келесідей міндетті артады: «Жергілікті Алашорда собеттері уақытша қазақ халқының саяси һәм мәдени істерін қарай тұрады. Бірақ олар земски һәм шаһар самоуправлениелерінің ісіне қол сұқпауы керек». Бұл телеграмманың соңына «Алашорда председателі Бөкейхан» деп қол қойылған («Қазақ» газеті. – №262. – 30.03.1918. Алаш қаласы. Семей). Осы телеграмма мазмұнынан жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысына қол сұқпау, араласпау, тек жұмысын сырттай үйлестіруді мұрат еткенін аңғарамыз. Бұл да болса қазіргі Қазақстан ұмтылған ішкі саяси ахуалдың бірі. Сол телеграмманы жібергеннен кейін бірнеше ай өткен соң, 24-маусымда Алашорданың заңнамалық каулыларында Алашорда үкіметінің мемлекет иесі ретіндегі қадамдары айқындалады. Жетекшісі – Ә.Бөкейхан, мүшелері – М.Тынышпаев, Х.Ғаббасовтар көрсетілген бұл құжатты парақтар болсаңыз, жер, білім беру, сөз бостандығы, мемлекеттік салық және қазақ соты туралы бөлімдердің әрбірінде маңызы зор құқықтар көрсетілгенін көреміз. Мәселен, білім беру туралы бөлімінде «Алаш халқының мәдени-экономикалық дамуымен айналысуды, мемлекеттік тәртіп пен қоғамдық тыныштықты сақтауды» маңызды міндеттердің қатарына жатқызған. Ал ар-ұждан, сөз, баспасөз, жиылыс жасау бостандығы хақына жеке бөлім арнап айтуы осы құндылықтарға қаншалықты маңыз бергенін білдіргендей (Ә.Бөкейхан. Шығармаларының толық жинағы. Астана, 2003. – 7-том. – 89-94 бб).
Арада 100 жылдай уақыт өтті. Әлиханның сол дабылы қайта күшіне енгендей. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын ең басты мақсат етіп қойған еліміз үшін сындарлы шақ қайта келді. Елбасымыз мемлекет мүддесін қолдан бермеуге барын салып жатқан тұста «Алаш» қайраткерлерінің идеяларынан нәр алған бүгінгі ұрпақ сол ұлы мақсатқа адал қызмет етуде жігерлілік таныта білсе екен дейміз. Ендеше, Әлихан айтқандай, отбасы, ошақ қасы араздық-дауды қойып, ауызбіршілікте болып, жұрт қызметіне кірісіп, Алаштың басын қорғауға қам қыла білейік.
Алма САЙЛАУҚЫЗЫ
"Қазақ үні" газеті