ЮНЕСКО-ның Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын атап өту туралы шешімінің қаулысы таныстырылды
2015 ж. 24 қараша
14025
3
ОКҚ баспасөз мәслихатында ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин ЮНЕСКО-ның Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын атап өту туралы шешімінің қаулысын таныстырды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Айта кетейік, қараша айында Парижде ЮНЕСКО бас конференциясының 38-ші сессиясы өтті. Онда Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын атап өту туралы сәйкес қаулы қабылданды.
Баспасөз мәслихатында Ерлан Қарин ЮНЕСКО шешімі Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның есімін елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде тағы бір паш етуге мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ, ол мерейтойдың Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуінің маңыздылығына тоқталды.
Е. Қаринның айтуынша, 150 жылдығы келесі 2016 жылы тойланады, мерейтойдың мемлекеттік әрі халықаралық деңгейде аталып өтуін Әзербайжан мемлекеті де қолдаған. Сондай-ақ, ол Әлихан Бөкейханның 145 жылдығы аталып өткенін, оның еңбектері жинақ болып жарық көргенін жеткізді.
Әлихан Бөкейхан – ғұлама ғалым, ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға, Алаш партиясын ұйымдастырушы, Алаш автономиясын құрушы, Алаш үкіметінің алғашқы төрағасы.
Әлихан Бөкейхан бірнеше рет қудаланып, түрмеге отырады. 1926 жылы тағы екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Ол Мәскеуге жер аударылып, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпайды. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлихан 1937 жылдың тамызында қайта тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі. 1989 жылы мамырдың 14-і КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан ақталды.
BNews.kz