Алаш идеясы – Тәуелсіздік жолы
2015 ж. 23 қараша
4551
0
"Ақ жол" партиясы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығы мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановқа 150 жылдығына байланысты «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының алғашқы кезеңін өткізді.
Еліміз егемендігін жариялап, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін тарихымыздың «ақтаңдық» беттерін қайтадан қарастыру мүмкіндігі туды. Ел тарихында өшпес із қалдырған бүкілхалықтық қозғалысқа айналған «Алаш» қозғалысы мен Алашорданың қоғамдық-саяси қызметтері және оның жетекші тобы ұлт зиялыларының қоғамдық саяси ұстанымдары мен қайраткерлік санаттағы қызметтері жан-жақты зерттеле бастады. Тарихшылар қауымдастығы тарапынан осы мәселеге арналған құнды зерттеулер жарыққа шығып, онда «Алаш» қозғалысы мен оның қайраткерлерінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени өрістегі қызметтеріне шынайы баға берілді. «Алаш» қозғалысына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде әділ бағасын беріп, осы қозғалыс пен іс жетекшілерінің негізгі мақсат-мүддесі тәуелсіздікке қол жеткізу және демократиялық бағыттағы мемлекет құру екенін атап көрсеткені аян. Қазіргі уақытта қоғамымызда «Алаш идеясы – тәуелсіздік идеясы» деген ой-пікір берік қалыптасуда. Сондықтан да қазіргі білім беру үдерісінде XX ғасырдың бірінші ширегіндегі Алаш қозғалысына байланысты құбылыстар, оқиғалар, тұлғалар, еңбектер туралы оқушылардың түсінігін талдау дағдысын қалыптастыру – ел тәуелсіздігі талаптарымен орайласып жатқан басты міндет. Ал өздерін Алаш ізбасары ретінде ұйым бағдарламасында бекіткен бірден бір партия – «Ақ жол» ізгілікті істі лайықты жалғастырып жүргені мәлім. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығы мен қозғалыс негізін қалаушы, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановқа 150 жыл толуына байланысты «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» тақырыбымен өткізілген байқау осы игілікті шараның бірі еді. Он сегіз бен отыз бес жас аралығындағы қыз-жігіттер қамтылған байқауға Республиканың барлық өңірлерінен «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысын зерттеп, қалам тартып жүрген студенттер, жас зерттеушілер мен «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған ұйымның жауапты өкілдері, арнайы шақырылған ғалымдар қатысты. Байқау осы университеттің кеңейтілген Ғылыми Кеңес дәрісханасында өтті (байқау басталғанға дейін оған қатысушылар «Алаш» қайраткері, осы өңірдің тумасы Әлімхан Ермекұлының Қарағанды қаласынан он шақырымдай жердегі зиратына барып, Құран бағыштағанын айта кеткеніміз ләзім). Байқау партия басшысы А.Перуашев пен университет ректоры Е.Көбеев мырзалардың құттықтау сөздерімен ашылды. Содан соң Е.Көбеевке және осы оқу орнының тарих кафедрасының меңгерушісі Қ.Өскембаев пен кафедра оқытушысы Л.Шотбақоваға Қазақстан Тарихшылар Қауымдастығының естелік медальдары салтанатты түрде табыс етілді. Төрт номинация бойынша үш кезеңнен тұратын конкурстың II кезең жұмысын модератор, «Ақ жол» ҚДП ОҚ хатшысы Сәбит Байдалы жүргізіп отырды. Бес адамнан тұратын қазылар алқасына Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Алаш» мәдениет және рухани даму интитутының директоры С.Жүсіп төрағалық етті, құрамына Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Тарих факультетінің Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Қ.Өскембаев те кірді. Осы екінші кезеңге жолдама алған 18 талапкерге әрқайсысына ақшалай 25 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Байқау жүйелі түрде, өте қызықты өтті. Зал іші студенттер мен басқа да қызығушылық танытқан адамдарға лық толды. Байқау қорытындысы бойынша 7 талапкер келесі III кезеңге өтіп, әрқайсысына 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық табысталды. Байқауға бастан-аяғына қатысып отырған жұртшылық өкілдерінің кейбір сұрақтары мен сын-ескертпелеріне қазылар тарапынан тыңғылықты жауап берілді. Мысалы, Тұлғатану ғылыми зерттеу орталығының директоры, доцент Нұсахан Бейсенбекова «Ақ жол» партиясының осындай тақырып көтеріп, байқау өткізіп жатқандығына шынайы ризалық білдірді. Әлі де болса байқауды насихаттау барысында кемшіліктер де бар екенің тілге тиек етті. С.Байдалы жауап сөзін айтылған тілек-өтініштерді келешекте ескеріп, жұмысты одан әрі қарай жандандыра түсеміз деп түйіндеді.Ахметқали ХАЛЕНОВ Қарағанды