Алашорда көсемдерінің бірі Райымжан Мәрсеков хақында
2015 ж. 29 қыркүйек
6273
0
Тарих-шежіре адамзаттың тұтас бір ұрпағының құжаттандырылып, бір жүйеге түскен жылнамасы іспетті. Әлбетте, ол белгілі оқиғалар мен ұлық күндерді санамалаумен шектелмейді. Ғасырдың күндер, айлар мен жылдардан құралатыны сияқты, халық тарихы да әрбір жеке адамның өмірінен тұрады. Замана зердесінде, уақыт жылнамасында өскен елі, туған жері үшін өшпес із қалдырған адамдар ғана сақталып, қатталып қала береді. Тағдыры талқыға толы болса да, тұғыры биік тұлғалардың есімдері уақыт тасқынымен шайылмастан, ел есінде мәңгі жарқырайды.
Сондай бір үркердей топ – жасаған іс-қимылы, көрсеткен қажыр-қайраты қалың қазақ қауымында ерекше орын алатын, бүгінде тәуелсіз даму тұрғысынан қайтадан күн тәртібіне шығып, өз бағасын алып жатқан Алаш қайраткерлері. Осы орайда үстіміздегі жылы ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын бай тарихы бар, талай-талай тарихи тұлғаларды түлеткен атақты Санкт-Петербор университетінде арнайы іссапармен болғанымызда аса бір мол қазынаның үстінен түскендей күй кешіп едік. Бізді университет президенті, зият білім иесі, зерделі ғалым Людмила Алексеевна Вербицкая зор ілтипатпен қарсы алып, іссапар мақсатына орай ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында осы ордалы оқу орнында білім алған қазақ зиялыларына қатысты мұрағат материалдарымен танысуымызға жан-жақты жағдай жасады. «Еуропаға ашылған терезе» – Шоқаннан кейінгі бір мықты толқын, жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ зиялыларының алғашқы қарлығаштары – Ж.Ақбаев, Б.Сырттанов, Р.Мәрсеков, т.б. қатысты материалдар шоғырымен жақын таныса отырып, көптеген тың деректердің көзін ашқандай болдық. Біз бүгін соның ішінде басқа тұлғаларға қарағанда баспасөз бетінде аз жазылған Райымжан Мәрсековтің білім-ғылым жолындағы өмірі мен қайраткерлігі жөнінде сөз өрбітсек пе дейміз. Өткен жүзжылдықтың тарихына зер салсақ, қазақ ұлтының мемлекет құру жолындағы ғасырлық күресін көреміз. Сонымен бірге бұл кезең күллі қазақ елінің басына түскен бейнеті мол, нәубеті зор қасіретті заман болғаны да баршамызға мәлім. Басқа оқиғаларды айтпағанда, 1930-1932 жылдарда орын алған жасанды аштық салдарынан ғана қазақ халқының жартысы қырылып, қаншамасы жан сауғалап жат елге кетуге мәжбүр болды. Бұған 1937-38 жылдары халқымыздың қаймағы дерлік ұл-қыздарын қынадай қырған саяси қуғын-сүргін зардаптарын қосыңыз… Осындай сындардан өткен қазақтың өміршеңдігінің және қазақ ұлтының аман қалуының себебі неде деген заңды сұрақ туындайды?! «Ең алдымен, ол мемлекеттік рухтың берік болуынан» деген ой келеді. XX ғасырдың басында тарихи тамыры тереңде жатқан «Алаш» ұғымы жаңғырып, ұлт зиялыларының бастауымен қазақтың басын біріктіретін бостандық идеясына айналуы Алаш өкілдерінің мемлекет құру жолындағы ұлы жетістіктерінің бірі болды. Сол себептен XX ғасырдың тарихи төрінде Алаш қозғалысының қоғамдық-саяси қызметі ерекше орынға лайық. Түптеп келгенде, Алаш қозғалысының мақсаты – саяси іс-шаралар арқылы еркіндікке қол жеткізіп, ұлттық мүддені қорғайтын мемлекет құру еді. Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылдың ақпан-желтоқсан айларындағы іргелі өзгерістерді бастан кешіп, Алаш партиясы, соңынан Алаш-орда үкіметі құрылады. Бұл құбылыс аяқ асты, ойламаған жерде пайда болған оқиға емес, Алаш қозғалысының саяси күшке айналуына ұзақ жылдардан бері созылып келе жатқан ұлт-азаттық соғыстар мен қозғалыстар және XX ғасырдың басындағы қазақ ағартушыларының шығармашылығы себеп болды. Ақпан төңкерісінен кейін ұлттық ағартушылық қозғалыс өкілдерінің іс-әрекеттері шұғыл түрде саясаттанып, ұлт-азаттық қозғалысқа айналғанын көреміз. Алаш қозғалысы өкілдерінің дүниетанымы барша қазақ елін дүрліктіріп, тәуелсіз мемлекет құру идеясы жанданып, ел арасында қолдауға ие болды. Ұлт-азаттық қозғалысының Алаш идеясының маңайында топтасуында үлкен саяси мағына бар. Қазақтың зиялылары Алаш идеясын тек қана туысқандықтың белгісі ретінде қолданбай, мемлекеттік идея дәрежесіне көтере білді. Алаш қозғалысының мемлекет құру ісін қолға алуы, ең алдымен, Алаш көсемдерінің құрамында Ресей университеттерінің құқық факультеттерінде білім алған қазақ зиялыларының болуымен тікелей байланысты. Мәселен, XIX ғасырдың 20-жылдарынан бастап, 1917 жылға дейін Қазан университетінде 30-дан астам қазақ жасы жоғары білім алған, оның 17-і заң факультетін тәмамдаған. Ал Санкт-Петербор университетінде 20-ға жуық қазақ жасы оқыған. Жалпы, төңкеріске дейін 120-дан астам қазақтың жоғары білімі болса, 700-ден астамы орта білім алған (Қойгелдиев М. Қазақ демократиялық интеллигенциясының 1907-1917 жж. қоғамдық-саяси қызметі. – Алматы, 1994). Бүгінгі таңда Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлері жайында көптеген ғылыми іс-шаралар атқарылып жатыр. Соған қарамастан, бұл мәселе әлі де жаңа мәліметтермен толықтырылу үстінде. Ресейдің орталық мұрағаттарында осы мәселеге қатысты көптеген дерек бар, әсіресе қазақ жастарының Петроград, Қазан университеттерінде білім алған кезеңдерімен байланысты құжаттар біршама. Алаш қайраткерлерінің арасында Санкт-Петербор университетінде білім алып, ұлттың қамын жеген Райымжан Мәрсековтің атқарған қызметін айрықша атауға болады. Райымжан Мәрсеков – сол кезде қазақтан шыққан білікті заңгерлердің бірі ретінде Алаш партиясы және Алашорда үкіметінің құжаттары мен бағдарламаларын әзірлеуге қатысқандардың бірі. Мұрағат деректеріне қарағанда, ол 1879 жылдың 7 тамызында Семей облысы Өскемен уезінің Айыртау болысында дүниеге келген. Өскемен қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінде алғашқы білім алып, 1897 жылы Омбы классикалық гимназиясын сәтті аяқтап, 1897-1902 жылдар аралығында Санкт-Петербор университетінің заң факультетінде жоғары білім алып, заңгер мамандығына ие болады. Р.Мәрсековтің университет қабырғасында білім алған өмір жылдарына байланысты Санкт-Петербордың Орталық мемлекеттік тарих мұрағатында бірнеше құжаттар сақталған (Р.Мәрсеков ісі // Санкт-Петербор Орталық мемлекеттік тарих мұрағаты, 14-қор, 3-тізім, 33743-іс). Мұрағат қорында келесі деректер бар: Р. Мәрсековтің Омбыда түскен фотосуреті, 1897 жылы Омбы гимназиясы берген аттестаты, Санкт-Петербор университетінің заң факультетін аяқтағаны жөніндегі куәлігі (диплом). Бұл куәлік бойынша 1877 жылдың 7 тамызында дүниеге келген Р.Мәрсеков 1897 жылы Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне қабылданып, 8 жартыжылдықтардың нәтижесінде келесі пәндер бойынша білім алған: Рим құқығының тарихы, Рим құқық догмалары, Орыс құқығының тарихы, Мемлекеттік құқық, Шіркеу құқығы, Полиция құқығы, Саяси экономия, Статистика, Азаматтық құқық және сот ісі, Сауда құқығы және сот ісі, Қылмыстық құқық және сот ісі, Қаржы құқығы, Халықаралық құқық, Құқық энциклопедиясы, Құқық философиясы мен тарихы. Куәлік 1902 жылғы сәуір айында берілген. Куәліктің төменгі бұрышында «куәлікті қолыма алдым» деген Р.Мәрсековтің жеке қолы қойылған (Р.Мәрсеков ісі // С-Пб ОМТМ, 14-қор, 3-тізім, 33743-іс, 31-парақ). Сонымен қатар мұрағат ісінде Қазан университетінің Санкт-Петербор университетінің ректорына жазылған 2 хаты сақталған. 1899 жылдың 26 тамызында жазылған хатқа қарағанда, Р.Мәрсеков Қазан университетінің заң факультетіне қабылдау жөнінде өтініш жасаған. Осыған байланысты университет әкімшілігі 5 сәуірден бастап Р. Мәрсековтің Санкт-Петербор университетінен шығу себебін түсіндіруді сұрайды (Р. Мәрсеков ісі // С-Пб ОМТМ, 14-қор, 3-тізім, 33743-іс, 21-парақ). Ал екінші хат – 1899 жылдың 14 қазанында Райымжан Мәрсеков Қазан университетінің заң факультетінің 2-курсына қабылданғаны жайлы Санкт-Петербор университетіне берген ақпараты. Осы хаттың төменгі бұрышында «Қазан университетіне түсуден бас тартамын. Райымжан Мәрсеков» деген Р.Мәрсековтің өз қолымен жазылған жазу бар (Р.Мәрсеков ісі // С-Пб ОМТМ, 14-қор, 3-тізім, 33743-іс, 23-парақ). Бұл екі хаттың жазылу себебі мынадай. Ұлттың әлеуметтік және саяси жағдайына байланысты білікті заңгер болу жеткіліксіз екендігін ерте түсінген Райымжан студенттік кезінен саяси мәселелермен шұғылдана бастайды, сол себептен 1899 жылдан жандармерияның бақылауында болып, оқудан шығарылады. Осы екі арада Р.Мәрсеков оқуды жалғастыру мақсатында Қазан университетінің заң факультетіне қабылдау жөнінде өтініш жасайды. Соған қарамастан Р.Мәрсеков көп ұзамай Петроградқа қайта оралып, университеттегі оқуы қайта қалпына келтіріліп, білімін жалғастырады. Р.Мәрсеков 1902-1908 жылдар аралығында – Семей округтік сотында поверенный присяжныйдың көмекшісі, 1908-1912 жылдары – Омбы қалалық адвокатурасының адвокаты, 1912 жылы – Семей округтік сотының қызметкері, 1917 жылы – Семей облысы қазақтар комитетінің төрағасы, облыстық атқару комитетінің мүшесі, 1917 жылы көктемінде өткен Семей облысының қазақтар құрылтайының төрағасы қызметтерін атқарады. 1908 жылы Р.Мәрсеков Орыс жағрафия қоғамының Батыс Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің мүшесі болып қабылданады. Сол жылы Петропавл қаласындағы мұсылман кітапханасының ашылуына байланысты ережесін жасап, халықтың өтініші бойынша, кітапханаға жауапты тұлға болып тағайындалады. Сонымен қоса, Р.Мәрсеков қалам тартып, қазақ халқының рухани және әлеуметтік сарындағы тақырыптарға мақала жазып, публицист ретінде танылады. Райымжан Мәрсеков 1899-1900 жылдары «Дала уәлаяты» газеті беттерінде қазақ қоғамындағы әйел теңдігі сияқты әлеуметтік мәселелерді қозғаумен бірге империяның қазақ арасына енгізген сот ісінің жетімсіздіктерін сынға алып, сайлау жүйесі халықтың арасында ірітушілік салғанын әшекерелейді (Р.Мәрсеков. Қазақ билерінің тексерулері // «Дала уәлаяты» газеті. 1900, 1-2 сандар. – Алматы, 1994). Сол жылдары ұлттық интеллигенцияның ой-пікірлерінің айнасына айналған «Қазақ» және «Айқап» беттерінде Р.Мәрсеков өзінің батыл ойларға толы мақалаларын жариялайды. 1914 жылы Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтар тұтқынға алынады. Осыған байланысты Р.Мәрсеков «Қазақ» газетінде мақала жариялап, жоғарыда аталған қайраткерлердің тұтқындалуы «жұрт үшін қайғырып, елі үшін күйініп жүрген ерлерге ондай іс – батырдың басына соғыста салған жарадай болған батырлық, қаһармандықтың белгісі» деп қалам тартады. Сонымен қатар қолға алатын шаралар бар екендігін айта отырып, муфти, би, земство мәселелері бойынша баспасөз бетінде зиялыларды өз ойларымен бөлісуіне жар салады (Р.Мәрсеков. Газетке сөз жазушыларға // «Қазақ». – Алматы, 1998). 1915 жылдың 13 ақпанында Семейде қазақ әдебиетіне байланысты кеш өтіп, жиналған әлеумет алдында сөз сөйлеген Р.Мәрсеков болатын. Кеште жасаған баяндамасы «Қазақ» газетінде жарияланып, қазақ әдебиетінің тарихын тану мен дәуірлеуде алғашқы еңбектердің бірі болып танылады. Қазақ әдебиеті хақында әңгіме көтере тұрып, Райымжан Мәрсеков осы сөзінде ұлтқа қатысты маңызды бірнеше мәселелерді қозғайды: біріншісі – Ресей империясының панасында тұрған қазақтардың мемлекеттігі жайында; екіншісі – білімге мұқтаж шәкірттердің көптігі, яғни ағартушылық мәселесі; үшіншісі – тарихи мысалдарды пайдаланып, руға, жүзге бөлінген қазақтардың басын бір көсемнің қол астында топтастыру идеясы (Р.Мәрсеков, Қазақ әдебиеті жайында // «Қазақ». – Алматы, 1998). Р.Мәрсеков шығармашылығындағы Көлбай Тоғысовтың қызметі турасында жазылған мақаласына назар аудару қажет. Онда ол К.Тоғысовтың прокурорлық қызметіне баға беріп, сынға алады (Р.Мәрсеков, Көлбайдың сөзінен шындық табылар ма екен? // «Қазақ». – Алматы, 1998). Бір-екі жылдан соң К.Тоғысовтың жетекшілігімен құрылған «Үш жүз» партиясы «Алаш» партиясының саяси оппоненті ретінде қызмет жасағаны белгілі. Демек, Алаш қайраткерлері мен К.Тоғысовтың арасындағы қарама-қайшылық сол кездердің өзінде біліне бастаған. 1917 жылы Алаш қайраткерлерінің бір топ өкілдері (құрамында Р.Мәрсеков те бар) «Үш жүз» партиясын сынға алып, қазақтың ұйтқысына айналған «Алаш» партиясының жақтаушыларын «арам аузымен былғамақ болып жүр» деп жар салады, яғни қазаққа бұл кезде «Алаш» партиясынан өзге саяси ұйым құрып, саяси көзқарастар негізінде елді ертіп, бөлу пайда әкелмейтін іс деп түсінгендерін байқаймыз («Қазақтан шыққан арамзалар» // «Қазақ». – Алматы, 1998). 1916 жылы Мемлекеттік дума жанындағы мұсылмандар фракциясына қазақтар атынан өкіл жіберу мәселесі туындайды. Бірінші болып бюроға Әлихан Бөкейханов жіберілген болатын. Осы мәселеге байланысты Р. Мәрсеков «Қазақ» газеті бетіне мақала жариялап, өз ойларымен бөліседі. Кейін қазақтан бюроға екінші адам керек болып, «Қазақ» басқармасының ұйғарымы бойынша бюроға студент Мұстафа Шоқайұлы кіреді. Алайда Петроградтағы қазақтар бұл мәселенің осылайша шешілуіне наразылық танытып, «Қазақ» газеті бетінде «бюроға Ж.Ақбаевтың, М.Тынышбаевтың немесе Р.Мәрсековтің барғаны жөн болар еді» деген пікірлерімен бөліседі. XX ғасыр басындағы Ресей империясының панасында тұрған қазақтардың мемлекеттікке қол жеткізу жолдары ретінде бірнеше идея қарастырылғаны белгілі. Бірі – Алаш автономиясы болса, екіншісі – М.Шоқайұлының қызметінен бастау алатын Түркістан автономиясының идеясы (Түркістан мұхтариаты). 1918 жылдың 28 желтоқсанында Ырғызда автономия хақында жиылыс өтіп, мәселе ұлт зиялылары тарапынан қызу талқыланып, түрлі пікірлер айтылып, барлық қазақ Алаш туын көтеріп, бөлек автономия болуға қаулы қабылдайды. Одан соң уездік комиссар Темиров Абдолла сөз бастап: «Алашорда» өз алдына автономия бола алмайды. Себебі мынау – әуелі шаруашылығымызға жайсыз, екінші Әлиханға ерсек, ол Сібір автономиясына қоспай қоймайды… Алашорда бөлінбестен Түркістан автономиясына қосылуы тиіс. …Ар жағы Қытай, мына жағы Ыстамбұл, Иран, Ауған, Хиуа, Бұхара – осылармен астарласып, әуелі – дінімізді, екінші – дүние талабымызды жүргізіп, халық қатарына қосылып күшейеміз» деген пікірін айтады («Қазақ» газеті, 1918 жыл. – Алматы, 1998). Әрине, мемлекеттік құру мәселесіне келгенде, ұлт зиялыларының көзқарасы әртүрлі болуы – заңды құбылыс. Тәуелсіз мемлекет құру жолында ұлттық интеллигенцияның бір емес, бірнеше идеяны алға тартып, соның маңайында топтасуы мәселені жан-жақты қарастырып талдап, талқыға салып, ойларын дәйектеп бөліскендері – ұлттық интеллигенцияның, шын мәнінде, қалыптасқанының белгісі. Ұлт зиялысы ретінде әртүрлі идея мен саяси көзқарастарына қарамастан, олар зиялылардың функциясын атқарып, қазақ мемлекетінің тәуелсіздігіне қызмет жасауды армандаған. 1917 жылы Р.Мәрсековтің өмірінде іргелі өзгерістер орын алады. Ең алдымен, ол 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылып, құрамына қабылдануымен байланысты. Сол жылдың желтоқсан айында Семейде өткен уездік жиналыстың төрағасы болып, уездік қаржылық-есептеу комиссиясының мүшесі ретінде қабылданады. Азаматтық соғыс басталуына байланысты, Р.Мәрсеков Жетісу және Семейде большевиктерге қарсы Алаш әскерін жасақтауға белсене қатысады. Алаш және большевиктер арасындағы тартыс негізсіз пайда болған құбылыс емес. Ең бастысы, қазақтардың өзін-өзі басқару мәселесі жөнінде келіспеушіліктер байқала бастады. 1920 жылы Кирреспублика құрылады. Р.Мәрсеков басқа Алаш қайраткерлерімен бірге қоғамдық жұмысқа тартылады. 1920-1922 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің атқару-нұсқау бөлімінде нұсқаушы-тексеруші қызметін атқарады. Соған қарамастан Р.Мәрсеков білікті заңгер ретінде мемлекеттің сыртқы саясаты саласына қойылған шектеулерге наразылығын білдіреді. Бұл мезгілде Р.Мәрсеков, Кеңес өкіметінің бақылауына алынып, кейін Алаш қайраткерлерімен бірге қуғынға ұшырайды. 1922 жылы Р.Мәрсековтің Қытай асып кеткені белгілі (И.Нұрахмет, Мәрсеков Райымжан // «Алаш қозғалысы», 2008). Осы уақыттан бастап оның былайғы тағдыры белгісіз. Р. Мәрсековтің қашан, қайда қайтыс болғаны да беймәлім. И.Нұрахмет Семей немесе Құлжа түрмесінде қайтыс болған деректер бар екендігіне тоқталады. Белгілісі, Сәкен Сейфуллиннің ісінде Р.Мәрсеков аты аталады. Бұл істе С.Сейфуллинге шетелде тұрып жатқан «буржуазиялық ұлтшылдар» Р.Мәрсеков және М.Шоқаймен байланыста болған деген айып тағылады. Алайда Р.Мәрсековтің жазушының ісіне тікелей қатыстылығы жөнінде дерек жоқ. А.Кәкен ағамыздың деректеріне сәйкес, қудалауда болған Райымжан Қытайда белгісіз жағдайда қайтыс болған. Зайыбы Нұржамал Райымжанның ағасы Шериязданға екінші рет күйеуге тиеді. Шерияздан Мәрсековті қытайлықтар тұтқынға алып, нәтижесінде ол 1945 жылға дейін Қытай түрмесінде қамауда болғаны жазылады (А.Кәкен, Будут стихи мои жить без меня // «Нива». – 2008. №7). Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, Алаш ұлт-азаттық қозғалысы тарихында Р.Мәрсековтің атқарған қызметі ерекше орынға ие. Өз мақалаларында Р.Мәрсеков мемлекеттің іргетасын құрайтын (жер, сот, білім, ұлт бірлігі, т. б.) өзекті мәселелерге назар аударып, ойларымен бөліседі. Бұл пікірлердің айтылғанына ғасырға жуық уақыт өтсе де, бүгінгі күннің өзінде әлі маңыздылығын жоғалтпаған.
Тәуелсіз даму өткенді мұқият зерделемей, келешекті кеңінен болжамай жүзеге аса қоймайды. Сондықтан да қалың қауым қазірде ұлттығымыз бен мемлекеттігіміздің тарихи бастауларына айрықша ықылас аударуда. Міне, биылғы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтпекші өрелі кезеңде де осындай бағыттағы баталы істер кеңінен өріс алуда. Сол орайда Алаш қайраткері, қазақтың жоғын жоқтап, қамын жеген ұлт жанашыры Райымжан Мәрсековтің қоғамдық-саяси қызметіне байланысты барлық деректерді қамту мүмкін емес екенін ескеріп, келтірілген құжаттар осымен таусылмай, жалғасын табатынына кәміл сенеміз. Алаш тарихына, Алаш идеясына қызмет жасаған тұлғаларға баға беруді біздің бүгінгі азаматтық парызымыз деп есептейміз!
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, заң ғылымдарының докторы, профессор