АЛАШ КӨСЕМІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ 150 жылдығын ӘЛЕМ АТАП ӨТПЕК
2015 ж. 20 мамыр
15760
4
ЮНЕСКО-дан жеткен бұл қуанышты хабар Алаш қайраткерлері мен ұлт мүддесіне байланысты істерге мұрындық болып жүрген «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін де маңызды оқиғаға айналып, бүгінгі өткен партия фракциясында еліміз бойынша алғаш атап өтті.
Франция төрінен сүйінші хабар жетті. Яғни, Париждегі ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің 196-шы сессиясында 2016-2017 жылдары Ұйымның қатысуымен аталып өтетін ағартушы тұлғаларға арналған еске алу-мерейтой шаралары мен тарихи және мемлекеттік маңызы бар айтулы мерекелер Қазақстан үшін де олжалы болды. Үстіміздегі жылдың қараша айына белгіленген ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясында қабылдау үшін жіберілген ұсыныстар ішінде 2016 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығын және Алматы қаласының құрылғанына 1000 жыл толуын ЮНЕСКО көлемінде атап өту жайы қарастырылып отыр. Бұл қуанышты хабар Алаш қайраткерлерінің ғұмыр жолын зерттеп, ұлт мүддесі жолындағы еңбектерін паш етуде көптеген істерге мұрындық болып жүрген Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін де маңызды оқиғаға айналды. Сол орайда бұл сүйінішті оқиғаға байланысты еліміз бойынша алғашқы шара болған бүгін өткізілген партияның фракциясында сөз алған партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мұның барша қазаққа маңызы зор үлкен жеңіс екендігін атап өтті. Ал Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуіне себепкер болған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, белгілі тарихшы ғалым Сұлтанхан Аққұлы көрнекті қайраткерді зерттеу жолында табылған құнды деректерімен бөлісті. Айта кеткен жөн, Қазақстанның ұсынысын мақұлдауда Әзербайжан мен Түркия өкілдері белсенділік көрсетіпті. Сонымен қатар, Атқарушы кеңестің 196-шы сессиясында Түркия ұсынған (Қазақстан, Әзербайжан және Қырғыстанның қолдауымен) Қожа Ахмет Яссауидың дүниеден өткеніне 850 жыл толуына байланысты іс-шара естелік даталар күнтізбесіне енгізілді. Жоғарыдағыны ескере 2016 жылы аталып өтетін Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл және Алматының 1000 жылдығы мерейтойларына қатысты іс-шаралар жоспары дайындалуы қажеттігін тілге тиек еткен Сұлтанхан Жүсіп алдағы жылы Ә,Бөкейхановтың бейнесі бар монеталар шығаруды Ұлттық банкке тапсыру жайын айтса, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев ұсынысты толықтырып, «Қазпоштаның» тұлға бейнесі бар маркаларын шығаруды Парламент Мәжілісінде көтеретіндігін айтты. Сондай-ақ жиын барысында партияның өзге өңірлеріндегі филиалдарымен онлайн-әңгіме жүргізіліп, атқарылып жатқан істер таныстырылды. Сәтжан Қасымжанұлы, qazaquni.kz