Мәңгілік ел – біздің біріктіруші күшіміз

Мәңгілік ел – біздің біріктіруші күшіміз

Кеңестік жүйенің соңғы кезеңінде Қазақстанда экономикалық дағдарыс жайлады. Көрнекті публицист-жазушы Камал Смайылов бейнелеп жазғандай, тұс-тұсында алып карьерлер мен қуатты комбинаттар, ғажайып космодром мен қатерлі полигондар орнаған, бірақ халқында ХХ ғасырға лайық тұрмыстық ғажайып әлеуметтік, мәдени жағдайы жоқ, «Луврлері жоқ бес Францияға тең», РСФСР-ден басқа 13 республика еркін сиятын байтақ, жері жомарт та кең, бірақ көлі азайып, шөлі көбейіп бара жатқан, соншама жомарт қазына сандығы, бірақ кеншілерінің жұтқан таза ауасынан түтін мен шаңы, аса кең егіс алқабы, бірақ диқандарының алғанынан гөрі салғаны, мыңғырған мал өңірі, бірақ малшыларының зейнетінен гөрі бейнеті басым, міне, Қазақстан диалектикасы дәл осындай болды. 

 Тәуелсіздік қарсаңында Қазақ­стан­ның өзіндік конституциялық заңнамасын қалыптастырудың басы уақыт жағынан Кеңес Одағының ыдырауына сәйкес келгенін ұмытпауға тиіспіз. Тәуелсіздікке қарай барар жолдағы алғашқы қадам 1990 жылғы 25-қазанда Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы болды.Ал, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық акт Заңы қабылданып, Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялады.Сонау, 1909 жылы халқымыздың ұлы перзенті Міржақып Дулатов: «Оян, қазақ!» деп, ұрандап еді. Арадан сексен жылдан астам уақыт өткенде Қазақ елі Тәуелсіздігінің нұрлы таңы енді-енді атып келе жатқанда қазақ қалың ұйқысынан оянып қана қойған жоқ, жан-жағына қарап, көпті көріп, көп нәрсені көңілге түйіп, ұлт мүддесі жолындағы ұлан асу, ұлы жорыққа аттануға тас-түйін болып, дайын отыр еді. 

Дәл осындай тарихи тұста жазушы С.Досанов мынадай ұран тастады: «Ойлан, қазақ! Халқымның көсегесі көгерсін десең, ойлан! Ойланып қана қоймай, беліңді бекем буып, әрекет істе, уақытты босқа өткізбей, ұлтың үшін ұлы іс тындыр! Адамзат көшінің соңында қашанғы қала бермекпіз?! Басыңды біріктірер күн туды. Ерлігіңді танытар, елдігіңді сақтап қалар сын сағаты жетті».Ұлт ретінде жұтылып кетудің қасіретті қаупі қара бұлттай торлаған ауыр саяси-экономикалық жағдайда еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, егемендікке қадам басқан болатын. Осылайша, әлем картасында дербес елге айналдық, кең байтақ жеріміздің қазба байлығы, потенциалы еншімізге берілді. Қазақ елінің алдында ұлы тарихи міндеттер бой көтерді. Міне, осындай ауыр сын кезеңде тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел тұтқасын қолына алды. Сол тұста Елбасы ағынан жарыла былай деген еді: «Тағы да қайталап айтамын, бұл – ең әуелі бүкіл қазақ халқының алдында тұрған күрделі тарихи кезең. Бәріміз айтып жүрміз: ата-бабаларымыз аңсаған азаттық пен тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе – соны ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның осы тәуелсіздігін аманаттау. Бұл мақсат жүзеге аспайынша, азаттығымыз баянсыз». 1991 жылғы тамыз оқиғаларынан кейін көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Империя құлады. Қазір, ең бастысы, күйреген империяның сынықтары халықтың үстіне құлап жүрмесін» деп жар салды.Бірінші кезекте тәуелсіздік жағдайында мемлекет ретінде қалыптасуға бағыт алу міндеті алға қойылды. Биліктің мемлекеттік институттарын құруға, түрлі деңгейдегі дүниежүзілік ұйымдарға кіруге алғашқы қадамдар жасау ауадай қажет еді. Осы орайда 1992 жылдың басында дүниеге келген «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» тұңғыш жоспарлау тәжірибесі еді. Президент Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен жасалған Стратегия қазақстандық ұлттың өзін-өзі танып білу жөніндегі мәселенің идеологиялық іргетасын қалаған республиканың тұңғыш ресми құжаттарының бірі болды. 

Қазақ елінің болашағы жайында түрлі болжам айтушылар аз болған жоқ. Ұзақ жылдар бойы отарлық езгіде кіріптарлық күй кешіп, егемен елге айналған жас мемлекет енді қандай бағыт ұстайды, өз бетінше өсіп-өркендеуге мүмкіндігі бар ма деген мәселе ой-пікір жарыстырудың негізгі нысанына айналды. Бұл өзекті де күрделі міндетті еліне, жеріне жан-жүрегімен берілген, ұлт мүддесін алаулатқан қазақ публицист-жазушылары атқаруы тиіс еді. Солай болды да. Олардың алғы сапында публицист-қаламгерлер Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Әзілхан Нұршайықов, Әкім Тарази, Мұхтар Шаханов, Рахманқұл Бердібаев, Өмірзақ Айтбаев, Сауытбек Әбдірахманов, Ақселеу Сейдімбеков, Сапабек Әсіпов, Марат Қабанбаев, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеев, Смағұл Елубаев, Алдан Айымбетов, Михаил Есенәлиев, Амангелді Айталиев, Қуанбек Боқаев, Жүсіпбек Қорғасбек, Жұмабай Шаштайұлы, Мейірхан Ақдәулетұлы, Аманхан Әлім, т.б. жүрді. Мерзімді басылымдарда ұлт мүддесі тұрғысындағы терең ойлы салиқалы да өткір мақалалар жарияланып жатты. Осылайша олар Қазақ елінің өзін-өзі билеуге деген ұмтылысына, ел егемендігі жолындағы құлшынысқа кедергі келтіруге тырысып, отарлық озбыр саясатты көксеушілерді әшкереледі...Қазақ елі тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ғасырға пара-пар маңызды істер атқарылды. Республиканың тұңғыш Ата Заңы қабылданды. Қазақстан өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар тәуелсіз дербес елге айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымына, Ислам конференциясына, тағы басқа бірқатар беделді ұйымдарға мүше болды, шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды, шетелдік іскер адамдардың егемен елімізге деген ынтасы арта түсті. Осылардың бәрі тұтас ұлт болашағының алтын діңгектеріне айналды. Ұлттық сананың өрлеуі ұлттық жаңғырудың тұтас жүйесін қозғалысқа келтірді. Осынау ұлы істердің басы-қасында тұңғыш Президент Н.Назарбаев жүрді, теңдессіз маңызға ие болған сан қырлы игілікті шаралардың ұйытқысы болды. Республикамыз әлемдік дамуда өз орнын алып, оң-солын тани бастаған тұста, яғни 1997 жылы 10-қазанда еліміздің Парламентінде 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы ресми түрде жарияланды. Сол күні Президент Қазақстан халқына ең алғашқы Жолдауын арнады. Бұл жыл сайынғы дәстүрге айналды.Бабалар рухынан от алып, арқаланған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың керегесін кеңге жайған тәуелсіз мемлекет құру идеясын жанына желеу ететіні, туған халқына берген антына адалдығы осы кезге дейін атқарып келе жатқан жасампаздыққа толы айшықты істерінен айқын аңғарылады. Елбасының өз қолынан шыққан төл туындылары – «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Евразия жүрегінде», «Қазақстан жолы» атты еңбектеріндегі жүрекжарды ой-пікірлері, нақты тарихи тұжырым-толғаныстары кім-кімді болмасын терең ойларға жетелеп, көкірек көзін ашады. Бұл еңбектердің қай-қайсысын болмасын тебіренбей, толғанбай оқу мүмкін емес.Көпұлтты Қазақ елінің тәуелсіздік тұғырындағы ұлан-ғайыр табыстары, еңсесін көтеріп, әлемдік өркениет көшінде өзін-өзі әлемге таныта білуі, ең алдымен, сан алуан ұлттардың ынтымақ-бірлігінде, тізе қоса қимылдауында десек артық айта қоймаспыз. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының тәуелсіз еліміздегі алар маңызы да ерекше сипатқа ие болып отырғандығы да сондықтан.Қазіргі қазақ қоғамындағы өркениетті елдер қатарына шүбәсіз алып баратын бірден-бір жол елдегі тыныштық, сан алуан ұлттар арасындағы өзара келісім болып табылатындығын тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстар, күллі әлем алдындағы арта түскен абырой-бедел, «Қазақстан» деген елдің, «қазақ» деген халықтың бет-бейнесі мен өзіндік үнінің асқақтай түсуі, еліміздің Орталық Азия көшбасшысы ретінде таныла бастауы айқын дәлелдегендей.Кеңестік дәуірде қазақ халқының бастан кешірген ең үлкен қасіреттерінің бірі – өз жұртында жүріп-ақ азшылыққа айналуы. Қазақ тілінің толық мағынасында кең құлаш жаюы үшін ана тілінде сөйлеп, ойлай алатын ұлттық орта қажет. Қазағы азшылық жерде мемлекеттік тілдің көгеріп, көктеуі мүмкін емес. Республикамызда мекен етіп, бар игілік, жақсылықтарды асыра пайдаланып жүрген өзге ұлт өкілдері қазақ тілінің көсегесін көгертуге атсалысады деуге болмайды. Патшалық-отаршылдық экспансия, сталиндік-голощекиндік геноцид, қуғын-сүргін кезінде қатал тағдырдың тәлкегімен әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап кеткен қазақтарды Атажұртқа қайтару ғана ұлттық ортаны қалыптатырудың ең маңызды шарты болмақ. Өзге елдердегі төрт миллионнан астам қандастарымызды құшағымызға басқанда ғана ана тілімізде сөйлейтін ортаның орнығары анық.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ұлы көш басталып кетті, Монғолиядағы, Қытайдағы, Ирандағы, тағы басқа елдердегі қазақтар атамекенге ат басын бұра бастады. Осы тұста Қазақстан үкіметінің сырт елдердегі бауырларды тарихи Отанына қайтарудағы, оларға жағдай туғызудағы енжарлығы, көші-қон мәселесіндегі түрлі келеңсіздіктер қазақ публицистерін бей-жай қалдырған жоқ.Қазақтардың идентификациялануы мен ұлттық бәсекелестікті, өзге ұлттармен пара-парлыққа ұмтылысты ту етіп көтерген Президентіміз Атажұртқа аңсап жеткен қандастардың Қазақстан азаматтығын алуда, түпкілікті қоныстануда қолайлы жағдай туғызуды әрдайым басты назарда ұстап келеді. Қазіргі таңда атажұртта қайта қауышып, азаматтығын алған 800 мыңнан астам өз бауырларымыздың түтін түтетіп, шат-шадыман өмір сүріп отыруы осының айқын айғағы болып табылса керек. Осылайша, алдағы онжылдықтарда қазақ халқының саны 35-40 миллиондық деңгейге көтеріліп, әлемдік өркениеттің бел ортасынан ойып тұрып орын алатын бақытты сәттің де алғышарты жасалуда деп нық сеніммен айтуға болады!Қазақ халқы, түркілік дәуірде бабаларымыз ұстанған ислам діні кеңестік дәуірде атеизмнің ұранымен құбыжық етіп көрсетілді. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік тұғырына көтерілгенде ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген ислам дінінің гуманизмге толы бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарын барынша дәріптеуге айқын бағыт алынды. Кеңес дәуірінде елімізде 25 мешіт қалса, тәуелсіз елімізде мешіттердің саны 2 мыңнан асты. Ел саясатында дінге кең жол ашылды.Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше Қазақ елінің соңғы онжылдықта әлем мұсылмандарының құрмет-қошеметіне ие болып отырғанын ешкім де теріске шығара алмайды. 

Президент Н.Назарбаев діндераралық үнқатысуларға, ортақ келісімдер мен басқосуларға айрықша мән береді, Астанада 2003 жылғы қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары құрылтайында сөйлеген сөзінде: «Халықтардың, діндердің, мемлекеттер мен үкіметтердің бейбіт қатар өмір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы туралы мәселе қазіргі кезде ерекше өзекті маңызға ие» деуі де сондықтан. Президенттің тікелей бастамасымен таяу күндерде Астана төрінде өткізілгелі отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде көрнекті саяси және діни қайраткерлердің өздерін толғандырып жүрген ойларын ортаға салып, өркениеттік үнқатысудың ерекшеліктері жарқырай түспек. Бұл басқосуда Қазақ елінің, Елбасының жұмыр жер бетіндегі беделінің асқақтай түсері сөзсіз.Қазақ үшін аса маңызды саналатын мынадай жайтты айтпай кетуге болмас. Президент Н.Назарбаевтың егемендігіміздің алғашқы жылдарынан бастап министрлер мен облыс әкімдеріне тамыр-таныстықтан, сыбайлас жемқорлықтан қолы, рушылдықтан санасы таза адамдарды орналастыруды тереңнен ойлап, осы бағытта ұстамдылық танытып отыруын рушылдық ылаңына тосқауыл қою мақсатынан туындаған ізгі ниет деп қабылдағанымыз жөн. Қазақ ағайынның рушылдықтың ұлттық психологиямен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтынын ұғынатын кезі келді. Ол адамдар қауымдастығының ең ежелгі формасы – рулық құрылысқа тән психология. 

Әлемдік өркениетке қадам басып бара жатқанда адамдардың санасында рушылдық психологияның дендей түсуі аса қауіпті. Мұны кезінде Президент те күйіне отырып айтты. Бұл жерде басты қауіп рушылдықтың санадағы берік орнығып қалуында емес, оны жасанды түрде қайта қоздырып, өз ыңғайларына орай белгілі бір мақсаттарда шебер пайдаланып отырған кейбіреулердің саясатшылдығында. Ұлтты аздыратын осы індетті аяусыз әшкерелеу керек, кесірлі кесапаттың алдын қазір алмасақ, ертең кеш болады. Мұны жақсы түсінетін қазақ зиялылары, оқыған-тоқығандар жоқ емес, бар. Сондай азаматтарымыз бой көтеріп, салиқалы сөз бастар болса Тәуелсіздігіміздің іргесі бекемделе түсері анық. Рушылдықтан гөрі ұлтшылдық – әрбір саналы, көкірек-көзі ояу адамға тән патриоттық асыл қасиет болса керек-ті... Осы орайда академик Т.Сайдуллиннің «ұлтшылдықсыз ұлт қалыптаспайды, ал ұлтшыл­дығын жоғалтқан ұлт өзін-өзі сақтай алмайды. Бұл қарапайым ақиқат ешбір дәлелдеуді керек етпесе керек-ті» деген сөздерімен келіспеске болмайды.Өз басым жиырма бір жылдан бері қасиетті Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қызмет етіп келемін. Білім ордасының бой көтеруінен бастап қазірге дейінгі аралықтағы өсіп-өркендеу тарихы көз алдымызда жасалуда. Біз тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың күллі түркі халықтарының рухани астанасы болып келген киелі Түркістан қаласын қайта жандандыру жөніндегі идеяны өзі көтеріп, оны нақты қамқорлығымен жүзеге асырып отырғанын жақсы білеміз. Елбасының жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда Түркістан Мемлекеттік университетінің шаңырақ көтеріп, оған ұлы ойшыл-ақын, алғашқы түрік-ислам сопысы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі берілуі тек елімізде ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде тарихи оқиға болды. Президенттің өзі көтерген идеяның Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне негіз болғанын мақтанышпен айтамыз. Кеңестік дәуірде артта қалған ауданның орталығы ғана болып келген шаң басқан шағын шаһар қазір мәдени орындары көз тартатын жасыл желекті, келбеті көрікті қалаға айналып келеді. Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде кезінде Президенттің өзі үкілі үмітпен ашқан Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отырғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Білім ордасы еліміз Тәуелсіздігінің символына, күллі түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениетінің алтын бесігіне айналып келеді.Елін сүйген, елі сүйген Елбасы жөнінде, оның әлемдік деңгейдегі абырой-беделі тұрғысында аз жазылып жүрген жоқ. Біз де Президентке деген құрмет сезімінің жетегінде қолымызға қалам алған едік. 

Осы орайда Қазақ елінің Тәуелсіздік жылдарында қалың оқырмандарына жол тартқан қабырғалы кітап-естеліктердің сөрелердің шырайын келтіріп тұрғанын ризалықпен айтуға тиіспіз. Айталық, С.Әбдірахмановтың «Тәуелсіздік шежіресі», Ә.Кекілбай­ұлы­ның «Азаттықтың ақ таңы», Қ.Олжайдың «Президент пырағы», Е.Ертісбаевтың «Казахстан и Назарбаев: Логика перемены», Г.И.Толмачевтің «О Президенте Н.А.Назарбаеве», Д.Валовойдың «Кризис Кремля и Назарбаев», О.Видованың «Нурсултан Назарбаев: Портрет человека и политика», «Н.А.Назарбаев – основатель казахстанской модели межэтнического и межконфессионального согласия», т.б. сандаған кітаптар мен мақалалар тасқынының Қазақ елінің Тұңғыш Президентіне деген ыстық ықыластан, шексіз қошемет-құрметтен туындағаны айтпаса да түсінікті.Тұңғыш Президент Н.Назарбаев­тың әлемдік ядролық қарусыздану бағытындағы теңдесі жоқ ұлы еңбегі ел тәуелсіздігінің елең-алаңында, яғни 1991 жылғы 29 тамызда «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойған күнінен бастау алады. Қазіргі таңда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің осыдан жиырма жылдан астам уақыттағы тарихи Жарлығы жер шарында мойындалып отыр. Сол тұста Елбасының адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қадамға баруын асқан көрегендік пен даналықтың жарқын символы ретінде бағалаған жөн. 

Үстіміздегі жылы наурыздың соңғы күндерінде Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші жаһандық Саммитте әлемнің 53 мемлекет басшылары алдында сөйлеген сөздерінде АҚШ Президенті Барак Обама, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, тағы басқа алып мемлекет басшылары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жер бетінде ядролық қарусыздану жөнінде тұңғыш үн көтеріп, ядролық полигонды жапқанын, сөйтіп адамзат болашағына өлшеусіз үлес қосқанын зор ризашылық сезімдерімен айтты. Осылайша, тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыр жер бетіндегі Бейбітшілік генераторына айналып отыр! Мұны көкірек-көзі ояу әр қазақтың күллі Қазақстан халқының мақтан етуге хақысы бар. Президентіміздің әлемдік беделінің асқақтай түсуі Қазақ елінің, ұлтымыздың мәртебесін көтеріп, мерейін асыра түсті!Қазақ елінің осыдан бір жарым жылдай ғана уақыт бұрын Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына байсалдылықпен табысты төрағалық етуі ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының содан бергі аралықтағы сессияларында ұдайы айтылып келеді, Астана саммитінде қабылданған Астана Декларациясының орасан зор маңызы лайықты бағалануда. Қазақ елінің әлем алдында танылып, мойындалуының бұдан асқан жарқын дәлелдерін келтіріп жатудың қажеті де бола қоймас! 

Тарихи құжаттардың ішінде айрықша маңызы бар Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы 2014 жылғы 17-қаңтардағы «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауымен тікелей сабақтасып жатыр. Президент жаңа Жолдауында жаһандану дәуірінде алда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялады. Себебі, ел дамуындағы басым бағыттарды айқындап, сыртқы ахуал күрделі кезеңде жедел шешілуі тиіс міндеттерді күн ілгері белгілеу қажет болды. Бұрынғысынан ертерек жолданған Жолдау сонысымен де айрықша маңызды. Президентіміздің Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі Жолдауында тебіреніспен айтқан төмендегі жолдары әркімнің-ақ жүрегінен орын алғаны ақиқат: «Қадірлі халқым! Біз жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылы Нұрлы Жолға айналдардық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. 

Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры!».Еліміз ширек ғасырда талай белестерді бағындырып, қиындықтарды басынан өткерді. Алдымыздағы 26-сәуірде кезектен тыс өткелі отырған Президент сайлауы да біздің бірлігімізге үлкен сын болмақ. Бұл сыннан да бірлігі мықты халқымыз сүрінбей өтіп, жарқын болашаққа деген өз таңдауын жасайды деп сенеміз. 

Сейдолла САДЫҚОВ, 

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Қазақ үні