Қазақ хандығының құрылғанына — 550 жыл

Қазақ хандығының құрылғанына — 550 жыл

Редакциядан: 1890-1916 жылдар аралығында шығып тұрған Брокгауз бен Эфронның энциклопедиясында басылған қазақтар жайлы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз. Ресей империясы әрқашан да өз тарихын әсіре бұрмалаумен жазғаны, өздері отарлаған халықтардың тарихын тек өздеріне ұнайтын тұстарын ғана жазып келгені ежелден белгілі. Әйтсе де, биылғы тойланатын Қазақ хандығының 550 жылдығы орайында ғасырлар түкпірінде жатқан тарихи материалдарды, сол кездегі көзқарастарды да білгеннің артығы болмас. Империялық көзқараспен жазылған бұл мақаладағы  қателіктер мен өрескел сәйкессіздіктерге тарихшыларымыздың  нақты деректері мен дәйектері жеткілікті деп санаймыз.   Деректер неге бұрмаланды? Бұндай атауды әрине бұл халыққа, сөз жоқ, басқа жұрттың адамдарының бергені анық. Себебі, олар бүгінгі таңда да, бұрын да өздерін бұлай атаған емес, ешқашан атамайды да. Арасында өздерінің ұлтын «хасак» деп атайтындар кездеседі, бірақ көпшілігі оны өзі шыққан руымен қосып айтады. Қырғыз-қайсақтардың қайдан шыққаны жайлы, ежелгі тарихи тегі туралы  деректер, біздің ғалымдардың (Миллер, Фишер, Паллас, Рычков, Георгилердің т.б.) ғылыми еңбектері өткен ғасырдың бірінші жартысында жинақталған. Әйтсе де, бұл мәселе жайлы тиянақты зерттеулерді 1860 жылдары  В.В.Вельяминов-Зернов жүргізді.   Қырғыз-қайсақтардың шығу тегі Орта Азияда өз тайпаларының құрамынан бөлініп шыққан көшпелілердің кейбір руларын түріктер «қазақтар» деп атаған. Кейін өзара топтасу, бірлесу барысында олардан жаңа одақтар пайда бола бастаған. Вельяминовтың пікірі бойынша қырғыз-қайсақтар осылай пайда болған. Соңғы кездегі этнологиялық зерттеулер осы болжамды дәлелдейді. Қырғыз-қайсақтар әртүрлі ұлттар мен ұлыстардан, бірақ басым көпшілігі түріктектілерден құрылған. Бұл болжамды олардың бет әлпеті мен пішіндерінен байқауға болады. Атап айтқанда, олардың түр-түсінен таза моңғол   мен қалмақтың пішіні мен кавказдық тайпалардың да әлпеттерін көруге болады. Өздерінің шығу тегі жайлы қырғыз-қайсақтарда толып жатқан, бір-біріне қарама-қарсы келетін, бірақ түп-тұқияны бір екендігін көрсететін аңыз бен шежірелер өте көп. Бұл болжам олардың Шыңғыс патшалығы билеген замандағы ұлттардың құрамынан шыққандығын (Вельяминов-Зернов бойынша XV ғасырдың екінші жартысы) айқындайды. Ол заманда қазіргі Орынбор губерниясы орналасқан аймақтың шығыс бөлігі, сібір қырғыздарының облысы, Ақмола облысының оңтүстік жартысы мен Семей облысының солтүстік жағы сол кезде ықпалы мықты болған, Өзбек ұлысын басқарған Әбілқайыр ханның құрамында еді. Әбілқайыр ханның тезінде болуға шыдамаған, Жошының тұқымы Барақ ханның екі баласы Керей мен Жәнібек өздеріне қарайтын ауылдарды бөліп алып, сол жерлерді басқаратын Исабұқа ханның рұқсатымен шығысқа қарай бөлініп, қазіргі Верный және Қапал округтерінің маңына көшіп келді..   Қырғыз- қайсақтар одағы  Әбілқайыр хан өлген соң, оның ұлы Шейх-хайдар, сол кездегі жергілікті тарихшылардың сөзімен айтқанда «Өзбек ұлысы» құлдырай бастаған. Әбілқа- йырдың дұшпандары оған ауыз сала бастайды. Нәтижесінде өзбек ұлыстары бірнеше бөлікке бөлініп, оның көпшілік тайпалары Керей мен Жәнібектің қасына көшіп барған. 1465- жылы олардың саны 200 мыңға жетіп, көрші халықтар оларды «қазақтар» деп атай бастаған. Сөйтіп, қырғыз-қайсақтардың одағы өзбектің рулары мен тайпаларынан басталып, бірте-бірте қатарларын көбейте берген. Атап айтқанда, найман, жалайыр, дулаттарды (бұл атауларды Моңғолияда, моңғолдардың арасынан кездестіреміз) қосып, сосын қырғыз-қайсақ деп аталатын жалпы атау қалыптасқан. Бір ғана ғасырға жетпес уақытта қырғыз-қайсақтың саны бір миллионға жетіп, олар өздерінің көшіп-қону аймағын кеңейтіп солтүстік батыста Оралға дейін жетіп, сосын Керейдің баласы Бұрындық көшіп барған. Ал Жәнібектің баласы Қасым хан ескі жұртта, Балқаш көлінің аймағында қалып хан ордасын Қаратал өзенінің жағасына тіккен.   Қырғыз-қайсақ хандары Жиырма жыл өткен соң, таққа Қасымның баласы Ақназар отырғаннан кейін ол орданы күшейтуді қолға алады. Осы жайлы, Семен Мальцев, (оны Иоанн Грозный ноғайларға жіберген), «ноғай ұлысына Ақназар ханның қазақтары, Шығай мен Шелым бекзадалар шабуыл жасады» деп 1569-жылы хабарлаған. Осыдан сәл бұрын Джанкинсонның айтуынша, «қырғыз-қайсақтар Ташкентке шабуылдап, оларды Ақсуға дейін тықсырған. Ташкенттің бегі Ақназармен шайқаста қаза тапқан» депті. Орданың күшеюі, Мальцев айтып кеткен бекзада Шығай билеген кезде (Шығай Бұқар ханы Абдолланың тұрақты одақтасы болған) одан да шарықтады. Шығайдың баласы, оның мұрагері, орыстың мемлекеттің ресми жазбаларында Тевкель деп аталады, (Тәуекел болса керек. С.Е.) қырғыз-қайсақ хандарының ішінде бірінші болып Ресейдің қол астына кіру жайлы келіссөздерді бастады. Орыстардың тұтқынында отырған немересін құтқаруды ойлаған Тевкель 1594-жылы Мәскеуге елші жіберіп өз ордасын қоластына алуды сұрайды. Феодор патша қырғыз-қайсақтарға татар тілмашы Вельямин Степановты жұмсап, «қырғыз-қайсақтарды қол астыма аламын, сендерге оқ мылтық пен дәрілерді жіберемін, оның есесіне сендер біздің  айтқандарымызды істейтін тәртіпті нөкеріміз болуға тиіссіңдер» деп хабар береді. Соның дәлелі ретінде аманат беріңдер,- дейді, Степановтың қандай жауап әкелгені белгісіз, бірақ Тевкель де, оның мұрагерлері де XVIII ғасырдың екінші ширегіне дейін Ресейдің қол астына кірген жоқ. Тевкель XVIII ғасырда Ташкентті, Түркістанды және оның төңірегіндегі аймақты басып алды. Сол кезден бастап 1723-жылға дейін қырғыз-қайсақ хандарының резиденциясы Ташкентте болды. Сірә, осы кезде қырғыз-қайсақ ордасы үш Жүзге – Ұлы, Орта және Кіші жүзге бөлінген болса керек. Қырғыз-қайсақ хандарының хан шатырлары Орта жүз жерінде орналасқанына қарап Орта жүз сол үшеудің ең бастысы болғанын білдіретіні сөзсіз. Орта жүз басшылық еткен аймаққа Түркістан және Ташкент округтері, ішінде найман, арғын, қыпшақ пен уақ-керейлер кіреді. Ұлы жүз орналасқан аймаққа Орта жүздің  Алатауға дейін шығысы кіреді, онда жалайыр, дулат пен албандар тұрады. Ал Кіші жүзге келсек олардың аймағы Орта жүзден батысқа қарай Орал тауларына дейін тұратын  әлімұлы, байұлы және жетіру тайпаларын құрайды. Тевкельдің  ағасы Есім хан басқарған кезде қырғыз-қайсақтар жоңғарлармен шайқасты. Бұл шайқастар кезінде әскери қолды тұрақты басқарған Есімнің інісі, (оны орыс пен жоңғарлардың жылнамаларында Жәңгір сұлтан деп атайды) Янгир сұлтан болды, ал қырғыз-қайсақтар оны Жихангер деп атайды. Қырғыз-қайсақ хандарының күшеюі осылай өрістей беріп, бұл жағдай XVII ғасырдың аяғына дейін созылды. Әсіресе қырғыз-қайсақ қауымының дамуы Жихангердің баласы Тявке ханның кезінде ерекше үдеріс тапты. Тявка (осылай деп жазыпты орыстар- С.Е.) үш жүздің қырғыз-қайсақтарын бітістірді (Сірә, Тәуке ханның Жеті жарғысын айтып отырса керек-С.Е.) Ескі әдет пен салт дәстүрлеріне негізделген заң шығарды, әрбір руға таңбасын анықтап берді, көшіп-қонатын жайлауы мен қыстауын белгілеп берді. Күзде жайлаудан көшіп қыстауға келген соң рубасылары бір ай бойы бір жерге жиналып барлығына ортақ мәселелерді талқылайтын болған. Тайпаларды басқару үшін абыройлы ақсақалдарды сайлап алуды тапсырды. Тәуке ханның басқаруы кезіндегі алаауыздықты олардың көршілері пайдаланып оларды тықсыра бастады. Оңтүстік-батыстан қалмақтар, теріскейден башқұрттар мен сібір қазақтары, шығыстан жоңғарлар мазаларын алды.   Ресейдің қол астына  кіру Олардың жан-жақтан шабуылдай беруі қырғыз (осылай жазған) хандары Тәуке, Қайып және Әбілқайыр ханды 1717- жылы Ұлы Петрге өз қол астыңа ал деп хат жазуға мәжбүрледі. Бірақ, орыстар бұл жолы қырғыз- дардың ісіне араласпады. Осы кезде жоңғардың Цэван-рабтаны қырғыз-қайсақтарды өз қол астына бағындырғысы келіп, шабуылдарын көбейтті. Аз уақыттан кейін қырғыз-қайсақтар Ташкент пен Түркістаннан айрылды. Енді бір шабуылдан кейін Ұлы жүз олардың қарамағына енетін жағдай орнады. Орта жүз бен Кіші жүздіктер солтүстік пен батысқа жылжи бастады. Башқұрттарды Оралдың арғы бетіне асырып, Ембіден өтіп қалмақтарды Оралға тықсырды.  Жаңа қонысқа орналасқанына қарамастан Орта және Кіші жүздіктердің елі башқұрттар мен қалмақтардан тыныштық көре алмады. 1720-жылдардың аяғында Кіші жүздің ханы Әбілқайыр мен Орта жүздің ханы Шемеке арасында жауластық жағдай қалыптаса бастады. 1730-жылы Әбілқайыр арнайы елшілерді әуелі Уфаға, сосын Петерборға жіберіп орыстардан өз қол астына алуды сұрады. Орыс үкіметі дереу қырғыз-қайсақтың ордасына Тевкелев мырзаны келіссөздердің шарттарын нақтылау мақсатында жіберді. Бірақ, бұқара халық өз ханының орыстармен байланысынан түк хабарсыз екен. Олар орыс патшасына нөкерің болуға деп  ант қабылдау үшін орыс шенеунігі келіпті дегенді естігенде  таң қалды. Халық арасында толқу басталды, бірнеше рет Тевкелевтің өміріне қастандық жасау жағдайы болды. Әйтсе де, бәрінен аман қалған Тевкелев 1732-жылы Кіші жүзді және Сыр бойының құяр сағасында өмір сүретін қарақалпақтардан ант қабылдап үлгерді. 1734-жылы Орта жүз орыс елінің қол астына кіруге келісті. Қырғыз-қайсақтардың Ресейдің қол астына кіруі орыстарға шығысқа қарай өз шекарасын ұлғайтуға көмектесті. 1732-жыл мен 1757-жылдар аралығында Орал мен Верхнеуральск аралығында, одан әрі Звериноголовскаяға дейін, сосын Горькая линиясынан Омбыға дейін жетіп Ертісті бойлап Өскеменге дейін жетіп  бірнеше қамалдар соғылды. Сүйтіп орыстың шекарасы қырғыз-қайсақ даласын түгел қамтып орап алды. 1767-жылы қытайлар Жоңғарияны түгелімен жаулап, орыс-қытай шекарасына бірнеше бекіністер соғып қыр-ғыз-қайсақтар мен моңғолдарды бөліп тастады. Нәтижесінде қырғыз-қайсақтар үш жақтан екі алып көршінің құрсауына түсті. Қырғыз-қайсақтардың Кіші жүздіктері ғана түрікмендердің аз ғана қарақшы тайпаларымен Үстіртте шекаралас болды. Қазақшалаған С.Есмаханұлы kazakia.kz