Алаштан шыққан алғашқы депутаттар
2014 ж. 25 желтоқсан
49350
1
XIX ғ. аяғы мен XX ғ. басында қазақ даласында Ресейдің саяси партияларының филиалдары ашыла бастады. 1905-1906 жылдары сол кездегі қазақ қалаларында «Кадет», «Народная свобода», «Социал демократтар» және т.б. партиялар ресми түрде тіркеліп, өздерінің үгіт- насихат жұмыстарын жүргізіп тұрған. Ішкі Ресейдегі толқулардың екпіні қазақ қалаларын да шарпып, патшаға қарсы ереуілдер мен шерулер Орал, Перовск, Ақтөбе, Петропавл, және т.б. қалалардағы өнеркәсіп орындарында, теміржол жұмысшылары арасында жиі болып отырды.
Міне, осындай кезде мемлекеттік Думаға сайлау болатыны туралы заң шыққаны қазақ арасына да жетеді. Өздерін теңгермей, жартыкеш санап жүрген үкіметтің енді елдің басты заң шығарушы органының мүшелігінен орын бермегі қазаққа жақсы жаңалық әкелген хабар еді. Бірақ, жергілікті биліктегілер сайлау науқанын ұйымдастыруды көп уақыт қолға алмайды. Тек, халықтың қысымымен ғана ол мерзімінен әлдеқайда кеш басталады. Тіпті, аумақтық бөлініске келгенде де барынша әділетсіз болады. Мәселен, қазақ даласының Ақмола, Семей, Торғай, Орал губернияларына бөлінген 10 депутаттық мандаттың бүкіл халықтың 70% құрайтын қазақтарға 4-еуін, ал 30% құрайтын орыстар қоныстанған қалаларда 6-уын ғана береді. Осылайша, уақытылы өткізілмеген сайлаудың ұзаққа созылуының кесірінен қазақ депутаттары тым кеш қалып, Думаның жұмысына алғашқы күннен қатыса алмайды. Мәселен, А.Қалменұлы, А.Бірімжанұлы, Санкт-Петербургке Дума ашылғаннан кейін бір жарым ай өткен соң келсе, Ә.Бөкейханұлы оның жабылуына біраз күндер қалғанда ғана жетеді (себебі, Дала генерал губернаторының негізсіз жарлығымен соттың тергеуінсіз, 3 ай Павлодар абақтысында отырды). Дегенмен, қанша жетіспеушіліктері болса да, бұл қазақ даласында демократиялық жолмен өткен тұңғыш сайлау еді. 1-ші Думаға қазақтар арасынан 8 депутат қана сайланды. Соның өзінде де қазақ депутаттары белсенділік танытып, әртүрлі комиссияларға мүше болды. Жоғары білімді заңгер А.Бірімжанұлы – әскери дала соттарын жою жөніндегі заң жобасын жасау комиссиясына енгізіледі. Ол А.Қалменұлы екеуі жоғарғы үкімет орындарына қазақ жеріне қоныс аударушыларды орналастыру барысында заң бұзушылық әрекеттер жасалып жатқаны жөнінде сұрау салады. Патша 1-ші Думаны өктемдікпен таратқанда оған сайланған депутаттар қарсылық білдіріп, Выборг қаласына жиналады. 182 депутат қатысқан бұл оппозициялық жиын тарихта «Выборг үндеуі» деген атаумен қалды. Жиналғандар патшаның әділетсіз шешімін айыптап, оның жүгенсіз істерін әшкерелеуге тырысты. II мемлекеттік Думаға қазақтардан 7 депутат сайланған. Олардың кейбіреулері (Ш.Қосшығұлұлы, А.Бірімжанұлы, Б.Құлманұлы) екі рет сайланды. Ал, Ә.Бөкейханұлы «Выборг үндеуіне» қол қойғандықтан өкімет оны қуғынға ұшыратып, қылмыскер атандырды, ал заң бойынша ол депутаттыққа кандидат бола алмады. Бұл Думада белсендірек болған қазақ депутаттары: Б.Қаратайұлы хат-хабарларды реттеу, ар-ождан бостандығы, ал М.Тынышбайұлы аграрлық комиссияға мүше болды. Яғни, Ресейдің 1-ші және 2-ші мемлекеттік Думаларына қазақтардан бар-жоғы 12 адам сайланған еді.
1. Әлихан Бөкейханұлы 1870 жылы бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында туған. Орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Алаш қозғалысының жетекшісі, ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақ халқының рухани көсемі, Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің төрағасы. 1-ші Думаға Семей облысынан сайланған. Кадет партиясының мүшесі. Алдымен Қарқаралыдағы Зариф молда медресесінде оқығаннан кейін оны місе тұтпай қаладағы үшсыныпты бастауыш мектепке ауысады. 1889 ж. сол қаладағы қазақ балаларына арналған мектепті, 1890 ж. Омбыдағы техникалық училищені бітіреді. 1890-1894 жж. Санкт-Петербургтегі императорлық Орман институтының экономика факультетін аяқтайды. 1901 жылы императорлық Орыс Географиялық Қоғамының мүшесі болып сайланады. 1905 жылы қазақ даласында алғаш рет саяси талаптар жасап, 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясының ұйымдастырушысы болды.
2. Мұхаметжан Тынышбайұлы 1879 жылы бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы-Садыр болысындағы Жыланды тауының етегінде туған. Қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. 2-ші мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан сайланған. 1890 жылы Верный қаласындағы ерлер гимназиясына түсіп, оны алтын медальмен бітірген. Санкт-Петербургтегі I Александр атындағы Жол қатынасының инженерлерін даярлайтын институтқа түскен. 1905 жылы осы қаладағы автономияшылар одағының 1-ші Құрылтайына қатысып, «Қазақтар һәм азаттық қозғалысы» деген тақырыпта баяндама жасаған.
3. Ахмет Бірімжанұлы 1871 туған. Алашорда үкіметінің мүшесі, қоғам қайраткері, Шақшақ Жәнібек батырдың ұрпағы, ағартушы-демократ Ыбырай Алтынсариннің туысы. Екікластық училищені, 1891 ж. Орынбордағы ерлер гимназиясын күміс медальмен, 1899 ж. Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. 1-ші және 2-ші мемлекеттік Думаларына Торғай облысы қазақтарының атынан сайланған.Орынбор, Ақтөбе уездерінде сот қызметкері, бітімгер судья болып қызмет істеген. 1906 жылы 2-шілде күнгі Дума отырысында қазақтар арасынан бірінші болып мінберден сөйлеген адам.
4. Сәлімгерей Жантөреұлы 1864 туған, 1-ші мемлекеттік Думаға Уфа губерниясынан сайланған. Кадет партиясының мүшесі, жоғары білімді, Орынбор гимназиясын бітіргеннен кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетін және Мәскеу университетінің физика-математика факультетінде оқыған. Губерниялық земствоның бастығы қызметін атқарған. Өзі Башқұрт жерінен депутат болып сайланса да, туған халқының мұң-мұқтажын қорғауға үлес қосты. Қазақ халқының болашақта орыстанып кетуінен қауіптенген адам.
5. Алпысбай Қалменұлы 1860 жылы туған, I мемлекеттік Думаға Орал облысынан сайланған. Кадет партиясының мүшесі, Орынбор гимназиясын бітіргеннен соң жоғары білім алған, Ішкі Орданы басқару кеңесінің мүшесі болған. Халқының білім алып, отырықшы болу істері оны үнемі толғандырған. Ана тілінде мектептер ашылуын қолдаған.
6. Дәуіт Ноян Тұндыт 1860 жылы туған, I мемлекеттік Думаға Астрахань губерниясынан сайланған. Кадет партиясының мүшесі, ауқатты отбасында туып, патша лицейінен білім алған. Кейін жоғары оқу орнын бітірген. Мемлекеттік Дума мүшелерінің тізімінде жер иеленуші деп көрсетілген.
7. Темірғали Нұрекенұлы 1858 жылы туған, 2-ші мемлекеттік Думаға Семей облысынан сайланған. Бастауыш білімі бар, ауқатты отбасынан шыққан. Осы облыстағы Сәйтен әкімшілігінің болысы болған. Думаның мұсылмандар фракциясына енген. Өзі де көкірек көзі ояу, қажылық парызын өтеген, діни сауатты адам екен.
8. Тілеулі Аллабергенұлы 1856 жылы туған, 2-ші мемлекеттік Думаға Сырдария облысынан сайланған. Бастауыш білімі бар, бай адам болған. Думаның мұсылмандар фракциясының мүшелігіне өткен.
9. Шәймәрден Қосшығұлұлы 1869 жылы туған, 1-ші және 2-ші мемлекеттік Думаларға Ақмола облысынан сайланған. Ауыл молдасынан білім алған. Дума мүшелерінің тізімінде ауқатты, бай адам деп көрсетілген. Орыс тілін білмейтіндігі себепті 2-ші Думаның ресми тізіміне кіргізілмеген. Мұсылман фракциясында болған. Ел ішінде беделді кісі болып, өз қаражатына мектеп ашқан. Халықты қанаушылықтан, езгіден құтқарудың жолын іздеп, түрлі шараларға барған.
10. Бақытжан Қаратайұлы 1860 жылы туған, Әбілқайыр ханның шөбересі. II мемлекеттік Думаға Орал облысынан сайланған. Орынбор гимназиясын, ал 1890 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. Патшаның Әділет министрлігінің бұйрығымен Грузияның Кутаиси қаласына тергеуші болып барған. Бір қызығы, онымен Орал облысынан 18 отбасы бірге барады. Кеңес Одағы кезінде де түрлі қызметтер істеген. 1934 жылы 74 жасында дүниеден өтті.
11. Бақтыгерей Құлманұлы 1857 жылы туған, 1-ші және 2-ші мемлекеттік Думаға Астрахань губерниясындағы Ішкі Орда қазақтарынан сайланған. Ауқатты адам болған. Депутаттардың тізімінде жоғары білімді, шенеунік деп жазылған. Мұсылмандар фракциясының мүшесі.
12. Молда Тайынұлы 1-ші мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан дәл оның тарайтын қарсаңында сайланған. Сондықтан болса керек, оның есімі ресми тізімге енгізілгенімен, ол туралы басқа деректер табылмауда.
Айдын ЫРЫСБЕК