ҚАЗАҚҚА ҰЛТШЫЛДЫҚ - ҰЛТЫН СҮЮ ЖЕТІСПЕЙДІ...
2014 ж. 01 маусым
2229
3
Тұрсынбек Кәкішұлы, әдебиеттанушы, сыншы:
Біз жақсы болсын, жаман болсын, өтірік болсын, шын болсын, сол ескі жолмен жүріп келе жатқан елміз. Сондықтан социализм заманында көрген қорлықтарымызды айтуға жүрексінеміз. Неден қорқатынымызды өзіміз де білмейміз. Ал енді, аштық пен қуғын-сүргін жайындағы Талас Омарбековтың зерттеулері дұрыс. Басқалары киногерлер, т.б. осы салада жүргендер бір нәрсені көреді де содан өрбітіп алып кете береді. Ал Талас талай елдердің архивтерінде болып, өте құнды деректерді жинап, түбегейлі еңбек жасағанын білеміз. Сондықтан біз көп жағдайда Таластың ой-пікірлеріне ойысқанымыз теріс болмас. Мұндай қиын жағдайға қазақ халқы қалай тап болды дегенге келетін болсақ, баяғыда Орталық Партия Комитетінің хатшысы Нұрымбек Жангелдин басшы болған тұста «Қазақ ұлт болып жетілмеген халық» дегенді айтқан. 1957 жылдардан бастап, Рахманқұл Бердібаев және Орталық Партия Комитетінің жанындағы Партия тарихы институтының бірнеше қызметкерімен бірге, қазақ тілін, қазақ мектебін, мәдениетін жоқтаған мақалалар жазған едік. Соған байланысты 1957жылы 10 желтоқсанда Орталық Партия Комитетінің керемет қаулысы шықты. Ол қаулы «Қазақ мәдениетін одан әрі өркендетейік» деген атпен шықты. Бірақ оның барлығы біздердің жазған мақалаларымыздағы кеткен қателіктерді айту, сөйтіп барып жөнге салу мәселесі еді. Ұлт болып жетілмеген халық дегеннен кейін күні бүгінге дейін ұлттық идеология жөнінде қаулы-қарар қабылдай алмай жүрміз. Ұлттық идеология халықтың сана-сезімі біріккен уақытында қалыптасатын дүние. Отаршылдар, әсіресе, орыс отаршылдары сонау Петрдан бастап әдейі бытыратып, бүлдіріп, қазақ халқының басын біріктірмеудің амалдарын жасады. Тағы бір айта кететін жайт, ашаршылық қолдан жасалған дүние емес. Ол жағдайды солай алып келген билік. Әсіресе, колхоздастыру кезінде қазақтың малын тартып алып, аштыққа ұшырату Голощекиннің саясаты деп жатырмыз ғой, шындығына келгенде отаршылдардың баяғыдан бергі ұстанып келе жатқан саясаты. Оны мықтап жүзеге асырған Коммунизм болды. Қай тарихымыз болмасын түгел бұрмаланған. Басқаның көзімен, басқаның ойымен жазылған. Өзімізге керекті нәрселерді, тарихымыздағы болған трагедияларды ұмытып кететін кездеріміз өте көп. Көп жағдайда көріп тұрған іске емес, сөзге сеніп жатамыз. Ал отырықшы халықтар өзінің тарихын деректерге сүйеніп жазады. Біз де қазақ жырауларының еңбегін шығарып, «Жырау және тарих» деген зерттеу жасасақ, иә болмаса «Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі қазақ тарихы, одан кейінгі қазақ тарихы, совет заманындағы қазақ тарихы» деген тарауларды жеке-жеке жазып, ел-жұртқа жеткізсек, оның барлығын терең ғылыми түрде архивке негіздеп отырып айтсақ, біздің санамызды өсіріп-жетілдіретін еді. Қазаққа ұлтжандылық, ұлтын сүю жетіспейді.
Профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Қазақ әдебиет» газеті ұйымдастырған аштық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткізген дөңгелек үстелде айтқан сөзі.
Дереккөз: «Қазақ әдебиеті» газеті