Өзге жерлерді білмеймін, ал біздің Қостанай облысын Ресейдің өнер қауымы біржолата билеп алды. Дұрысы, меншіктеп алды. Өз бетімен келіп жатқан жоқ, әрине. Бұларға біздегі үлкенді-кішілі әкім-қаралардың бүйрегі ерекше бұрып тұрады. Сондықтан да олардың жасы болсын, кәрісі болсын, танымалы болсын, беймәлімі болсын, Тобыл өңіріне қайын жұртына келгендей еркінсіп, мейманасы тасып жүреді. Биылғы көктемде Ресейдің Макеев деген бард-әншісі қатты сағынып қалған болуы керек, бір емес, екі рет келді. Онысымен қоймай, «мені облыс әкімінің өзі шақырды» деп әр келген сайын төбемізді ойып кете жаздайды. Онысы рас та шығар, өйткені әкіміміз Макеевпен бірге құйқылжытып тұрып ән салады. Мүмкін, бұл кісі әкім болмаса, күміс көмей әнші атанар ма еді, кім білсін.
Ал облысымыздағы мереке күндері әлгі ресейліктердің құдайы беріп қалады. Өңірімізде қалыптасқан «қала күні» деген тамаша мейрам бар. Ол облысымыздың ірі-ірі қалаларында міндетті түрде, барынша сән-салтанымен өтеді. Және де әкімдер бір-бірімен жарысқа түсіп, бәсеке барынша қызады. Қай қала көршіміздің барынша танымал әншілерін шақырып, қайсысы марапаттан озып кетеді, басты көрсеткіш – осы. Жергілікті баспасөз онсыз да билікке тәуелді. «Бұл қалай? Босқа шашылмай-ақ, өз әншілерімізбен де өткізуге болмас па екен?» деген сұрақ қоюға батылы бармайды. Кездейсоқ ондай сауалдар туындай қалса, жергілікті билік қатты қаһарына мінеді. Былтырғы жылдары осындай мерекенің біріне Ресейдің Дмитрий Харатьян (суретте) деген әншісі ме, әлде әртісі ме, әйтеуір бір «мықтысы» келіп, стадионда қырылдап-сырылдап бірдеңе айтқан болып еді. Жергілікті жерде шығатын, билікті сынай алатын жалғыз «Наша газета» деген газетіміз «Харатьян, сірә, ептеп «жұтып» алған болуы керек. Жүріс-тұрысының өзі күмәнділеу» деп шындықтың бетін сәл ашқандай болып еді. Жергілікті билік бірден дүрсе қоя берді. Әйтеуір абырой болғанда, кейін Ресейдің өз газеттері оның маскүнемдіктен емделіп жүргендігін жазғанда ғана үндемей құтылуға мәжбүр болды.
Бұл енді облыс орталығында болған жағдай. Өңіріміздің Лисаков пен Рудный атты қалаларында қала күндері барынша даңғазаға айналады. Лисаков қаласын Альберт Рау (суретте) деген әкім басқарып тұрғанда жыл сайын осы датаға орай ұлан-ғайыр карнавал өтетін. Қалыптасқан «дәстүр» бойынша әрине, Ресей әртістері бәрімізді өздерінің «озат» өнерлерімен тәнті қылып кетеді. Ал әлгі әкім болса (Альберт Рау), жыл сайын бірде ковбой болып киініп, бірде мушкетер болып сыланып, өзге қалалардың аузын аңқитып кететін. Сірә, осындай «жаңашылдығымен» болар, ол кейін облыс әкімінің орынбасары болып өсіп кетті. Одан соң мына Көкшетау облысын биледі. Қазір министрлікте жаңа технологияларды енгізуге ат салысып жүр.
Биылғы мамыр айы да ресейліктердің бізге деген «мәдени жорығымен» басталды. Айдың басында көршіміздің Станислав Садалький мен Татаьяна Васильева деген әртістері келіп, екеуі «Голая правда» деген спектакль қойып, осындағы өнер сүйер қауымды бір сусындатып кетіпті. Солардың талантына табынатындар «мұндай дүниені көрген емеспіз» деп аузын ашып, көзін жұмып жүр. Оны қойшы, жақында Отан қорғаушылар күні мерекесінде Ресей Федерациясының әскери-десант дивизиясының «Голубые береты» деген ансамблі қала әкімінің арнайы шақырумен келіп, патриоттық әндерімен «жігерлендіріп» кетті. Әрине, ресейлік патриоттық әндермен таң қалдырды. Ал біз шын мәнінде таң қалдық. Сонда өзімізде қазақтың патриоттық әндерін шырқайтын әншілерміз жоқ па? Қай елде көрші елдің патриоттық әндері шырқалып жүр? Ансамбль жетекшісі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Ресей армиясының полковнигі Юрий Слатовтың айтуына қарағанда, біздің қаламыздың әкімі десантник екен, сол шақырғасын көңілін қимай келіпті. Жетіскен екенбіз. Егер әр қаланың әкімі өзіне ұнаған әншілерді шақыра берсе, елдігімізден не қалады? Онда еліміз орысша айтқанда «проходный дворға» айналмай ма? Кім болса, сол келіп, ойындағысын істей берсе, мән-мағынасы күмәнділеу әндерін шырқай берсе, қай жерге барып тоқталатындығымызды бір Құдайдың өзі білсін.
Сонда дейміз-ау, бұларға қой деп айтатын жан болмағаны ма? Облыстағы мәдениет саласын басқарып отырған Сераус ханымнан бұл келеңсіздікті түзетеді деп ойлау – құр қиялға берілгендік болып шығар еді. Облыс әкімінің орынбасары Бектұрғановтың бұл саланың билігін ұстағандығына 10 жылдан асып кеткендігін ескерсек, одан да үміт шамалы. Қысқасы, Қостанай облысы Ресейдің мәдени кеңістігіндегі автономияға айналып барады.
Мұратбек Дәуренұлы.
Қостанай
Abai kz
ҚОСТАНАЙ РЕСЕЙ АВТОНОМИЯСЫНА АЙНАЛЫП БАРАДЫ...
2014 ж. 16 мамыр
2392
11