"Ұлт" порталы
Алаш, Үш жүз һәм Қазақ атауларының шығу негізі мен мән-мағынасы
2014 ж. 11 мамыр
8300
0
Неге біз Алаш сөзінің мән-мағынасын, шығу негізін білмей тұрып осындай күйде тұрған «Қазақ» сөзімен бір синонимді сөз дейміз, тек бұл атаулардың әр кезеңдерде бір-бірінің орнына қолданылғаны үшін ғана ма?
Тамырынан таратылып текті сөз
Ал арманшыл асыл халқым көкті кез!
... Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр келді кез.
Маралтай
АЛАШ ҰЛҰСЫ
Неге біз Алаш сөзінің мән-мағынасын, шығу негізін білмей тұрып осындай күйде тұрған «Қазақ» сөзімен бір синонимді сөз дейміз, тек бұл атаулардың әр кезеңдерде бір-бірінің орнына қолданылғаны үшін ғана ма?
Ұлы Абай атамыздың «Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттарда «Қазақ» атап кетіпті, бұрын өздерін «Ұлұс» дейді екен де жүре береді екен» деуінің астарында не жатыр? Бұрын біз өзімізді Алашпыз, Үш жүзбіз, Қазақпыз, деуші едік, енді Ұлы Абай атамыздың дерегінен біз өзімізді «Ұлұс» деп те атаған екенбіз. Бұлай болған жағдайда бұл төрт атаудың қайсысы алғашқы бастапқы атауымыз болмақ?- деген сұрақ туады.
Осы арада данышпан Абай атамыз "Ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып наурыздама қыламыз деп той тамаша қылады екен. Сол күнін "Ұлыстың Ұлы күні"- дейді екен"деуінен менің түйгенім біздің қазақтардың ол күнді, "наурыз"- яғни "жаңа күн" демей, жер жаһанның жаңарған, қыстың ызғары кетіп табиғаттың бусанып жыл басының басталуына себепкер күн мен түннің теңелуін "Ұлы күн" деп атап, бұл күнге ерекше мән беріп той тамаша қылғандығына көзім жетті.
Әрі бұл күнді «Ұлғ күн» (Ұлы күн) – деп тойлап қана қоймай «Ұлық күнмен басталған жыл он екі айдың алғашқысын осы күннің құрметімен ұлұғ ай, кішіг ай, деп бастап бірінші ай, екенші ай, үшінші ай, төртінші ай, бесінші ай, алтыншы ай, жетінші ай, сегізінші ай, тоғызыншы ай, оныншы ай деп жіктеген. Бұл ескі төркі календары Бируни мен Ұлықбектің кітаптарында жазылған. Ал осы «Ұлы күн» неге «Ұлұстың Ұлы күні» - деп тойланған.
Мен бұл жұмбақтың сырын ашу үшін «Ұлұс» сөзін Ұлұ және Ұс (құс) деген екі сөзден құралған атау деп қарауды ұсынамын. (Екі «ұ» қатар келгендіктен біреуінің естілмей түсіп қалуы заңды құбылыс). Құсты көктің, символы санап өздеріне ұлттық тотем – киетек етіп алған көшпелілер, тәңірі құсы қыранға балаған ханның ұрпағы атанайық, соның әулетіміз деп, бір ханнан, бір әулеттен, бір тектен ғана тарайтын болайық деп ант берісіп өзінің батырлығымен, ақылдылығымен көзге түскен бірін ел басшысы етіп "Ұл(ұ) Ұс", "Ұл(ұ)Ұс" деп ұлылап хан көтерген деген қортындыға тоқталамын. (төркі халықтарының көпшілігі "с"-ның орнына "ш"- деп сөйлейтіні баршаңызға аян.
Мысалы: бас-баш, тас-таш, қас-қаш, құс-құш, Алпамыс-Алпамыш, Манас-Манаш т.с.с.) Демек «Ұлұс» атауының да есте жоқ ескі заманда «Ұлұш» түрінде айтылғанын әсте ұмытпағанымыз ләзім. ҰЛҰС/ҰЛҰШ. Ал жер қайысқан қалың қолдың «Ұл Ұш», «Ұл Ұш», «Ұл Ұш» деген айқай-шуы байтақ дала төсіне «Ал Аш», «Ал Аш», «Ал Аш» боп жаңғырып естілгендіктен күллі халық ҰлҰшты яғни ҰлҰсты - Алаш деп атаған көрінеді. ТАҢБА мен ЕН салынбаған заманнан жеткен бабалар сөзінің астарына үңілейік. Онда:
Алаш Алаш болғанда,
Ала тай ат болғанда
Таңбасыз тай
Енсіз қой болғанда
Алаш хан болғанда – деген сөздердің бірінші жолы неге "Алаш Алаш болғанда" - деп тұр?
Егер Алаштың Алаш екендігі әу бастан-ақ белгілі болса, онда Алаш Алаш болғанда демей - ақ, «Алаш болғанда» - деп бастап, аяғында «Алаш хан болғанда» - деп аяқтаса да болар еді ғой. Меніңше осы бес шумақ өлеңнің бірінші жолын «Ұлұш Алаш болғанда» деп оқысақ, сырын ішіне бүгіп, ел аузынан жеткен өлеңнің мазмұны ашылып шыға келеді яғни ҰЛҰШтың – АЛАШ атанғаны және АЛАШтың – ХАН болғаны белгілі болады. Батыр да ақылды ҰлҰс осыдан бастап өзін халық берген атпен Алаш деп атап, өзіне қараған елін "Ұс" һәм "ҰлҰс" елі деп атаған деген тұжырымға келдім.
ҰлҰс хан өзін халық берген атпен Алаш атағандықтан халық арасында осы бір үрдіс дәстүрге айналған. Бұл дәстүр осы күнге дейін өзінің төл ұрпақтарының арасында жалғасын тауып келеді. Әбілмансұрдың-Абылай, Ибраһимнің-Абай, Мұхамедқанапияның-Шоқан, Ерасылдың - Қабанбай, менің өз атам Сүгірдің - Сақал т.т. аталуы соның айғағы, бұл оларға халықтың берген аты.
Құрбанғали Халидтің "Тауарих хамса" кітабында:"Алынша хан кезінде" мен пәленнің нәсілімін" деп айтуға тиым салынып кім хан болса оның қауымы "мен пәленше ханың әулетімін" деуге бұйрық шығарған. Себебі бір ханға ерген халық менпәлен нәсілдемін деп бөлектеніп араларынан түрліше келіспеушілік туады деген екен" - деуі көңілге қонымды құптарлық дерек. Бұдан байқайтынымыз, қазақтың Абылай әулетіміз, Жәнібектің ұрпағымыз, Әбілхайырдың тұқымымыз деп сан-саққа бөлінбей, тек Алаш еліміз деп өздерін Алаштан ғана таратуында қанға сіңген тарихи шындықтың бары айқын байқалады.
Ұсты ұлылап Ұлұ Ұс атап пір тұту қазаққа жаңалық емес. Бұл үрдістің де сонау көне заманнан бастау алып үзіліссіз ұрпағымен жалғасын тауып келе жатқанын аңғару үшін біз Абайды - Ұлұ Абай, Жамбылды - Ұлұ Жамбыл, Мұхтарды - Ұлұ Мұхтар, Шоқанды - Ұлұ Шоқан, Мағжанды - Ұлұ Мағжан деуімізді көлденең тартсақ та болады. Демек мұның да Алаштан бастау алғанына куә болғандаймыз. Алаш бабам өз елін Ұс, Ұлұ Ұс еліміз деп атап қана қоймай, оны "оң қанат", "орта", "сол қанат" деп үшке бөліп билік жүргізген және үшеуін бірге "үш Ұс" (үч Ус-үч Уз) деп атаған. Қазақтың қазіргі "үш жүз" "үш жүздің баласымыз" деп жүргені осы.
Асылы бұл сөз "үш Ұс" атауының сәл өзгеріске түскен түрі. Ал енді Алаштың "Ұс" елі неге үшке бөлініп үштік жүйемен басқарылды және неге бірін оң қанат, бірін орта, бірін сол қанат деп атаған. Мұның сырын ашу үшін біз алдымен Ұс, Ұлұ Ұс дегеніміздің өзі не мағынаны білдіреді, соны айқындап алуымыз керек. Бұл турасында Әбілхан Әбіласан "Ұс, Ас, Аз - тәңірі құсы, бүркіт (гриф орел). "Ұс" (гриф) – тәңірі құсы деген мағынада. Махмұт Қашқари "Ұс" деген сөзді ертегілерде айтылатын басы бүркіт денесі арыстан бейнесіндегі құс (гриф) бүркіт мағынасында қолданған екен. Ұш үшкірсә өлүр -үш үшкірсе өлер (Қашқари).
Ұс ес көріп йуксак қалық қолы чақар -гриф завидев падаль бросается с высока неба (Қашқари). А.Аманжолов осы мағынадағы сөзді ("Ас") ертедегі қиял ғажайып құс (гриф) немесе бүркіт, ол көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған Көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) деген қорытындыға келеді дейді. Демек "Ұс" дегеніміз тәңірі құсы, бүркіт екеніне көз жеткіздік. Олай болса Алаштың өз "Ұс" елін үшке бөліп билеп, бірін оң қанатым, бірін сол қанатым деуінің сыры осында жатыр.
Адамдардың дене мүшесіне қарай оң қол, сол қол, болмаса оң көз, сол көз демей құсқа байланысты "қанат" сөзінің ел билеу мен әскер билеу тәсіліне енуінің астары енді ашыла түсті-ау деймін. Н.Мыңжан: "Шежіре дерегі бойынша қоңыраттар екі үлкен бірлестікке бөлінеді. Бұл екі бірлестікті әйгілі ғалым В.Радлов "Алты ата көктің ұлы, алты ата көктің құсы" - деп атаған деген дерек бар"-деп жазады.
Иә, қыста жылы жаққа ұшып,жазда қайтып оралатын құстар сияқты қыс қыстауға,жаз жайлауға көшіп қонып табиғатпен үндес өмір сүруді мұрат еткен көшлелілер «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп «ер балаларын қыранға, қыз балаларын аққуға теңеуі» мен «Ұлым ұяда, қызым қияда», «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», «қанатының астына алды», «атқа қонды», «үйге қон», «қонып кет», «ер жетіп қанаты қатайып, топшысы бекіді», «бақ құсым», «қарғам», «балапаным», «қанатым», - деп қана қоймай, мектеп бітіріп үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған ұл-қыздарын, еліміздің «жас түлектері» деп сөз саптауы да кездейсоқ айтыла салған сөз емес екен, "түлек" деп бүркіттің, яғни тәңірі құсы, қыранның балапанын ғана айтатынын еске алсақ та жеткілікті-ау деймін, тіпті келін түсіргеңде "аққуыңды аяла", "құсың құтты болсын", деп қыздарына "құс етек" көйлек кидіретін де осы біздің қазақ.
Ол ол ма домбыра мен найзасына, тақия, бөрік, һәм тымақ пен сәукелеге үкі тағып дұлығасына қыран құстың қауырсынын тағып құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып ұрыс-соғысқа ыңғайлы етіп сауыт киетін де біздің батыр бабаларымыз. Тіпті хан көтергенде де ханды ақ кигізге (ақ кигіз биік шың басындағы қардың бейнесі С.С.) отырғызып ұлылап Ұлы Ұс (Ұлұғ Ұс/Ұлұ Құс), (Шынғ Ұс/ Шың Құс) деп көктің құсы, биіктің құсы, тәңірі құсына балап "қыран аласаға қонбайды" - деген ниетпен биікке шығарып хан көтерген.
"Күлтегін" сағанатасының маңдайшасында бүркіт бейнесінің бедерленгенін білеміз. Ал,Шыңғыс ханның (Шынғ Ұс хан /Шың Құс С.С.) туында да қыран бейнесі, бейнеленген. Бұл ту наным - сенім бойынша, Шыңғыс хан әулетінің желеп-жебеушісі, киелі белгісі болып есептелген.
Қадырғали би Қосымұлы «Ұлұс» сөзін «халық», «мемлекет», «хандық» мәнінде қолданған әрі түркі-моңғол хандықтарын ұлұс деп атаған" болса, Құрбанғали Халид: "Ұлұс" сөзі моңғолша "тайпа", жамағат: есе, үлес мағынасын береді. Мұны қазақтар бірлік, жиналу кейде: заң ереже орнына пайдаланады. Мысалы, "Елдің ұлтынан шығайын ба" дейді. Мұнда бірлік, жиналу мәні көрініп тұр, яғни жұрттың бірлігінен шығайын ба көптен айырылайын ба болмаса елдің ұлты солай деседі "Бұл елдің өткені солай болып келген" деген мағынада, мұнда ереже, әдет болып аударылып тұр" деп жазады.
Демек "Ұлұс" сөзі қазақтар үшін бірігу, жиналу, ұлт болып ұйып, бірлесіп бас қосу. Бұдан аңғаратынымыз қазақтардың "Өз елімнің, ұлтымның атынан шығайын ба, ұлттығымнан, елдігімнен айырылайын ба" болмаса "Елім солай аталады, ұлтым солай, елімнің ғасырлар бойына аталып келгені солай еді"- дегеніне көз жеткіземіз. Шоқан Уәлиханов «Ұлұс» сөзі о баста белгілі бір территорияда құрылған тайпалар одағы» - деген.
Ал «Қаз.Сов.Энц.» «Алаш» «Алаш мыңы» - ежелгі қазақ тайпаларының алғашқы қауым болып біріккен одағы «қазақ» деген бұрынғы елдің жалпы аты» - деп жазады. Төл тарихымыздың қайнар бастауы, есте жоқ ескі заманнан, ауыздан – ауызға шежіре боп жеткені анық. АЛАШ атанып, ХАН сайланған АЛАШ ХАН бабамыздың «ҰЛҰС» елі, Ұлұстың «ҰЛЫ КҮНІН» сол бір бағзы замандардан бастап тойласа керек.
Бүгін де Алаш ұранды исі қазақ баласының «Ұлұс оң болсын!», «Ұлұстың Ұлы күні» құтты болсын! айтуы, тұтас бір ұлттың өзінің төл тарихи тамыры мен сабақтасып һәм үндесіп бірге жасасып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, біз ең біріншіден Ұлұ Ұс (Ұлұғ Ұс/Ұлұ Құс) яғни Алаш ханның ұрпағымыз соның еліміз деп, хан елі ретінде өзімізді қыран құсқа балап, қыран бейнеленген ту көтеріп Ұлұ Ұс, үш Ұс, бертін Төргі Ұс (Түркеш) атанған «Құс» еліміз.
Екіншіден қыстың ызғары кетіп, көктемнің келгенін паш етіп, бірінші болып ұшып келетін жыл басының жаршысы (Ұс,Ұз - үшҰс,учУз, Ғ+ҰЗ) Ұзақ қарғаға балап Ұзақпыз - Ғұзақпыз десіп өзімізді «қарға тамырлы қазақпыз», «қарға тамырлы ел едік қашаннан-ақ» деп өскен «Құс» еліміз.
Үшіншіден бейбітшілік, сұлулық, адалдықтың ару құсы, құстың төресі, аққу қазды киелі құс санап ару қыздарымыз бен асыл аналарымызды аққу қазға балап «қазақ» атанып жүрген «Құс» еліміз. Қалай түрлендіріп, қай жағынан алып қарасақ та біздің жер түгілі аспаннан «құс жолы» - деп жұлдыздар шоғырынан түнделете жол салған «Ұс - Құс» елі яғни аспан символы болған құсты ұлттық тотеміміз – киетегіміз етіп күн мен қыранды туымызға қондырған еркіндік сүйгіш дала перзентіміз.
Атақты ғалым, көне төркі тілінің маманы Алтай Аманжоловтың «Ұс», «Ас», «Аз» - қиялғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт, ол-көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) – дегені шығар күндей шындық екенін мойындауымыз керек. Осылайша біз Алаш, Қазақ, Ұлұс (Ұлы Ұс), үш жүз (үш Ұс) атауларының шын мәнінде бір-бірінің дыбыстық баламалары екеніне көз жеткіземіз.
Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
Ұлан байтақ шетсіз-шексіз жерім бар.
Алаш бабам Ұлұ Ұс, үш Ұс атаған,
Тәңірі құсы, қыран текті елім бар.
Ұс еліміз,Ұлұ Ұспыз көк төрінен жаралған
Сол себептен тегімізге Төркі аты таңылған.
Көк Төркілер,көшпелілер жер жаһанды ен жайлап,
Күллі әлемге Тұран,Иш Ғұз,Сақ,Қазақ боп танылған.