Алашорда әскері туралы не білеміз?
2014 ж. 06 мамыр
7948
1
Біздің білмейтініміз көп. Шындығында, азат ел болу, тәуелсіз жұрт болудың басты шарты – ел қорғаны – әскері. Әскерсіз ел, қорғансыз мемлекет болмайтыны ақиқат. Ендеше өткен ғасырдың басындағы Алашорда қайраткерлерінің ұлттық тәуелсіздікке ұмтылыста халық сарбаздарын құру ісі қалай өрбіді? Там-тұмдаған ақпараттарға үңіле отырып, бүгінгі Отан қорғаушылар күні мерекесінде Алаш құрған ұлт әскері мәселесіне көз жүгірткен едік.
Алмағайып заманда азаттыққа бел буған Алаш үкіметінің тәуелсіз мемлекет болуы ең алдымен екі мәселеге терең байлаулы екенін сол тұстағы ұлт көсемдері жете ұғынған. Оның бірі – әскер, екіншісі – қазына. «Қазақ» газетіндегі «Қайтсек жұрт боламыз?» атты мақаласында Мір-жақып Дулатов тәуелсіз жұрт болудың жолына тоқтала келе, «автономияға тырысалық, дербес үкіметіміз, өз әскеріміз болса бізбен әркім де есептеспек» деп түйіндейді. Сосын Міржақып Дулатов тоқетерін де тарқатады: «Жауап біреу-ақ әскеріміз болса ғана жұрт боламыз!» Жалпы, Алаш тарихына үңілсек, ұлттық әскерді ең алдымен халық милициясы ретінде құруға талпыныс болғаны байқалады. Мәселен, 1917 жылғы І-жалпы қазақ съезінде «...анархия болу қаупі бар, сол себепті осы күнгі әскер орнына халық милициясы құрылсын» делінген болса, ІІ-жалпы қазақ съезінде елге қорған болатын «халық әскерін жасау керектігі қайта жаңғырып, милиция құрудың мақсаты анықталды, қазақ милициясын құру жоспары жасалып, бекітілген».
Алаш әскері жайында тарихшы Күлпаш Ілиясова Алаш немесе Алашорда әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «Алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әртүрлі атаулармен аталғанын алға тартады. Оның айтуына қарағанда, бастапқы қолданыстағы «милиция» сөзінің астарында елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын әскер ұғымы жатты. «ІІ-жалпы қазақ съезінде халық әскерінің әр облыс, уезд орталықтарындағы саны, оларға соғыс өнерін үйрету, қажетті қару-жарақ, қаржы, көлік және тағы басқа заттармен қамтамасыз ету тәртібі анықталып, «26500 адам тіркелген халықтық милиция құру қажет» деген қаулы қабылданады. Бұл идеяны Жақып Ақбаев ұсынған болатын. Съезд қаулыларында нақты көрсетілгендей, Алаш әскерін құру үшін алдымен милицияға алынатын адам шығынын анықтау, оларды қару-жарақ, ат-көлікпен қамтамасыз ету, әскери мамандар (офицерлер мен инструкторлар) даярлау жұмысын айқындап, оған қажетті қаражатты алты облыстың қазақтары есебінен жинайтын болды», – деп жазады Күлпаш Ілиясова.
Ал Уикипедия мәліметтеріне үңілсек, Әлихан Бөкейхан 1919 жылғы ақпанның 11-інде Колчак үкіметінің ресми делегациясымен жүргізген келіссөздерінде келтірілген мәліметтерге қарағанда, сол кезде азамат соғысы майдандарында Қызыл армияға қарсы күреске қатысқан Алашорда қарулы күштерінің саны 3000-нан асқан. Аталмыш келіссөздер барысында Сібір үкіметі өкілінің «Милицияны қалай түсінуге болады?» деген сауалына Алашорда делегациясының басшысы Әлихан Бөкейхан: «Милиция — бұл біздің әскеріміз. Ол қазір іс жүзінде бар: 700 жігітіміз Жетісу майданында, 540 адам Троицк түбінде, 2000 адам Орал облысында соғыс әрекеттеріне қатынасуда», — деп жауап берген көрінеді.
Тарихшылар сілтеме жасайтын мұрағат деректеріне қарағанда, Алашорда әскерінің құрылуы мен оның қызметі 1918 жылдың басынан бастап 1919 жылдың аяғына дейінгі аралықты толық қамтыған. Ал тарихшы Сейітқали Дүйсеновтің айтуынша, Алаш әскерінің атқаратын басты міндеті: ақтар мен қызылдардың арасындағы соғысқа бару емес, елінің тыныштығын сақтау, сырттан келген жауға қарсы тұрып, еліне қорған болу делінген. Әуелде осындай қағидатқа сүйенген Алаш қайраткерлері ұлттық әскердің түрін – атты һәм тұрақты әскер принципімен құрады. Сосын бұған патшалық Ресей әскерінің құрылымы үлгі ретінде алынады. «Әскер құру ісін және оған басшылық жасауды үш адамнан тұратын Алашорданың әскери кеңесі басқарды. Әскери кеңеске большевиктерге қарсы күресу үшін әскерге жігіттер шақыру міндеті жүктелді. Қазақ жігіттерінен офицерлер дайындау үшін Орынбор қаласын-дағы юнкерлер училищесінің мүмкіндігі пайдаланылды. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу облыстарында милиционерлер саны – 13,5 мың, яғни Бөкейде – 1000, Оралда – 2000, Торғайда – 3000, Ақмолада – 4000, Семейде – 1500 және Жетісуда 2000 адам болсын деп белгіленді», – деп жазады тарихшы Сейітқали Дүйсенов. Ал зерттеуші Марат Әбсәметов Алаш әскерінің өзіндік формасы болғанын да алға тартады. Оның жазуына қарағанда, форма «жағасына жүні өсіңкі емес тері жүргізіп, пішінін мұсылман шәкірттерінің камзолына ұқсатып тіккен». «Бірақ бұл форма барлық Алаш әскерлерінде болмаған сияқты. Мысалы, Батыс Алашорда әскерлері бешпент, түйе шекпен, қызыл бөрік, қысқа тон киген. Ұлттық әскердің тұңғыш негізін салушы Алаш әскерінің туы ақ түсті, орта-сында киіз үйдің суреті және «Жасасын, Отанның адал Ұлдары!» деген жазу болған», – деп жазады Сейітқали Дүйсенов. Оның деректеріне қарағанда, Семейде 1918 жылдың қаңтар және мамыр айларында бірінші Алаш атты әскер полкі жасақталады. Оны ұйымдастыру мен жабдықтауда Ә.Бөкейханов, капитан Хамит Тоқтамышев, Семей уездік земствосының төрағасы А.Қозыбағарұлы, М.Тынышпаев, Р.Мәрсеков көп еңбек сіңірген. Семей өңірінің қалталы азаматтары да көмек қолын ұсыныпты.
Лаура Қадырова, Шығыс Қазақстан облысы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының қызметкері:
– Алашорда үкіметінің басты міндеттерінің бірі – ұлттық әскери (милиция жасағын) құруды іске асыру еді. «Заречная слободка» деп аталып жүрген Семей қаласының бір бөлігі 1917 жылдың желтоқсан айынан бастап Алаш қаласы аталды да, сол Алаш қаласы маңында I-ші Алаш атты әскер полкі құрыла бастайды. Ең алғаш топқа қазақ жастары тартылады, оның ішінде қалада оқып жүрген семинария сту-денттері, отбасын құрмаған, яғни үйленбеген, түрлі орындарда жұмыс істеп жүрген жастар болды. Мұрағатта бізге жеткен құжатта I Алаш атты әскер полкі қатарына 18 болыстан шақырылған 430-дан астам жауынгер жастың аты-жөні жазылған тізімі сақталған. Тізім ішінде М.Әуезов, Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, А.Қозыбағаров, М.Тұрғанбаев, Ы.Мұстамбаев, Абайдың баласы Тұрағұл Ибрагимов те бар.
"Алаш айнасы", Қанат Қазы