Үш мәрте Батыр Иван Кожедубтың механигі қазақтың ержүрек қызы Мәдина Ысқақова
2014 ж. 24 сәуір
12045
2
Ерлерді ұлықтау – парыз!
МАЙДАНДААҒЫ ЕРЛІГІМЕН ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ АТАҒЫНА ЛАЙЫҚ
Қара түнек бұлт торлаған аспанда көк тұйғындай бірде төмен құлдилап, енді бірде әуеге шарықтап ұшқан «Лавочкин» ұшағы басқыншы жаудың мазасын алумен болды. Жер үстінде шоғырланған жаудың қалың тобыр әскерінің де көзді ашып-жұмғанша күл-талқаны шықты. Кеңестік ұшқыштың жерге тастаған ауыр бомбалары жаудың әскери техникасын жойып жіберді. Бір сәт жер де тітіркеніп жүре берді. Маңдайындағы терін сүртіп, кезекті операциясынан қайтуға бет алған Иван Кожедубтың соңына жаудың бірнеше «Мессершмидттері» түсті. Екі ұшағы атып түсірілісімен-ақ жаудың соңғы ұшағы қашып құтылды. Осы бойда аэродромға қонған батыр ұшқышты қарсы алуға лап қойғандардың қатарында қазақтың қаракөз қызы, сайыпқыран ұшқыштың механигі Мәдина Ысқақова да бар еді...* * *
...Атақты ұшқыш Иван Кожедубтың атын асқақтатып, есімін әйгілеген және оның ұшағын ұрысқа дайындаған сол қазақ қызы кім еді? Оның өзіміздің көкшелік батыр қыз екенін біз білеміз бе? Осы күнге дейін әйгілі ұшқыштың үш мәрте Кеңес Одағы Батыры атағын алса да, оның ерлігіне үлес қосқан қазақ қызының есімі неге ескерусіз қалды екен?! Соғыс дүрмегінің басталғанына алпыстан астам жыл өтсе де, өзінің батыр қызының ерлігін лайықты бағалау елдіктің белгісі болса керек. Ел үшін қыршын жасында майданға өзі сұранып барған Мәдинаның ержүректігі мен қайсарлығы қалай да әділ бағаланып, оның есімі де елдік пен ерліктің өшпес өнегесі ретінде әспеттелуі керек. Сұрапыл соғыстың оты тұтанғанда Мәдина 17 жастағы бойжеткен қыз еді. Майданға алғашқы лекте кеткен әке-ағаларын сағынғанда жанары жасқа толып, қаныпезер жаумен айқасамын деген қайсарлық оны әскери комиссариатқа жетелеп әкелген-ді. –Мені майданға жіберіңіз! – деді Мәдина әскери комиссарға. – Әке-ағаларымнан менің жаным артық емес шығар. Қанқұйлы жаудан бейбіт жатқан елімді қорғағым келеді!.. Талдырмаш қана жасөрім қыздың жанарынан от ұшқындап тұрғандай көрінді комиссарға. Бір жағынан ер азаматтардың өзі соғыс десе жүрегі дауалап бара алмай қиналысқа түскен шақта қаршадай қыздың соғысқа өзі сұранып келгенін көріп таңданды да. Мәдина Ысқақова сол кезде 9-сыныпта оқитын. Бірақ 17 жасар бойжеткенді майданға алмайтынын біліп, ол өзінің жасына тағы 4-5 жылды қосақтап айтты. Әскери комиссар қанша басу айтып, меселін қайтарса да, Мәдина алған бетінен қайтпай, қайсарлық танытты. «Бейбіт еліме лаң салған қарақшыларға кек оғын, қарғыс оғын атқым келеді менің» деп одан сайын қатуланған Мәдинаның түр-әлпетін көрген әскери комиссар жас қыздың ығына жығылудан басқа амалы қалмаған еді. Сөйтіп 1942 жылдың мамыр айында ол майданға аттанып кетті. Артында жары мен үш бірдей ер баласы және қаршадай қызы – Мәдинасын соғысқа аттандырып зар жылаған анасы қалды. Енді соңғы үміті – қызынан да айырылып қаламын ба, деп қапаланған ананың жүрек наласы да, қапалы сөзі де, жанарынан тамған жас та Мәдинаны тоқтата алмады. Алғашында ол Кемеров қаласындағы авиация мектебіне жолдама алды. Бәлкім, қаныпезер жауды аспаннан торуылдап, көк тұйғындай лаң салғысы келді ме екен?! Бір жағынан Мәдинаның үлкен ағасы Әбілқасен Балтық теңізіндегі ұрыстарда аты шыққан бомбалаушы ұшақтың ұшқышы еді. Аға жолын жалғастыруды мақсат та еткен шығар. Осы бойда ол әскери мектеп басшыларына өзінің ұшқыш болғысы келетінін айтып, жанталасқа түсірді. Жаумен тасада тұрып емес, бетпе-бет келіп, шайқасуды жөн көрді. Мүмкін, Мәдина ұшқыштық жолға түссе, қыздардан шыққан тұңғыш батыр атанар ма еді?! Әттең... Әйтсе де, ұшқыштық жолдың қиындығын айтып, әрең көндірген мектеп басшылығы Мәдинаға ұшқыш механигі де болып та жаумен күресуге болатынын айтты. Сөйтіп Мәдина аталған әскери мектептің екі жылдық оқу бағдарламасын 6 айдың ішінде аяқтап шықты. Міне, жаудың алғы шебіне де жақындады. Батыс майданында жаудың тегеуірінді шабуылдарына тойтарыс беріп, әуеден ұрыс салған атақты Батыр ұшқыш Иван Кожедубтың эскадрилиясында әскери міндетін атқаруға кірісті. Әскери мектепті үздік бітірген Мәдинаны бірден Иван Кожедуб өзінің механигі етіп бекітті. Кейіннен белгілі болғанындай, осы Иван Кожедуб аспанға 330 рет көтеріліп, жаудың 62 ұшағын құртып, талай бекінісіне атой салып, осы ерлігі үшін үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Демек, батыр ұшқыштың ерлік істеріне Мәдинаның да сүбелі үлес қосқаны анық. Майданға өзі сұранып барып, осылай атағы жер жарған ұшқыштың ұшағын ұрысқа баптаған қазақ қызының есімі асқақтауы керек. «Шынында да мен өзімнің майдан жолым жөнінде жазған кітабымда көптеген майдандас жолдастарым туралы айта алған жоқпын. Бірақ та олардың батырлықтары осы күнге дейін есімде. Сондай-ақ, сол кездегі жас қыздардың жауапкершілікпен істеген ерліктері атап айтарлықтай» деген екен Кеңес Одағының Батыры, авиацияның генерал-полковнигі Иван Кожедуб өзінің бір естелігінде. Сол батыр қыздардың қатарында Мәдина Ысқақова да бар. Соғысты Мәдина Прага қаласында аяқтап, 1945 жылғы Жеңіс парадына да қатысты. Ал, соғыстан кейінгі жылдары туған жер төсіне оралып, Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылында еңбек етті. Батыр жерлесіміз жайлы ақындар да, жазушылар да қалам тербегені анық. Солардың бірі айыртаулық ақын, марқұм Бекболат Махметов өзінің «Қыз бен майдан» поэмасында кеңінен толғайды. Поэмада: Күн де туды қан майданға баратын, Ұшақ мініп, жаудан кегін алатын. Тез арада ойран салса армансыз, Емдейтіндей жүрегінің жарасын. Истребитель бүркемеде сап түзеп, Айналаға қойылыпты сақ күзет. Біреулері ұшып жатыр аспанға, Жөндеушілер қалды оларға бақ тілеп. Әр ұшқышпен қыздар тегіс танысты, Жастар жағы жымыңдаса қалысты. Ал Мәдина көк жүзіне тесіле, Қиындығын міндетінің жаны ұқты. Кожедубқа қойды оны бекітіп, Шын қуанды бұл шешімді есітіп. Қас Батырдың аспандағы ерлігі, Фашистерді қоятын-ды шошытып, –делінеді. Міне, кешегі күндері ел шетіне жау тигенде, асыл азаматтармен бірге, қаршадай Мәдина сияқты қыздарымыз да қолына қару алды. Оның 20-ға толмаған жасында еш қорықпай, жанын шүберекке түйіп, жаумен бетпе-бет шайқасуға аттануының өзі ерлік. Біз бүгін сол Батыр апамыздың есімін лайықты бағалап, өшпес жолын өнеге етуіміз керек-ақ. Анау бір жылдары Батыр қызға қаламыздың елеусіз бір көшесінің атын берді деп естіп едік. Бірақ, әлі күнге дейін ол көше жайлы ешкімнің білмейтіні өкінішті-ақ. Сұрапыл соғыстың қайнаған ошағында Иван Кожедуб сияқты батыр ұшқыштың ұшағын баптаған жанға неліктен Батыр атағын бермеске. Тәуелсіз ел болып, елдігімізді нығайтып жатқан шақта осындай батыр апаларымыздың ерлігін паш етуіміз абзал болар еді. Әйтпесе, сан жылдар бойы қарапайым өмір сүріп, өмірден өткен батыр майдангерге бір сәт тағзым етіп, құрмет көрсету қажет те шығар. Оған Ресейдің биік мәртебесі емес, өзіміздің тәуелсіз еліміздің Халық Қаһарманы атағы берілсе, бұл қазақ қыздарының да қайсарлық пен батырлықтың биік шыңына көтерілгендігін көрсетер еді. Біз бүгін қайсар мінезімен елдің есінде қалған Батыр апамызды мәңгі есте сақтап қалу парызымыз екенін түсінгеніміз дұрыс шығар. Өйткені, кез-келген адам батыр болып тумайды, оны ерліктің асқақ биігіне көтеретін елі дер едік. RS. Бұрнағы жылдары осы жолдардың авторы «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы да арнайы мәселе көтерген еді. Онда Көкшеден шыққан батыр қызға еліміздің жоғары атағын беру ұсынылған болатын. Кейін жергілікті «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа осының негізінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне хат жолдады. Мысалы, Президент Әкімшілігінен келген жауап хатта: «...Арада жетпіс жылға жуық уақыт өткен соң сол кездегі жағдайға дәл баға беру, тиісті наградалардың не үшін берілмегенін анықтау қиын мәселе. Сол себепті, мандангерлердің қиян-кескі шайқастарда көрсеткен ерліктері нақты мұрағаттық құжаттармен дәлелденуінің маңызы зор. ...Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға сәйкес марапаттау жөніндегі ұсынысты Елбасының атына орталық және жергілікті атқарушы органдар беретіні туралы хабардар етеміз» делінсе, ал, Қорғаныс министрлігінен алынған жауапта былай делінеді: «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік наградалар туралы жөніндегі комиссия төрағасының ұсынысына сәйкес Қорғаныс министрлігінің тек өз қызметкерлерін ғана Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға бастама танытуға құқығы бар. Басқа жағдайларда мемлекеттік наградалармен наградтауға ұсынымдарды Мемлекет басшысының атына орталық мемлекеттік және республикалық ұйымдар, шығармашылық одақтар және басқа да қоғамдық ұйымдар енгізеді. Осыған байланысты бастама таныту тобына, қоғамдық ұйымдарға Ұлы Отан соғысына қатысушы М.И.Ысқақованы Халық Қаһарманы атағымен наградтауға және құжаттарды Мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынуға бастама таныту жөнінде өтініш жасау ұсынылады.» Міне, туған жерін шынайы сүйіп, қаршадайынан қолына қару алып, алғы шепке аттанған Мәдина Ысқақова апамыздың ерлігі бүгінгі азаттық алған күнімізде әділ бағалануға тиіс. Халықтың қаһарманы деген жоғары атаққа әбден лайық екенін айта отыра, осындай батыр апаларымыздың есімін ұлықтау бүгінгі ұрпағы үшін сын болары анық дегіміз келеді.Бақыт СМАҒҰЛ,
Ақмола облысы.
www.qazaquni.kz
Сурет авторы - Ғазиза Ұзақ, массагет порталынан алынған