ТӘУЕЛСІЗДІК, БӘРІНЕН СЕН ҚЫМБАТСЫҢ!
2014 ж. 14 сәуір
3107
10
Әлдінің жанында әлсіз жантәсілім болады...
Туған елге қатерлі сәт туса егеулі найзаны қолға алып, жауға қарсы аттанатындай патриоттық сезімі бойында шалқыған, бауырларым! Ең алдымен, Кедендік одақтың кесірлі одақ болғандығын нақтылы өмірде көріп жүргенімізді ашық айтқым келеді. Оның Қазақстан экономикасын дамытуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға түк те септігі тимегендігі айқын.17 миллион тұрғынына, сәнді сырт киімді айтпағанда, іш киім тігіп бере алмай отырған елміз. Соған қарамастан үкіметтегілер Кеден одағына кірсек, 170 миллиондық рынокқа қойып кетеміз, қарық боламыз деген тәтті қиялға берілді. Онысы жайына қалды. Күнделікті тұтынатын азық -түліктің басым көпшілігін сырттан таситын әдеттен арылмай жатып, экспортқа ет шығарамыз, жеміс - жидек жөнелтеміз деп күпінгеннен не таптық. Ресейдің, Беларуссияның ауыл шаруашылық өнімдері өзінің арзан көрінген бағасымен дүкен сөрелерін жаулап алды. Тоқ етері – Кеден одағы қазақстандық өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын өркендетуге жол ашпайды, қайта өрісін тарылтады. Шикізаттық ел деңгейінде қалдырады. «Бәсекелестік туады, соның нәтижесінде кәсіпкерлік дамиды» дегенге иланғандар әлдінің жанындағы әлсіздің қалай жантәсілім болғанын көре бастады. Кедендік одақ бәсекелестікті арттырған да, өндірісті дамытуға жәрдемдескен де жоқ. Біздің халқымыз тым аңғал, бала секілді тәтті берсе алдана салатын. Президент тәтті сөз айтса, соған еліте қояды. Бермеген тәттісін ауызға салып сорғандай тамсанамыз.Сөйтіп үйреншікті ұйқыға басамыз.Біздің түбімізге жетіп жатқан сол ұлттық марғаулық, ұлттық самарқаулық.Ұйқыдан оянғандардың өзі де дел сал.Қоғамдағы жағдайды қайтсін, өзінің қарақан басының қамын күйттеуден әріге аспаса. «Еуразиялық одақ саяси одақ емес, біз тәуелсіздігімізді ешкімге де бермейміз». Мемлекетімізді басқарушылар осылай дейді. Сіздер соған сенесіздер ме? Жоқ, әрине. Мен де оған иланбадым. Ұлттық деңгейден жоғары тұратын құрылымға күні қараған мемлекеттің дербестігі жайына қалып барады. Оны кез - келген қарапайым адамдар да біледі.Экономика мен саясат ежелден бір - бірімен байланысты нәрсе. Әр мемлекет өз халқының қамын ойлауға міндетті. Адамдарын жұмыспен қамтуды көздейді.Әлеуметтік мәселелерін шешуге, қорғанысын күшейтуге ден қояды. Ал оның бәрі қаражатқа тіреледі.Қаражаттың көзі – экономика. Бюджеттің бүйірін толтыру – үлкен саясат.Онсыз мемлекет өмір сүре алмайды.Ортақ банк ашу, ортақ ақша шығару Ресейдің пайдасы үшін ойластырылған. Үш елге ортақ ақшаның атын қазақша «Алтын», тіпті «Нұр Алтын» деп қойса да ол Теңгеге татымайды.Төл теңгесін керексіз етіп тастаған, өзгенің банкісіне телмірген мемлекет қалайша тәуелсіз мемлекет болады! Бұл мүмкін емес. «Ортақ ақша шығарылмайды» деп қойып қалды көкесіне тартқан дөйдің бірі таяуда. «Девальвация болмайдыны» еске алыңыз да, әлгінің дегенін керісінше қабылдаңыз.Оның жасырғаны мерзімі көрінеді. Қырымды озбырлықпен өзіне қаратып алған Ресей Батыс елдерінің экономикалық қысымшылығына қарсы қыр көрсетпек. АҚШ-тың долларын ығыстырып тастаудан кет әрі емес. 2025 жылы Алтын ақшаны іске қосу жоспарының болғандығы, қазіргі шиеленісті жағдай оны тездеткені туралы ақпараттар шыға бастады. Демек, одақтасыңның ойына не келсе, соны қолдауға, артынан еруге мәжбүрсің. Батыстан ол бөлектенсе, еріксізден сен де іргеңді аулақтатасың. Мұны қаласаң да, қаламасаң да солай болады. Өйткені өзіндік ұстанымың одақтасыңа керек емес.Экономикалық мүддеден саясат туады, саясаттың салдары экономикалық байланыстарға әсерін тигізеді. Сөйтіп, саяси тұрғыдан да одақтасуға итермелейді, тәуелсіздіктен, дербестіктен еріксіз айырыласың. Мұндай жағдайда «көршінің басбұзарлығына біздің қатысымыз жоқ, аулақ кетсін» деп ақталуға мүмкіндік қалмайды. Ресей өрге сүйресе де, көрге сүйресе де көнесің. Ондай күйге түспес үшін Еуразиялық экономикалық одаққа кірмеу керек.Оның пайдасынан залалы көп. Ресеймен интеграцияға Беларусия мен Қазақстан неліктен ынтызар? Ресей саясаттанушысы Андрей Суздальцевтің айтуынша: «Оларға ( аталған екі елге – Р.С.) дәл қазір ақша мен ресурстар қажет.Оларға өз мемлекеттерінің және тіпті мемлекеттерінің де емес, режимінің өмір сүруінің қандай да бір проблемаларын дәл қазір шешулері қажет». Ақиқатты дөп басқан екен саясаттанушы. Сол Суздальцев тағы былай дейді: «Ресейдің интеграциядағы мақсаты стратегиялық сипатқа ие.Ресей өзінің меншіктенген интеграциялық топтарынсыз бірінші рангадағы держава, супер держава бола алмайды». Солтүстіктегі көршінің Украинаға жасаған қиянаты оның өз алдына қойған мақсатына жетуі үшін ешнәрседен тайынбайтынын әлемге паш етті.Еуразиялық экономикалық одаққа Қазақстан мен Беларуссияның және Ресейдің неліктен бірігетіндігінің негізгі себептеріне айрықша мән берген абзал. Әлемдік жаһандануда жұтылып кетпес үшін, алып аждаха Қытай қылғытып жібермесі үшін Еуразиялық одаққа кіргеніміз дұрыс дейтін жөнсіз сылтаудың тасасына тығылмайық. «Жақыныңмен алыстан сыйлас» деп атам қазақ бекерге айтпаған. Қазақ билігі түбі бір ауысады. Сонда таңдауды кім жасайды? Өзіміз, яғни республика сайлаушылары ма, әлде Путин-Сутиндер ме? Әрине, соңғысы. Қолайына жағатын кадрды ол өзі өткізеді. Ұлттық, мемлекеттік мүддемізді ойлайтындарды биліктің маңайына жолатпайды. Кремльде отырып -ақ бәрін өзі реттейді. Ал енді бар ғой, жемқор, сатылғыш басқарушы шенеуніктерден құтыламыз, әділеттілік орнайды дейтіндей күн туатындығын ойлап, қуанудың жөні жоқ. Жемқорлық жөніндегі жарыста «орыс одақтасыңыз» біздегілерден қалыспайды.Екі жақтың жемқорлары қосылған соң қаныңызды теспей сорады.Тоналып жатқан қазба байлықтарыңыздан тозаң да қалмайды.Одақтасудың түбі – түбегейлі отарлану! Ресей тықпалаған АЭС салуды былай қойғанда, «қырғи қабақ» соғыс қайта жалғасатын кез келсе, қазақ даласы баяғыдағыдай сойқанды қарулардың сынақ алаңына айналып шыға келуі қиын емес. Ал одан кейін жириновскийлер мен лимоновтар аңсап жүрген, Путиннің «жер түгендеу» саясатын қолдай жөнелген хакасиялық штыгашевтердің сандырағы іске аса бастауы мүмкін. Солтүстік, батыс облыстарды Ресейдің губерниясы жасауға ниеттенсе, кім қой дейді. «Ресейдің мұнысына түсіністікпен қараймыз»-ды қайталайтын шығар «тақ мұрагері». Ал мұндайды қаламайтын АҚШ пен Батысқа «шаруаларың не, одақтасыма не істесемде еркімде» демей ме? Жаман айтпай жақсы жоқ. Ресей билігінің қазіргі таңдағы империялық өктемдігі, Путиннің Халықаралық шарттарға пысқырып та қарамаған астамшылығы осындай қауіптің туатындығына күмән келтірмейді. Қазақстандағы халық қайда , соның бәріне жол беріп, қарап отырмас дейсіз бе? Қауқар танытып, қарсыласатын халық болса қайда жүр, қатердің алдын алмай! Дәл қазір күркірете үн қосып, аттан салмай! Республика азаматтарының күрескерлік рухы жойылған. Ол рух 1986 жылы кеңес солдаттарының етігімен тапталған, 2012 жылы полицейлердің оғына жығылған, соттардың үкімімен жаншылған. Дәл Тәуелсіздік күнінде – желтоқсанның 16 жұлдызында, Алматы мен Жаңаөзенде. Бұл тарихи факт. Өз халқын аямаған жауыздықтан әлі есін жия алмаған қоғамға не мін тағамыз. Күреске шығар, көшін бастар Асылдарын атты, соттады, қудалады, шетке кетірді. Қалғандарының басқан қадамын аңдып, тың тыңдап, аузын аштырмайды. Заң аясында саяси алаңда күресуге әзір жандар баршылық. Бірақ оған мүмкіндік бермейді. Наразылық атаулыдан аллергиясы қозатын билікке не дауа! Көшедегі әйел ана, бала- шағаны сүйреп апарып жабық көлікке тығатын Қасымовқа не шара! Үлкенді- кішілі қуғын - сүргін, үрей азаматтардың күрескерлік рухын жасытқан. Елдің шебін қорғар сарбаздан да ұрда - жық полицейі көп авторитарлық - диктаторлық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Азаматтық құқы қорғалмайтын, сөз бостандығы шектеулі, әділ, таза сайлау өтпейтін, халық пікірімен санаспайтын,тұрғындар талабын құлағына қыстырмайтын Қазақстан бұл. Оны Қырғыз елімен, Грузиямен,Украинамен салыстырмаңыз.Ондағы халық ерікті. Біздегідей тәуелді, тәуменді емес.Сондықтан да Тәуелсіздігін тәрк еткізген жоқ.Соларға қарап қызығып отыра береміз бе? Билік жарапазаншыларының ол елдерді тыныштығы қашқан сұрқылтай етіп көрсетуіне сеніп, ауызды аңқитқанды қойсақ қайтеді, ағайын.Тәуелсіздіктен айырылу ол бар байлықтан, ұлттық құндылықтан, тілден айырылу екенін өткен өмір көрсетті ғой.Содан сабақ алсақ игі. Не істемек керек? Алдымен әркім өз бойындағы жасқаншақтықтан, әсіре сақтықтан, құлдық санадан арылсын. Азаматтық құқығын табанға таптатқызбасын. «Бала- шаға бар еді, зияны тиіп кетеме» дейтін бишаралықты қоялық. Дәл қазіргіден артық ұрпаққа келер зиян болмас – қазба байлығымыз тоналып, жеріміз тозып, одан қалды Қытайға жалға берілмек,сыртқы қарыз орасан зорайып, әлі дүниеге келмеген ұрпағымыздың мойнына ілініп жатыр! Тәуелсіздікті сақтау үшін елімізге саяси реформа керек ! Парламенттік – президентік жүйе, әділ де таза сайлау қажет. Сөз бостандығына қойылған тосқауылдар алынып тасталсын, қудалаудан жабылған ақпарат құралдары қалпына келтірілсін. Саяси тұтқындар, өз құқығын қорғап, ереуіл жасап сотталғандар бостандыққа шығарылсын.Шетелдегі қандастарымызды Отанына оралтуға кедергі келтіретін заңдағы қиғаштықтар түзетілсін,оларды орналастыру үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдансын.Міне, мұның бәрі де Тәуелсіздік үшін ауадай қажетті талаптар. Біз үшін ел Тәуелсіздігі бәрінен қымбат!Рысбек Сәрсенбайұлы