ӨЗБЕКТІҢ ОЗЫҚ ҰЛТ ЕКЕНІНЕ ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ КЕЛГЕНДЕ КӨЗІМ ЖЕТТІ...
2014 ж. 03 сәуір
15028
29
- Осы мақаланы жазуыма "Түркістан" газетіндегі 6 наурыз күні «Кремльдің көксегені не?» деген дөңгелек үстелде көрнекті қазақ жазушы-драматургы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің айтқан сөздері түркі болды. Мен ес білгелі біздің ауылдың ақсақалдары «Біздің өзбектен үйренеріміз көп» деп қайта-қайта айтып отыратын. Мен намыстанып "неге?" деген сұрақты көп қоятынмын. Есейе келе кәріқұлақ ақсақалдардың айтқандарының жаны бар сөз екенін түсіне бастадық.
Дулат аға: "Ресейдің «Домодедово» әуежайындағы өзбектің шәйханасы былай тұрсын, Латын Америкасындағы Колумбия еліне барғанымда да өзбектің шәйханасында өзбектің әні шырқалып тұрды. Ал, біздің Алматының өзінде қазақтың бірде-бір шәйханасы жоқ. Өзбектер әлемнің қай түкпірінде жүрмесін, ешқандай ассимилияцияға ұшырамайды, өз ана тілін ұмытпайды, ата-бабасының салт-дәстүрін сақтайды, жермен жұмыс істей алады, еш уақытта бірден байып кетсем деп ойламайды, бір тиынды қанағат қылып, қыруар қаржы жасайды. Қазақтар керісінше, жермен жұмыс істей алмайды, үлкенді сыйламайды, жастарымыз әдепсіз, жұмысқа тұрса, бірден байып кеткісі келеді. Қазақ жұмысқа алынса, сұрануы мен сылтауы бітпейді, олар жұмыс дегенді тек бастық болу деп есептейді, ақша тапса елде жоқ көлік мініп алады, ысырапшыл, қазақ бүгін ішіп-жеп тойса, ертеңгісін ойламайды", т.б. деп бүгінгі күннің шындығын жайып салыпты.
Сан ғасырлар бойы қазақ пен өзбек қойы қоралас, ауылы аралас қыз беріп, қыз алысып келгені күмәнсіз. Содан келіп «Өзбек—өз ағам» деген сөз шыққан. 1450 жылдары Әз Жәнібек пен Керей ханның «өзбек ұлысының» ханы Әбілхайыр хан билеген Шайбанилер мемлекетінде қыпшақ, найман, керей, қоңырат, сіргелі, тама, жалайыр т.б. болды. Ол кезде Самарқанды жалайырлар мен дулаттар ұлысы дүркіретіп тұрған ( Есіркеп Өмірбеков «Шежірелі өлке», 180-бет ). 1763 жылдан Қоңырат тайпасынан шыққан Мұхаммед Әмин негізін қалаған тайпалық одақ 1920 жылға дейін Хорезмнің тізгінін ешкімге бермей келді. Қоңырат династиясының соңғы ханы Сайд Абдулла 1920 жылы биліктен аластатылған соң барып, Хорезм халық республикасы құрылды. Соның негізінде бүгінгі Өзбекстан республикасы пайда болды.
1866 жылы Қоқан хандығы Ресейдің құрамына өтіп, Түркістан генерал-губернаторына бағынды, орталығы Ташкент болды. 1917 жылы Мұстафа Шоқай Самарқандтан қашып, Қоқан автономиясын құрады, оны 1918 жылы Фрунзе басқарған Қызыл әскерлер аяусыз тас-талқанын шығарады. Сол жылы Түркістан АССР-не айналып, оның құрамына Бұқара мен Хорезм республикалары енгізілді. Тәжікстан 1924 жылдан 1929 жылға дейін автономиялық республика ретінде Өзбек ССР-нің құрамында болды.
Орта ғасырдағы көшпенді өзбектер мен қазіргі өзбектер—екі басқа этнос сияқты. Шын мәнінде, бүгінгі өзбек халқының басым бөлігін өзбектенген бұқарлық және самарқандық соғдылар (тәжіктер) құрайды. Иран тектес тәжіктің тілі парсы, пұштын тілімен бірдей. Кезінде дін таратуға келген арабтарға мұрнын шүйірген парсы мәдениеті өзбек халқын да иіріміне үйіріп әкеткен. Жалпы, Бұқара, Самарқанд және Термез шаһарларын мекендеген тәжіктер әуел бастан өзбектерге қарағанда ақылды, өнерлі болып келеді. Этникалық тамырын сезіне бастаған өзбектенген тәжіктер төлқұжаттарына қайтадан жаппай «тәжік» деп жаздырып алып жатыр деп естідім. Кеңес одағында иран тектес тәжіктердің көптігінен сескенген билік «өзбек пен тәжік туыс халық» деген тезис қолдан ұйымдастырылды. Әйтпесе, ел ішінде дау-жанжал ушығып кетуі әбден мүмкін еді.
1999 жылы Ташкендегі шекарашылар білім ордасын бітіріп, Сұрхандария облысындағы Термез шаһарына қызметке бардым. Сонда Термезден 100 шақырым жерде Жиделі Байсынды мекендеген қалың өзбек болып кеткен қазақ бауырларымды көріп таң қалдым. Түрлеріне дейін өзгерген, тілдері екі бастан, өздерін қоңыратпыз-жалайырмыз дейді. «Алпамыс жырын—Алпомыш біздікі» деп күйдіргені әлі есімде.
Қай ғасырды алсаң да, Ташкентте өзбектен қазақ көп болған. 1931-32 жылғы ашаршылықта бір үзім нанға зар болған дала қазағы ала дорбасын арқалап, нан қала Тәшкенге қарай ағылғаны айтпаса да мәлім. «Балапан басына, тұрымтай тұсында» болып жатқанды тиімді пайдаланған өзағаңдар өздерінің санын жасанды түрде көбейту үшін Ахунбабаев, Шарапов, Рашидовтың тұсында Өзбекстанды мекендеген қазақтарды мәжбүрлеп төлқұжатына «өзбек» етіп жаздырған.
Не керек, қазаққа қарағанда арыдан ойлайтын ала тақиялы сарттар Ташкентке ие болу үшін аңқау қазақты қулықпен алдап соқты. Өз ұлтын тандыр нанға «айырбастаған» парықсыз қазекеңдердің есебінен Тасқаланың тағдырын қасқа бас В.И. Ленин қызыл қаламсаппен бір-ақ тартып, мәңгілікке шешіп берді. Бүкілодақтық староста болған шоқша сақал М. Калинин 1925 жылы Регистан алаңында сөз сөйлеп, Самарқанды өзбек астанасы етіп қайтты. 1930 жылы астана Самарқандтан Ташкентке ауыстырылды.
Қонаевтың тұсында Алматыда жалғыз қазақша білім беретін мектеп болғанын, сол кезде Ташкентте отызға жуық таза қазақ мектебі болғанын білесіз бе? Қазіргі таңда, Ташкентте тұратын 65 мың қазақтың еншісіне қаланың шет ауданы Сіргеліде бір қабатты жалғыз мектеп қана қалыпты. 3 миллионнан астам Өзбекстанның қазағы өзбек болып жазылып кеткенін, Ташкентте ҰҚК-де істеп жүріп, құпия мұрағаттарды ақтарғанымда көзім жетті. Әрбір өзбек «Мен өзбекпін—өзіме бекпін» деп өзін-өзі өмір бақи қамшылап өтеді. Өзбектің әйелдері жайылып—жастық, иіліп—төсек болады. Күйеуінің атын өлсе де атамайды, екі сөзінің бірі—"қожайын сіздікі дұрыс" деп, ( оныкі дұрыс болмаса да) бір қолына сүлгісін, екінші қолына құманын алып сызылып тұрғанын көріп қалай сүйсінбейсің?
Өзбектің балалары бесіктен белі шықпай жатып, әке-шешесіне қамқор болып, көмектесіп тырмысып жатқанын талай көрдім. Үйінің алдынан өтіп бара жатсаң, қаршадай баласына дейін, танымаса да, «Ассалаумағалайкум» деп бір қолын жүрегіне қойып, екінші қолын беріп амандасып жатады. Ал, біздің кейбір балаларымыз таныса да, сәлем бермейді, кейбір келіншектеріміз күйеуін сыйлау дегеннің не екенін үш ұйықтаса түсінде көрмеген. Қит етсе, ажырасып жатқандар қаншама?!. Сондайларды бір жылға Өзбекстанға жіберіп алсаң, шіркін-ай.
Дүниенің түкпір-түкпіріне барып, жұмыс істеп, еңбек етіп, тапқанын бала-шағасына жіберіп отырған өзбектерге қалайша бәрекелді демейсің!.. Біз болсақ, кейде дүкеннен нан алып келуге ерінеміз. Әкем Кеңес марқұм: «Біздің ұрпақтың алдында үлгі-өнеге көрсететін иманжүзді, шежіре қарттар болды. Біз өз кезегімізде сол алған ұлттық тәлімді өзімізден кейінгі өкшебасарларымызға жарытып жеткізе алмадық. Бұған басқаны кінәлай берудің реті жоқ. Барды жоғалтуға келгенде алдымызға жан салмайтын пысықпыз. Қашқанға да, қуғанға да қорған бола кететін, соны мақтан ететін дарақылығымыз тағы бар. Батысқа немесе орысқа есіміз кеткенше еліктейміз. Өзін-өзі сыйлауды мына көрші тұрған өзбектен неге үйренбейміз?!» деп айтып отыратын.
Сол сөздің дұрыстығына Қазақ еліне келгенде көзім анық жетті...
Жұмамұрат Шәмші