ҚАЗАҚТЫҒЫНАН ЖЕРІП, КАЗАК АТАНҒАНДАР КІМДЕР?
2014 ж. 02 сәуір
7801
18

Казак ... «Козак», «казак» – татар сөзі. Мағынасы: "азат кешелер", "азат әскери кешелер". Бұл славян және одан кейін орыс тілдеріне борыштан (салықтан) азат, ерікті, ержүрек және атты жауынгер деген ұғымдарды білдіретін сөз ретінде енген. Осыдан-ақ кім екендерін білген боларсыз?!
Казактар – поляк, неміс, осман түріктерінің түртпектеуінен қашып, Еділ, Дон өзендерін паналаған славяндардың жырындысы. XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап кейіннен Жайық казактары деп аталып кеткен ерікті казак қауымдастығы құрыла бастады. XVI ғасырдың 80-жылдарында Дон казактарының бір бөлігі Мәскеу мемлекетінің әскерінен жеңіліп, атаман Ермакпен бірге Сібірге кетті. Бұл жерде олар Сібірді басып алуға қатысты. Екінші бөлігі Волга бойымен Каспий теңізіне түседі. Жайық бойымен жүзе отырып, Үлкен Ноғай Ордасының астанасы - Сарайшық қаласына келеді. Сарайшықты талқандап, теңіз арқылы қайтадан Донға кетеді. 1808 жылғы Ережеге сәйкес, Сібір линиялық әскері казактарды қызметке өз қару жабдықтарымен, киім-кешегімен және жылқыларымен алуға тиіс болды. Сібір казак әскерлерін құрған кезде патша үкіметі бірінші кезекте казактардың полицейлік рөл атқаруы керектігін ескерді. Ал енді Сібір казак әскерлері «барлық бүлікшілерді тыныштандырушы және жуасытушы» ретінде өздерінің міндеттерін қатыгездікпен орындады. Шындап келгенде, қарақшыларлардың әрі не бергі жағы.Қазақтық ҚАҒЫНАН ЖЕРІП, казак атанғандар кімдер?
Қош, әңгіменің өзегіне оралсақ. Әуелде «ешкімге соқтықпай жай жатқан еліміздің» кейпіне енді. Енбеске шаралары да қалмаған-ды. Кейін маңайындағыларды өздеріне тартты. Басқасы басқа, оларға біздің де Отандастарымыз қосылды. Қазақ атауынан бас тартып, өз қағынан жеріген кімдер дейсіз ғой? Таныс болыңыдар, Талғат Шәріпбаев, Алмабек Сайдақбеков және Ерлан Қошқарбаев.





КАЗАК–ҚазаҚҚА туыс па?!
Казактар Қазақ жеріне қашан келді? Қазіргі «Жетісу және дала казактары» деп жүргендер кімдер?! Шаң-шаң архивті қопармай-ақ, шежіреден яки болмаса қазақ ауыз әдебиетінен алып қарайын десең кей кісілер «эмоцияға толы» деп кісімсінуі де мүмкін. Қош, олай болса Ресей мұрағатын қопарайық. Казак жазушысы Усов былай дейді: «Сібір казак әскерлері Жайық және Дон казактары сияқты өз бетінше өніп шыққан жеміс болған жоқ. Оны қолдан жасап шығарған үкімет еді. Халықтың еркінен тыс, түрлі әкімшілік реформаларды жүзеге асыру арқылы, жер ауып келген немесе қылмыскер әйелдерге үйлендіре отырып, казактардың қатарын жасанды түрде көбейте алды. Сондай-ақ оларға қоғамдық және өзін-өзі басқару мекемелерін ашып берді. Осының бәрі айналып келгенде, қазақ даласын отарлау үшін жасалған шаралар еді». Казак отаршыл орыстардың қолындағы шоқпары еді. Оған қандай дәлелің бар десеңіз, «Бірінші болып орыстардың Орта Азияны отарлаудағы біздің мемлекетімізге сенімді тірек болатын негізгі күші – казактар екенін көрсетті. Казактарды басқыншы күш ретінде пайдалана отырып, оларға басып алған жерлерін беру, арттарына аландамайтындай жағдай жасау арқылы біз көп жеңіске жете аламыз. Басып алған жерлерін өз меншігіне иеленген казактар, сол жерді кеңейту үшін-ақ, өздері жаңа жерлерді жаулай береді. Соның арқасында Ресей ол жерлерде де өз заңы, үкімін жүргізіп, бұратаналарды босқын етіп, тіпті оларды орысқа сіңіріп жіберіп отыра аламыз» - дейді орыстың Дукнасов деген авторы. "Жеңімпаз ойына келгенді істейді. Ал жеңілген көну керек. Себебі, ол жеңілді". Римнің бір данышпаны осылай деп сөз қалдырыпты. Айтылғандай-ақ екен. Біз жеңілдік. Орыс ойына келген ойранды жасады. Казактың қосындары тым қатігездік танытты. Оған дәлелді Түркістанның генерал-губернаторы болған Кауфманның Ташкент ақсүйектерінің алдында сөйлеген сөзінен табуға болады: «Бастапқы кезде біздің казактар қарақшылардан кем болмай, қазақтарды тонаумен айналысты. Сол казактардың бір тобы Ұлы жүз қазақтарының ауылдарына таңға жақын басып кіріп, бүкіл жылқыларын айдап және 3 мың қазақты өлтіріп кеткен. Осының арқасында олар қомақты пайда тауып отырған». Аз десеңіз тағы қосайын, онда казактардың озбырлығында шек болмаған. Алатау дуан бастығының полиция басқармасына жіберген №55 бұйрығында мына жағдайды көрсетеді: «Жыңғылды пикетінің жанында қыстап отырған Тіленші бидің ауылына түнде 3 орыс келіп, өгізі мен сиырын алмақ болғанда, әйелі сиырдың дауысынан оянып үйінен жүгіріп шығады, сол кезде олар әйелдің басын жарып, өлтіріп кетеді». Енді сіз айтыңызшы, казак қазаққа туыс па?СОҢҒЫ ТҮЙІН
Тағы қайталаймын, Казактар – поляк, неміс, осман түріктерінің түртпектеуінен қашып, Еділ, Дон өзендерін паналаған славяндардың жырындысы. Казактар 1990 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне Қазақстанның біраз аймағын Ресейге қосу жөнінде үндеухат тапсырған. Оны былай деп дәлелдейді: 1920 жылы РСФСР Совнаркомының шешімі бойынша Қазақ Республикасын құрғанда оның құрамына казактар тұратын «исконно русские территории» кіріп кеткен. «Сейчас это области – Уральская, Гурьевская, Кокчетавская, Павлодарская, Семипалатинская и некоторые другие» екен («Труд», 15.09.1990). Көрдіңіз бе, мәселенің төркінін?! Біреуді тәлкі ету немесе әшкерелеп жиіркенішті көрсету емес. Мақсатым, өзім қатарлы қазақ жастарының көзін ашып, көкірегін ояту. Санымыз небәрі 17 миллионның айналасы. Ал біздегі ұлттар мен ұлыстардың есептеңіз, 200-ден асып шығылады. Есептеп болсаңыз, әрқайсысы осылай 5-10-нан бөліп алғанда бізге несі қалады?! Қош, тарих пәнінен сабақ берген ұстазым Нұрбеков Жомарт: «Мына сендер, тарихты терең білулерің керек. Сонда ғана Отанды шын сүйіп, кімнің дос, кімнің жау екендерін шын мәнінде ұғынасыңдар. Достарың алыста, ал жауларың аттарыңды жамылып қастарыңда жүруі мүмкін» дейтін. Көп қоштай бермеуші едім. «Өткен күн өтті, өткенді қозғап не керегі бар еді?!» - дейтінмін. Сөйтсем, тарихыңды танымай өтсең, өкінер дүниең тым көп болады екен. Әйтпесе, атажаудың атауын алғаның қай сасқаның?! Көзім жетті. Бізге тарихты жай оқу жеткіліксіз, тереңдете оқуымыз керек. Айтпақшы осы тарих демекші соңғы кездері «Қазақ тарихын 1991-ден бастау керек» деген көпірме сөздер көбейіп кетті. Айтарым, тарих – тариф емес, оп-оңай ауыстыра салатын. Онсыз да мыңдаған құжаттар басқа елдердің мұражайында жатқаны аздай, миллиондағаны ашылмай баз қалпында жатыр. Тайға таңбаны не үшін басады, білесіз бе?! Жоғалмасын, адаспасын, - деп. Демек, тай – біз, таңбамыз – тарих. Бір ғана ой, бір ғана мақсат, бір ғана тілек: таңбамызбен қоса тентіреп кетпесек болғаны.Нұрбол БАЛҒАБЕКҰЛЫ
Арқалық қаласы