Атағы мен сақалы жиі сөз болатын Бекболат Тілеуханмен сұхбат
2014 ж. 13 наурыз
3739
5
«Намыс» атты журнал шығарған, оралмандарды қолдап, «шымкенттік, астаналық боп бөлінбейік» деп бірлікті айтқан азамат. Қысқасы, қазаққа бір кісідей еңбегі сіңген. Бірақ «Бірінші тілек тілеңіз – бір Аллаға жазбасқа» дейтін бұқарлық ұстанымы үшін әркез мүйіздің ұшында. Жұрт сыртынан айтатын сөздердіБекболат мырзаның өзіне сұрақпен айттық. Оқып көріңіз. Бәлкім, сіздің де сауалыңыздың жауабы бар шығар.
- Бекболат мырза, осы сіз не істесеңіз де сынаушы табылып тұр. Басқаның бәрін қойып, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті қызметіне тағайындалғаныңызда да «Бекболат осы қауымдастықты басқармаса да, ұлттық спортты сүйеміз» деген сыңайдағы пікірлер айтылып қалды. Әлгіндей сөздерге қарап, қазақ баласы «бірін бірі дос тұтпайтын» жағдайға төмендегендей ойда қаласың. Дөңгелектеп айтқыңызшы, бұл індет бізге қайдан жұқты?
- Ерлан-ау, не сұрайсың біз байғұстан... Үш ғасырға жуық отарлық кешкен халыққа не жұқпады дейсің. Басқыншы жұртттың девизін білесің. «Бөл де биле!». Бай мен кедей, ру мен ру, тау мен ойпаң, сыр мен қуаң, күнгей-теріскей деп бөліп, бір-біріне айдап салған отарлықтың қамытына жүздеген жылдар омалған елде отарлық сана дейтін құлдық психология қалыптасатыны түсінікті емес пе?!
Жалпы, көптің назарына шыққан соң, көптің түртпегіне түсіністікпен қарауға тырысу - қажеттілік екен. Өнерпаздықтан сіңген бе, әлде атақ-даңққа ертерек қол жеткізгеннен қалыптасқан еркелігімізден бе, еті қызған бәйгенің аты секілді тізгін бермей шауып ала жөнелістік, эмоция жетегінде кететін мінезден тапқан «пайдамыз» ғой бұл, Ерланжан.
Өзімсініп сөйлегенімді өктемсінгендей, батырып айтқанымызды басынан ұрғандай көретінін ескермеген жаңсақтығымыздың жазасы болар, бәлкім. Олардың да жақтастары, мұраттастары бар. Көпке жақпақ жоқ. Жалпыға жақпақтықты мұрат тұту - жалпақтатып, жалтақ қылып тынады. Мақсат - айқын, арқа сүйер Алашың аман болса, «ұрыста тұрыс жоқ». Шәуілдеген әр қанденге таяқ алып жүгірген жан жолынан қалады, сапары адыра деген.
Ал «ұлттық спортты сүйеміз» десе болды, маған да керегі сол. Сүйсе, яғни, көгеріп-көктеуіне мүдделі болады. Шалмайды. Кей тұста кедергі жасамағанының өзі-ақ көмектей ғой. Сүймесе, шүйліксе қайтер ем? Менде тұрған не бар? Қазақтың қызметіндегі адамбыз. «Түйесін жаман көрсе де, жабулап ботасын алатын» олар да қазақтың балалары. Алсын, қызығымды көрсін. Мкртчян айтпақшы, «ему хорошо, мне прятно». Солай емес пе?
- «Сөзге шебер Бекболат іске жоқ» деген пікірді күйреткендей, сіздің мұрындық болуыңызбен көкпардан Азия чемпионаты, бүркітшілердің әлемдік фестивалі өтті. Айтыстың экранға қайта оралуына да дәнекер болды деп жатыр. Сонда да қаңқу сөз төңірегіңізден арылар емес. «Спортқа не қатысы бар, айтыста ақысы қанша» дегендей...
- Ерлан, шынын айтсам, маған бәрібір. Бір үркердей топ мақтады, не даттады екен деп қоңыраяр жай жоқ. Маған қазір кірпіш зауытын тапсырып, елді жабдықта десе де бәрібір, атқара аламын. Істің ығы, шаруаның жүйесі, жайдың жапсары дейтін нәрсе бар. Ол майталман жандарды жаныңа жинаумен бітетін іс. Аллаға шүкір, азаматтар бар. Тіл табыс!
Олар көңіліңнен шықсын десең, әуелі өзің олардың көңілінен шық. Бастағанға өзің ере біл, сосын сен бастасаң, саған да ереді. Болды. Аллаға шүкір, азды-көпті біраз шаруаға жегілдік емес пе? Ал мұңымды шағайын-ақ! Не болады? Мұңайдың екен деп аяғалы тұрған қарсылас жоқ. Ал мұраттасың мұңайғаныңа жігерленбесі анық.
- Ендеше, мынадай сұрақ. Қазір телеарналарда не көп – шоу-бағдарламалар көп. Мәдениет және ақпарат министрлігінде комитет басшысы, вице-министр болдыңыз. Геббельстің «маған бұқаралық ақпарат құралын беріңдер – кез-келген халықты шошқа жасаймын» деген сөзі, әлбетте, есіңізде шығар. Айтыңызшы, біздің құзырлы министрлік те халықты «құр айғай бақырғанға» елітіп жүре беретін тобыр жасағысы келе ме? Әлде мұның басқа сыры бар ма?
- Бұл әлемдік үрдіс. Біз әлемдік қауымдастықтың бір пұшпағы ғанамыз. «Еркін бол, еркін бол» деп сабап жатқан зекігіш супердержавалардың зілді талаптарының бірі - осы. Эфирлердегі елді өсірмес өнбес даулар, негізсіз «шадымандар», шалықтаған шаттық, Мұқағалиға ұнамайтын «бос күлкілер», Абай ұнатпаған «күлкішіл кердеңдер», салиқалы ойға тосқауыл, саналы жанға ұнамсыз сайтан-сапалақтың бәрі - ұлттың сапасын түсіретін жайттар.
Бұл «жынды жаңбырдың» қою бұлтын Батыстан соққан жел айдап әкелген. Сол «жынды жаңбырдың» суын ішпеген жанды «түзу сөзбен қастасқандар» (Абай) қалың тобырға есалаң көрсетуі - оп-оңай. Мысалы, «Айналайындар-ау, төрт жасар қызға төстартпа тарттырып, кәдімгі имансыз байлардың ашына таңдайтын кәнизактар сайысына салғаның сәбиге қиянат қой, қойсаңдаршы» дегеніңді сәбидің қызығын қызғанғандай етіп көрсететін кімдер? Солар.
Ақыр соңында ит қуған тайыншадай өрісіңнен адастырып тынады. Олардың орасан ықпалының қуатын білетін біздің «сұңғылалар» солардың ығына түсіп, ырқына көніп, сені қоса қуысады. «Ұзында өші, қысқада кегі жоқ» олар бізді жек көрмейді де. Жөні жоқ, себебі. Тек таланып жатқан қандасын тістеп қалумен «ықпалдыларға» деген өзінің жәмпейілігін (лояльность) паш еткен құлдық санасының көрінісіне күнде куәміз, Ерлан.
- Қазір 5-6 адам жиналып, дөңгелек үстел өткізіп, ұлт болашағын талқылап жатады ғой. Қарап тұрсаңыз, дұп-дұрыс. Бірақ дәл өздері сияқты басқа бір ұлтшыл, патриоттармен қырықпышақ боп жатады. Сіздіңше, қазаққа шын жаны ашитын, нағыз ұлтшыл қандай болуы керек?
- Нағыз ұлтшыл қазақ, қазақты шынайы болмысымен тұтас сүйеді. Ұлт ұстаздары, ұлттың даналарының сөзін тең ала отырып сүймек керек. Тілімен, ділімен бірге сүюі шарт еді ғой. Қазақты сүйген Бұқарды, Абайды, Дулатты, Махамбетті сүйсе, сөзіне құлақ асса керек-ті. «Патша Құдай сыйындым, тура баста өзіңе» (Абай) дегенге қарсы боп, «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа» деген Бұқарға пысқырмай, сол Бұқар айтқан бесінші тілек - бес намазбен қастасса, қайдағы ұлтшылдық?!
Қазақты Исламнан бөліп қарау - ұлы қиянат. Ислам - біздің иммунитетіміз. Мұсылман қазақтың өзінен мықты, өзінен бай, өзінен күшті отаршы жұртқа сіңіп кетпеуінің бірден-бір себебі - діні еді. «Кәпірге қыз беріп, қыз алуға тиым салған» ата діні қазақты ассимиляциядан аман алып қалды емес пе? Енді тап осыны түсінуге аса терең ақыл қажет емес. Соқырға таяқ ұстатқандай айқын дүние емес пе!
Қазір де бізге әлемдік жаһандану аждаһасынан пана - иманымыз. Жауыңнан да иманың тосқауыл. Тарих куә! Яғни, жау сенің иманыңды алса ғана саған иелік етпек. Сол иманды ту қылған жандар - дұшпанға кедергі. Ықпалды жау кедергіні жою үшін жанын салып діндарға шүйлігеді. Ал жаудың досы, сен үшін ең жаманы - іштен шыққан жау. Сыртқы дұшпан жәрдеміне ішіңнен табады жауыңды. Ашық шықса, көрініп қалатындықтан, әуелі атағын шығаруға күш салады.
Кембағал санадағы отарлық кешкен ел сырт мақтаса сылқ ете қалатынын біледі де, солай істейді. Сосын... Сосын дәстүріміздің озығын емес, тозығын әспеттетіп, ұлтшыл атандырады. Бұқар мен Абайды емес, айдаладағы жабайыны үлгіге тартады. Мифке әуестікті, қияли тұжырым, қиямпұрыс долбарды ғылым көрсетіп, тоқтаусыз насихаттау арқылы мода қылады. Сол креатив-ұлтшылдарды стереотип-ұлтшылдармен шағыстырып, былайғы жұрт кімге ерерін білмей дал болады. Ақыр соңында бәріне де қолын бір-ақ сілтеп тынады. Ұлттың жауларына керегі де сол.
- Бекболат аға, Алматыдағы «Прайм-Плаза» кешеніндегі оқиғадан кейін әнші Қайрат Нұртастың біраз қағажу көргені рас. Концерттік жобаларға шығуына тыйым салынды, телеарналардан көрінбеді деген сияқты. Өзіңіз бір жағы өнер адамысыз, әрі саяси элитаның да ойлау бағытын білетін саясаткерсіз. Республикалық телеарна эфирінде Қайрат Нұртасқа араша түсуіңіздің себебі неде?
- «Бағың өскенше, тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң, өзің ғана тілейсің» деген Абайдың сөзі еске түседі. Қайраттың ел ішінде танымалдылығы ерекше. Біршама қалыптасып қалған азамат. Сонысына орай, даңқы жайылып, танымалдығы күшейген сайын пендешілікпен қызғана қарайтын адамдар көбейе береді. Жалпы, бұл өзі - заңдылық. Оған ренжіп, мұңаю - әлсіздің ісі. Әрине, қуанатын да ештеңесі жоқ.
«Адамның ең мықты жері қайсы болса, ең әлсіз жері де сол» демекші, «Прайм-Плазадағы» келеңсіз оқиғаның себебі - Қайраттың айрықша танымалдығы. Меніңше, Қайраттың қоғамдағы орнын, оның танымалдығының қуатын кешті ұйымдастырушылардың өлшей алмай қалуы - үлкен кемшілік. Алды-артын пайымдау, сақтық шаралардың ескерілуі - Қайрат секілді жастардың кумиріне басты шаруа болса керек еді. Сол тамыздың 31-інде Алматыда болып жатқан басқа да шаралардың ескерілмеуі - басты қателік деп ойлаймын.
Менің саясат салқынына ұрынған санам осындай оқиғаны кездейсоқтыққа тели салуға жібермейді. Киллер жалдағандай төртінші, бәлкім, бесінші қолдан берілген тапсырма секілді көрінеді де тұрады маған. Қайрат - әнді кәсіп қылған сахнаның адамы ғана. Оған мұндай келеңсіз оқиғаның беш тиынға да қажеті жоқ. Керек десеңіз, зиян екенін біледі.
Яғни, саяси астары бар келеңсіз оқиғаға Қайраттың атын пайдаланған күштердің бары анық деп ойлаймын. Мемлекетіміздің жоғарғы элитасы жиналған сол күнгі басқа жиынның шырқын бұзу үшін, ақшасына билетті әзер табатын Қайраттың жеке концерті деп жариялап, шын мәнінде Қайраттың қатысуымен ғана болған концертті далаға, ақысыз жасауының өзінде көңілге небір күмәндар ұялататын жағдайлар бар. Бар емес-ау, көзге ұрып тұр.
Құдай сақтағанда, ештеңе бүліне қойған жоқ. Зымиян күштер бір оқпен екі қоянды атпақ болды. Біріншісі - бүлік жасау. Екіншісі - қазақы баланың беделін түсіре салу. Баспасөз мәслихатында Қайраттың тек қана қазақ тілінде жауап беріп, орысша сөйлеуден бас тартуы да біраз ықпалды күштердің ызасын тудырғаны анық. Телеарнадан көрінбеуіне, біршама ресми тараптан қағажу көрінуіне себеп болғандар да - ортадағы сол күштер болса керек. Әйтпесе, анық білемін, билік тарапынан Қайраттың өнеріне ресми тиым болған жоқ.
Жүйелі түрде жасалған қаңқу сөздер легі республикалық БАҚ тізгініндегі көлеңкесінен қорқатын әсіресақ адамдардың әсер етуінен болды. Шынын айтсам, өнеріне ғана сүйенген, тіреп тұрған ешқандай лауазымды сүйеніші жоқ, елдің көзайымына айналған сүп-сүйкімді, жап-жас азаматтың жазықсыз шырылдағанына бейтарап қала алмадым. Әсіресе, белгіленіп қойған, билеті сатылған концертіне тоқтау салу - нағыз қиянат. Істеп жүрген - ортадағы «шаш ал десе, бас алатын» оспадар жантықтар. Кейін сұрау салып, істің анығына жеттік. Ондай ештеңе де жоқ. Бар жазығы - атақтылығы. Танымалдылығы. Елге ұнаған өнері. Ондай адамның өзі «тұзы жеңіл» болатын әдеті ғой.
- Әуелгі әңгімеге айналып соққым келіп отыр. Сіз Парламент депутаттығынан кеткен соң, біраз қызметсіз жүрдіңіз. Әртүрлі ұсыныстар жасалғаны БАҚ бетінде жазылып жатты. Ұлттық спортқа мойын бұруыңыздың себебі неде?
- Рас, 7 жылдан астам қызмет істеген Парламенттің абыр-дабыр қарбаласынан соң жылға жуық ентігімді бастым. Өзің айтпақшы, әртүрлі ұсыныстардың ішінде көңіліме жаққаны – досым Қайрат Сатыбалдыұлының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының жүгін көтерісу ұсынысы болды. Кейбіреулер таң қалғандай болғанымен, жасымнан жылқыға жуық жүрген маған бұл саланың бөтендігі жоқ еді.
Оның үстіне, өзің де білесің, дәстүрлі мәдениеттің өкілімін. Өнерге Ақтамбердімен «күлдір-күлдір кісінетіп» кіргем. Ат - батырдың ғана серігі емес, ақынның да серігі. Құлагерді баптап бәйгеге қосқан Ақандар салған ән мектебінің өкілі боп бастаған қазақпын. Одан жыршылыққа ден қойғанымнан хабардарсыздар. «Алп-алп басқан арабы торыға» әуес, «ор қояндай жүгірген, аш күзендей бүгілген шұбарды таңдап мінген» жыраулар поэзиясы жан-дүниеме сіңісті болғандығынан да бұл іс маған бөтен емес. Ат баптаған болдық. Нәтижесіз болған жоқпыз.
- Мысалы?
- Мағжанның 115 жылдығында Желқарам, Жаңаарқа мен Ұлытаудың 80 жылдығында Дарабозым 2 рет бас бәйгелі болып, жыртық қаптан түсіп қала жаздадық. Қазақ үшін бес күндік дүниедегі ғажайып ләззатының бірі – баптаған атының бәйгеден келуі емес пе? Сол қызықты бастан кешірткен Тәңіріме тәубе деймін де!
- Атты өзіңіз баптайсыз ба?
- Сұрағың қыршаңқылау ма, қалай? Өтірікші болмай-ақ қояйын. Бапкер інілерім бар. Солар. Ат баптау - бұл үлкен ғылым. Баптау барысында ат бабын қызықтағанымыз, сәбіз асатып, жайдақ тайпалтып терін басқанымыз болмаса, шын мәнінде ат баптау... езуімізді жырып кетер.
- Депутат кезіңізді, жұмсақ орынтақты сағынасыз ба?
- Депутат болу - ел жүгін арқалау. Үлкен аманатты алып жүру. Қадари-халімше аманатыма адал болуға тырыстым. Біздің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мұрындық болуымен жылқы шаруашылығын жетілдіруге үлес қоса алдық. Қымыз өндірісіне үкіметтен субсидия бөлінуіне себепкер болыппыз. Көкпарға ара түстім. Дамуына үн қосып, сауал жолдадым.
Жалпы ұлттық дәстүр, тіл, дін, рухани құндылықтар, мектеп, оқулық мәселелері қашаннан жанымызды сыздатқан мәселелер болғандықтан, айтылмай қалған жоқ. Азды-көпті нәтижесі де болмады емес, өздеріңіз куәсіздер. Мен Парламентке ризамын, Парламент маған да риза шығар. Атанның белін қайыстыратын ауыр аманат ол. Ал шынымды айтсам, депутаттық лауазымнан босағанда, мойнымнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалғанымды жасырмаймын.
- Ал қазіргі депутаттарға көзқарасыңыз қалай?
- Кәдімгідей... Ерлан, әмбе менің пікірімнен бірдеңе түзелсе, бір сәрі. Аманаттарына адалдық тілейік те, қоя салайықшы.
"Жақсы" порталынан