Наурыз мерекесі – адам мен адамды жақындастыратын рухани күш
2014 ж. 03 наурыз
3038
1
ТҮРІК ӘЛЕМІ ЗИЯЛЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН АДАМ МЕН АДАМДЫ, ҰЛТ ПЕН ҰЛТТЫ ЖАҚЫНДАСТЫРАТЫН, БІРІКТІРЕТІН РУХАНИ КҮШ ДЕҢГЕЙІНДЕ ТОЙЛАУ ТУРАЛЫ
МӘЛІМДЕМЕСІ
Бірлік пен береке және салт-дәстүр мейрамы боп саналатын, әлемнің қаншама еліне қуаныш сыйлаған Наурыз тойы – жер бетіндегі ең көне мерекенің бірі әрі бірегейі. Наурыз атауы парсыша «нау» – жаңа, «руз» – күн деген ұғымды білдіреді. Басқа елдерді былай қойғанда, біздің түркі тілдес халықтардың көпшілігінде бұл мереке үш мың жылдан бері тойланып келеді. 22-наурызда күн менен түн теңесіп, толыққанды көктем рухы салтанат құрады. Сондықтан да, бұл күнді біздің ата-бабаларымыз «Жаңа жыл» деп атаған. Олар жаңа жылда жаңа мерекелік киім киіп, үйлерін, ауласын, өз мекені жанындағы жол бойын тазартып, ағаш отырғызған. Әрбір жанұя ең азы жеті түрлі дәннен жасалған Наурыз көже әзірлеп, тілектес, ниеттес, таныс, бейтаныс адамдарды қонақ етуді дәстүрге айналдырған. Наурыз мейрамының басқа мерекелерден оқ бойы озық тұрған дара дәстүрі мен талабы – адамдар сол күндері әдеттегі ұсақ пендешіліктен арылып, шынайы адами биіктен бой көрсетуі шарт. Бір-біріне өкпелескен, ренжіскен адамдар, мүмкіндігінше өз кінәсін мойындап, бір дастарханнан дәм татысып, шын жүректен өзара игі тілек алмасуы қажет. Бүгінгі жаһандану дәуірінде мұндай рухани парасат деңгейінде түсінісу жеке адамдарды былай қойғанда, ұлт пен ұлттың, тіпті, мемлекет пен мемлекеттің ортақ тіл табысуы үшін де аса керекті мәселе. Наурыздың осы бір арайлы талабына мемлекет те, жеке адамдар да ерекше назар аударса нұр үстіне нұр. Бұған қоса, тағдыр қыспағына тап болған жетімдерге, мүгедектерге, өзге де халі мүшкіл жандарға қол ұшын беру, олардың үйленуіне, жеке отау тігуіне жағдай жасау да Наурыздың рухани міндеттеріне жатады. Әлемдік тарихтан ерекше орын алған, өзінің соңғы 300 миллионға жуық халықты біріктірген Советтер Одағы 1926 жылы Наурыз мерекесін «ислам дінінің қалдығы» деген желеумен, мемлекеттік деңгейде атап өтуге, тойлауға тыйым салды. 1988 жылдың басында, мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге арнайы хат жолдап, Наурыз мерекесін қайта тірілтуді өтіндім. Менің хатымды Г.Колбин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында қараған екен, екі-ақ адам қолдапты. Оның бірі – Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев, екіншісі – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы Ө.Жәнібеков. Қалған Бюро мүшелерінің барлығы қарсы дауыс беріпті. Колбин мені өзіне шақырып, осындай жағдайларға байланысты Наурыз мейрамын тойлата алмайтынын айтты. Сол кезде мен оған былай дедім: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орыс пен қазақ ұлттарының арасына сына боп енді. Сөздің ашығы керек, қазір қазақ халқы сізге де жылан көргендей шошына, жиырыла қарайды. Егер сіз Наурыз мерекесін тойлауға мүмкіндік алып берсеңіз, бүкіл қазақ қауымы сізге өзгеше көңілмен, өзгеше ниетпен бұрылатын болады» дегенімде, Г.Колбиннің көзі жайнап кетті. Ол: «Ендеше, Наурызды тойлатайық. Мен қайткен күнде де Советтер Одағының басшысы Горбачевті бұған көндіремін» деді... Сонымен, 1988 жылы Наурыз тойы, Советтер Одағы тыйым салған 62 жылдық үзілістен соң, тұңғыш рет Алматының М.Горкий атындағы орталық саябағында 100 мыңнан астам адамның қатысуымен тойланды. Іле-шала Қазақстанның барлық шаруашылықтары, өндіріс мекемелері, жоғарғы оқу орындары, мектептері, тіпті, ауруханаларға дейін айтулы мерекені өздерінше атап өтті. Сол жылы Наурыз мейрамы қыркүйек айының ортасына дейін тойланды. Наурыздың арғы-бергі тарихында мұндай ұзақ көлемде өткен мереке болмаған шығар. Келесі жылы Наурыз тойын Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркменстан республикалары және Ресей құрамындағы түркі тілдес ұлттар мемлекеттік деңгейде мерекеледі. Кейінірек, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін зерттейтін комиссияның тең төрағасы болып жүрген шағымда белгілі қоғам қайраткері, Түркі әлемін зерттеу қорының төрағасы, ғалым, профессор, аға-досым Тұран Язғанның шақыруымен Түркияға барғанымда, бұл елде де ұзақ жылдардан бері тойланбай келген Наурыз мерекесін жандандыру туралы ұзақ сырластық. Сол тұстағы Түркияның мәдениет министрі Намық Кемал Зейбекпен де Наурыз мәселесі туралы әңгімелесудің сәті түсті. Екеуі де Наурыз мейрамының ұлт пен ұлтты жақындастыратын дара талабын еске ала отырып, Түркияда бұл мерекенің айшықты деңгейде тойлануына ерекше үлес қосты. Наурыз – жыл сайын бірнеше елдерде тойланады. Ежелгі заманда қыстан аман шыққандықтарын мерекелеу де кейбір халықтар үшін дәстүрлі мейрам еді. Бұл ағымға өзгеріс ендірген көне Рим императоры Юлий Цезарь болатын. Ол жаңа күнтізбе ойлап шығарып, жыл басын 1-қаңтарға ауыстырған. Орыс жеріне сол күнтізбені 1700 жылы І Петр ендірді. 1926 жылдан бастап, Советтік жүйенің ұстанған атеистік және орыстандыру саясатына орай, Одақ қарамағындағы барлық басқа ұлттармен бірге түркі тілдес халықтардың бәрі күні бүгінге дейін жаңа жылды 1 қаңтарда тойлаумен келеді. Жаңа жыл бүкіл әлемде ресми түрде 1 қаңтар болып белгіленгендіктен, қазір оған қарсы тұрудың қажеті де жоқ. Өкінішке орай, соңғы жылдары Қазақстанда және басқа кейбір елдерде құлықсыздық, немқұрайлылық алға шығып, Наурыз мейрамы қалың жұрттың қызығушылығын оятпайтын деңгейде, яғни, шартты түрде ғана атап өтілуде. Керісінше, ұлттық құндылықтарымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мерекелердің көбейіп кеткені, ащы шындық екені даусыз. Қуанарлық жағдай мынада. ЮНЕСКО 2009 жылдың 30-қыркүйегінде Наурыз мерекесін «адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы» тізіміне енгізсе, 2010 жылдың 10-мамырынан бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64 қарарына сәйкес 21-наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталды. Сондықтан да, баба дәстүріміз негізін құраған, шынайы бауырластықты аңсаған Наурыз мерекесін адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын рухани күш, рухани парасат деңгейінде тойлау бәріміздің, әсіресе, бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ міндетіне айналуын қалаймыз.28-ақпан 2014 жыл
Abai.kz