Әлихан Бөкейханның бағалары көрсетілген дипломы табылды
2014 ж. 19 ақпан
4692
3
Келер айдың 5 күні ұлтымыздың мақтанышы Әлихан Бөкейханның туған күні. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған мақалада ұлт көшбасшысының Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтын тәмамдағаннан кейінгі кезеңді соңғы сапарымыз барысында қол жеткізген мұрағат құжаттарына сүйене отырып, әңгімелеп берсек дейміз. Бұл құжаттардың барлығы қазір жаңадан салынған Санкт-Петербург қаласындағы Ресей ұлттық мұрағатында сақталып қалыпты (387-қор. 24 б. 1307-іс). Аталған құнды құжаттармен бұрын-соңды танысқан қазақ оқырмандары туралы мәлімет жоқ екен.
1895 жылғы 15 маусымда басталған Орман департаменті 1-бөлімінің №100 ісі «Дело ученого лесовода Букейханова» деген папкада сақталған.
1-бетте Ресей Жер қатынастары және мемлекеттік мүлік министрлігіне қарасты Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының мемлекеттік мүлік басқармасының (Омбы қаласы) 5 маусымда жазылған №2018 қатынас қағазы тігілген. Онда былай деп жазылған:
«Орман департаментіне. Ғалым ормантанушы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың Омбы Мемлекеттік Мүлік Басқармасына төменгі орман мектебіне оқытушы лауазымына тағайындау, қызметке алу туралы сұранысы. Ақмола облысының әскери губернаторына Бөкейхановты сұранып отырған қызметке бекіту туралы мәлімдеме Департаментке телеграф арқылы жіберіледі».
2-бетте Әлекеңнің өз қолымен толтырылған сұранысы бар:
«Орман департаментіне
Ғалым ормантанушы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтан
Санкт-Петербург Орман шаруашылығы институтын 1894 жылы бітіріп, сол саладағы ведомстваға қызметке тұру ниетімен, Орман департаментінен мені Орманшылар корпусына тіркеп, Омбы Мемлекеттік Мүліктер Басқармасы жанынан қайтадан ашылып жатқан орман мектебіне, оқытушы лауазымына тағайындауды сұраймын.
Менің құжаттарым Мемлекеттік Жер Мүліктері Департаментінде жатыр, оны осы жылдың 28 ақпанында жоғарыда аталған партиялардың біріне қызметке алу туралы сұраныс жасай отырып жолдаған болатынмын».
3-бетте Санкт-Петербург Орман институтының аттестаты тігілген. Онда:
«Аттестат Санкт-Петербург Орман институты Кеңесінен, сұлтан Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановқа берілген, діні – мұсылман, 1870 жылы туған, Омбы Техникалық училищесінде тәрбиеленген, 1890 жылы Институттың тыңдаушысы ретінде қабылданып, ғылымның толық курсынан өтіп, институттың барлық пәндері бойынша сынаққа шыдап, төмендегідей үлгерім көрсетті:
Ботаника – 5 (өте жақсы),
Дендрология – 4 (жақсы),
Зоология – 5 (өте жақсы),
Минерология және Геогнозия – 5 (өте жақсы),
Химия – 5 (өте жақсы),
Почвоведение (Топырақтану) – 5 (өте жақсы),
Физика – 5 (өте жақсы),
Метеорология – 4 (жақсы),
Математика – 5 (өте жақсы),
Геодезия – 4 (жақсы),
Саяси экономия – 5 (өте жақсы),
Статистика – 3 (қанағаттанарлық),
Жалпы заңтану – 5 (өте жақсы),
Полиция құқығы – 5 (өте жақсы),
Орман және жерді межелеу заңдары – 4 (жақсы),
Ормантану – 3 (қанағаттанарлық),
Орман таксациясы және орманды бағалау – 3 (қанағаттанарлық),
Орманды орналастыру – 5 (өте жақсы),
Орман Инженерлік өнері – 5 (өте жақсы),
Орман технологиясы – 3 (қанағаттанарлық),
Неміс тілі – 3 (қанағаттанарлық).
1880 жылы 15 сәуірде бекітілген Санкт-Петербург Орман институты туралы Ереженің негізінде, 1894 жылы 12 қыркүйекте өткен Институт Кеңесінің отырысында Әлихан Бөкейхановқа, Ресей университеттері студенттеріне қатысты құқықтар мен артықшылықтармен қоса, екінші дәрежелі ғалым орманшы атағы берілді» - деп жазылған.
Аттестатқа Институт директоры, оның көмекшісі, хатшысы қол қойып, мөрі басылған.
4-бетте «Құпиялық» белгісімен Жер қатынастары және Мемлекеттік мүлік министрлігіне қарасты Орман департаментінің Ә.Бөкейхановты қызметке орналастыру туралы Полиция департаментіне жолдаған қатынас қағазы тіркелген. 5-бетте сол хатқа Полиция департаментінің берген жауабы келтірілген. Онда аталған департамент тарапынан Әлихан Бөкейхановтың орман ведомоствосы бойынша мемлекеттік қызметке орналасуына кедергі болмайтындығы, қарсылық жоғы жөнінде мәлім етілген.
6-7 беттерде ақырында Әлекеңнің жоғарыда аталған қызметке тағайындалғаны жөніндегі бұйрық берілген. Бұйрық 1895 жылдың 17 шілдесінде шыққан.
Одан кейінгі беттерде Орманшылар корпусы бойынша бұйрықтар, Ә.Бөкейханов еңбек еткен жылдарғы аттестациялардың қорытындылары берілген. Сол аттестация қорытындылары бойынша Ә.Бөкейхановтың қызмет дәрежесі де өсіп отырған. Мәселен, 1-дәрежелі аксесссор, т.с.с.
Ең соңғы бетте ғалым орманшы Әлихан Бөкейхановтың тағы бір сұранысы келтірілген. 1915 жылдың 4 қаңтарында жолданған қатынас қағазда былай деп жазылған:
«Орман департаментінен мені Дон жер банкіне жеке орман қызметіне жіберуді сұраймын. Қазіргі кезде осында қызмет етемін, банкке Самара, Симбирск, Қазан, Уфа және Орынбор губерниялары бойынша кепілге қойылған орманды жерлерді бағалаумен айналысамын. Менің қызметіме қатысты шығарылған шешім жөнінде хабардар етуді өтінемін, тұрғылықты жерім: Самара қаласы, Қазан көшесі, №30-үй».
Бір айта кетерлігі, мұрағат материалдары арасында Әлекеңнің фотосуреттері жоқ. Есесіне дипломының түпнұсқасы бар. Барлық дерлік мұрағат құжаттарындағы мәліметтер Ә.Бөкейхановтың сауаты зор, қабілеті қарымды маман-қызметші екендігін айғақтайды. Тайға таңба басқандай қолтаңбасының өзі көп нәрседен хабар бергендей. Бір салада ұзақ жылдар бойы табан аудармай еңбек еткен Әлекең жат жерде, үлкен қызметте жүрсе де, өзінің туған жерін, атамекенін бір де бір естен шығармаған. Үнемі ат ізін салып, елдің, жердің жағдайымен жақын танысып отырған. Олардың тұрмыс-тіршілігіндегі кем-кетік, жоқ-жітікке жаны ауырып, халқының өзге мойны озық елдермен жылдам теңеліп, қатарға қосылуына күш салған.
Әлекең жайындағы мақаланың қорытындысын оның інісі Смақан төренің естеліктерімен, (айтушының стилін, сөйлеу мәнерін сақтай отырып) аяқтағанды жөн көріп отырмыз...
* * *
... Бірде Әлекең оқу оқып, елге кеп жүргенінде жүз қаралы қой айдаған адамға жолығады:
- Бұл кімнің қойы? – деп сұрайды.
Қойшы айтады:
- Төренікі.
- Төрең кім?
- Косте.
- О қайда?
- Әне келеді.
Келсе стражник Косте пұшық – Қарқаралының казак орысы.
- Сен кімсің?
- Мен Костя.
- Қайдан келесің?
- Шеттен – кәрсөн-керней, шұбыртпалыдан...
- Қой кімдікі?
- Менікі.
- Қайдан алдың?
- Елден.
- Не деп алдың?
- Патшаны құлатамын деп шаршаған боларсыз?! Демалып жүрген боларсыз?! - деп әжуалап сөйлегенде, Әлекең:
- Қазақ халқының бір мақалы бар: « Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» дейді. Менің жауабым осы! – деген екен. Сонда фон Кинництің әйелі күйеуіне:
- Саған керегі осы еді. Әлихан Нұрмұхамедович өзінің туған жері үшін зардап көргенін түсінбегенсің, - деп күйеуін одан әрі сөйлетпей, сүйрелеп жүріп кетіпті.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
заң ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі