"Тап Қожановтай Сталинге қарсы сөйлей алған қазақ жоқ!"
2014 ж. 22 қаңтар
3894
6
– Құлбек аға, әңгімемізді өзіңіз қызмет ететін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нен бастасақ. Өйткені аталған жоғары оқу орны қазақ пен түрік балаларының бауырласуына айтарлықтай үлес қосты. Бірақ базбіреулер Түркияның бұл қамқорлығын теріс түсініп жататыны жасырын емес. Бұған байланысты университет басшыларының бірі ретінде не айтасыз?
– Дәл осындай түсінбеушіліктің орын алуы кешегі кеңестік дүние танымның кері әсері болуы керек. Өйткені кейбір қазақ азаматтары Түркиянің бұл қадамына немкеттілеу қарайды. Жалпы мұндай жағдай біздің елімізде ғана емес, сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанда да кездеседі. Жалпы алғанда Түркияны жат санаудың қажеті жоқ. Олар кезінде Түрік қағанатынан бөлініп шығып, бүкіл Еуропаны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған. Күні кеше орыстың отары болғанымызда біздің азат ел болуымызды қалаған бір мемлекет болса ол- Түркия. ХХ ғасырдағы баспасөзден біз түрік дегенде ет жүрегі елжіремеген қазақ қайраткері болмағанын аңғарамыз. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметіне қараған 70 жылда Түрік деген біз үшін бөжек сияқты болды. Өйткені Түркияны бізге экономикасы дамымай, артта қалған әрі сауатсыз ел ретінде көрсетті.
Жалпы Түркия Қазақ еліне ғана емес, сонымен қатар Ресейден тәуелсіздігін алған барлық түрік елдеріне тілеулес мемлекет. Сондай-ақ олар бүгінде Ресейдің отары болып отырған татар, башқұрт сияқты көптеген ұлттарға қолынан келгенше көмектесуде. Ал жаңадан тәуелсіздік алған түрік мемлекеттері өз қамын күйттеп, өз басын арашалап алу қамында келе жатыр. Жалғыз Түркия ғана «Ресейдің құрамында біздің бауырларымыз қалып қойды» деп аңырайды. Олардың патриотизмін осыдан-ақ көруге болады. Мәселен, біздің университет Түркияның патриотизмінің арқасында құрылған халықаралық жоғары оқу орны. Бұл университет түрік дүниесінің ынтымақ-бірлігінің отауы сияқты. Өйткені бұл оқу орнында түрік халықтарының 22 ұлт пен ұлысының балалары оқиды. Күні кеше тәуелсіздік алған қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, әжірбайжанды айтпағанда, Ресейдің құрамындағы түрік халықтарының ұл-қыздары осында білім алып жатыр.
– Ал олардың бір-бірімен араласып, бауыр басу жағы қалай?
– Түрік балаларының бір-бірімен араласуы өте жақсы. Университет қазақ топырағында орналасқандықтан олар қазақ тілін міндетті түрде үйренеді. Сондай-ақ түрік тілін белгілі дәрежеде меңгеріп шығады. Бұл екі тілді меңгерген соң өздері де бір-бірімен бауыр баса бастайды. Өйткені олар өзара аудармасыз-ақ түсініседі. Осының арқасында танысып, табысып, үйленіп жатқан жас жұбайлар қаншама?! Олар тек қазақтың қызын ғана алып кетіп жатқан жоқ. Мәселен қарайымдық қыз түрік жігітін немесе қарайымдық жігіт түрік қызын ұнатып, үйлі-баранды болып жатыр.
– Кезінде М.Шоқай, С.Қожанов, Т.Рысқұлов сынды қайраткерлер түріктерге ортақ мемлекет құруды мақсат тұтты ғой. Әйтсе де кейбір ғалымдарымыз «бірнеше ғасыр бұрын бөлініп кеткен түріктердің бір мемлекет болуы мүмкін емес еді» деп айтады. Бұған сіз не дейсіз?
– М.К.Ататүрік «Ыдырамайтын империя болмайды» деп тектен тек айтпаған. Өйткені V-VІІІ ғасырларда дүниені дүр сілкіндірген Түрік қағанатының өзі құлады. Расында арада бірнеше ғасыр өткеннен кейін түрік халықтарының бір мемлекет болуы мүмкін емес еді. Бірақ күллі Европа халықтары бірігіп, Еуропа одағын құрған жоқ па? Тіпті одаққа мүше елдердің көпшілігі бір тамырдан тарамаған. Ал біз түрік халықтары бір тамырдан тараған туысқан халықпыз. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев соңғы кездері түрік халықтарының өзара ынтымақтастығы, яғни интеграциясы туралы жақсы айтып жүр. Бұл істі шындап қолға алса, әрине, бұл өз жемісін береді.
Жалпы түрік халықтарының бір мемлекет болуы мәселесін ХХ ғасырдың басында Мирсаид Сұлтанғалиев көтерген. Ал М.Шоқай болса, Түркістан автономиясын құрып, Ташкентті астана ету идеясына берілген. Менің ойымша осылардың ішінде Түркістан республикасы ең өміршең идея болатын. Неге десеңіз, кіп-кішкентай Моңғолия Кеңес үкіметімен қатар өз алдына мемлекет болып отырды. Өкінішке қарай, Түркістан мемлекетінің құрылуына Сталин мүмкіндік бермеді. Жалпы Сталиннің түрік халықтарының ішінде қазақтарға ерекше ашу-ызасы болған. Мұның себебі, Түркістан мемлекетін жасақтап жіберуге мүмкіндігі бар бір ұлт болатын болса, ол қазақ халқы болатын. Оның үстіне түрік халықтарының ішіндегі ең көбі қазақ халқы болды. Мәселен, қазақ 6 млн., татар 5 млн., қырғыз 400 мың, түркімен мен башқұрт 1 млн-ға жуық болды. Әзірбайжан халқы өз ішінде 5 млн. болғанымен Иранның териториясында 15-20 млн-ға жуық халық қалып қойды. Жалпы алғанда қазақ өзге түрік халықтарына ағалық жасаған. Мұны өз кезегінде Сталин көре алмаған.
Түркістан республикасы деген идеяны Орта Азияда көтерген Т.Рысқұлов болатын. Бұл идеяны Сталин Тұрардың өз қолымен өшірткізді. Рысқұлов «Мен қателесіппін. Түркістан республикасы деген болмайды екен. Кеңес үкіметінсіз ешқайда бара алмайды екенбіз» деп ақыр аяғында Түркістан республикасын жақтайтындардың өзін Сталинге жазып беруге мәжбүр болды.
– Бұқаралық ақпарат құралында Сіздің «Т.Рысқұлов алашордашыларды сатты» деген пікіріңізге қарсы мақала жарық көрді. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Жалпы бізге қазақ қайраткерлерін бір-біріне қарсы қойып, айтыстыру не үшін керек?
– Біз ұлтты әбден кемсіткен империядан бөлініп шықтық қой. Енді біздің тәуелсіз ел болып, өсіп-өнуіміз үшін тарих ішек қырындысына шейін ақиқат күйінде айтылуы керек. Кеңес үкіметінің тарихы қандай тарих еді? Ол әрине Ленин мен коммунисттік партияның, сосын Сталинның тарихы. Сол сияқты әр басшы келген сайын тарих сол адамның көзқарасы бойынша жазылды.
Жалпы Т.Рысқұлов пен С.Қожановтың арасындағы оқиға екі адамның мәселесі емес. Бұл екеуінде тұрған ештеңе де жоқ. Өйткені екеуі де Түркістан республикасы болса деп жүрген азаматтар. Әсіресе Т.Рысқұлов білімді күшті азамат болатын. М.Сұлтанғалиевқа ілесіп, «Түркістан республикасын осы жерде құру керек» дегенді айта алған ол түрікшіл адам. Бірақ Сталин М.Сұлтанғалиевты түрмеге қамаған соң, ол жанынан қорқып, өзінің идеясынан айныды. Сондай-ақ ол «Алашордашылар С.Қожданов сияқты өтірік коммунисті паналап отыр. М.Жұмабаевқа «Шолпан» журналын, ал М.Дулатұлына «Ақ жол» газетін ашып берді» деп бәрін тізіп берді. Осыдан кейін Т.Рысқұловты не деуіміз керек?
Ал С.Қожанов болса Сталинге тіке кіріп, тіке шығатын және жиналыстарда бетіне тіке айтатын болған. Тап С.Қожановтай Сталинның бетіне келіп сөйлей алған қазақ жоқ. Талай адам Голощекиннің бетіне айтқан. Мәселен Т.Рысқұловтан бастап С.Сәдуақасовқа дейін оны сынай алған. Бірде Сталин Қожановқа хабарласып, «Мәскеуге келіп оқуыңды жалғастыр» дейді. Сонда оған Қожанов «Жолдас Сталин, оқысаңыз өзіңіз оқыңыз. Мен гимназия бітіргенмін. Ал сіз гимназияда да оқыған жоқсыз ғой» деп айтыпты. Қожановты Мәскеуге оқуға шақырудың астарында үлкен саясат жатыр. Өйткені Қожанов Қазақ елінде жүрсе, оның айналасына адамдар топтаса бастайды. Бұл Кеңес үкіметі үшін өте қауіпті. Қысқасы, Сталин қазақты қылтасынан қиып жіберуді мақсат тұтты. Өкінішке қарай солай істеді де.
Біз әлі күнге дейін коммунистік заманның психологиясынан арыла алмай келеміз. Олай дейтінім біз белгілі бір азаматты өзінің туған жерінде кеңес үкіметін орнатты деп романдар мен мақалалар жазып мақтадық. Бұл дегеніңіз сол коммунист өзінің жақындарынан бастап бәрін қырды деген сөз емес пе? Сондықтан да олар орнатқан коммунистік қоғам аса зұлмат болып шықты. Бұл енді шындық ретінде айтылуы керек пе, жоқ па? Қалайша ата-бабамызды қырған адамды ескі кезқараспен «Кеңес үкіметін орнатты» деп, одан батыр жасап, қарап отыра береміз?
Жалпы коммунистік партияға А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов сынды алаштықтар да кірген. Бірақ олар халықты қынадай қырған жоқ қой. Мейлі жазушы, мейлі қайраткер болсын, оның қазақ халқына сіңірген еңбегін жақсысын жақсы, жаманын жаман деп айтуымыз керек. Олай етпесек, біз ақиқатқа жете алмаймыз. Мәселен мен бұрын «ұлы жазушы» деп мақтаған С.Мұқановты қазіргі кезде 30 пайыз мақтап, 70 пайыз сынаймын. Ол кездегі менің коммунистік және әдебиетшілік көзқарасым солай болды. Шынымды айтсам әдебиетші ретінде С.Мұқановқа соншалықты бас ұра бермейтінмін.
Бір қызығы Мұқановты мақтасам оның руластары мені көкке көтеріп, «Құлбек тамаша әдебиет сыншысы» деп жаза бастайды. Ал сынай бастасам, маған ренжіп, баспасөзде қарсы пікір жазады. Кейде олар маған «Сен С.Мұқановты зерттеп, кандидат, доктор болдың, неге су ішкен құдығыңа түкіресің» дейді. Ал мен оларға «Көкем-ау, әуелі сендер Сәбеңді талдап қарасаңдаршы» деймін. Менің сыным жамандау емес, талдау. Талдаудың қортындысы не болады, мен соны жазамын.
– Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ жазушылары өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек» деп үндеу тастаған екен. Ал біздің қазіргі ақын-жазушыларымыз өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қаншалықты қорғап жүр?
– Кешегі кеңес үкіметі кезінде біздің елімізде орыс тілінде жазатын ақын-жазушылар көбейді. Солардың ішінде О.Сүлейменов, Ә.Әлімжанов, С.Санбаев сынды көптеген азаматтар болды. Өйткені, ол кезде шет тіліне көбінесе орыс тілінде шыққан шығармалар аударылатын. Тіпті Ә.Нұрпейісовтің өзі шығармасының қазақша мәтінінен гөрі, орыс тіліне аударылуын қатты қадағалайтын. Ал кейбір жазушыларымыз өз шығармаларында қазақты бейшара етуге дейін барды. Өйткені сол кезде «шығармада экзотика болса, жақсы аударылады» деген көзқарас болды. Шын мәнісінде бұл дұрыс емес. Негізінен қандай да бір шығарма шет тіліне аударылғанда оның философиясына басымдық берілуі керек. Мәселен қарғадай Ә.Кекілбаевтың «Дала балладалары» сол кездің өзінде неміс тіліне аударылды. Бұл автордың шығармасы орыс тіліне аударылғаны үшін неміс тілінде басылып шыққан жоқ. Шын мәнісінде Ә.Кекілбаевтың шығармасы Ақаң айтқан «Қазақ жазушылары өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек» дегенге сай болатын. Сондай-ақ, көзі тірі ақын-жазушылардың ішінен Ә.Кекілбаев, М.Мағауинның шығармаларынан ұлттық мінезді байқаймын.
Бейсенбай Кенжебаев 1966 жылы қатты науқастанып, «енді өлемін ғой» деген болуы керек, артында аманат ойларын жазып қалдырған екен. «Қазақ жойылатын халық. Өйткені ата-ана өз балаларын қор болмасын деп орыс мектебіне береді. Қазақтың рухын оятуға тиісті ақын-жазушылар өзінің шығармасын тыраштанып орыс тілінде жазады. Ал шығармаларын қазақ тілінде жазған жазушылардың еңбектерінде қазақтың рухы болмайды. Мұндай халық ұзаққа бармайды. Ойлан, ойлан» деп жылап отырып жазған. Жалпы кеңес үкіметі кезінде жазылған шығармалар қайтадан сараптамадан өтуі керек. Басқаны мысалға алмай, әуелі өзім туралы айтайын. Мен кешегі кеңестік кезеңде қалыптасқан әдебиетші-сыншымын. Мәселен менің С.Мұқанов туралы жасаған зерттеулерім коммунистік сананың жемісі. Қазіргі кезде ойланып, өз кемшілігімді өзім қайта қарап жатырмын. Өйткені жоғарыда айттым, өзім зерттеген С.Мұқановтың шығармаларына 30-ақ пайыз ықыласым бар деп.
– Бір мақалаңызда «Сын жазамын деп, біраз ағаларымнан айырылып қалдым» деп жазыпсыз. Ал енді кейде орынсыз сынаған ақын-жазушыларыңыз болды ма?
– Жалпы әдебиет сыншысы өз-өзіне сын көзімен қарай білуі керек. Мен өз басым сын жаза бастаған алғашқы жылдары тым әпербақандау болдым. Өйткені кезінде «Ара» журналында сынап жазған адаммын. Сондай-ақ Сайлау Көшкенов деген ақын туралы «поэзия босағасын кимелеп» деп оның шығармасына ауыр-ауыр сөздер айтыппын. Оның өлеңдері қалыпты ырғаққа құрылмаған поэзия болатын. Осы күні С.Көшкеновтың поэзиясына обал жасап алдым ба деп өкінемін. Өйткені оның өлеңдері қалыпты ырғаққа құрылмағаны кеңес үкіметіне қарсылық шығар? Бәлкім, оның шығармасы еркін ойлауға, ұлттық тәуелсіздікке үндейтін шығар? Кейінірек С.Көшкеновтың ішіп жүргенін көрдім. Мүмкін менің сынымнан кейін ішіп кеткен болуы керек? Кім білсін?!
Сондай-ақ бұрын мақтаған еңбектерімді қазір өзіммен қоса сынап та жазып жатырмын. Ал кезінде бағаланбаған Тоқаш Бердияровты мен «қазақ әдебиетінің классик жазушы» деп таныдым. Жұрт не дейді, онда менің шаруам жоқ. Өзім ақ деп тапқан адамды ақ деп, қара деп тапқан адамды қара деп жазамын. Өйткені мен өз дүие танымымды өзгерте алмаймын.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Серік ЖОЛДАСБАЙ,
"Жебе" газеті