Қазақтың болмысы мен санасы туралы
2014 ж. 16 қаңтар
4127
2
Ойды ой қозғайды. Айдос Cарымның ой-толғамын оқи отырып, оны әлім келгенше жалғап көрейін деп ойладым. Кейбір тұстарда ой қайталаушылығы орын алуы мүмкін, кешіріммен қарарсыңдар. Жазушы емеспін, журналист емеспін, миыдағы ойды қағазға түсіре бастағанымнан-ақ сөйлемдерім бірі-біріне қабыспай, қожырай бастайды. Ондай тұстарға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын.
Азаттық. Тәуелсіздік. Ұзақ уақыт бойына байлауда ұстап, күнделікті жем-суынан қақпай, арнайы күтіммен ұсталған жылқыны далаға шығарып, ноқтасын сыпырып қоя берсең, қайда барарын білмей біраз тұрып, содан соң далақтап айнала шауып, тұра қалып тебініп, жата қалып аунап, әйтеуір енді не амал қыларын білмей аласұрып кетеді. «Тәк-тәк»пен «құр-құрдан» қайран болмайды, себебі басы бос екенін сезеді, жануар!
Алайда бәрі уақытша. Желігі басылып, желі шыққан соң, айналасына зер салып, қайда барарын, қалай жүрерін бағамдап алып, жөнге түседі.
Үш ғасырдай қамақта қалып, ақыры қамалған қорасының іргетасы бұзылып, қабырғасы құлаған кезде сап ете түскен бостандық қазақты да дәл осындай күйге түсірді. Талай рет бұзып өтуге ұмтылып соғылғанда алған жарақаттарының орны сыздап, көгеріп, жыртылып тұрса да, «әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа» қалмаған сәтте аңырып қалғаны рас. Сөйтіп, аңырып, тулап, секіріп жүргенде ширек ғасыр уақыт өтіп кетті. Есімізді жинап, оң-солымызды бағамдап, барар бағытымызға зер салсақ, біруелер құлаған қораның қабырғаларын қайта қалай бастағаны көрінді. Іргетасты мықтап, кейбір тұстарда екі-үш қатар көтеріп қойған жерлері де бар.
Енді біреулері астауымызға дәріленген жем салған болып, алдаусырата жақындап, жап-жаңа ноқта-шылбыр дайындап қойыпты!
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Әрине, «әр кәлледе бір қиял»- ең жеңілі ақыл айту. Сайрай жөнелгенде әрқайсысы бір мемлекетке Президент болуға лайық тұлғалар көп екен. Әттең, осы «тұлғалар» іске келгенде жұтқынынан басқаны уайымдамайтын болып шықты. «Сананы тұрмыстары билеп»(К.Маркс) – иесіз қалған, адыра дүниені молырақ қарпып қалудың аламаны басталып кетті. Сөйтіп, ақырында ұлттық болмысын, қасиетін, намысын да асап қойғандарын аңдамай қалды.
Заманның түзу кезінде... Біздің бала күнімізде ақсақалдар әңгімені осылай бастайтын. Мектепте революцияға дейінгі қазақ халқының өмірін өте жексұрын, аянышты етіп оқытады, ал олар сол заманды аңсайды. Неге?
Біздің кезімізде..., бұл біздің ұрпақтың әңгімесінің басы. Біз де өз заманымызды аңсаймыз. Неге?
Шалдардың әңгімесі «Сүйекем батыр еді ғой!», «Ерекем айтқыш еді-ау!», «Мәтекем былай деген екен...» деп басталады, біздің әңгімеміз «Водкі жақсы еді, басты ауыртпайтын еді», «Екі жәшігін ішіп қойыппыз», «Коммунизм екен ғой!» деп келеді.
Тығырық. Мұрындықтың кері шығып кетпеуі үшін қойылған тетік. Шіріп түсіп қалғанша өз міндетін адал атқаратын тетік, бірақ алып тастауға болады. Ол түскеннен кейін мұрын да, мұрындық та бірі-бірінен тәуелсіз, азат, әсіресе мұрынға жақсы. Ешкім жетектемейді, байлап қоймайды. Алайда мұрынның иесі аңқау болса, мұрындықсызда сол бұрынғы байланған жеріне айналып келе береді. Санасына сіңіп қалған инстинктіден арыла алмайды.
Тағы да, НЕ ІСТЕУ КЕРЕК!? Қазіргі қазақ спортшыларының жетістіктеріне көз жүгіртейікші. Бокс, штанга көтеру, күрес, жүгіру және т.б., яғни жеке адамның жетістіктері. Ал, ұжым боп ойналатын ойындарда нәтижеміз көңіл көншітпейді. Неге?
Осылай ойлап отырып, қазекемнің «бөлінгенді бөрі жейді» дейтіні осы екен ғой, қасқа шалдар бәрін айтып кеткен-ау деп қоясың! Айтпақшы, осы сөзді бір білгіштер «қазақтар әуелден жүзге, руға бөлінген, ауызбірлігі жоқ» деп түсіндіргісі келеді. Ал, сол жүзге, руларға бөлініп жүрген қазақтардың осыншама байтақ даланы қалай ұстап тұрғанын, пайдаланғанын білгісі келмейді. Қазақты бөлу деген отарлау саясатымен келген әрекет. Қазақты «Қалалық» және «Далалық» деп бөлді. Қалалықтарды мәдениетті, сауатты, оқыған және т.б., далалықтарды жабайы етіп көрсету бөлінудің басы болды. Бұл туралы келесі бір жазбаларда айтылар, біз тығырықтағы сананың сапасын көтеруді ойластыра берейік.
Қазақ болмысы ерекше ұлт. Ешкімді жатырқамайды, ешкімді алаламайды. Неміс келсе де, негр келсе де пышағын алып қорасына жүгіреді. Құдай жаратқаннан солай. Оны ешкім қойғыза алмайды. Бірлі-жарым шіріген жұмыртқалар көптің ішінде кездеседі ғой, ондайлар ұлттың болмысына өзгеріс енгізе алмайды. Бірақ осы болмысты өзгерту үшін күрес қазір дүниежүзілік масшабта жүріп жатқан сияқты көрінеді маған. Маң далада маңқиып жүріп, осыншама байлыққа бұлар қалай ие болған, неге бізде мұндай жоқ, жабайы халыққа дәулет неге қажет, тамағы тоқ болса болмайды ма деген тоғышар ойларын жүзеге асыру үшін қолдан келген амал-айлаларын бірінен-бірі асырып өткізуге тырысып жатыр. Ұлтты жоюдың стратегиялық жоспарлары ашық та, құпия да жасалып, қолданысқа енгізілуде. Олар мыналар:
- Тарихи-мәдени жіктерге бөлу;
- Құлдық санадан шығармау;
- Діни экспансия;
- Экономикалық мәжбүрлікке жетелеу.
Осындай ауыр жүктер санаға салмақ түсіріп, кемшін тұстарымызды көбейтіп отыр. «Жаны күйген құдайды қарғайды»- қитұрқы саясатты түсінбегендіктен бірімізге біріміз ауыр сөздер айтып, бақайдан шалуға тырысамыз. «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» (Абай)-ұлттық сананы жаңа сапаға көтерудің қағидасы осы. Қазақ ұлтының саналық сапасын көтеру үшін Европалық немесе тағы басқа халықтардың менталитетіне негізделген заң-зәкүндердің орнына, өзінің қанына сіңген, өз болмысына сай келетін, ұлттық қағидалық ережелерді негізге ала отырып, Заңдар мен ережелер жасау керек. Қазақы заңдардың демократиялылығы туралы әңгімені тарихшы заңгерлердің үлесіне қалдырайық.
Меңдібай Ағиев, abai.kz