Тәуелсіздіктің 22 жылында не өзгерді?!
2013 ж. 18 желтоқсан
3033
3
Соңғы 22 жыл бедерінде қазақ халқы Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, күллі әлемге өзінің тегі мен тектілігін танытты. Ғаламшардағы бар адамзат көк аспанда қалықтап ұшқан қыран мен күлім қаққан Күнді көрсе, қазақты есіне алатын болды. Бұған еліміздің күн санап, саяси өрлеуі, экономикасының қарыштап дамуы, әлсін-әлсін спорттық бәсекелерде топ жаруы Азат елдің тәуелсіздігін сәт сайын мойындатып келеді. Кешегі азаттық жолында күрескен Сырым Датұлы, Есет Көтібарұлы, Исатай Тайманұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Кенесары Қасымұлылардың армандағаны осы емес пе еді? Десек те, 300 жыл бойы тегеурінді жүргізілген отарлық саясаттың идеологиясы біздің санамызға сіңгені соншалық, әлі күнге рухани тұрғыда тәуелсіз ойлануға, отарлық һәм кеңестік стереотиптерден толықтай айырылуға мүмкіндік бермей келеді...
Қазақ қалай бодан болды?
Кеңестік қатаң стереотиптерден айырылу үшін не істемек керек? Біріншіден, Қазақ «қалай бодан болды?» деген сұраққа дұрыс жауап тауып алғанымыз жөн. Қазақ ешқашан да саналы түрде бостандығынан бас тартқан емес. Мысалы, ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысында Жоңғарлар шапқыншылығы салдарынан қазақ мемлекеті мен қазақ ұлты жер бетінен жойылып кетудің алдында тұрды. 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Орта жүздің біраз руларын билеген Сәмеке ханның Ресей бодандығын қабылдау актісіне қол қойды. Ол кездегі бодандық ұғымы вассалдық қарым-қатынастың еуроазиялық нұсқасы болатын. Яғни, қазақ хандары Бодандық актісі арқылы Ресеймен әскери-саяси одаққа бірігуді, елдің дербестігі мен тәуелсіздігін сақтап қалуды көздеді. Бірақ бұған дейін Қазан, Астрахан, Қырым хандықтарын күйретіп, Ноғайлы мен Сібір жұртын тоз-тоз қылған Ресей империясы қазақтарға аяушылық жасаған жоқ. Бұл саясат Кеңестер Одағы тұсында да жалғасып, қазақ ұлты отарлау езгісінің табанында тапталды.
Тәуелсіздікті Қалай алдық?
Екіншіден, «біз Тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік?». 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан ресми түрде мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялады. Бұл кезде Кеңестік Одаққа мүше елдердің көбі дербес ел атанып қойған болатын. Осы бір дерекке қарап, кейбір азаматтарымыз «біз Одақтан ең соңынан бөлініп шықтық» деп, тәуелсіздікке амалымыз жоқтықтан қол созғандай етіп әңгімелейді.
Яғни, олардың ойынша, біз өз еркімізбен бодан болып, еріксіздіктен тәуелсіздік алған сияқтымыз. Тіпті Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл болса да, осы бір қасаң түсініктен, қасаң стереотиптен арыла алмай келеміз. Біздің бабаларымыз бодандыққа еріксіздіктен мойынұсынды. Егер де сол қадамға бармаса, қазіргі Қазақ ұлты болмас еді... Біз тәуелсіздікті жариялау үшін кеңестік идеологияның шаңырағын шайқалтқан, қазақ тарихындағы елдің рухын көтерер қасиетті күнді күттік. Яғни осылайша тәуелсіздік пен азаттық жолындағы ұлт-азаттық көтерілістердің арасына рухани байланыс орнады. Егер де бұлай болмағанда, азаттық жолындағы Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздік ұғымын бір арнаға тоғыстыру мүмкін емес еді...
Ескі түсінік пен жаңа көзқарас шайқасы
Біздің тарихшылар мен саясаткерлер халыққа ең басты осы екі саяси оқиғаның жілігін шағып түсіндіріп беруі керек еді. Сонда ғана отарлаушы елдің билігі аштық арқылы қазақтың тең жарымын қырып, босаған даланы «тың игеру» деген сылтаумен басып алуға ұмтылғанын аңғарар едік. Бірақ, амал не, бұл мәселеде кешенді түрде алға жылжи алмай отырмыз. Десек те, осы 22 жыл ішінде кеңестік жүйені көрмеген қарлығаштарымыз өсіп жетілді, жаңа құндылықтар пайда болды. Мойындауымыз керек, ол құндылықтар әлі күнге кеңестік ескілікті көксейтін аға буынның көзқарасымен қайшы келіп жатады. Бұл қайшылық салдарынан қазіргі қоғамымызда екі дүниетаным, екі өмір сүру үрдісі пайда болды. Орыстілді, қазақтілді дүниетаным қалыптасып, екі әлем болып өмір сүріп жатырмыз. Орыстілді қоғамның басым көпшілігі қоғамға кеңестік кезеңнің психологиясымен, кеңестік кезеңнің ой-топшылауымен, кеңестік менталитетпен, кеңестік көзқараспен қарайды. Ол көзқарастағы азаматтар демократиялық, ұлттық мемлекет құруымыз қажеттігін әлі де болса түсіне алып отырған жоқ тәрізді.
Сіз не дейсіз?
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:
– Кеңестік кезеңде 70 жыл бойы қатаң әкімшіл-әміршіл жүйеде өмір сүрдік. Осындай жүйені көрген ел аз жылдың ішінде 180 0С өзгеріп кетті деуге келмейтін шығар. Десе де, «елу жылда ел жаңа» дейміз ғой. Мемлекеттік тарих үшін азғантай уақыт болып саналатын 22 жыл ішінде жаңа Тәуелсіз мемлекет құра алдық. Мұның өзі – кеңестік стереотиптерден арыла бастағанымыздың көрінісі. Мысалы, бұрынғы кеңестік жүйемен қазіргі жүйені мүлдем салыстыруға келмейді. Біз толығымен жаңа мемлекетті, жаңа мемлекеттік құндылықтарды қалыптастыра алдық. Нарықтық қоғамға көшкеннен кейін «үкімет өлтірмейді» деген қасаң қағидадан арылдық. Кеңестік кезең халықты бір шыбықпен айдап, бәрі бір ауызды, яғни Мәскеуді бағып отыратын. Қазір ашық қоғам орнап, әр адам өз ой-пікірін ашық білдіре алатын болды, яғни демократиялық құндылықтардың орнығуы бізге сөз бостандығын алып келді. Азаматтар еркін сайлауға қатыса, сайлана алады. Кез келген кәсіппен айналысуға мүмкіндік берілген. Осының бәрі бізде кеңестік қасаң стереотиптердің жоқтың қасы немесе мүлдем аз қалғанын, біздің ел ол стереотиптерден толығымен айырыла бастағанын көрсетеді.
Тәуелсіздіктің құны
Әрине, 300 жылдық бодандықтан тәуелсіз санаға жету оңай шаруа емес. 22 жыл ішінде Тәуелсіздігіміз жемісін беріп, ескі құндылықтарды жоққа шығара бастады. Енді азаматтарымыз бұрынғы кезді жиі еске түсіріп, «Үкімет асыраушы еді» деген қиялдан арылып, «мен елім үшін не істей аламын?» деген арман арғымағына мінуге тиіс. Өйткені біз тағдырдың тәлкегімен отар ел болдық. Ресей империясы Қазақстанды уысында ұстаса, бүкіл Орта Азияға, Иран мен Ауғанстанға, Қытай мен Үндістанға ықпалын жүргізетінін білді. Демек, біздің Тәуелсіздігіміз іргемізде жатқан Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді көршілес елдерге де аса қымбат деген сөз. Біздің азаматтарымыз осыны түсінсе, кеңестік кезеңнің стереотиптерден арылуға асығар еді.
Түйін Қазақ қай кезде болсын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды» аңсайды. Сол аңсаған заманға жету үшін бабаларымыз қолға найза алды. Ғұламаларымыз Алашорданың идеясымен ағартушылық жол арқылы күресті. Енді, міне, Елбасының салиқалы саясатының арқасында сол бозторғайдың өзі алаңсыз «қой үстіне ұя салатын» дәуірге де жеттік. Осы күніміз мәңгіліктерге жол бастау үшін біз Тәуелсіздіктің қадірін арттырғанымыз жөн. Ол үшін қазақ қалауымен бодан болмағанын, Тәуелсіздікке мың сан шейіттердің қанымен ғана қол жеткізгенін айта беруіміз, айта беруіміз керек...