Алда 16 желтоқсан...
2013 ж. 10 желтоқсан
4855
3
Алда 16 желтоқсан. Желтоқсан десе, елеулi екi оқиға еске түседi. Бiрi – 1986 жылғы Алматы алаңы. Екiншiсi – 2011 жылғы Жаңаөзен. Екеуi де – саяси бағасы берiлмеген қанды оқиға. Бiрiншiсi – Кеңестiк кезеңде сiлтенген сойыл, екiншiсi – Тәуелсiз Қазақстанда атылған оқ. Жаңаөзен оқиғасында жәбiр көргендердiң бүгiнгi күйi нешiк? Олардың жүрегiне түскен жараны жазу мүмкiн бе? Бұл үшiн қандай iс-шаралар атқарылуда? Осы және басқа да сұрақтарға жауап iздеу мақсатында Жаңаөзен жұртымен тiлдестiк, сөйлестiк.
“ӘКЕМ 7 АЙЛЫҚ БАЛАДАЙ ТӨРТ АЯҚТАП ТАБАЛДЫРЫҚТАН АТТАДЫ”
Соңғы екi жылда Әсем Кенжебаева әкесi мен шешесiнен қатар айырылды. 2011 жылдың 16 желтоқсанында жаңадан туған немересiн көру үшiн перзентханаға келген әкесi Базарбай құқық қорғаушылардың қолына түсiп, мерт болды. Соның күйiгiнен көп ұзамай анасы да көз жұмды.
Бүгiнде Әсем қараша халықты аяусыз қырған сол бiр қаралы күндерге ыза-кекпен қарайды. Өйткенi оның өмiрдегi ең жақын адамдары – әкесi мен шешесi «балапаным» деп бауырына ендi ешқашан баспайтынын бiледi. Өйткенi бұл күн – өмiрдiң есiгiн ендi ғана ашқан немересiн көруге келген әкесiн ұстап, таяқтың астына алған, қорлық көрген күнi. Сол күндерi iшкi iстер бөлiмiнде зорлық-зомбылыққа куә болған, қашып шығып, 3 күн бойы табанынан тозып, шырылдап әкесiн iздеген кез. Сол күндер – орталық ауруханада әрең сөйлеп жатқан әкесiмен соңғы рет әңгiмелескен уақыт. Сол күндер ота жасау бөлмесiнiң есiгiн торуылдап, тық-тық еткен сағаттың тiлiне сабырсыздана қарап, жаратқаннан әкесiне өмiр берудi жалбарынып сұраған сәттер...
Әсем сол бiр қаралы күндердi қинала, қапалана еске алады. Әкесiнiң 18 желтоқсан күнi 7 айлық баладай төрт аяқтап есiк қаққанын, табалдырық аттағанын айтады. Шақырса да “жедел жәрдем” келмегенiн, көлiк жалдап көк ала қойдай күйде жатқан әкесiн ота жасатуға қалалық ауруханаға әрең жеткiзгенi де кешегiдей есiнде. Бiрақ, әттең, әттең, бәрi кеш, өте кеш едi. Ауыр соққыға жығылған қайран әкенiң өмiрiн сақтап қалу дәрiгерлердiң қолында емес едi. “Мұнайшы емеспiн ғой, билiк қара халықты қайтедi дейсiң” деп немересiн көруге асыққан атаның өмiрi 2011 жылдың 19 желтоқсанында қиылды. Артында отбасы аңырап қала бердi. Жұбайы әдiлетсiздiкке төзе алмай күйеуiнiң қырқына жетпей жүрек талмасына ұшырады. Қаралмаған дәрiгерi қалмады. Алайда жүрекке түскен жараға, ауыртпалыққа ешкiм ем таба алмады. Жығылғанға жұдырық, ауыр ойдан қан қысымы көтерiлдi. Ақыр аяғы осы жылдың мамыр айында асыл ана да бақилық болды.
“ДАЛАҒА ШЫҒА БЕРМЕШI БАЛАМ, ТОҢЫП ҚАЛДЫҢ-АУ, ШЫҚПАШЫ...”
Бүгiнде Әсем тiрi адам тiршiлiгiн жасайды десе де, әкесiнiң соңғы сөздерiн көзiне жас алып еске алады. Әкесiнiң өмiр бойы атын атамай, ерекше еркелеткенiн сағынады. Орнынан тұра алмай хал үстiнде жатқан кезiнде де елiктей еркелеп өскен Әсиконасына “далаға шыға бермешi балам, тоңып қалдың-ау, шықпашы” деп жалына айтқан сөзi әлi күнге құлағында. “Неге Сiз үшiн тоңбауым керек? Бiздi бағып, қақтыңыз. Еркелетiп өсiрдiңiз. Дәрiханадан барып дәрi әкелiп беруге қолымның жетпегенi ме? Папа, уайымдамаңызшы, Сiз жазылып кетсеңiз болғаны” деп жауап қатқаны да құлағында. Әке мен баланың ортасында айтылған осы сөздер екi жанның соңғы әңгiмесi екенiн кiм бiлген сонда? “Әкемнiң бақилық болып кететiнiн бiлмеппiн ғой. Әкемнен айырылып қаламын деп ойламаппын ғой. Соңғы демi қалғанша балаларына жаны ашып өтiптi ғой” дейдi Әсем әкесiнiң сол бiр қамқорлығын бүгiнде еске алып.
Әсем сол күндерi тек әкесiнiң сабалғанын ғана көрген жоқ. Өзi де алаңда емес, қалалық медициналық қалашығының тұсынан өтiп бара жатқанда полицейлерге тап болды. Қашпақ едi, жығылып, ұсталды. Сонымен таңғы төртке дейiн қалалық iшкi iстер бөлiмiнде болған сұмдықтың бәрiн көзiмен көрдi. “Ұрды, сабады. Тiрiмiн ғой, әйтеуiр. Баламның тiлегi шығар. Жаратқан өмiр беремiн деген шығар. Әйтпесе, ол жерден тiрi шығу мүмкiн емес едi. Әрең қашып шықтым, әрең”, – дейдi Әсем.
“ӘКЕМДI ОМОН-ДАР ҰРЫП ӨЛТIРДI”
Ендiгi күнi Әсемнiң бар үмiтi – 5 жасқа толып, өсiп келе жатқан балапанында. Бары да, нары да – осы бүлдiршiн. Жанына бататыны – сол бүлдiршiннiң кiшкентай жүрегi де атасы мен әжесiнiң келетiнiне сенiп жүргенi. Жол қарап күтетiнi. Сағынып, жиi еске алатыны.
“Әкемдi ОМОН-дар ұрып өлтiрдi, – дейдi Әсем. – Өз ажалымен емес, адамның қолынан кеттi. Куәгерлер бар. Қылмыскер сотталды. Сол кездегi уақытша қамау абақтысының басшысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот айыпталушыны өз қызметiн асыра пайдаланды, жауапсыздық танытты деп таныды. Қазiргi таңда жазасын өтеп жатыр. Осы жылдың 10 желтоқсанында Жоғарғы сот бұл iстi қайта қарайтын болды”.
Әсем ендi әдiлет iздеп Астананың төрiнде Ақорданың түбiнде тұрған Жоғарғы сотқа әкесiнiң өлiмiне кiнәлiлерге тиiстi жаза қолдануды сұрап бармақ. “Басын бастадым, қандай жағдай болмасын, әкемнiң iсiн соңына дейiн жеткiземiн” дейдi ол.
Әсемнiң тағы бiр айтқаны, жақында ғана ашылған “Мейiрiм Маңғыстау” қорының қамқорлығына iлiнiп, Жаңаөзеннен екi бөлмелi пәтердiң кiлтiн алыпты. Жаңаөзен қаласы әкiмдiгi жұмысқа орналасуына қолғабыс болыпты. “Бар жағдайымды Маңғыстау облысының әкiмi Алик Айдарбаевқа айттым. Уәдесiн бердi, орындады” дейдi ол ризашылығын да жасырмай.
Маңғыстау облысының әкiмi Алик Айдарбаев Жаңаөзен оқиғасы кезiнде жәбiр көргендерге көмек берiлгенiн, әлi де берiлетiнiн айтады. Ай сайын Ақтаудан ат терлетiп Жаңаөзенге келетiн облыс әкiмi оқиға кезiнде жарақаттанғандардың жайын, қаза тапқан отбасылардың бүгiнгi күйiн бес саусақтай бiлетiн көрiнедi. Дәл қазiр оларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық қоры ашылған. Оған бизнесмендер, кәсiпкерлер, сондай-ақ басқа да азаматтар ақша аударып, бұл қаражат бiрiншi кезекте жағдайы өте ауыр, көмекке аса зәру азаматтарға берiлуде. Мұны облыс әкiмiнiң жеке өзi қатаң бақылауға алған. Мәселен, дәл қазiр Жаңаөзен оқиғасы кезiнде қаза тапқан 2 азаматтың отбасына екi бөлмелi пәтер, бiреуiне үй тұрғызып берiлдi.
ХАЛЫҚТА ҮРЕЙ, ҚОРҚЫНЫШ БАР
Сондай-ақ, оқиға кезiнде жәбiр көрген жаңаөзендiктерге тек қана материалдық емес, облыс әкiмдiгi және «ҚазМұнайГаздың» арнайы жобасымен моральдық-психологиялық көмек ұйымдастырылған. Ресми ақпараттарға қарағанда, бұған дейiн бұл қызметтi көрсету үшiн Ресейден арнайы мамандар шақырылған. Алайда жергiлiктi халық қазақтiлдi мамандардың келуiн талап еткен. Халықтың сұранысы ескерiлiп, қазiргi таңда қалада арнайы қазақтiлдi кәсiби психологтар жұмыс жүргiзуде. Жаңаөзен халқының бүгiнгi психологиялық ахуалын бiлу мақсатында психологиялық көмек көрсету жобасының жетекшiсi дәрiгер-психолог Абылайхан Рысдәулетовтi сөзге тартқан едiк.
– Жобаның жоспарына сәйкес психологиялық көмек көрсету үшiн тұрғындарды бiрнеше топқа бөлiп алдық. Олар: оқиға кезiнде қаза тапқандардың отбасы мүшелерi, жарақаттанғандар, сотталғандар мен олардың туыстары, сондай-ақ, кәсiби көмекке жүгiнгiсi келген мұнайшылар мен жаңаөзендiктер. Әдетте психологиялық қызметтiң ережесiне сәйкес көмек сұраныс бойынша жүргiзiледi. Десек те, жергiлiктi жағдайға байланысты бұл ереженi өзгертуге тура келдi. Мысалы, алғашында халық психологиялық көмек алуға бiрден келе қойған жоқ. Әрбiр үйдiң есiгiн қағып, көңiл айтып, қайғысына ортақтасып, кiм екенiмiздi, қандай мақсатта келгенiмiздi түсiндiрдiк.
– Сонда Сiздерге күмәнмен қарап, секем алғаны ма?
– Иә. Жаңаөзендiктердiң барлығы дерлiк сырттан келген әрбiр адамға күдiкпен, күмәнмен қарайды. Өйткенi оқиғадан кейiн қаптаған құқық қорғау органдарының, ұлттық қауiпсiздiк қызметiнiң, әкiмдiктiң, қаржы полициясының қызметкерлерiнен, тiптi журналистерден де мезi болған. Әйтсе де, маман ретiнде кәсiби тұрғыдан байланыс орнатып, сенiм ұялата бiлдiк. Нәтижесiнде, тек оқиға кезiнде жәбiрленгендер ғана емес, былайғы жұртшылық та көмегiмiзге жүгiнуде.
– Оқиға кезiнде оқ атылды, қан төгiлдi... Салдары да жоқ емес шығар?
– Әрине, бұл оқиға – орасан зор психологиялық жарақат. Себебi оқиға кезiндегi қатты күйзелiстiң терiс салдары болды. Стрестiң ең басты факторлары орын алды. Ол дегенiңiз жарақатын алу, жақын адамынан айырылу, жұмыстан шығып қалу. Тiптi ажырасу деректерi де болған. Кейбiр адамдарда стрестiң салдары ендi көрiнiс беруде. Мысалы, психосоматикалық проблемалар сияқты түрлi психологиялық мәселелермен көмекке жүгiнгендер де болды.
– Халықтың билiкке, үкiметке деген көзқарасы қандай екен?
– Халықта әлi күнге шейiн үрей, қорқыныш бар. Әсiресе, құқық қорғау қызметкерлерiне деген жеккөрiнiшi айқын байқалады. Жастарда латенттi агрессия бар. Бұл мәселелердi көрiп тұрып, көрмегенсуге болмайды. Облыс әкiмдiгi мен «ҚазМұнайГаз» ұйымдастырған бұл жобаның басты мақсаты – психореабилитациялық және психопрофилактикалық шаралар жүргiзу. Сондықтан кешендi түрде ұзақ мерзiмдi кәсiби мамандандырылған көмек көрсетiлуде.
Айтпақшы, сейсенбi күнi бiр топ азамат оқиға кезiнде қаза тапқандарға құран бағыштап, ас садақа беруге ресми түрде рұқсат алу мақсатында Жаңаөзен қаласының әкiмi С.Тұрымовқа арнайы хат жолданғанын “Жас Алашқа” хабарлады. Үшбу хатта Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқандардың рухына 2013 жылдың 13-14 желтоқсанында “Теңге” қауымында ас садақа берiлетiнi, 16 желтоқсан күнi “Тәуелсiздiк” алаңында оқиға құрбандарын еске алып, 2 минут үнсiздiктен соң құран бағышталатыны хабарланған. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар мұнда ешқандай саяси астар жоқ екенiн және тәртiпсiздiк болмайтынын ескерткен. Сондықтан орган қызметкерлерi бұл iс-шараға кедергi келтiрмеуiн сұраған.
Дилара Иса, "Жас Алаш" газеті