Алаштың Ақ жолы
2013 ж. 10 қараша
3108
1
Биылғы жылдың басында өздерін Алаштың рухани ізбасары санайтын «Ақ жол» демократиялық партиясы «XXI-ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты Жалпыұлттық байқауын жариялаған еді. Ондағы басты мақсаты Алаш зиялыларының шығармашылық мұрасын және олардың принциптік көзқарастарын зерделеу, жалпы ұлттық құндылықтарымызды қазіргі заманғы Қазақстан қоғамына насихаттап тарату болатын. Сондықтан да мұндай маңызды шараға белсене қатысуға еліміздегі барлық зиялы қауым өкілдері шақырылған-ды. Бұл байқаудың шартына сәйкес, «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің мемлекет құрылысына және демократиялық құндылықтарға көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі»; «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің экономикалық көзқарастары және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі»; «Алаш» көшбасшылары жұмыстарындағы қазақстандық қоғамның әлеуметтік жаңғыруы, еуропалық жолмен дамуы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі»; «Бұқаралық ақпарат құралдарында ағымдағы жылда жарияланған жоғарыда аталған кез-келген тақырыптар бойынша үздік публицистикалық материалдар» тәрізді төрт номинация бойынша келіп түскен зерттеу еңбектері іріктеліп, оның алғашқы кезеңдерінің қорытындысы шығарылуы тиіс болды. Сол себепті, «Ақ жол» демократиялық партиясының басшылығы Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдарымен бірлесе отырып, атап айтқанда, ЕҰУ-нің проректоры, Қазақстан ҰҒА корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабек (Қазылар алқасының төрағасы) пен журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы ғалым Қайрат Сақ, әлеуметтік мәселелер факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел, саясаттану ғылымдарының докторы Нәубат Қалиевтың қатысуымен республикалық қазылар алқасын құрған еді. Жалпыұлттық байқауға келіп түскен материалдар алдымен осы ғалымдардың сараптамасынан өтіп, алғашқы сынақ кезеңдеріне жіберілді.
Жақында, қараша айының 1-2 күндері Семей қаласында осы Жалпыұлттық байқаудың алғашқы кезеңі екі номинация бойынша қорытындыланып, оның жүлдегерлері анықталды. Бұл маңызды іс-шара Қазақ инновациялық-гуманитарлық, заң университетінің бас ғимаратының конференц-залында болып өтті. Оған арнайы жергілікті зиялы қауым өкілдері мен мұрағат-мұражай қызметкерлері, Семей қалалық мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері келіп қатысты.
«Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы Сәбит Байдалы жалпыұлттық байқауды салтанатты жағдайда ашып, жиналған қауымға Семей қаласы бойынша Қазылар алқасының төрағасы, Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел мен алқа мүшелері: ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Жазылбеков пен Алмас Тұртаев, Семей қаласындағы Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрдықұл Шанбайды таныстырып өтті. Ол өз сөзінде: «Былтыр, 2012 жылдың 23 қарашасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің қолдауымен Алаш қозғалысының 95 жылдығына арнап өткізген «ХХI ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ұлттық ғылыми-практикалық конференцияда «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Алаш тақырыбындағы ғылыми еңбектерге, тарихи, журналистік зерттеулерге студенттер, жас ғалымдар және журналистер арасында бәйге жарияланатынын, оның қорытындысы жыл сайын шығарылып тұратынын мәлімдеген болатын. Содан кейін көп ұзамай «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының шарттары жарияланған еді. Бүгін, міне кезінде Алаш қала аталған– Семейде Алматы қаласынан 4, Семейден 4, Астанадан 2 үміткер жалпыұлттық байқаудың соңғы кезеңіне шығу үшін бақ сынасады. Барлық үміткерлерге үлкен шығармашылық табыс тілейміз», - деді.
Өз кезегінде «Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясының мүшелері ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттары Нұрлан Жазылбеков пен Алмас Тұртаев жалпыұлттық байқауға қатысушы ізденушілерді құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Белгілі экономист-ғалым, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел осы байқауға байланысты Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің алаштанушы ғалымдарынан құрылған Қазылар алқасының іріктеуінен өткен бірінші номинация бойынша сегіз, екінші номинация бойынша екі жұмыстың авторларын кезегімен мінберге шақырды. Мәселен, бірінші номинация – «Алаш қозғалысы қайраткерлерінің мемлекет құрылысына және демократиялық құндылықтарға көзқарасы, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» тақырыбы бойынша Алматы технологиялық университетінің 2-ші курс студенті Назерке Жүсіпова, Қазақ Ұлттық университеті заң факультетінің 3-ші курс студенті Алуа Мұратова, Қазақ ұлттық аграрлық университеті ветеринария факультетінің 1-ші курс студенті Бектөре Мансұров, Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің 3 курс студенті Талғатбек Манаш әл-Машанитегі мен т.ғ.д., Зада Дүкенбаева, ҚР БҒМ мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Жанна Қыдыралина, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің магистрі Алмас Ысқақов, Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының аға ғылыми қызметкері Қарлығаш Ибрагимова, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің гуманитарлық-заң факультеті, тарих мамандығының 2-ші курс магистранты Ақмарал Оспанова жұрт алдында баяндама жасап, өз еңбектерін қорғады. Конференцияға қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, нақты жауаптар қайтарылды.
Ал енді екінші номинация – «Алаш қозғалысы қайраткерлерінің экономикалық көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» атты тақырыбы бойынша жұрт назарына Семей мемлекеттік университетінің «Экономика және бизнес» кафедрасының аға оқытушысы, экономика магистрі Арай Әлімжанова «Алаш қайраткерлері «Қазақ» газетінде көтерген экономикалық мәселелер» атты зерттеу еңбегін, Алматы қаласындағы Халықаралық Бизнес академиясының 4-ші курс студенті Мұқағали Қаимов өз эссесін ұсынып, баяндап берді. Қазылар алқасының шешімі бойынша бұл екі еңбек жеке-жеке жүз мың теңге сыйлықпен марапатталды. Осыған қоса бірінші номинацияның қорытындысы бойынша үздік деп танылған ҚР БҒМ мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Ж.У. Қыдыралинаның «От Алаш к независимости Казахстана: преемственность идей» атты және әл-Фараби атындағы ҚҰУ тарих факультетінің 3-ші курс студенті Талғатбек Манаш әл-Машанитегі мен ҚР БҒМ мемлекет тарихы институтының Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.О. Дүкенбаеваның «ХХI-ғасырдағы Алаштың ақ жолы» атты зерттеу еңбектері де жоғары бағаланып, 100 мың теңгенің жүлдегері атанды.
Сонымен, Семейде Астанадағы байқаудың қорытынды кезеңіне екі номинация бойынша үміткерлерге жолдама берілді. Басқа екі тақырыптағы номинациялар бойынша екі-екіден тағы төрт үміткерге берілетін жолдамалардың тағдыры алдағы қараша айының соңына дейін еліміздің басқа қалаларындағы осындай жиындарда шешіледі. Екінші кезеңнен жүлдегер атанған зерттеу еңбектерінің авторлары Алашорда үкіметі құрылуының 96 жылдығы қарсаңында Астанада өтетін «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық конференциясында баяндамалар жасап, бас бәйгелерді сарапқа салатын болады. Мәселен, Қазылар алқасының шешімімен бірінші номинация бойынша Талғатбек Манаш әл-Машанитегі – әл-Фараби атындағы ҚҰУ тарих факультетінің 3 курс студенті Талғатбек Манаш әл-Машанитегі мен т.ғ.д. Зада Оразғалиқызы Дүкенбаеваның бірігіп жазған «ХХ1 ғасырдағы Алаштың ақ жолы» еңбегі мен ҚР БҒМ мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары, т.ғ.д. Жанна Үркінбайқызы Қыдыралинаның «От Алаш к независимости Казахстана: преемственность идей» атты эссесі Астанадағы конференцияда сарапқа салынатын бас бәйге үшін өтетін бәсекеге жолдама алды. Сонымен қатар екінші номинация - «Алаш қозғалысы қайраткерлерінің экономикалық көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» тақырыбы бойынша жүлдеге ие болған екі жұмысты – Семей мемлекеттік университетінің «Экономика және бизнес» кафедрасының аға оқытушысы, экономика магистрі Арай Әлімжанованың «Алаш қайраткерлері «Қазақ» газетінде көтерген экономикалық мәселелер» атты еңбегі мен тақырыбы номинация атауына сәйкес Алматы қаласындағы Халықаралық Бизнес академиясының 4-курс студенті Мұқағали Джамбайұлы Қаимовтың эссесін соңғы турға дейін әлі де уақыттың барлығын ескеріп, өз жұмыстарын жетілдіріп, жақсарта түсудің қажеттілігін атап өте отырып, сол мүмкіндіктерді қалт жібермейді деген сеніммен ақтық сайысқа жіберуге ұйғарды.
Жалпы Семей жерінде өткен байқау өзінің Алаш зиялыларының мұрасын және олардың принциптік көзқарастарын зерделеу және оны қазіргі заманғы Қазақстан қоғамына тарату, соған жұрттың, әсіресе жастардың қызығушылығын ояту болып табылатын негізгі мақсатын орындады. Білім, ой жарысына қатысқандардың және аудиторияға жиналғандардың көпшілігі жастар болғандығы, ХХ ғасырдың басында Алаш қаласы атанған Семей азаматтарының Алаш мұрасына қызығушылығы мен оны қастерлеушілігі зор екендігі осы шараны ұйымдастырушыларды қуантты. Бұл ерекше көңіл күй Алаш арыстарының идеяларын керек ететін жоқтаушылар, оны одан әрі тарататындар келешекте де табыла беретініне үлкен үміт ұялатады.
Байқау соңында Семей қаласы бойынша Қазылар алқасының төрағасы, белгілі экономист-ғалым Мырзагелді Кемел бірінші және екінші номинациялар бойынша жазылған зерттеу еңбектерге шолу жасай келіп, жас ізденушілерге бірқатар елеулі сын-ескертпелер айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта байқаудың келесі номинациялары бойынша мұндай іс-шара Алматыда және Астана қаласында Байқаудың финалдық сатысы өткізілетінін жеткізді.
Семейде өткен Жалпыұлттық байқаудың екінші кезеңіне байланысты өткен жиынға «Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық Кеңесінің бұқаралық жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі хатшысы Әбдіразақ Сұлтанов пен аймақтық жұмыстар жөніндегі хатшысы Берік Дүйсембинов, партияның Орталық Кеңесінің мүшесі Бекболат Жамангазин, партияның ШҚО филиалының төрағасы Талғат Құрманғалиев қатысып отырды.
Астаналық қонақтар Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, суретке түсті. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың атындағы Алаш мұражайында болып, түрлі экспонаттарды тамашалады.
Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
5 қараша 2013 жыл
www.qazaquni.kz