«Бас-басына би болған желтоқсандықтардың қайсысымен жұмыс істеу керек...»
2013 ж. 29 маусым
1993
3
«Ақ жол» көшбасшысы Азат Перуашев желтоқсандықтарды бірлікке шақырды
2013 жылдың 27-інші маусымында «Ақ жол» ҚДП-ның Астанадағы Орталық кеңсесінде Партия төрағасы Азат Перуашевтің қабылдауында «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің Жақсылық Жексенбаев, Бейсенбай Құспеков, Жұлдызай Бейсенбаева т.б. мүшелері болды. Онда олар мамыр айында бірлестіктің есеп беру және сайлау конференциясын өткізгендерін, оған 100-ден астам делегаттар тіркеліп, аталған жиынның заңды өткенін, соңғы төрт жылдағы ұйымның төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы Нүкеннің әдейілеп шақырылғанына қарамастан қатыспағанын айтты. Конференция қорытындысымен ұйымның жаңа жетекшісі болып Жақсылық Жексенбаев сайланған. Бірақ қазіргі таңда Әділет министрлігіне қайта тіркеу жүргізілмеген көрінеді. Сондай-ақ желтоқсан көтерілісіне қатысушылар ұйымдастырушылық жұмыстарды жүргізуге қаражаттың да қол байлау болып отырғанын да айтты. Аталған ұйым өкілдерін мұқият тыңдаған Азат Перуашев Әділет министрінің орынбасарларының бірімен тікелей хабарласып, желтоқсандықтарды қабылдап, олардың қойған мәселесі әділ шешілуін сұрады. Сондай-ақ ол желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды бірлікке, бірігуге шақырды. «Әйтпесе, желтоқсандықтар құрған ұйымдар саны аз емес және олардың бастары біріге де қоймайды. Біз, тіпті, бас-басына би болған желтоқсандықтардың қайсысымен жұмыс істеу керектігімізді білмей дал болдық. «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлер арасынан демеушілер тауып, солардың есебінен желтоқсаншылардың қоғамдық автокөлікте тегін жүруін қамтамасыз етпек болып, желтоқсаншылардың тізімін жасағанда, сол тізімнің ішінен 10-12 жасар балалардың аты-жөндері шықты. Осыдан кейін бұл жұмысты жүргізу тіпті мүмкін болмай қалды». «Мен желтоқсандықтардың арасындағы бірлікке сызат түсіретін бей-берекет тірліктерді қаламаймын, ал жеке өз басым қалай болғанда да желтоқсандықтарды қолдауды жалғастыра беремін, - деп сөзін жалғастырды Азат Перуашев. Тек өздеріңіздің ішкі тәртіптеріңізді ретке келтіріп, іске жұмыла кіріссеңіздер болды. Барлық заңдылықтарды сақтап, тіркеуден өтсеңіздер, ұйымдастырушылық жұмыстарыңызды жүргізіп, қаз тұрып кетулеріңіз үшін қаржылай көмек те береміз. Сіздер жеке шаруаларыңызбен ғана емес, жастар санасына осы көтерілістің Тәуелсіздік жолындағы маңыздылығын жеткізумен айналыссаңыздар, қандай ғанибет болар еді. Қазіргі таңда ұлттық тарихымыз қайтадан зерделеніп жатқанда Желтоқсан көтерілісіне де тарихи-саяси баға беру қажет. Өкінішке қарай, бәзбіреулер Қазақстан Тәуелсіздігін қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасқан күресінің нәтижесі емес, бір сәттік тағдырдың тартуы деп қабылдайтын сияқты. Шындығына келгенде, Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында қаншама батыл қадамдар жасалып, талай жан құрбан болды. Осы жолда ондаған жылдарға созылған күрес пен көтерілістер аз болған жоқ. Солардың бірегейі мен қорытындысы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі деп тануымыз қажет.» Тоталитарлық жүйенің зардаптарын аз тартпаған Сіздер қоғамды ажыратуға емес, ұйыстыруға қызмет еткендеріңіз абзал, - деді сөзінің соңында Партия көшбасшысы.«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі,
27 маусым, 2013 жыл.