«Едіге» эпосы: эпикалық шындық пен тарихи шындық
2013 ж. 27 маусым
13559
6
Едіге Құтлу Набанұлы 1352-1419 жылдар аралығында Қаратаудың теріскей бетіндегі Құмкент шаһарында туып, ғұмыр кешкен әйгілі би. Есімі ел арасына кең тараған, тарихшылар еңбектерінде жиі аталады. Қазақ шежіресінде Едіге бидің үрім-бұтағы былайша таратылады: Маңғыт әулетінен Кұтлу Қабан (ел аңызы бойынша Түкті Шашты Әзіз) Едіге батыр. Едігеден Нұрадин, Қасым, Сайдалы, Марсұр. Марсұрдан Мұса, Жаңбыршы туады. Мұсаның он екі баласы болған деседі. Одан әрі Ағыс, Көгіс, Алшағыр, Смайыл, Шаһ - Мамай, Орақ, Орманбет би (арғыннан шыкқан кейінгі Орманбет би емес), Қарасай, т.т. "Әуелгі бабасы Әбу Бакр әл-Садық Разиалланың төрт ұлы бар еді. Екеуінен кішілі - ұлысы, оның аты Мұхаммед еді. Шамда патша еді. Оның ұлы Сұлтан Каяб еді, ол да Шамда патша болды, оның ұлы Сұлтан Хамид еді, ол Сарсарда болды. Оның ұлы Сұлтан Халид еді, ол да Сарсарда патша болды, оның ұлы Сұлтан Қайдар, ол да Сарсарда патша болды. Оның ұлы Сұлтан Маулид еді, ол да Сарсарда патша болды. Оның ұлы Әбу-л-фана еді, ол Антақияда патша болды. Оның ұлы Сұлтан Сәлім еді, ол да Антақияда патша болды. Оның ұлы Сұлтан Садық еді, ол да Антақияда патша болды, оның ұлы Сұлтан Әбу-л-хак еді, ол Мадаинда патша болды. Оның ұлы Сұлтан (Осман еді), ол да Мадаинда патша болды. Оның ұлы Жалаладдин еді, ол Кастантинеде (Константинополь) патша болды. Оның екі ұлы бар еді, бірінің аты - Адхам және бірінің аты Баба Туклас еді. Баба Туклас Қагбада патша болды. Баба Тукластың белгілі үш ұлы бар еді. Бірінің аты Аббас, Қағбаның оң жағында, бірінің аты Абдрахман Хожа еді. Ол да Қагбада жатыр. Үшінші ұлының есімі Тырма еді. Бұл Тырма (Терме) Еділ-Жайықта қаза болды. Оның ұлы Карачи еді. Ол да Еділ-Жайықта қаза болды. Оның ұлы Ислам Кия, ол да Еділ-Жайықта қаза болды. Оның ұлы Құтлу Қия, Құмкентте қаза болды. Оның ұлы Едіге би (Алла оған рахим етсін). Құтлу Қияны Урус хан шаһид қылды"
Осыған ұқсас тағы бір шежіре бар. Ол шежіре атақты Мұрын жыраудың "Қырымның қырық батыры" циклында жырланатын Едіге қиссасында шертіледі. Онда: Аңшыбай батыр, одан Бабай Түкті Шашты Әзіз, одан Парпария батыр, одан Құттықия батыр. Сол Құттықиядан Едіге туады. Едігеден Нұрадин батыр, одан Мұса батыр, оның бір баласы Мамай батыр. Одан Орақ батыр, одан Қарасай батыр, одан Қазы батыр, одан Қарадөң батыр, одан Жұбаныш батыр, одан Сүйініш батыр, одан Ертегіс батыр, одан Еркөгіс батыр, одан Тама батыр, одан Тана батыр, одан Нөрік батыр; Нөрік батырдан Шора батыр туады. Міне, осылай жалғасып кете береді. Бұлардың бәрі өздерінің ата-баба жолын, батырлық дәстүрін жалғастырған ішкі, сыртқы шапқыншы жаудан елін, жерін қорғап келген атақты батырлар, билер боп өткен.
Едігенің әкесі ел билеген. Ақорда өмірі болған. Құмкент шаһарын орталық еткен. Едіге жас кезінен-ақ әкесіне ілесіп жүріп, ел басқаруды үйреніп ер жеткен.
Едіге Алтынорда ханы Тоқтамыспен тұстас болған. Ал Тоқтамыстың 1380-1395 жылдары Алтын орданы билегені, Сауран, Сығанақ шаһарларын орталық еткені тарихтан белгілі. Едіге сол Тоқтамыспен тізе косып, кейін Еділ, Жайыққа дейінгі жерді өзіне қаратып, Ноғай ордасының негізін каласады.
1396 жылдан бастап Алтынорда хандығын 15 жылдай билейді. Ноғайлы ордасын кеңейтеді. Кейін Тоқтамыс ханды өлтіреді. 1419 жылы Сарайшық қаласының жанында Тоқтамыс балалары кегін қайырып, оны өлтіреді, ел-жұрт Едіге бидің денесін Ұлытауға әкеп қояды. Ескерткіш-күмбез орнатады. Ол манда "Едіге тауы", "Едіге обасы" деген жерлер бар. Дала перзентінің бойындағы даналық бұғанасы қата бастаған шақта-ақ белгі берген. Бізге жеткен аңыз-әңгімелерде Едігенің хан алдында қаймықпаған қайсарлығы ақыл мен пайым-парасаттылығы турасында көп айтылады. Ел жадындағы Едіге әрі батыр, әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі ақылгөй дана болған тұлға.
«Едіге» — түркілерге ортақ мұра
…ХХ ғасырдың 40 жылдарынан бастап Едіге батыр және оның ұрпақтарына байланысты жырлардың бәрі де жарияланбады, не ауызға алынбады. Себебі татар обкомының жұмысы туралы 1944 жылы тамызда «Татарстан партия ұйымы бұқаралық-саяси және идеологиялық жұмысының жайы мен оны жақсартудың шаралары туралы» ВКП(б) Орталық комитеті қаулы алып, сонда қатты сыналды. Бұл өткен заманды дәріптеушілік, бұнда басқыншылықты ақтау бар деген күйе жағылды. 1947 жылдан бастап Қазақстанда да едігетану тоқтатылды. 1947 жылы 21 қаңтарда ҚК(б)П Орталық Комитетінің қаралы қаулысы шығып, онда «Қазақ әдебиеті тарихын» құрастырушылардың саяси босаңдығы сыналды, яғни большевиктік қырағылығы төмен деп бағаланды. Қаулы шыққан соң құрастырылып жатқан «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына енген «Едіге» жыры, оның ұрпақтарына қатысты «Орақ-Мамай» жыры алынып тасталынды.
1953 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Президиумының ұйымдастыруымен өткізілген қазақ эпосы туралы пікірталасы негізінде бұл жырларға одан әрі қара күйе жағылды. Бұл бір Қазақстандағы емес, КСРО-дағы басқа да түркі халықтары басына әр түрлі сыпатта келген, бірақ түбірі бір нәубәт еді. «Соның ішінде басты мақсат ретінде түркі халықтары бірлігін мүлде жойып жіберуді көздеген еді» [Бердібай Р. Шығ.жин. 1-т. – 2005,143-б]. Осылайша әбден әлсіреген тұста тағдырдың желі оңынан туып, түркі халықтарының біразы тәуелсіздікке қол жеткізді. Соның арқасында ғана бүгінгі күні «Едіге» жырын жан-жақты зерттеп, әділ бағасын беруге даңғыл жол ашылды.
«Едіге» жыры хақында әр заманда құнды пікірлер айтқан Ш.Уәлиханов, П.М.Мелиоранский, В.В.Жирмунский сияқты ғалымдар болды. Тәуелсіздіктен соң Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Е.Мағауиннің ғылыми еңбектері шықты.
Ғалымдар тарапынан «Едіге» эпосы хақында әр түрлі жекелеген пікірлер айтылғанымен жырдың барлық ұлттық версиялары, нұсқалары арасындағы сюжеттік ара-жігін, поэтикасын салыстыра зерттеп, жеке қарастырған көлемді еңбек болған жоқ. Ең алдымен, осы жырдың жанрлық сипаты жайында анық тұжырым, жырдың ішкі ерекшеліктеріне негізделген дәйекті дәлел жоқ. Эпостың тууына себеп болған тарихи оқиғалар, тарихи қайраткерлер туралы да басы ашылмаған мәселелер де баршылық. Мәселен, жырдың басты кейіпкерлерінің бірі Тоқтамыс хан бірыңғай қараланып, ал Ақсақ Темір дәріптеліп келеді. Алтын Ордада 18 жыл билік құрған, Көк Орда мен Ақ Орданың басын қайта қосып, біздің мемлекетімізді нығайтқан Тоқтамыс хан жамандалып, Ордамызды үш қайтара шауып, әбден титықтатып, бір арнаға салынып қойылған алдағы мың жылдық бағыт-бағдарымызды теріске бұрып кеткен Ақсақ Темір мақталып, ондаған кітаптың ең жағымды кейіпкеріне айналды.
Қазіргі күні «Едіге» жырының оңтүстіктегі Түрікмен, Өзбек Республикаларынан бастап, Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында барлығы, сондай-ақ Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталғаны айқын болып отыр. Сондықтан бұл эпикалық шығарманың табиғатын терең танып, зерделеп шығу үшін оны тек қазақ халқы мұрасы аясында, тар ауқымда тексеру жеткіліксіз. Жартыкештік етпек. «Едіге» эпосының түркілерге ортақ мұра екендігіне дау жоқ. Сондықтан ол қай халыққа «көбірек тиесілі» деген келеңсіз сөзді қаузамай, эпосты бүкіл түрікілік деңгейге көтерген жөн. Сонда ғана түркі халықтарының адамзаттық рухани қазынаға қосқан үлесін анығырақ білуге мүмкіндік туады.
«Едіге» эпосы – Алтын Орда дәуіріндегі ата-бабаларымыздың кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана күркіреп тұрған мемлекетін, рухани бірлігін, тұтастығын, басынан ұшқан бағын жоқтауы, жан даусы, имандай сыры.
«Едіге» – тарихи эпос емес, әйтсе де, туындының тууына өткен дәуірдегі оқиғалардың үлкен ықпал еткеніне күмән келтіруге болмайды. Тарихи оқиғалар эпостың ауқымына түскен соң оның заңдылығына орай қайта қорытылатыны да, өзгеше күйге еніп, жаңаша жасалатыны да рас.
«Едігеге» зор тағылымдық, танытқыштық қуат беріп тұрған да қиялдағы емес, тарихтан орын алған, халықтық санада өшпестей болып таңбаланған Алтын Орда дәуіріндегі ірі оқиғалардың ізі екені даусыз. Ол оқиғалар эпикалық биікке көтеріліп берілген. «Едігенің» көп версиялы, ондаған нұсқалы, халық жүрегіне жақын болып қалыптасуының негізгі бір себебі, тілінің көркем, композициясының шебер болғандығына ғана байланысты емес, түркі халықтарының есінен кетпестей орын алған тарихи оқиғаларға да қатысты. Ол оқиғалар сілемі әр қилы ғылыми мақалаларда түрлі деңгейде әңгіме болғанымен түбегейлі тексерілмегені, әрі олай істеуге солақай саясаттың мүмкіндік бермегені де мәлім. «Түркі халықтарын рухани жағынан ғана емес, этностық жағынан да қайта табыстыратын өсиет сөздің «Едіге» эпосынан орын алуы да» туындының озықтығының бір қыры болып табылады [Бердібай Р. 1-т. – 2005,266-б]. Сондықтан эпостың тарихи негіздерін жан-жақты зерттеудің алар орны ерекше. «Едіге» жырының пайда болуына себеп, негіздерді қарағанда, Алтын Орда шегіндегі түркі халықтарының тағдырына тікелей қатысты оқиғаларға көңіл аударған жөн. Сонда ғана біз эпос туғызған орта мен жағдайға анық көз жеткізе аламыз. Оның үстіне эпостың басты кейіпкерлерінің Едіге, Тоқтамыс хан, Ақсақ Темір, Нұраддин сияқты дүниежүзіне танымал тұлғалар болуы шығарманың тарихи негіздеріне айрықша назар аударуды талап етеді. Себебі заманында жарты әлемді біріктірген айбынды Алтын Орданы он сегіз жыл билеген Тоқтамыс хан, жиырма жыл бойы оның билік тұтқасын ұстаған Едіге, әлемге әйгілі жиһангер Ақсақ Темір есімдерінің өзі осыны қажетсінеді. Бұл жерде отарлық езгі кезінде Алтын Ордаға берілген теріс баға «Едіге» эпосын толық танып білуге кері ықпал еткендігін ұмытпауымыз керек. Оның үстіне сақталып қалған тарихи деректер, негізінен, ірі оқиғаларды ғана шежірелеген, ал шын мәнінде, Едіге, Тоқтамыс, Ақсақ Темір араларындағы өзара байланыс анағұрлым шытырман, иірім, бүкпесі көп болғаны аңғарылады. Ұлттық версияларды тарихи деректермен өзара салыстыра отырып, астарына үңілсек, Едіге мен Тоқтамыстың әуелде тату болып, соңында бірінің түбіне бірі жететін дұшпандарға айналуына қандай себептер бар екендігіне көз жеткізуге болады.
«Едіге» эпосында тарихи оқиғалар жаңғырығы айқын байқалады. Сол себепті кейбір татар, қарақалпақ ғалымдары бұл туындыны тарихи жыр мен батырлық жыр ортасындағы аралық жанр деп қарайды. Эпос тарихи аңыз негізінде туындағандықтан, оны сол дәуірдегі нақтылы тарихи, саяси, әлеуметтік жағдайларды баяндайтын еңбектермен салыстыра зерделеу шындық пен аңыздың арақатысын айқындай түспек. Ал шығарманың бас қаһарманы – Едігенің өмір сүрген кезеңі мен тарихи орнын Алтын Орда мемлекетінің тағдырынан бөлек алып қарау мүмкін емес.
Жырдың тарихи негіздерін ғылыми тұрғыдан саралап ашуға алғаш қадам жасаған қазақтың бір туар ғалымы Шоқан Уәлиханов еді. «Джир Идыге по событиям относится к концу ХІV в., должно быть составлен в начале ХV в. Это доказывается многими старинными словами и оборотами, которых теперь нет в языке», – деп, мұндағы тарихи оқиғалардың ХІV ғасырда өтіп, туындының ХV ғасырда пайда болғанын негізді түрде көрсетеді. Эпостағы басты қаһарманның тарихи Едіге екендігін алғаш айтқан да қазақ оқымыстысы еді. Ол жөнінде Шоқан: «Самый замечательный исторический джир киргизский – это «Идыге», тот самый Идыге, Эдеку, Идигей, о котором говорится в ярлыке Тохтамыша, тот самый бек, mangap и темник, который разил Витовта при Ворскле и управлял ордой безотчетно при четырех ханах», – дей келіп, «Существование Идыге, несомненно, как существование Тохтамыш-хана и Тамерлана. Оно подтверждается не только народными преданиями, но и письменными фактами. Ибн-Арабшах говорит об Идыге, что он был одним из дьяволов Тамерлана. В хрестоматии Хальфина (изданной в Казани) находится родословная Идыге, составленная по преданиям казанских татар», – деп, көп нәрсенің бетін ашады [Валиханов Ч.Ч. Собр. соч. в 5-ти томах. Том 5. – Алматы: Главная редакция казахской советской энциклопедии. 1985,с.297]. Ғалым бұнымен шектелмей Едігеге қатысты аңыздарды, жер атауларын, сол дәуірде өмір сүрген ерлердің аты-жөнін көрсетеді. Хальфин хрестоматиясына сүйене отырып, батырдың арғы ата-бабаларын, олардың кім болғанын баяндай келіп, мынандай түйінді қорытынды жасайды: «сообразую народное казанское предание, сохраненное Хальфином, и показания Ибн-Арабшаха с этою степною рабсодией, можно с достоверностью заключить только то, что Идыге был происхождения духовного, что он занимал при Тохтамыше значительную должность, потому что сам Тохтамыш поручал ему и «крымские споры и военные дела» и потом же он называет его бием по преимуществу, говоря: «Видано ли было, что бы хан бежал, а бий его преследовал?» [Валиханов Ч.Ч. Т. 5. –1985,с.297-298].
Едігенің жеке басына байланысты деректер қарама-қайшалыққа толы. Эпостың татарша нұсқасында да қарт Бодай би Едігені Еділ бойындағы Булгарияға Ақсақ Темірді ертіп келгені үшін кінәлайды.
Анда әйтте Бодайби: Сонда айтты Бодай би:
– Көлгә-ташка болганып, – Көлге-тасқа былғанып,
Болгарыма ни булгай – Болгарыма не болған –
Чыңгыз улы Жучи хан – Шыңғыс ұлы Жошы хан –
Ул да ватып ватмаган, Ол да батып, батпаған,
Жучи улы Байду хан – Жошы ұлы Бату хан –
Ул да бозып бозмаган Ол да бұзып, бұзбаған
Болгарым бүген бозылды. Болгарым бүгін бұзылды.
Син дә булып ир булдың, Сен де болып, ер болдың,
Баба Төкләс улы пир булдың; Баба Тұқлас ұлы пір болдың;
Сыенганым син идең, Сыйынғаным сен едің,
Бу жиһанның фетнәсе Бұ жаһанның фәтнесі
Аксак Тимер дошманны Ақсақ Темір дұшпанды
Сарайга алып китердең, Сарайға алып келтірдің,
Йөз баһадир иреннән Өз баһадүр жерінен
Йорт жиреңне бастырдың, Жұрт жеріне бастырдың, –
дейді [Идәгә. – Казан: Татарстан китап нәшрияты, 1988,166-б].
Кейбір ғалымдардың пікірлері де мұны қуаттайды. Мәселен, ХХ ғасыр басында өмір сүрген татардың аса ірі ғалымы, «Шура» журналының бас редакторы, эпостың татарша нұсқасын жинаушылардың бірі Ризаэтдин Фахретдин өз журналында 1908 жылы «Мырза Едіге» атты мақала жариялайды. «Пусть простит Идегея Аллах всемогущий, он пожертвовал общими интересами ради личных интересов. Привел Тамерлана в эту страну (государство) и уничтожил страну Дешт-и Кыпчак, невообразимым образом разгромил и разбросал общество мусульман, привел к разрыву всяких взаимоотношений между ними. Если в эти дни мусульмане этих земел оказались в страшно униженном положении, то виновником всего этого является Тамерлан и помощником в доведении этой трагедии до конца был мирза Идегей. Все равно умер, все равно погиб от руки одного человека, если бы ушел в тот мир от руки хана Токтамыша, страна ислама не была бы настолько разрушена и уничтожена», – дейді [Урманче Ф. Народный эпос Идегей. – Казань: Фән, 1999,149-б].
ХХ ғасыр басындағы қазақ білімпазы һәм тарихшысы Мұхамеджан Тынышбаев та «Ертегідегі Едіге мен тарихтағы Едіге» атты зерттеу еңбегінде жырдағы Едіге мен тарихтағы Едіге мәселесіне талдау жасай келіп: «Әмір Темірдің Шағатай ұлысында істегенін Едіге Жошы ұлысында істемекші боп он төрт жыл ел биледі. Едігенің балалары, немерелері ол жолды ұстап, әрқайсысы әр ханға уәзір болып, бір-бірімен атыстырып, шабыстырып отырып, Алтын Орданың берекесін де кетірді, түбіне де жетті. Сонымен Алтын Орда бытырап, жоғалуына бірінші себепкер болған – Едіге, оның үрім-бұтағы. Ертегі Едігені жер-суға сыйғызбай, қанша жоғары көтерсе, тарих жолында тоз-тоз болып құрып кеткен Жошы ұлысының көзімен қарағанда, бұ жұртқа жаманшылық істегендердің арасында Едігеден асқаны жоқ» дейді [Тынышбаев М. Ертегідегі Едіге мен тарихтағы Едіге // «Сана» журналы, № 2-3. 1924 ж,38-45-б]. Яғни, Едігені кінәлау ғалымдардың зерттеулерінде де бар екен.
Кейінгі ғалымдар ішінде Р.Бердібайдың тарихи Едігеге қатысты көзқарастары да өңкей мақтаудан тұрмайды. Ол өзінің «Едіге батыр» жыры туралы» дейтін зерттеуінде «Әмір Темірдің құлағын көтеріп, оны Тоқтамысқа қарсы айдап салуда Едігенің әрекеті ерекше болған», «Темірдің 1395 жылы Солтүстік Кавказ жерінде Алтын Орда әскерін қырып салуы да, сол өңірдегі көп елдерді ойсыратып кетуі де оның Тоқтамысқа өштігінен шыққан. Мұндай сойқанның да ішінде Едігенің мансап есебі жүргені шүбәсіз», – дейді [Бердібай Р. «Едіге батыр» жыры. //«Әлем». № 1, 1990,275-б].
Орыс жылнамасында: «Едіге көп адамды сабады, көп адамды тұтқынға алып кетті, көп адам қырғынға ұшыратылды… Бір татар келсе, біздің көп адам жақындауға бата алмайды, әйелдер мен балалар қорқып, бет алды қашатын», – деп таңбаланған [Едіге батыр. Жинақ. – Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының республикалық баспа кабинеті, 1999,7-б].
Академик Б.Д.Греков: «В русской историографии давно сложилось представление о Едигее как об одном из наиболее коварных и хищных ордынских правителей. Это представление покоится на наиболее ценном и полном источнике по истории русско-татарских отношений конца ХІV и начало ХV в. – русской летописи. Говорим – «наиболее ценном и полном источнике», так как восточные (арабские и персидские) источники почти совсем не касаются русско-татарских отношений и заключают в себе важные сведения о Едигее, относящиеся к первому и последнему периодам его деятельности, а в остальном касаются лишь золотоордынской обстановки и отношений Золотой Орды со Средней Азией и Кавказом. Характерно, что восточные источники никакой симпатии к Едигею не проявляют и склонны считать его человеком неверным, который легко изменяет своему слову» дей келіп, Едігені жамандауда В.В. Бартольдқа арқа сүйейді. Куәлікке тартады. «О Едигее имеются небезинтересные мысли у В.В. Бартольда в статье «Отец Едигея». В.В. Бартольд далек от идеализации личности Едигея. Он писал, что если отрешиться от легенды и придерживаться истории, то основной чертой его характера явится неверность. «Покинув Урус-хана, – пишет В.В.Бартольд, – и порвав с отцом ради Тохтамыша (был ли он нукером последнего, как уверяет Абулгази, из истории Тимура не видно), Едигей потом изменил самому Тохтамышу и снова примкнул к Тимуру в 1391 г.», которому он позже опять изменил» [Греков Б.Д., Якубовский А. Золотая Орда и ее падение. – М.–Л: Наука, 1950 ,с.384-385].
Осылардың үстіне Едігеге қатысты 1944 жылғы татар обкомының жұмысындағы кемшіліктерге байланысты қаулыны қосыңыз.
Көзінің тірісінде-ақ Едігені жек көрушілер жеткілікті болған. Оның ішінде атақты Ақсақ Темір мен Тоқтамыстың алар орны үлкен. Бұларға арқа сүйеген қаншама жұрт Едігенің өзін, саясатын жамандап, әңгімелер, өлең-сөздер, аңыздар таратқан. Яғни Едігені қаралау да, мақтау да сол заманда, көзінің тірісінде бар еді, әлі жалғасып келеді.
Бұған қарама-қарсы пікірлер де бар. Бүгінгі ноғай ғалымдарының еңбектерінде Едіге бірыңғай мақталады [Ногайдынъ кырк баьтири. Эдиге. – Махачкала, 1991,5-13]. Қарақалпақстан ғалымдары зерттеулерінде Едігеге қоса Ақсақ Темір дәріптеледі [Мамбетов К. Өзбек алымлары Әмир Темир, Әмир Едиге һәм олардың әл адлары һаһында // Еркін Қарақалпақстан. 28.03.1996; Баһадыров М. Политическая история Золотой Орды // Конференция тезислери. 5-6 сентябрь, 2001 ж. Нөкис,27-34-б ].
Сонымен Едігені біреулер кінәлайды, екінші біреулер асыра дәріптейді. Кінәлаушылар оны Алтын Орданы құлатушыға шейін апарады. Екі жақтың да сүйенетін тарихи негіздері бар: ескіден қалған жылнамалар, ілгерідегі тарихшылар айтқан пікірлер бар. Былайша айтқанда, «Едіге» эпосы қапастан шығып, қайта жарияға жол тапқан тұста аталмыш мәселе де өткір күйінде қалып отыр. Әлі күнге жете зерттелмеген Дешті Қыпшақ шежіресі мен тарихи Едігені жан-жақты зерттеу енді ғана басталды. Едіге турасындағы аңыздар мен әпсаналарды зерттеген профессор Ф.Урманче: «…сначало в среде ногайского народа возникает и формируется чрезвычайно богатый по содержанию и исключительный по форме дастан. Проходят годы и десятилетия. И этот дастан распространяется и среди других тюрксих народов и превращается в один из самых популярных историко-эпических героических сказаний тюркских народов», – дейді [Урманче Ф.1999,с.47]. Жырдың пайда болуын зерттеген ғалымдардың бірі П.А.Фалев ноғайлар туралы: «Они отрядами выходили из своих улусов и нанимались в военные защитники в соседних ханствах и у соседних племен. В этот период ногайцы разнесли свой эпос по всей Средней Азии до самого Алтая. Их значение было столь велико, что киргизы до сих пор называют ногайцами приходящих в их степи с Запада (т.е. откуда приходили настоящие ногайцы) поволжских татар» дейді [Сикалиев А. Ногайский героический эпос. – Черкесск, 1994,с.16].
Академик В.М.Жирмунский де «Едіге» эпосы әуелде ноғайлар арасында пайда болды, содан сыртқа тараған деген пікір ұстанады.
Одан бұрын зерттеген Радлов пен Мелиоранский де осындай пікірде.
ХХ ғасыр басында өмір сүрген қазақ білімпазы Мұхамеджан Тынышбаев бұл көзқарастарды теріске шығарады: «Сонымен Қырымнан Алтайға шейін, Қызыл Шәріден Ташкент, Үргенішке шейін, баяғы Жошы ұлығындағы жұрттың тұқымдарына Едіге ертегісі тегіс жайылған, осы ортадағы түрік тұқымына Едіге ертегісі әбден белгілі. Едігенің дәурен сүрген жері – көбіне Еділ-Жайық маңайы, тарих көрсетуінше Едіге Маңғыт (ноғай) және балалары ноғай арасында қалған еді деп. Сондықтан Едіге әңгімесі әуелде ноғайдан басталып, содан жан-жаққа, өзге көршілес елдерге таралған ғой деп Радлов айтады. Бұл сөзді Мелиоранский де қоштаңқырап отыр. Біз Радлов, Мелиоранский айтқанын қате деп білеміз. Европа тарихшылары, орыс тарихшылары қанша жетік болғанымен, жергілікті, отырықшы жұрттың жүрісі, тұрысына қарай пішіп, көшпелі елдің салтын жете түсінбей, жоғарғы жұрттар бір-біріне туысқан болса да, Қырымдағысын Қырымға тұсап, Қазандағысын Қазанға, Ноғайдағысын Ноғай жеріне бекітіп, қазақ, Сібір татарлары, қарақалпақты орын-орнына жылжытпай матастырып, байлағандай қылып қояды», – деп орынды уәж айтады [Тынышбаев М. Ертегідегі Едіге мен тарихтағы Едіге // «Сана» журналы, № 2-3. 1924 ж ].
Тарихты жетік білетін М.Тынышбаев кезінде аталған жұрттардың бір мемлекетте тұрғанын, татар, ноғай, башқұрт, қарақалпақ, қазақ, кавказ түркілері бір-бірімен мидай араласып жатқанын, ру, тайпаларының бірдейлігін, Алтын Орда ыдыраған соң бұрынғы бірліктің неге кеткенін аз сөзбен, аса ұтымды тәсілмен ұғынықты қылып түсіндіреді. Ғалым ол жөнінде былай дейді: «Өзгелер елемеген бір істі Аристов жазып кетті, бұл – түрік тұқымдарының ата тегі, ру, таңбалары. Бұдан жеті жыл бұрын Гродеков олардың ұрандарын тізіп еді. Осынша қызық істерді көрсетіп отырып, Аристов өзі жол тауып, сөзін аяқтапты», – дейді [Тынышбаев М. «Сана» журналы, № 2-3. 1924 ж].
Ал Аристовтың жазуынша:
1) Қырым татарының рулары – арғын, қыпшақ, қоңырат, найман, алшын, байұлы, жағалбайлы, тама, керейт, қаңлы, ширин, барин, дхөүрмен.
2) Астрахань ноғайлары: найман, бағаналы, ергенекті, жағалбайлы, қоңырат, қыпшақ, кете.
3) Башқұрт: табын, тама, қыпшақ, керей, таз (байұлы).
4) Қазанда: арғын, қыпшақ, тама, беріш (байұлы). Бұларды өзіміз тауып отырмыз.
5) Кавказда: арғын, шеркеш (біздің шеркешімізбен олар бір жерден шыққан – бұған біздің толық дәлеліміз бар).
6) Қарақалпақта: найман, қыпшақ, қоңырат, әлім, шөмен, тама, жағалбайлы.
7) Еділдің орта ағымындағы Еділ татары көбінесе қыпшақ тұқымынан.
Бұған сүйене отырып М.Тынышбаев төмендегідей тұжырым жасайды: «Осы айтылғандардың бәрі баяғы замандарда араласып жүріп, кейін Алтын Орда бұзыларда, тоз-тоз болып жыртылып, біреуі онда, біреуі мұнда кетті. Бұл турадан толық дәлелімізді жазбақшымыз; анық осындай болмаса да, 16-ншы жылы Жетісудан Қытай қашқан қазақ-қырғыз осы тәрізді жыртылып, әр жерде қалғаны бізге анық белгілі.
Көшпелі ел бір жерде тұрмай, біресе ары, біресе бері толқып жүргенде әр аудан, әр жерде қала берген. Мұны Ташкент уезіндегі құраманың құралғанынан көріп және отырмыз. Тама атақты Нәрікұлы Шора батыр Қазанда өлгенін Карамзиннен оқып отырмыз. «Ата-бабамыз Қырымнан келген екен» деген сөзді қазақ арасынан, әр жерден естиміз. ХVІ ғасырдың ортасында Қазан, Қырымды орыс алған соң, ары-бері жүруге жол кесіліп, қырымдағысы – Қырымда, Қазандағысы – Қазанда, Ноғайдағысы – ноғайда қала берді. Жайықтан күншығыс жақтағылар енді олармен үйірі қосылмасына көз жетіп, күдер үзіп, орыстан ығысып барып, бөлек қазақ хандығын құрды. «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген сол заман (1570-1590 жылдар). Оған шейін Алтын Орда арасы (жалғыз-ақ Қырым демесе) ашылмаған. Едіге батыр, Әмір Темір, Тоқтамыс хан бәрі замандас; Едіге 1419-1420-сыншы жылдарда өлді, онда ел жапсары ашылмаған кезі. Алтын Орда осыдан 130-150 жыл кейін бұзылып, Жошы ұлысы жан-жаққа сонда бытырады» [Тынышбаев М. «Сана» журналы, № 2-3. 1924 ж ].
«Едіге» эпосы кімдікі?» екендігіне қатысты теріс таластың әлі күнге дейін барлығын біз жоғарыда атап өттік. Бұл мәселені Мұхамеджан Тынышбаев ХХ ғасырдың басында-ақ шешіп берген еді. Өкінішке қарай, білікті тарихшы ғалымның оң пікірі эпосқа қатысты проблемалардың ең басында тұру орнына көбіне мүлде ұмыт қалдырылады.
«Бір Едігенің өмірін әрқайсысы әр түрлі қылып, өзді-өзінің тұрмысына қарай ыңғайлап, атадан-балаға баяндап қалдыра берді. Сондықтан ертеде болған Тоқтамыс хан, Едіге, Уақ – Ер Көкше, Ер Қосайы, Тама Шора, Едіге тұқымы, Орақ, Мамай, Орманбет бидің аттары қазақ арасында (әсіресе аттасы, суласы болған Кіші жүзде) осы күнге шейін ұмытылған жоқ. Сондықтан бұларды Қазан да, Қырым да, Ноғай да ұмытқан жоқ… Сондықтан 1922 жылы Ташкенде басылып шыққан 7 батырға таласып «біздің батырларымызды қазақ өзінікі қылыпты» деп отыр. Едіге ертегісі, әуелі Ноғай арасында шықты, содан жан-жаққа жайылды деген Радлов пен Мелиоранский сөзін осы себептен қате қылып отырмыз. Алтын Орда бұзылғаннан бұрын болғандарға барлық ұзақ ертегілер бәріне бірдей», – дейді білімпаз Мұхамбетжан Тынышбаев [Тынышбаев М. «Сана» журналы, № 2-3. 1924 ж].
Сайып келгенде, Ш.Уәлихановтың да ойы осыған тіреледі. «Довольно странно и замечательно, что все почти народы Среднеазиатских степей все древнее приписывают ногаям и многие почитают их своими предками. Так говорят Каракалпаки и дикокаменные киргизы. «…Киргиз-Кайсаки тоже все развалины в юго-западной полосе своей земли приписывают так же ногаям, и башкиры имеют также притязания на ногаев. Пункт этот особенно достоин исследования, и я намерен говорить о нем более подробно в другом месте» [Валиханов Ч.Ч. Сочинения // Записки Русского Географического Общества. – Т 29. – СПб. 1904,с.189]. Өкінішке қарай, өмірі қысқа болған Шоқан бұл ойын жүзеге асыра алмады.
Сонымен, Едігенің істеген ісі, өмір жолы қым-қиғаш қарама-қайшылыққа толы. Эпостардың бас қаһармандары әдетте дәріптеліп, идеал кейіпкерге айналатын еді, бай болып барша мұратына жететін еді. «Едіге» жырының басты кейіпкері олай болмай тұр. Едігенің кінәсі жоғарыдағы татар нұсқасындағымен шектелмейді, эпостың басты, негізгі версияларының бәрінде дерлік қателесіп, баласымен қиғаш жағдайға келіп, көзінен айырылады, ақырында өледі және өлімі кісіден болады. Ал Сыпыра жырау: «Еділден әрі өткен жоқ, мына бір тоғыз ерді жібер де, алдап-сулап қасыңа ал, қасыңа ал да басын ал!» – дейді [Мағауин Е. Едіге. – Алматы: Айқап, 1993,37-б]. Яғни, батырымыз әдеттегідей өңкей жақсы болып, ақ түске боялмайды. Судан таза, сүттен ақ емес. Бұл жағдай эпостың өзіндік даралағын аңдататын айрықша ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Оның үстіне, тарихтағы Едігенің беделіне нұсқан келтіргенімен, кейіпкердің түрлі-түстілігі жырдың көркемдік қуатын арттырған. Жырдағы Едіге әдеттегідей ақ не бірыңғай қаратүсті емес, түрлі-түсті.
Едігенің кім екенін білмей тұрып, жырды терең түсіну мүмкін емес. Ал Едігенің кім болғанын білу үшін эпос кейіпкерлері – Тоқтамыс пен Ақсақ Темірдің тарихи бейнелері туралы хабардар болуға тура келеді.
Тоқтамыс хан
Шығармадағы Тоқтамыс бейнесі тым астарлы. Мұның бір себебі «Едігені» шығарған, жетілдірген адамдар жыраулар екендігінде. Ал жыраулар поэзиясының бір ерекшелігі – оның астарлы болып келуінде. Шығармадағы Едіге бейнесін де, тарихи Едігені де Тоқтамыстан, Ақсақ Темірден бөліп алып қарауға болмайды. Едіге образын жеке тексеру ойдағыдай нәтиже бермейді. Эпос кейіпкерлерінің дүниені тітіреткен, аузын айға білеген Ақсақ Темір мен құдіреті күшті Батый негізін салған, бүкіл Еуразия кеңістігін алып жатқан алып та қуатты империя Алтын Орданың азулы хандарының бірі Тоқтамыс болуы – көркем шығарманың құнды, бағалы жағы. Қазіргі әр түрлі халықтар арасында кең тарауының негізгі себептерінің бірі де – осы. Сондықтан Едігені айтқан соң, Тоқтамыс пен Темірді қатар алып жүруге тура келеді. Әлем тарихынан ойып орын алатын бұл аса ірі тұлғалардың тарихи бейнелерінің қалтарыс-бүкпесін ашып, жан-жақты зерттеу – тарихшылардың еншісіндегі нәрсе, біз эпосқа қатысты тұстарына ғана назар аударуға тырысамыз. Себебі, соңғы екі тұлғаны танымай тұрып, Едігенің кім екенін білу мүмкін емес.
Қазақтың «Едіге», «Едіге батыр» эпосын өзге түркілер кейде басқаша атайды. Белгілі ғалымдар да осы жолды ұстанған. П.М.Мелиоранский оны «Сказание об Едиге и Токтамыше» десе, Алексей Белослюдов жариялаған нұсқа «Едиге би и Токтамыш» деп аталады. Ал Дағыстаннан шыққан оқымысты Мұхаммед Османовтың «Ноғай уә Құмық шиғырлары» (СПб, 1883) жинағындағы бұл эпостың нұсқасы «Тоқтамыс ханның хикаяты» аталады. Профессор И. Березин өзінің «Турецкая хрестоматиясында» мұны «Рассказ о Тохтамыше» дейді. Көріп отырғанымыздай «Едіге батыр» жыры деп жүрген жырымыз кейде «Тоқтамыс» жыры атанып кетеді екен. Түркі жұрты шегінен асып, дүниежүзі фольклорының алтын қорына кірген атақты шығарманың басты екі кейіпкерінің бірі – Тоқтамыс бейнесін зерттеу әрі қызықты, әрі зәру мәселе екені сөзсіз. Кеңес үкіметі тұсында Тоқтамыс образы «жағымсыз образға» жатқызылып, үнемі қараланып келді. Мұның тарихи себептері бар. Туындының ұлттық версияларында тарихи оқиғалар сәулеленетіндіктен, яғни Тоқтамыс туралы жырдың генезисінде нақтылы тарихи оқиғалар жатқандықтан, Тоқтамыстың көркем бейнесі мен тарихи бейнесін салыстыра зерттемей, жыр табиғаты түсініксіз күйде қала бермек.
«Қазақ Совет Энциклопедиясында» Тоқтамыс хақында: «Тоқтамыс таққа отырысымен Ордадағы Шыңғыс хан тұқымының тақ үшін 25 жылғы қырқысуларын жойды. Сонымен қатар Көк Орда, Хорезм, Хажы Черкестің, Астрахань игіліктері мен Мамай Ордаларының басын қосып, қуатты Жошы ұлысының бірлігін қалпына келтіруге күш салды» делінген [Тоқтамыс // ҚСЕ. 11т. – Алматы, 1977,86-б].
Жырдың татар версиясында Тоқтамыс хан туралы:
Борын үткән заманда Бұрынғы өткен заманда
Болгар белән Сарайда, Болгар менен Сарайда,
Жаек белән Иделдә, Жайық пенен Еділде,
Алтын Урда, Ак Урда – Алтын Орда, Ақ Орда –
Данлы кыпчак жирендә, Даңқты қыпшақ жерінде,
Татардан туган Нугай илендә Татардан туған Ноғай елінде
Туктамыш дигән хан булды; Тоқтамыс деген хан болды;
Ил булганга – ил булды, Ел болғанға – ел болды,
Яу булганга – яу булды. Жау болғанға – жау болды.
Биләгәне кол булды, Билегені құл болды,
Әйдәгәне мал булды. Айдағаны мал болды.
Сарай дигән каласы, Сарай деген қаласы,
Сиксән күчә арасы, Сексен көше арасы,
Сары мәрмәр Алтын Таш Сары мәрмәр Алтын Тас
Сигез йортка дан булды, Сегіз жұртқа дан болды, –
деп таңбаланған [Идәгә. – Казан: 1988,11-12-б].
Шынында да, Тоқтамыс Алтын Орданың босай бастаған іргесін қайта бекіткен айбынды хандарының бірі еді. Соған қарамастан ноғай, қазақ, қарақалпақ, татар ғалымдары еңбектерінің Тоқтамысқа қатысты тұстарында қараланады. Ал «Едіге» эпосына «Ақымақ хан мен ақылды уәзір» туралы шығарма деген пікірлер айтылды. Мысалы, осы замандағы белгілі татар оқымыстысы, профессор Ф.Урманче «Халық эпосы – Едіге» атты монографиясында: «… Что с этого времени Токтамыш начинает свой многочисленные войны против полководца, который сделал немало для того, что бы посадить Токтамыша на золотоордынский трон – против Тимура», – деп кінәлайды [Урманче Ф. 1999,145-б].
Муин-ад-дин Натанзидің «Ескендір анонимі» деп аталатын еңбегінде Тоқтамыс ханның шығу тегі былайша сипатталған: Шыңғыс ханнан Жошы, одан Сасы Бұқа, одан Ерзен, одан Шымтай, одан Тайқожа, одан Тоқтамыс [Прошлое Казахстана в письменных источниках V в до н.э. – ХV в. – Алматы: Өлке. 1997,с.129-130].
Ал Қадырғали би Қосымұлының шежіресіндегі «Тоқтамыс хан дастаны» бөлімінде: «Бұ Тоқтамыс хан Еділ бойында өтті. Тайқожа ұланның ұлы еді. Оның хикаялары әр түрлі (сипатта) мәлім және белгілі» дейді [Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. – Алматы: Қазақ университеті, 1991,252-б].
Осы деректерден анықтайтынымыз, Тоқтамыс – Жошы ханның ұрпағы, әкесінің аты – Тайқожа.
Көк Орданы билеп отырған Орыс хан Ақ Орда мен Көк Орданы біріктіру үшін қарамағындағыларды жинап, құрылтай өткізеді. Ханның бұл пікіріменен Тайқожа келіспейді. Орыс хан Ақ Ордаға қарсы аттанған кезде ол жорыққа қатыспайды. Осы қылығы үшін хан Тайқожаны өлтіреді. Оның жас баласы Тоқтамыстың өміріне де әлденеше рет қауіп-қатер төнеді. Ақыр соңында елін тастап, Мауеренахрдағы Ақсақ Темірге қашады. Ол жөнінде Өтеміс қажы өзінің «Шыңғыс-наме» атты еңбегінде былай дейді: «Бұл Орыс хан да ұлы патша болды, бүкіл Түркістан уәлаяттарына билік жүргізді. Тоқтамыс хан мен Темір-Құтылы ханға ол кезде хандық тимеді. Бұлар аталмыш ханның қызметінде жүрді, Алланың рахымымен Тоқтамыс оғланның бойында патшалық фәрр байқалды да, аталмыш оғланның нөкерлері мен басқа адамдар оған ықтиярмен тағзым етті.
Жұбаназар Асанов,
филология ғылымының докторы,
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық
институтының оқытушысы.
Abai.kz