Қазаққа жасалған қиянат
2013 ж. 28 мамыр
4810
3
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
Өткен ғасырдың 20-50-жылдарында қызыл империя кезінде жазықсыз жандарды жазалау, өмір сүріп отырған мекендерінен күштеп жер аудару, психиатриялық мекемелерде күштеп ұстау немесе бас бостандығынан айырып, түрмеге тоғыту, тіптен асып-атудың жаппай орын алған сұмдықтары тарихымыздан белгілі. Осы бір адамзаттың еркіндігіне бағытталған зұлымдық әрекеттердің бастаушысы Сталиннің 30 жылдық режимі кезінде тек қана революцияға қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін деген жаламен 4 миллионға жуық адам (жылына 125-130 мың) ату, тағы да басқа түрлі жазаларға тартылған екен.
Қазақстанға большевизмнің билікке келуі, Азамат соғысы кезінде босып қырылған халықты айтпағанда, Қазақстан тарихындағы 1921-23 жылдары 1,2 миллион кісі қырылған «Ұлы жұттан» басталды. Осы ортақ опат, барлық атқамінер азаматтарды алашшылсың, не большевиксің деп алалатпай, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығартты». Жұттан аман қалған шығысындағы Зайсанның жұртынан жылуға жиылған мал бастарын қатты күйреген Торғайға айдатып жатты. Бұл қазақ халқының большевиктерге танытқан қолдауы емес, өз қандастарына көрсеткен қайыры еді. Бұл жұтқа, алыстағы АҚШ-тың АРА гуманитарлық ұйымы сол заманның өзінде гуманитарлық көмек қолын созып жатты. Бұл шаралар жұтаған жұртқа аз болса да, өзіндік сеп болғаны анық. Жұт біраз елді күйзелтсе де, қазақ халқының тұрмыс-салтына түбегейлі әсер ете алмады. Халықтың көшпелі қалпы сақталып қалды.
Нағыз жаулауды большевиктер көрсетті. Олардың Қазақстанда толық билікке қол жеткізуі, 1925 жылы Қазақстандағы V кеңестер съезінде автономияға тек «Қазақ» деген көне атауы қайтарылып ғана қоймай, іле-шала ҚАКСР басшылығына Филипп Голощекинді тағайындаудан басталды. Ол, кезінде тағынан тайдырылған Ресей императоры Николай Екінші Романовты бала-шағасымен қосып қырып салуына қатысып, большевиктік сертін қанмен бекіткен еді. Голощекин билік басына келгенге дейінгі қазақ азаматтарының өзара бақталастығы, бірінің үстінен бірі орталыққа сан түрлі мәлімдеме хаттар жазуы, бірін-бірі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, аттарының соңына «щиналарды» қосып ұлтшылдық, солшылдық пен оңшылдығын айыптаулары билікте жүрген халықшыл азаматтардың қатарын сиретті. Голощекин төңірегіне бірыңғай жағымпаз, мансапқұмар, ұлты қазақ болшевиктер жиылып, баяғы патша үкіметінің «бөліп ал да, билей бер» саясатын жалғастыруға мүмкіндік берді. Халық қамын ойлап, билік басында жүрген қазақ азаматтарын бірін-бірімен шағыстырып, бөлінгендерін бөрідей талатып, билігін нақ күшейтті.
Бірнеше рет түрмеге қамалған Әлихан Бөкейханов 1927 жылы Мәскеуге жер аударылды. Сол жылы, саяси және экономикалық саясаттың берекесіздігін сезінген Смағұл Сәдуақасов өз еркімен ағарту халкомы қызметінен Мәскеуге оқуға кетеді, ал, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтар қызметке жіберілді. Ізінше 1929 жылы Нығмет Нұрмақов та ХКК төрағалық қызметіне өз еркімен бас тартып, Мәскеуге қызметке алынады.
Большевиктер билікке келгендегі ең бірінші қарарларына (декреттері) сай, Азамат соғысы кезіндегі көзқарастарына қарамай жалпы кешірім жарияласа да, бұл уақытша көз бүркеу болып, «Алаш қозғалысына» 1929-32 жылдар аралығында саяси нүкте қойылды. Бұл болшевиктер режимінің қазақ руханиятының көш басында жүрген серкелеріне ойсырата берген соққысы болды. «Алаш козғалысының» саяси қозғалыс ретінде тарихи миссиясы тоқтатылды. «Ұлтшыл» деген айып пайда болып, осы іс бойынша 43 кісі Мәскеудегі «Бутырка» түрмесіне қамалып, оның ішіндегі тізімге сәйкес: №1 болып Ахмет Байтұрсынов Архангельскіге жер аударылды; №2 Міржақып Дулатов «Соловки» лагеріне айдалып, кейін 1934 жылы сонда қайтыс болды; №6 Жүсіпбек Аймауытов 1931 жылы алғашқы құрбандардың қатарын құрап, оққа ұшты; №10 Мағжан Жұмабаев, Колыма лагерінен:
Не көрсем де, Алаш
үшін көремін,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!
Мен өлсем де, Алаш өлмес,
көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін, – деп ұрандап, рухты шыңдап жатты. Бұл тізімдегі азаматтар Қеңестер билігіне қарулы және өзге де қарсылық көрсету мақсатында халықты үгіттеді, көбіне үгіттеуі мүмкін деген жаламен жазаланды. Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермеков 1930-32 жылдары түрмеге қамалып, тергеуде болады.
Аштық пен жаппай қудалау жайлаған елдегі жазықсыз жандарды жазалау сот қызметін жүзеге асырған атышулы «үштік» сияқты қанқұйлы құрылымдардың шешімдерімен жүзеге асырып отырды. Ел басына қара бұлт үйірілген осы бір жантүршігерлік заман Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан-ақ басталған болатын. Оған Халық Комиссариаттары Кеңесінің 1918 жылғы «Қызыл террорлар жайлы» қаулысына сәйкес жазықсыз жандарды ату үкімдері төтенше комиссия, атқару комитетінің алқалары, революциялық трибуналдар, тергеу комиссиялары, әскери комитет пен комиссарлар, армия штабтары мен революциялық әскери кеңестерімен шығарылып, орындалғандығы нақты дәлел бола алады. 1919 жылы қаңтар айында Бүкілодақтық Төтенше Комиссияның жанынан айрықша бөлім құрылып, оның мақсаты майданда, тылда революцияға қарсы үгіт-насихат жүргізгендерге қарсы күрес жұмысын өрістету болды. Бұл бөлімнің жұмысын Орталық комитеттің мүшесі ретінде Сталин басқарды.
1922 жылы 6 желтоқсанда Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің шешімімен Бүкілодақтық Төтенше Комиссия жойылып, осы шешіммен Ішкі істер халық комиссариатында Саяси Бас басқарма құрылды. Оған сот қызметін, тіптен ату жазасын жүзеге асыру құқығы берілді. 1923 жылы КСРО құрылғаннан кейін, Саяси Бас басқарма – Айрықша Саяси Бас басқарма болып өзгерді. Айрықша Саяси Бас басқармасына сот үкімінсіз, өзінің қалауы бойынша әлеуметтік қауіпті деп тапқандарды 3 жылға концентрациялық лагерьлерде қамауда ұстау сияқты билік берілді. Осындай жөн-жосықсыз билікке ие болған олардың бейкүнә халықты зар жылатқан жантүршігерлік әрекеттерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
1937-1938 жылдары КСРО Ішкі істер халық комиссариаты КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы қарайтын істердің тергеуін аяқтамай-ақ айыпталушыларға алдын ала жаза түрін белгілеп отырған. Олар арқылы сотқа жолданатын адамдардың тізімі, айыпталушыларға алдын-ала белгіленген жаза түрін бекіту үшін Сталиннің тікелей өзіне жіберілген. Мұндай айыпталушыларға, негізінен, ату жазалары белгіленген. Тізімді Сталин бекіткен соң Ішкі істер халық комиссариатының қызметкерлері бұларға арнайы белгі, егер айыпталушыға ату жазасы белгіленген болса, онда айыптау қорытындыға 1 деген сан, ал айыпталушыға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсе, 2 саны қойылып отырған. Жоғарғы соттың Әскери алқасы істер бойынша үкім шығару барысында осы белгілерді басшылыққа алып, оның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз еткен. Әскери алқаның осы істер бойынша барлық сот отырысының ұзақтығы, үкімді жазу мен оны жариялануын қоса алғанда бар-жоғы 15-20 минөттен аспаған. Бұл бұл ма, тіптен КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасында үкімді телеграф арқылы шығара салу фактілері де орын алған.
1937 жылдың тамыз айының 15-де ВКП (б) Орталық Комитетінің қаулысымен жергілікті жерлердегі Ішкі істер халық комиссариаттарының басқармаларына барлық «Отанын сатқандардың» әйелдерін, сондай-ақ, «қоғамға қауіпті және Кеңес үкіметіне қарсы әрекетке бейім» жастары 15-тен асқан балаларды қамауға алып, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына соттау міндеттелген. 1938 жылдың ақпан айында бірінші рет «жаппай конвейер» деп аталатын тәсіл қолданылды. Бұл бойынша арнайы жасақталған бөлмеде бірнеше адамды қабырғаға қаратып тұрғызып қояды. Сонан олар тергеушіге керек мәліметтерді беруге мойын ұсынғанша ұйықтаудың өзі былай тұрсын, отыруға рұқсат бермеген. Кейбір деректерге қарағанда «конвейерлердегі» қамаудағылардың көбісі 30-40 тәулікке дейін шыдас берген. Олардың ішінде емшекте сәбилері бар жас аналар және т.б. жазықсыз адамдар болған. Оларға спирттік ішімдікке тойып алып, мас болған ішкі істер халық комиссариаттарының қызметкерлері ойына келгенін жасаған.
Ал, 1942 жылдың 26 маусымында Мемлекеттік қорғаныс комитетінің құпия қаулысы бойынша РСФСР қылмыстық кодексінің 58-1 бабына сәйкес ату жазасына кесілгендердің отбасы мүшелерін де қуғын-сүргінге ұшырату тәртібі айқындалған. Оған сотты болғанның әкесі, шешесі, күйеуі, әйелі, балалары мен қыздары, аға-апалары мен іні-қарындастары және онымен бірге тұрып, асырауында болғандар жатқызылған.
Саяси тұрғыдан мінсіз жүзеге асырылып жатқан большевиктік шаралар Голощекиннің Қазақстанда «Кіші қазан төңкерісін» жариялаумен ұштасып жатты. Соның мақсаттарына сай, билік тарапынан әдейі жасалған 1928-33 жылдардағы байларды кәмпескелеу мен шаруашылықтарды ұжымдастыру науқаны, алапат ашаршылыққа ұласып, қазақ халқының санын екі есе, 2,3 миллионға кеміп, бұрын-соңды тарихында болмаған демографиялық, әлеуметтік, экономикалық, рухани дағдарыстарына әкеліп соқты, ұлттық сананы сансыратып, сағын сындырды.
1929-30 жылдар аралығында Қазақстан аумағында алғашқы жазалау лагерьлері ашыла бастады. Бұл лагерьлер тек Мәскеуге бағынды және де Қазақстанның шаруашылық айналымындағы жерлерге өз қалауларынша иеленіп жатты.
Ал қазақ даласында, большевизмді қолдап, белсенді құрушылар тарапынан: билік басында болған С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, С.Мендешов, Т.Жүргенов, Ж.Садуақасов, С.Аспендияров және т.б. Қазақ Қеңес әдебиетінің негізін қалаушы Б.Майлин, І.Жансүгіров және т.б. бірыңғай елді ерте білетін, көкірегі ояу, адами қалпын сақтаған, арлы азаматтырдың барлығы шетінен – ұлтшыл, шпион, зиянкестер ретінде айыптады. Олар «халық жауы» атанып, аяусыз тергеуге алынып, жазалары қысқа қайырылып, көбіне аяусыз атылып жатты. Большевиктер, жай ғана өздерін ғана атып қоймай, 1938 жылғы МБСБ-ның ІІХК ( ішкі істер халық коммисариаты – орысша нұсқасы НКВД) №00486 бұйрығына сайкес, «халық жауы» атанғандардың жанұя мүшелері де (ата-аналары, әйелдері, балалары, өзге де жанұя мүшелері) қуғын-сүргінге ұшырады. Толық күшіне енген большевизмнің білдірген ризашылығы осылай қанкүйлі болып, жалпы халықты зәрезап қылды. Көбіне куғындалғандары мен саналылары болмаса, сол сойқан науқан жайында ресми бұқара таратқан ақпаратқа жалпы халық болып сеніп жатты. Режимнің бұл әрекеттеріне қолдау танытқандары да бірсыпыра табылып жатты. Бұл саяси науқан өзінің негізгі мақсатына жаппай жайлаған қоғамдағы үрей мен қорқыныш туғызу арқылы жеткендей-ақ еді. 1937-38 жылдары Қазақстан бойынша жалпы 125 мың кісі қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңы атылыпты. Қазақ халқының болашағы тіпті бұлыңғыр кейіпке енгендей еді. Жаралы руханият хал үстінде жатты. Бұл, қиялай-қиқу заманнан бергі көшпелі қазақ өркениетінің көші тоқтап, өмір-салты өзгергені өз атына, «өркениет жасаушы ұлт» ретінде, дүниежүзілік тарихта сақталып қалуының өзі сынға түскен заман болды. Бұрын-соңды «ұлы державалық шовинизмнің» арғы арам ниеті қазақ руханиятын һәм өркениетін жұтып жіберу болса да, іс жүзінде қазақты – «бұратана» (орысшасы – «туземец», «инородец») деген сөзден көп аса қоймай, тек большевиктер колдарын толық жеткізе алғандай еді. «Ұлы державалық мүдде» идеясымен қуаттанып, тек Сталинді ұлықтаған мәңгүрт тобырдың біртұтас халықты құртуды көздеген науқаны сәтті жүзеге асырылғандай болды. 1928-33 жылдары геноцидке ұшыратып, тірідей қыра алмаған қазақты, бақташысы жоқ үріккен қойдай бытыратып басқаруды көздеді. 1937-38 жылдары халықтың генофондын жоюды көздеген науқанның жүзеге асырылуы, халықты біржолата жоюды көздегенін анық аңғартады.
Жанбота ТАСБОЛАТҰЛЫ,
«АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінің аға ғылыми қызметкері