"Қазақ" газетінің 100 жылдығын билік қашан атайды?..
2013 ж. 24 мамыр
2468
1
Қазақ баспасөзі қарлығашы "Қазақ" газетіне 100 жыл!
Бүгін, яғни, 2013 жылдың 24 мамыры күні сағат 11.00-де Қазақтың халықтық музыка аспаптары музейінде Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, осы тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, музей қызметкерлері, ұстаздар, ғалымдар, «Ақжол», ЖСДП партияларының белсенділері қатысты. «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары, журналист, «Қазақ үні» газетінің бас директоры Қазыбек Иса, ЖСДП саяси Кеңесінің мүшесі, белгілі саясаткер Балташ Тұрсымбаев, «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жазушы Бейбіт Қойшыбаев, жазушы Совет-Хан Ғаббасов, осы жолдардың авторы Жұмаш Кенебай және саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысып, сөз сөйледі және аталмыш музей өнерпаздары концерт қойды. Жиналғандарға жазушы Бейбіт Қойшыбаев пен саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың және «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның, т.б. «Алаш» зерттеушілерінің сөздері қатты әсер етті. Иә, «Қазақ» газеті – ХХ ғасырдың басындағы Алаш көгіне күн болмаққа ұмтылған ұлт перзенттерінің тұрақты мінберіне айналған, басқаша айтқанда, қазақты оятқан қасиетті басылым. Кезінде «Қазақ»» газеті турасында қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген баласына дейін түгелімен ой түсіріп, ұлтты өлі ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» деген еді. «Ел бүгіншіл мен ертеңшіл» деп қазақ педагогикасының атасы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ертеңшіл өр ұрпақ тәрбиелеу үшін, кешегі арманда кеткен арыстарымыздың еңбегін бүгінгі ұрпақ санасына құйып отыру – әр қайсымыздың ең басты азаматтық борышымыз екенін, осы дөңгелек үстелге қатысқандар ашық айтты.Жұмаш КЕНЕБАЙ (Көкбөрі),
www.TANYM.TV сайтының бастығы, ақын, журналист.
"Ақ жол" партиясы "Қазақ" газетінің 100 жылдығын атады
2013 жылдың 24 мамыр күні сағат 11.00-де Алматыдағы Қазақ халық музыкалық аспаптары музейінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Алматы қаласы тарихының музейі ұйымдастырған қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы «Қазақ» газетінің 100 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.
«Қазақ» газеті – XX ғасырдың басындағы Алаштың көгіне күн болмаққа ұмтылған ұлылардың тұрақты мінберіне айналған және байтақ даладағы қалың елдің қоғамдық санасын оятып, қалыптастыруда сол заманда ерекше мәнге ие болған басылым. Бұл жайында ұлы жазушы М.Әуезов: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына дейін түгелімен ой түсіріп, өлі ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» деген еді. Алты жыл ішінде 265 нөмірі жарық көрген «Қазақ» газеті өз тарихи миссиясын орындап шықты. Алаш рухты жұртының намысын оятып, еңсесін көтеріп, қайратын тасытып, өз ортасынан ұлт көсемі мен алаш қайраткерлерін тәрбиелеп шығарды. «Ел бүгіншіл, мен ертеңшіл» деп А.Байтұрсынов айтпақшы, ертеңшіл ер ұрпақ тәрбиелеу үшін, кешегі арыстарымыздың еңбегін бүгінгі ұрпақтың санасына құйып өсіру іс-шараның басты мақсаты. Дөңгелек үстел іс-шарасына - Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газетінің редакторлар кеңесінің төрағасы Қазыбек Иса, , ЖСДП президиумы мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев, «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Андрей Линник, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.д. проф. Смағұлова Светлана Өдепқызы, т.ғ.к. Өскенбаева Гүлнар Жексеғұлқызы, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, т.ғ.к. Бейбіт Қойшыбай, «Қазақ» газеті редакторының орынбасары Санабеков Жасұлан, жазушы, психология ғ.к., Советхан Ғаббасов, «Нәзір Төреқұлов Халықаралық қайырымдылық қорының» президенті, проф. Аманжол Найманбай, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері т.ғ.к. Қайдар Сейсенбайұлы Алдажұманов пікір-алмасу талқысының модераторы ретінде, сөз беріп, іс-шара бағдарламасы негізінде жүргізді. Іс – шараға алаштанушы ғалымдар, бүгінгі қазақ баспасөзінің басшылары мен қоғам қайраткерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, Алашорда зиялыларының ұрпақтары - Ахметова Азалия Муталапқызы - Ахметов Муталаптың қызы, Байтұрсынова Айман - А.Байтұрсыновтың немересі, Кемеңгерова Гүлнар Нарымбетқызы - Кемеңгеров Қошкенің немересі, Тоғанбаев Төлеш - Тоғанбаев Қартқожаның ұлы, Сейфуллина Рымжан Мәжитқызы – Сәкен Сейфуллиннің немересі, Бейсенова Роза, М.Бейсенов Бақтығалиқызы, Мұхамедханова Дина Қайымқызы, Жұбанова Қызғалдақ Құдайбергенқызы - Құдайберген Жұбановтың қызы, Қадыр Ибраев - Бейімбет Майлиннің күйеу баласы, Сейітова Клара Асылбекқызы - Сейітов Асылбектің қызы, Нұрмақов Аман Жамелұлы - Нығмет Нұрмақовтың інісі, А.Байтұрсынов музейінің директоры Райхан Ипмағамбетова, Мәметова Сәуле Базарбайқызы - Мәметов Базарбайдың қызы, Әбділдаев Мұхаметжан Қыпшақбаев - Әбділдәнің баласы қатысты. Іс-шараны - Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса сөз сөйлеп ашты. Ол алғашқы "Алаш" саяси партиямыз бен үкіметіміз Алашорданың үні - қалың қазақтың үні бола білген "Қазақ" газетінің 100 жылдығы Алаш арманы- Тәуелсіз еліміз үшін мемлекеттік мәні зор саяси-мәдени оқиға екендігіне тоқталды. Сондықтан бұл мереке бір ғана "Ақ жол" партиясы аясында ғана емес, мемлекеттік тұрғыда республика көлемінде аталып өтуі тиіс деді.Одан соң ЖСДП президиумы мүшесі, қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев "Қазақ" газетінің мән-маңызына тоқталып, бүгінгі баспасөзбен салыстыра отырып сәйледі. Сонымен бірге Бейбіт Қойшыбай, Светлана Смағұлова, Гүлнар Өскенбаева,Жасұлан Санабеков, Советхан Ғаббасов, Жұмаш Кенебай, "Түркістан" газеті қызметкері Көлбай Адырбек, Арыстар ұрпақтары атынан Сәкен Сейфуллиннің ұрпағы Рымжан Сейфуллина, Аман Нұрмақов, Азалия Ахметова Мүталлапқызы сөйлеп, естеліктер айтты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің 2 студенті Ысқақ Оралбек «А.Байтұрсыновқа арнау» өлеңін оқыды, «Тұран» фольклорлық – этнографиялық ансамблі концерттік бағдарламасы мен Алашорда жөнінде документалдік бейне-баяны жиналған қонақтарға ұсынылды. Партия тарапынан Алаш зиялыларының ұрпақтарына шағын сый-сияпат, гүл табыстап, Алматы қаласы тарихының музейі қорынан алынған фотосуреттер мен құжаттардан «Алашқа айбын болған арыстар» атты арнайы мазмұндық фото көрменің жасалуына қолдау көрсетті. Айтулы іс-шараға БАҚ өкілдерінен – «Ана тілі», «Түркістан», «Қазақ», «Қазақ үні» газеттері, «Астана», «7-арна», «Алматы» телеарналары, «Tanym-tv» интернет сайты, Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайты, «Massaget.kz» ақпарттық сайты, Gu-gu.kz сайттары қатысты.«АҚ ЖОЛ» ҚДП Алматы қалалық филиалы
www.qazaquni.kz
ШАҒЫН ХАБАРЛАНДЫРУ!
Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, келесі дөңгелек үстел Алматыдағы мемлекеттік мұрағатта 2013 жылдың 29 мамыры күні сағат 10.00-де өтетінін қосымша хабарлаймыз.