Алаш рухының ақтаңгері
2013 ж. 22 мамыр
5720
2
Сексенінші жылдардың басында журналистика факультетінде ұстаз болып жүрген кезімде факультетімізге өрімдей бір жас жігіт оқытушылық қызметке келді. Алғашында бірден жақсы араласып кете алмадық. Біртіндеп білісе бастадық.
Сөйтсек, бұл жігіттің еңсесін көтеріп жүретіндей себеп-салдары бар екен. Өмірхан Әбдиманұлы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріпті. Ол кезде Мәскеуде оқу, оның үстіне Кеңестер Одағында ең атақты университет саналатын МГУ-ді бітіру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін бақыт болатын. Бұған дейін ҚазМУ-дің журналистика факультетінде МГУ-дің журналистика факультетінің түлегі, профессор Марат Барманқұлов пен Ленинград университетін тәмәмдаған Сағымбай Қозыбаевтан басқа атынан ат үркетін беделді оқу орындарынан білім алған ешкім жоқ-тұғын.
Орыстілді Марат пен Сағымбай лекцияларын орысша оқып, ауызекі сөйлескенде де көбіне орыстың тіліне бейім болатын. Ал, мынау Өмірханымыз орыстардың арасында жүріп, Мәскеуде оқу бітіріп келгеніне қарамастан, орысшылдығы байқалмады, керісінше, сабақтарын қазақша өтіп, ауыл қазақтарымен тығыз аралас-құралас жүрді. Өмірханның қазақылығы, қарапайымдылығы соншалық, оның Ресейде орысша оқып, білім алып келгеніне, онда да орыс тілінің «майын ішетін» атақты МГУ-дің журналистика факультетін бітіргеніне сенгің келмейтін. Оның үстіне әңгімелерінің негізі орыс мәдениеті жайлы емес, қазақ әдебиеті, ұлттық журналистика жайында болатын.
Міне, сол Өмірханның қазақ білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келіп, жас журналистер мен филологтарды тәрбиелеу ісінің басы-қасында жүргеніне де тура отыз жыл болыпты. Абыройлы аға жасы алпыстың да асқарына шыққан ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаздың жас ұрпақ, туған жұртына бергенінен-берері әлі алда және аз емес.
Өмірхан Әбдиманұлы 1953 жылдың ерте көктемінде, жыл басы наурыз айының 3-ші жұлдызында Жамбыл облысының қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жақсылық ауылында дүниеге келді. 1960 жылы ауылындағы 8 жылдық мектепке барып, 1970 жылы М.И.Калинин (қазір Ахмет Байтұрсынов) атындағы он жылдық мектепті бітірді.
Еңбек жолын Ленин атындағы ұжымшардың Тельман бөлімшесінде жұмысшы болып бастап, 1970-1972 жылдар аралығында аудандық мәдениет бөлімінде қызмет атқарады. Әскери борышын өтеп келген соң, 1975-1976 жылдары Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде әдеби қызметкер болып, университетке оқуға түскенге дейін-ақ Өмірхан өмірдің біраз жолынан өтіп, оның ащы-тұщы дәмін татып, ысылып қалған болатын. Еті тірі жас жігіт қолына қалам алып, шығармашылық қабілетін аша түсті. «Жезқазған туы» газетіндегі әдеби-публицистикалық шығармашылықпен айналысқан жылдар Өмірханды сөз өнерінің қиын да қызғылықты жолына біржола бағыттаған еді.
1976 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, үздік студент ретінде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне ауыстырылып, оны 1982 жылы аяқтады. 1991 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аспиратурасын тәмәмдады.
Университет қабырғасындағы оқытушылық қызметтің алғашқы жылдары дәріс берудің қыр-сырларын меңгерумен өтті. Басқа мамандықтарға қарағанда, болашақ журналистер қоғамдық өмірдің ұңғыл-шұңғылына жүйріктеу, әр нәрседен хабардар болатыны белгілі. Сондықтан, қазақ журналистикасының теориялық, тәжірибелік жақтарынан дәріс берген Өмірхан әрбір сабаққа мұқият дайындықпен келетін. Өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын жас ұстаздың әрбір сабағы бір-біріне ұқсамай, ерекше сәтті өтетін. Көп ұзамай-ақ Өмірханның дәрістері факультетте айтарлықтай аталып жүрді.
Өмірхан 1983-1988 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультеті теле-радио журналистика кафедрасының оқытушысы, 1992-2009 жылдар арасында филология факультетінде аға оқытушы, доцент, профессор, деканның орынбасары, 2009-2012 жылдары қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Қажырлы еңбек, талмай ізденудің нәтижесінде Өмірхан Әбдиманұлы филология факультеті деңгейінде ғана емес, жалпы университеттегі рейтингі ең жоғары ұстаздардың қатарына ілікті. Білікті ұстаз, белгілі ғалым 2012 жылы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің деканы қызметіне тағайындалды.
Алпыс жас – адам өмірінің кезекті межелі биігі, өткен-кеткен жұмысына есеп беретін еңселі де есті адамның жасы. Тәлімді тәжірибе, биік бедел, асыл абыройға тек табан ақы, маңдай терімен ғана жеткен Өмірханның атқарған іс, шалымды шаруалары қыруар.
Жоғары оқу орындарының бір ерекшелігі – дәріс беретін оқытушылар міндетті түрде ғылыммен айналысып, оны күнделікті оқу үрдісі барысында өндіріске ендіріп отыруға тиіс. Өмірхан да ізденісі мен игілігі қатар ғылым жолына түсті.
Бірақ, бір жағынан, күнделікті дәрістерге дайындық, екінші жағынан, түрлі қоғамдық жұмыстарға араласу қолға байлау болып, ойдағы жоспарлардың дер кезінде жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Табиғатынан қоғамдық жұмыстарға үйір Өмірханның факультет пен университет ауқымындағы күнделікті қым-қиғаш тіршіліктерге белсене қатысып, әсіресе, елімізде алғаш рет республикалық «Қыз сыны» байқауын ұйымдастыруы – ұлағат аларлық орасан шара еді.
Сонымен, Өмірхан 1988 жылы академик Зейнолла Қабдолов басқарған қазақ әдебиеті кафедрасына аспирантураға түсті. Аспирантурада ғылыми еңбектің ғылыми жетекшісі мен тақырыбын таңдауының өзі қызық болды. Өмірханға жетекшілік жасауға қос академик – Зейнолла Қабдолов пен Тұрсынбек Кәкішев қатар ниет білдірді.
Қашан да бұра тартпай, турасын айтатын Тұрсекең бұл жолы да: «Зекең ұсынған Ш.Айтматов туралы тақырып та қажет, әрі терең. Бірақ, Айтматовтың шығармашылығынан қорғап жатқан орыс-қырғыздар жетерлік. Одан да сен қазір зерттеуді өте қажетсініп тұрған Алаш тақырыбына бар. Оған Зекең қарсы болмайды. Өйткені, Алаш мәселесі қазір уақыт сұранысына сай келіп тұр» – деп, мәселені төтесінен қойды.
Мүйізі қарағайдай қос марқасқа академиктің қыспағында қалғандай болған Өмірхан таңдау жасай алмай әрі толқыды, әрі қиналды. Бір қарағанда, әлемге әйгілі Шыңғыс Айтматовтың шығармалары аса терең, асқан ғибратты. Қажетті кітаптар мен деректер өте мол. Ғылыми жұмысты тезірек жазып, жылдам қорғауға болады. Екінші жағынан, түрен түспеген алаш арыстарының тар жол, тайғақ кешкен кезеңі өзінің құпиялылығымен, жұмбақтығымен еріксіз тартып барады. Тарихи дәйек, тиісті құжаттар кемшін, әрі әрқилы. Көп ізденіс, үлкен жұмыс керек.
Ешқашан «ауырдың үсті, жеңілдің астындағы» жайбарақат масылдыққа бой алдырмаған Өмірхан қиындықтан қашпай, қиямет еңбекке бел шеше кіріспекші болды. Ұяты мығым, әдебі басым жас ұстаз, алдымен, Зейнолла Қабдоловтай ұлт зиялысының алдынан өтіп, рұқсат-ризашылығын алды.
Қазақ әдебиетінің тарихына тыңнан жол салып, батыл барған профессор Тұрсынбек Кәкішевтің ақылына жүгінген Өмірхан Алаш тақырыбын таңдап, жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетіндегі азатшыл бағыттың негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынов шығармашылығы бекітілді. Жас ғалым ұлттық рухтың, алашшыл әдебиеттің қайнар бұлағына ден қойды. Осы кезден бастап, Өмірхан Әбдиманұлының бүкіл шығармашылық еңбегі Алаш әдебиетін зерттеуге арналды.
Өмірхан 1992 жылы «А.Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» тақырыбында кандидаттық еңбегін, 2007 жылы «Ұлт-азаттық идеяның ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні мен жаңашылдық сипаты» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Өмірханның негізгі зерттеу нысандары – А.Байтұрсыновтың шығармашылығы, Алаш әдебиеті, қазақ әдебиеті тарихының «ақтаңдақтары», «Қазақ» газеті» (1993), «Ахмет Байтұрсынұлы» (2007), «Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея» (2007), «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық рух» (2010) атты монографиялық зерттеулер – уақыт үдерісіндегі әдебиеттану ғылымының алдына қойылған талаптарға сай жазылған, замана сұранысына толық лайықты, жаңашыл сипаттағы ғылыми еңбектер болды.
1993 жылы жарық көрген «Қазақ» газетінде» қазақтың тұңғыш бейресми басылымы «Қазақ» газетін алғашқылардың бірі болып арнайы зерттеп, оны шығару жолындағы қазақ зиялыларының тарихи еңбегін айқындап, онда жарияланған материалдардың мән-маңызын жан-жақты ашты. «Қазақ» газетіндегі мақалалар жүйеленіп, олар тарихи-публицистикалық, әдеби-мәдени үрдісте қаралып, жан-жақты терең талдаудан өтті.
«Ахмет Байтұрсынұлы» атты зерттеу-эссеге А. Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы, күрес жолы мен қайраткерлік істері арқау болған. Осынау тәлім-тәрбиесі зор еңбекте автор былай дейді: «Ахмет Байтұрсынұлы – Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өмірінен айрықша орын алған тұғырлы тұлға. Бір басына сан түрлі салқар санаткерлік тоғысқан осынау ұлы азамат қазақ руханиятындағы теңдесі жоқ құбылыс десек, артық айтқандық емес» (Ө. Әбдиманұлы. Ахмет Байтұрсынұлы. Алматы, «Арда», 2007, 4-бет).
Салмақты шығармада қазақ халқының руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген аса көрнекті тарихи тұлға, ұлтымыздың ұстазы, ұлттық қазақ баспасөзінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының тағдыр-талайы, қоғамдық-мәдени қайраткерлігі – шығармашылық даналық-даралығымен тығыз байланыста зерттеліп-зерделенді.
Бес тараудан тұратын монографияның алғашқы тарауы Ахметтің өмір жолына арналса, санқырлы дарын иесінің ақындық өнері екінші тарауда орыс тілінен аударылған «Қырық мысал» (1909) және «Маса» өлеңдер жинақтарын талдау арқылы ашылады.
ХХ ғасырдың бас кезінде шыққан «Қазақ» газетінің ұлт-азаттық қозғалыстағы көшбасшылық рөлі, оның шығарушысы әрі редакторы Ахметтің ұйымдастырушылық, публицистік қызметі үшінші тарауда мұқият зерттеліп, лайықты бағасын алды.
Төртінші тарау Ахметтің қазақ тіл білімінің, әдебиеттану ғылымының негізін салушылық, әдебиетті зерттеушілік, сыншылық қызметіне арналды. Бесінші тарауда Ахмет – ұлы Абайдың рухани дәстүрін жалғасырушы ретінде көрінген.
Ө.Әбдиманұлы Алаш көсемдерінің бірі болған А.Байтұрсынұлы туралы ойларын төмендегіше түйіндейді: «Ұлылыққа тән бар қасиетті бойына ұялатқан асыл арыс екі ғасыр тоғысындағы алмағайып заманда елінің елдігі, туған халқының теңдігі үшін отаршылдыққа қасқайып қарсы тұрған қажырлы қайратымен ұрпақ жадында мәңгі қалары сөзсіз. Ахмет Байтұрсынұлы – тек күрескер тұлға ғана емес, замананың алмағайып шақтарын көркемдік танымға арқау етіп, оны шынайы шыншылдықпен суреттеген, сөйтіп, сол арқылы ертеңгі ел тәуелсіздігіне үмітпен қарауға үндей білген, парасатты ойлары арқылы болашаққа жол сілтеген дара дарын, қарымды қалам иесі» (сонда, 261-бет).
Ғалымның «Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея» атты монографиясы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі азатшылдық идеяның әдебиет дамуындағы орнын тұтас әрі толық тілге тиек етеді. Зерттеуші ұлт-азатшыл идеяның қазақ әдебиетіндегі көрінісін – дәстүр, тарихи негіз, даму бағыттары, көркемдік мәні мен қызметі, жаңашылдық сипаты тұрғысынан сабақтастықта сөз қарастырады.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті күні кешеге дейін өз дәрежесінде зерттелмей, біржақты бағаланып келді. Тәуелсіздік алған соң, әдебиеттану ғылымының алдында осы бір күрмеуі күрделі дәуірдің әдебиетін тұтас күйінде алып, біртұтас әдеби даму үрдісінде көрсету міндеті тұрды. Осынау ауқымы кең, салмағы ауыр жұмысты Ө.Әбдиманұлы өзінің «Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея» мен «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» атты монографияларында дұрыс әдіснамалық ұстанымдарды қолдану әдісімен ғылыми жүйеге түсіріп, абыроймен атқарып шықты.
«ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» еңбегінің басты құндылығы – ғалымның ХХ ғасыр басындағы тарихи жағдай мен әдеби дамуға бүгінгі күннің биігі, ұлттық мүддесі тұрғысынан ғылыми талдаулар жасап, бағалай алуы десек, қателеспейміз. Зерттеуші ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі негізгі үш бағытты: діни-ағартушы, ағартушы-демократтық, ұлт-азатшыл бағыттарды дөп басып, айқын анықтайды. Сонымен қатар, зерттеуші-ғалым аталған әр бағыттың негізгі сипаттарын зерделеп, оның көрнекті өкілдеріне жеке-жеке тоқталады. Діни-ағартушы бағыттың аса ірі өкілі Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің, ағартушы-демократтар қатарындағы Шәкәрім Құдайбердиев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, ұлт-азаттық майданының қайраткерлері Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Бернияз Күлеевтің шығармашылықтарына тағлымды тараулар арнайды.
Өнегелі ұстаз, ғақлияшыл ғалымның өткен ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті жайлы ой-пікірлерінің өзегі: «ХХ ғасырдың бас кезі – қазақ ұлты үшін ой-сана оянуының дәуірі, әдебиет үшін рухани жаңару мен түлеудің кезеңі болды. Қазақ қоғамының жаңа тарихи кезеңге қадам басқан сәтіндегі өмір шындығын кемел көркемдікпен суреттеп, шынайы шындықпен бейнелеген әдебиеттің күрделі де қызықты болғаны даусыз. Ол жаңа асқарға көтерілудің алтын көпіріне айналды» – деген дәйекті жолдарда жатыр. (Ө.Әбдиманұлы. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті. Алматы, 2002, 429-бет)
Өмірхан Әбдиманұлы – «Қазақ әдебиеті» (2007 ж.) атты жоғары оқу орындарына арналған оқулықтың, қазақ әдебиеті бойынша мектепке арналған бінеше оқулықтардың, жиырмаға таяу оқу құралдары мен көмекші әдістемелік құралдардың авторы. Сондай-ақ, екі томдық «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихын», он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихын» жазуға белсене қатысқан, жалпы саны жүзден астам мақалалары республикалық және шетелдік түрлі басылым беттерінде жарық көрген, түрлі халықаралық конференцияларға қатысып, қазақ әдебиеті жайлы баяндамалар жасаған білімпаз оқытушы, беделді оқымысты – ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» (1996), «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен (1997) марапатталған. Қазақстан Журналистер Одағының Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлығының иегері (1994).
Ө.Әбдиманұлы ұстаз-ғалым ретінде өз саласы бойынша жоғары мектептегі оқыту ісін ұйымдастырушылардың алдыңғы қатарында болды. Ұстаздары академиктер Зейнолла Қабдолов пен Тұрсынбек Кәкішевтер басқарған «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі ретінде әдебиетті оқыту мен зерттеудің бүгінгі заманға сай жаңашыл бағыт-бағдарларын қалыптастыруға ауқымды еңбек сіңірді. Бүгінгі таңда Өмірхан бір кезде өзі ғылыми-педагогикалық еңбек жолын бастаған «Журналистика» факультетінің деканы қызметінде жаңа журналист-мамандарды дайындаудың жаңашыл үрдісінің көш басында жүр.
Асқаралы алпыс жас – ғалымның нағыз толысқан кемел шағы. Ғұмыр бойы Алаштың сөзі мен әдебиетін зерттеп келе жатқан Алаш рухының ақтаңгері, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлының ұстаздық һәм ғалымдық жолы саралығымен де, даралығымен де өрісті-өнегелі соқпақ.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
С.Демирел атындағы университет
ректорының кеңесшісі, филология
ғылымдарының докторы, профессор