АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ ҰЛТ ТІЛІ
2025 ж. 20 ақпан
271
2

Ұлттың бойында сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тағдырына қатысты барша идеяны өзіне өзек еткені бүгінде көбімізге белгілі. Құдайға тәуба, Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде қоғамымызда асқақтатыла айтылып келеді. Күнделікті теледидардан, радиодан, газеттерден «Алаш» сөзінің айрықша мән беріліп айтылғанына, жазылғанына куә болудамыз, қуанудамыз. Алланың қалауымен қазақ баласының жаны мен жүрегіне, ойы мен пікіріне, санасы мен сезіміне «Алаш» ұғымы уақыт өткен сайын бойлай түсуде. «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп отыр» - делініпті «Алаш» партиясы құрылған Бірінші жалпықазақ сиезі жөнінде жазылған «Қазақ» газетіндегі сүйінші мақалада. Сонау XX ғасырдың басында елдің еркіндігі үшін күрескен ерлер ұран еткен осы қасиетті сөз тәуелсіздігіне жеткен қазақ баласына да соншалықты қымбат, аяулы ұғымға айналуда. Бұл – санамыздың жаңғыруы, тарихи тамырымызды қастерлеуіміз, елдіктің белгісі, өсер жұрттың өнегесі.
Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың рухани тінінде қазақ тілі мәселесі ерекше орынға ие болды. Ұлт-азаттық күрес заманы қалыптастырған зиялылардың ана тілімізге арналған еңбектері, тіл жолындағы алуан күрестері – бүгінгі өзі де азат, тілі де азат күнге жеткен қазақ баласына тағылымды мұра, өміршең өсиет. Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектерінің алуандығы – олардың ұлт тағдырындағы тілдің төтенше маңызын әрі терең, әрі жан-жақты түсінгендігін аңғартады. Соған орай Алаштың тілдік мұрасын сан тарапты құбылыс деп бағалай келе, оны бірнеше аспектіде сипаттаудың бірқатар мүмкіндіктерін аңғартпақпыз.
Біріншіден, Алаш азаматтары қазақ ғылымының төлбасы әрі арналы саласы ретінде ең алғаш болып тілтану ғылымының іргетасын қалады. Оның себебіне үңілсек, онда Алаш қайраткерлерінің барлық ұлттық ерекшеліктердің ішінен халықтың болмысын, өткені мен бүгінін танытарлық тіл сияқты ең көрнекті құбылысты таңдауы аса қисынды еді. Қандай ғылым болса да, әлбетте, белгілі бір қолданбалы, жүзелік сипаттан өрістейді. Осы тұрғыдан келгенде, Ахаңның тіл саласындағы тіл құралдары, оқу құралдары, кейінірек жазылған Халел Досмұхамедұлының, Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының еңбектері алдымен оқытуға, білім беруге арналған дүниелер болатын. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы», «Тіл құралы», Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының оқу-әдістемелік мақалалары осыны аңғартады. Әсіресе, тіліміздің жазу үлгісінің, емлесінің қалыптасуындағы Алаш зиялыларының орны алабөтен. Алаш оқымыстыларының қазақ тіл білімі тарихындағы орнын 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі де байқатты. Осы алқалы, тарихи ғылыми жиындағы А.Байтұрсынұлының, Е.Омарұлының, Н.Төреқұлұлының баяндамалары, Т.Шонанұлының, М.Дулатовтың, Х.Досмұхамедұлының, М.Тұрғанбайұлының, М.Саматұлының баяндамалары, сөздері, пікірлері тілтану ғылымының күрделі мәселелерін шешуде алаштықтардың қаншалықты үлкен еңбек сіңіргенін, қаншалықты эрудициясы мен интуициясы бай тұлғалар екендіктерін айғақтады. Осы сиезде, негізінен, әліпби, жазу ережелері тақырыптары баса көтерілгенімен, олар тілдің сан алуан мәселелері төңірегінде сөз қозғауға өрісті ой тудырды. Осындай білімпаздар сиезі, біздің пайымдауымызша, бүгін де қажет сияқты. Себебі емледе болсын, терминологияда болсын, ономастика саласында болсын тілші ғалымдармен бірге басқа ғылым саласы өкілдерімен бірге ақылдасып ортақ уәжге келерлік мәселелер баршылық. Алаш оқымыстылары қалыптастырған қазақ тіл білімі Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-тілдік мектебін қалыптастырды. Бұл мектеп ілгеріде есімдері аталған тілтанушыларды өсірді, бұдан кейінгі кезеңде Ахаңның көзін көрген өнегесін алған қаншама ғалымдар қалыптасса, кеңес заманындағы қазақ тіл білімі де Ахаңның ізімен жүрді, оның атын атай алмаса да, еңбектерін пайдаланды. Енді тәуелсіздік алған заманда тағы да Ахаң өзінің ұстаздық мінберіне барша тұлғасымен көтерілді.
Екіншіден, Алаш қаламгерлері XIX ғасырдың ортасында алғашқы белгілері байқалған ұлттық жазба әдебиетімізді жанрлық жағынан да, стильдік тұрғыдан да қалыптастырды, анағұрлым байытты. Бастапқыда Шортанбай Қанайұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Әбубәкір Кердері және тағы да басқа Исламдық ағартушылық ағымның өкілдері шығармашылығында, сәл кейінірек тұтастай түрде Ыбырай Алтынсарин, Абай өнернамасында қалыптаса бастаған жазба әдебиетінің көркемдік, стильдік, жалпы тілдік белгілерін іргелендірді. А.Байтұрсынұлы, Ғ.Қараш, М.Дулатов, С.Торайғыров, Б.Серкебаев шығармаларындағы жазба реалистік дәстүр, М.Жұмабаев, Б.Күлеев поэзиясындағы романтикалық жазба дәстүр мәдениетті жазба әдебиетінің қалыптасқандығын байқатса, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің көркем прозасы классикалық жазба әдебиетінің зор үлгілері болды. Әңгіме, повесть, роман, поэма, баллада, драма сияқты жанрлардың түгенденуі де ұлттық жазба әдебиетіміздің қалыптасу кезеңінен даму биігіне қарышты қадам жасағандығын әйгіледі. Қазіргі кезде ғалымдар тарапынан «Алаш әдебиеті», «Алаш ұранды әдебиет» делініп жүрген әдебиет идеялық жағынан да,тақырыптық жағынан да, тілдік-стильдік жағынан да, жанрлық жағынан да, бейнелілік жағынан да ауызша дамыған сөз өнеріміздің жазба әдебиетке тән деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл тіліміздің бойындағы мүмкіндіктерді барынша көрсетуге, көркем әдебиет стилінің дамуына жағдай жасады. Алаш әдебиеті арқылы ұлттық сөз өнеріміз жаңа деңгейге жетіп, тіліміздің байлығы мен оралымдылығының, мағыналылығының, әлеуетінің мүмкіндіктері мол екендігін паш етті. Сайып келгенде, Алаш қозғалысының өзі сол қаламгерлердің шығармашылық жолын айқындады. Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов сияқты ұлы қаламгерлердің қалыптасуына шешуші ықпал етті. Бұған қоса Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы мақалаларынан басталып, «Әдебиет танытқышқа», «Әдебиет тарихына» ұласқан әдебиеттану ғылымының қалыптасуы да Алаш қаламгерлерінің жазба әдебиетімізді дамытқанын, ғылыми-эстетикалық тілдің де негізін қалағандығын дәлелдеді. Қалам ұстаған Алаш азаматтарының әдеби тілімізге жасаған осы тарихи еңбегі қазақ тілінің кейінгі өрістеу жолдарын айқындаған өнегелі, өміршең дәстүр болды. Жазба әдебиетіміздің тарихындағы алаштық кезеңді зерттеуде қазақ лексикасының зор мүмкіндіктерін айқындайтын мысалдар жеткілікті. Сөз қолдану, ұғымды беру, тың сөз тіркестерін жасау, бейнелілік тудыру, тілдің стильдік мүмкіндіктерін ашу, құбылысты суреттеу – олардың ұлттық ойлаудың биігіне жеткендігін, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың рухани игіліктерін ізденгіштікпен зерделегенін байқатады. Алаш қайраткерлері мен қаламгерлерінің бұл жоралы жолы із-түссіз кеткен жоқ. Оның тамаша дәстүрлері өзінен соңғы кеңесшіл әдебиеттен көрініс тауып жатты. Алаш әдебиетінің рухы Мұхтар Әуезов сияқты данышпан жазушының қаламына қанат бітірді, осы рух Қаныш Сәтбаевты, Әлкей Марғұланды, Бейсенбай Кенжебаевты, Бауыржан Момышұлын, Ілияс Есенберлинді, Мұхтар Мағауинды тағы да қаншама қазақтың ұлыларын, ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің жоралы дәстүріне баулыды.
Үшіншіден, Алаш зиялылары XX ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі мәселесін көтере отырып, ұлттың рухани-мәдени өрлеуіндегі, саяси ұйысуындағы асыл қазынаның бірегейі тіл екендігін байыптады. Сөйтіп, олар тілді сақтау, дамыту, қолданыс аясын кеңейту міндеттерін көтере келе, қазақ тілінің саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәртебесіне ерекше мән берді. Бұл алаштықтар тарапынан тілдің саяси, әлеуметтік маңызын, ұлттың тұтасуы мен өркендеуіндегі орнын сезініп, оған тұңғыш рет берілген толымды баға болатын. Бұл да тәлімі тарихи деуге татитын Алаштың орасан өнегесі болатын. Ресей отаршылдығының саяси, әскери қысымын ғана емес, рухани өктемдігін сезген, көрген Алаш зиялылары тілді, ұлтты сақтап қаларлық қуатты құрал деп қарады, бағалады, соған риясыз қызмет етті. Хандық мемлекет тұсында тіл билік пен шешендіктің, көсемдіктің, өнебойы отаршылдықта өткен XIX ғасырда қарсылық пен сынның құралы болса, Алаш қозғалысы тұсында тілге ең алғаш рет ұлтты тұтастырушылық ірі қызмет жүктелді. Яғни, қазақ тілі қалың ел, ордалы жұрттың тілі ретінде сақталу керек, сақтала тұрып ұлттың ұлттығын да сақтауы тиісті деп бағаланды. А.Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл»-деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да, тіл екендігін алғаш аңғартты. Ахаңның осы сөзіне орайлас пікірлерді Алаш зиялыларының көпшілігі білдірді. Айталық, Ғұмар Қараштың: «Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз», Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын», Халел Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беруі зор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек, Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу» дегендері біздің заманымызға үндес, өзекті пікірлер. Егер біздің тіліміз егемен елдің, дербес мемлекеттің мемлекеттік тілі екендігін, осы мәртебелі тіліміздің өзінің тұғырына толық қонбай жатқанын ескерсек, Алаш зиялылары өсиетінің бағасы да, маңызы да еселеп артатындығына ден қоямыз. Бұл бағыттағы өрісті ойлардың сілемі қалың оқырман қауымға әлі де мәлім бола қоймаған Ғ.Қараштың «Ұлт һәм туған ел», М.Тұрғынбайұлының «Қазақ тілін іске асыру» мақалаларынан айрықша аңғарылады. Ұлттық руханияттың өзегі ана тіл екендігін рухани-мәдини тарихымызда алғаш білдіргендер алаштықтар болды. Олар ана тілін ұлт болмысының басты бөлшегі ретінде қарастырып, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесінде оның алатын орнына да ерекше назар аударды. Сондықтан да өз ана тілінде сөйлеу, тілін білу – ұлттық іргелі мәселе екендігін Алаш зиялылары сол кезеңнің өзінде-ақ жақсы ұғынғаны олардың еңбектерінен бедерлене байқалып жүрді. Бұл орайда тағы да бір мәселені айта кеткеніміз жөн. Қазіргі кезде ана тіліміз – қазақ тілі туралы әдеби шыгармалар өрісті тақырыптардың біріне айналып отырса, олардың алғашқы үлгілерін дүниеге келтірген де Алаш қаламгерлері болатын. А.Байтұрсынұлының «Туған тілім», М.Жұмабаевтың «Қазақ тілі», С.Торайғыровтың «Туған тіліме» өлеңдері – жалпы қазақ әдебиетіндегі тіл тақырыбында жазылған тұнғыш көркем туындылар еді. Алаш қайраткерлерінің тіл турасындағы осы көкейкесті ойлары, рухани күресі азаттық алған бүгінгі қазаққа да жолбасшылық етуде.
Төртіншіден, Алаш қозғалысы тұсында шын мәніндегі ұлттық мазмұндағы қазақ баспасөзі қалыптасты. Бұл құбылыс тиісінше әдеби тіліміздің көсемсөз жанрын дүниеге әкелді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және тағы да басқа Алаш қаламгерлерінің XX ғасырдың алғашқы жылдарындағы публицистикалық еңбектерін тізбелемегеннің өзінде, «Қазақ» газеті сияқты ұлттың ұлы басылымының өзі публицистикалық стильдің, жалпы әдеби тілдің қалыптасуына өлшеусіз мол үлес қосты. «Қазақ» газеті бетінде жарияланған алуан материалдар сол кезеңнің тынысын, қозғалыстың барысын ғана куәландырып қоймай, сонымен бірге әдеби тіліміздің де өсу, тармақтану қарқынын аңғартты. Бұл газет ұлт көсемсөзінің ғана емес, тіліміздің маржан қорының қойнауында өнген әдебиетіміздің де, сонысымен тіліміздің де айшықты көркемдігін, бай бейнелілігін ашты. Сондықтан да заңғар Әуезов: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905-ші жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді» деген еді. Ұлттың мүддесін үндеген «Қазақ» газетінің өзі де, аңғарар болсақ, әдеби тілдік жағынан жылдан жылға өскені байқалады. Әсіресе, газет бетіндегі әдеби тіл тармақтарының саралана көрінуі, қазақ тілінің бай мүмкіндіктерінің тараулана байқалуы газеттің 1917 жылғы сандарынан айрықша көрініс береді. М.Дулатұлының «Тарихи жыл» мақаласы, Ә.Бөкейханның «Қазақ сиезі», «Алаштың талапты азаматына», редакциялық «Алаш партиясы» және тағы да басқа публицистикалық туындыларда ұлт баспасөзі деңгейінің артқандығы, публицистикалық стильдің ширағандығы кеңінен сезіледі. Алаштың рухани көсемі Ахаңның еңбегімен, жігерімен дүниеге келген «Қазақ» газетімен бірге, Түркістан көсемі Мұстафа Шоқай шығарған «Бірлік туы» және Алаштың астанасы Семей қаласында Райымжан Мәрсекев, Халел Ғаббасовтар шығарушылары болған «Сарыарқа» газеттері публицистикалық тіліміздің айрықша дамуына іргелі үлестерін қосты. Сөйтіп, қазақ публицистикалық тілі мен стилі Алаш қозғалысы тұсында аяқтанды деп айта аламыз.
Бесіншіден, Алаш оқымыстыларының ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектері, әр салаларға арналған оқулықтары арқылы тіліміздің ғылыми және ғылыми-көпшілік стильдерін қалыптастырды. Айталық, Ә.Бөкейханның тарих, фольклортану, әлеуметтану саласындағы ғылыми шығармалары, А.Байтұрсынұлының 1912 жылдан бастап 1928-1929 жылдарға дейін жазылып жарияланған оқулықтары, оқу құралдары, ғылыми мақалалары, Х.Досмұхамедұлының медицина, биология, тілтану саласындағы ғылыми еңбектері, М.Тынышпаевтың тарихи зерттеулері, М.Дулатовтың тілтану, әдебиеттану, математика саласындағы ғылыми шығармашылығы, Ж.Аймауытовтың психология, әдебиеттану саласындағы ғылыми ізденістері, М.Жұмабаевтың педагогика, әдебиеттану саласындағы еңбектері, Т.Шонанұлының тілтану, әдістемеге арналған оқу құралдары мен зерттеулері, сондай-ақ Ә.Ермековтің, М.Тұрғанбайұлының, Е.Омарұлының, С.Асфендияровтың, М.Бұралқиевтың, Қ.Кемеңгерұлының, С.Сәдуақасовтың ғылыми еңбектері ғылым тілінің, қазақтың ғылыми терминологиясының қалыптасуында айрықша белес болды. Қазақ тілінің әліпбиін, емлесін жасаумен, ішкі заңдылықтарын ғылыми дәйектеумен бірге Алаш зиялылары тіліміздің тазалығы, мәдениеті үшін де күресті. Х.Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», М.Дулатовтың «Қазақ тілінің мұңы», Н.Төреқұлұлының «Ауропа сөздері» т.б. еңбектерде тіліміздің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларының сақталуы, басқа тілдердің әсері, тіл табиғатының бұзылмауы, сөзжасам т.с.с. мәселелер айтылып, қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, тіл тазалығы, сөз мәдениеті тақырыбында бүгінде өзектілігін жоймаған ойлар өрістетілді. Алаш оқымыстылары бастаған осы ғылыми дәстүр кеңес тұсында қанша масұқталғанымен, бәрібір қазақтың ғылыми алқабына себілген дән болып көктеп шықты, өз жемісін берді, бүгінгі бізге де қуатты құнар болуда. Әсіресе, Алаш асылдары қалыптастырған ғылыми терминология әлденеше ғылым саласында орнықты. Олардың термин жасаудағы қағидаттары, қазақ тілінің бай мүмкіндіктерін қолдану әдістері мен дағдылары қазіргі қазақ терминологиясының мектебі іспетті. Алаш санаткерлері қалыптастырған осы терминологиялық қор, біздің ойымызша, ғылыми тұрғыдан қорытылу қажет, соған орай оның қағидаттары мен тұжырымдары осы саладағы барлық мамандарға жеткізілуі тиісті. Сонда біз қазіргі термин саласындағы көптеген, жиі айтылып қалып жүрген ала-құлалықтардан арылмақпыз. Сондай-ақ Алаш ғалымдарының сан салалы ғылыми тәжірибелеріне жалпы таза ғылыми деңгейде лайықты баға беретін де уақыт келді деп ойлаймыз. Әрине, ғылыми мұраны зерттеу, зерделеу жұмыстары сонау 1980 жылдардың соңында, 90 жылдардың басынан бері қолға алынуда. Сандаған мақалалар жазылды, ғылыми деңгейі әртүрлі диссертациялар қорғалды, енді оларды қорыту, соның негізінде жаңа ғылыми бағыттарды айқындау, маңызды мен мардымсыздың жігін ажырату сәті туған сияқты. Бұл мәселенің өзектілігі – ғылым саласында дәстүрлі реттен бас тартып, жаңа жүйені қалыптастырудың қазіргі кезеңімен сабақтас.
Алтыншыдан, Алаш қаламгерлерінің аударма саласындағы алуан еңбектерінің нәтижесінде қазақ аудармасының негізі қаланды. Бұл арада Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгерұлы және тағы басқалар жасаған көркем аудармалар, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Аймауытұлы, Т.Шонанұлы және тағы басқа қаламгерлер жасаған ғылыми аудармалар, сондай-ақ әлеуметтану, саясаттану, философия бойынша аудармалар, әлбетте, саны жағынан да, түрі жағынан да өзіне дейінгі кезеңдерге қарағанда әжептеуір өсу болатын.
Жетіншіден, Алаш қайраткерлері жалпылай келгенде, Алаш қозғалысының барысында, негізінен алғанда, облыстық қазақ комитеттерінің, Алаш партиясының құрылуы тұсында, Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездері кезінде, Алашорда үкіметінің қызмет етуі кезеңінде тіліміздегі ресми-іскери стильді қалыптастыра бастады. Алаш автономиясы құрылып, Алашорда үкіметі оның облыстардағы, уездердегі комитеттерінің жұмыс атқару шағында аталған стильдің сандаған үлгілері пайда болғаны белгілі. Бұл қазақ тілінің мемлекеттің тілі болуының алғашқы үлгісі еді. Қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде болуына большевиктік биліктің бастапқы жылдарында да Ахаң бастаған Алаш қайраткерлері зор ықпал еткені тарихтан белгілі. Міне, біз негізгі жеті себебін жіктеген қазақ тілінің Алаш қозғалысы тұсындағы өрістеу бағыттары өз кезеңінің ғана емес, бұдан соңғы жылдарда да дәстүр жайған, өнегелі өріс болған құбылыс, жанды үдеріс болатын. Алаш зиялыларының қазақ тіліне жасаған зор, тіпті ұлы еңбектері қай жағынан алсаңыз да тарихи миссия. Оның серпіні бүгінгі күнделікті еңбектеріміздің екпініне ұласуы қажет һәм міндетті деп ойлаймыз. Бізге Алаш зиялыларының тілдік мұрасы осыны үндейді. Ол ұланғайыр мұрамен танысу, білу, біздің ойымызша, бастапқы қадам ғана. Алаштың аяулы азаматтарының еңбегіне лайықты баға беріп қана қоймай, оны жүзеге асырудың жолдарын да ойластырып, әрекет жасағанымыз абзал. Көрнекті алаштанушы Мәмбет Қойгелдиевтің сөзімен айтсақ: «Халықтың өткен өмірі жалпықоғамдық мәні бар тәжірибе ретінде қорытылып, белгілі бір дәрежеде ұлт игілігіне асқанда ғана құндылыққа айналады. Онсыз өткен тарих қысыр әңгіме ғана. Егер біз Алаш қозғалысын ұлт тарихында ерекше орны бар құбылыс ретінде ғана бағалаумен шектелсек, онда біз оны түсіне алмаған ұрпақ болып шығар едік. Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытылып, жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни, ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені, Алаш халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харекеті». Бұл Алаш мұрасы мен мұратын танудың терең толғамы. Алаштың құндылығы хақындағы осы толғамы Алаш қайраткерлерінің тілдік мұрасына да әбден қатысты деуге болады.
Біз бабаларымыздың күресімен өсетін бойымызға сіңіруде, олардың бүгінгі күнімізбен тікелей сабақтас құндылық екендігін әрқашан сезінуіміз қажет. Осы тамырластық дегдар сезім бүгінгі қазақтың азаттығына, ел болуына, ел болу үшін, басқа да мемлекеттік атрибуттармен, істермен бірге ұлт тілінің мерейін асыратын, отаршылдық қалдықтармен күресетін баянды шаруаларға жұмылдыру шарт һәм міндетті. Бағзы бабалардың да, хакім Абайдың да, Алаш зиялыларының да аманаты осында.
Ербол Тілешов,
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы
Редакциядан:
Ербол Тілешов 1965 жылы 22 ақпанда Алматы қаласында туған. 1982 жылы орта мектепті бітірген. 1982-83 жылдары құрылыста жұмысшы. 1983-85 жылдары Алматы зооветеринарлық институтының студенті, 1985-87 жылдары әскер қатарында. Қазақтың Абай атындағы педагогика университетін 1992 жылы бітірген. Осы жылдан бастап қазіргі Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы. 1997 жылы «Мағжан Жұмабаевтың поэзиясындағы романтизм» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.
2003-2004 жылдары Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық институты директорының орынбасары. 2004-2007 жылдары ҚР Мәдениет министрлігі Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығының директоры.
2007-2012 жылдары Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығының директоры, 2012-2015 жылдары Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы. Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры. Қазір Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы.
Негізгі еңбектері әдебиет теориясы, абайтану,алаштану, тілтану, қазақ тілін үйрету әдістемесіне арналған. «Көркемдік әдіс және суреткер» монографиясының, «Алаш туы астында», «Қайнар», « Абай сөзі», «Ынталы жүрек сезген сөз», «Абай.Алаш.Ахаң» ғылыми-танымдық жинақтарының, «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығының (Д.Қамзабекұлымен бірге), «Алаштың ардағы» танымдық жинағының 200-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік мақалалардың авторы. Білім академиясының корреспондент мүшесі. «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасы Құрмет Грамотасымен, мерекелік медальдарымен марапатталған.
Отбасылы. Жұбайы – Тілеш Қаракөз Есіркепқызы, Қазақтың Абай атындағы педагогика университетінің түлегі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, ұлдары – Мұқағали, «Астана халықаралық әуежайының» қызметкері, Еркеғали – Назарбаев университетінің қызметкері, келіні – Бағдагүл, немерелері – Айару, Ханшайым.
"Қазақ үні" ұжымы Ербол Ердембекұлын мерейлі 60 жасқа толуымен шын жүректен құттықтайды. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату жолында талмай еңбек ете бергейсіз.