ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ НЕГІЗІ –ҰЛТТЫҚ ТІЛ!
2025 ж. 17 ақпан
522
0

Мұстафа Шоқай мәселені осылай қойған еді
Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі мен шығармашылық мұрасының басты тақырыбы – тұтас Түркістанның тәуелсіздігі, болашақ мемлекеттің ұлттық сипаты болатын. Мұның себебі мен қажеттілігін 1932 жылы жарық көрген «Түркістанның бақытсыздығы және одан құтылудың жолы» атты мақаласында былайша түсіндірді: «Орыстың патшалық мекемелері біздің ұлттық дамуымызды тежеп келген болса, большевиктер басқаруы халқымызды ұлттық сезіммен жұрдай етуге, мұндай сезімді көкірегінен біржола сылып тастауға тырысып отыр».
Кеңес үкіметі Түркістан Мұқтариятын құлатып, басшыларын түгел тұтқындап, бұдан аман қалған, өзін ұстап бергенге 1000 сом бәйге тігілгеннен соң шет елге кетуге мәжбүр болған Мұстафа Шоқай түрлі қиыншылықтармен Грузия Демократиялық Республикасына жетіп, қызылдар басып алғанша Тифлисте екі жылдай тұрақтады. Осындағы жағдайды тиімді пайдаланып, саяси қызметі мен сан тақырыпты қамтыған шығармашылық жұмысына батыл кірісіп, 60-қа тарта мақала жазды.
Отарлық жағдайдағы тәуелділіктің басты көрсеткіші жергілікті халықтың ұлттық тілімен байланысты болатынын терең сезінген, «Советтік Түркістанда» («В Советском Турестане»), «Қазіргі Түркістан шындығы» («Современная Туркестанская действительность») атты мақалаларында Мұстафа Шоқай Түркістанның жергілікті халқы бүкіл тұрғындардың оннан тоғызын құрап отырғанымен, басқару мекемелерінде қазақ және өзбек тілдері орыс тілімен тең қолданылмай отырғаны, бұлар мемлекеттік деп саналғанымен ол тілдерде басылымдардың да аз екендігін жазған еді. Ал түркі тілін қорғау мақсатында өзі ұйымдастырған «Шафақ» газетінде жарық көрген «Большевиктер және шығыс мәселесі» («Большевики и восточный вопрос») деген мақаласында Тифлистегі түркі халқының өз тілдерін жоғалта бастағанын арнайы әңгіме еткен болатын.
Бұл дәстүр Парижде жиырма жылдан астам уақыт тұрғанда тамаша жалғасын тапты. Алдымен азаттық үшін күрестің мақсат-мұраты қайта айқындалды. Кешегі Автономия үшін күрес, «Алаш» партиясының бағдарламасына сәйкес «дербестік пен өзін-өзі басқаруға ұмтылу» туралы қағидатты мәселе желге ұшқанына көзі жеткен Мұстафа Шоқай осында шығатын «Orient et Occident» журналында 1923 жылы жарық көрген «Ресей саясаты және Түркістандағы ұлттық қозғалыс» деген көлемді мақаласында автономиядан тәуелсіздікке ауысудың қажеттігі мен мән-мағынасын толық ашып жазды. Ал «Біздің жол» атты мақаласында бұдан басқа жолдың жоқ екенін, тәуелсіздік жағдайында ғана халқымыз өз жерінің қожасы бола алатынын атап көрсетті.
Мұстафа Шоқай тәуелсіздікке жетудің жолын тікелей халықтың ұлттық рухымен байланыстырды. Оған мына сөздері дәлел бола алады: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi».
Патшалық Ресейдің саяси жалғасындай болған кеңестік жүйедегі Түркістан халқының ұлттық тілі мен алфавит мәселелері «Ақ-Қызыл», «Ұлттық зиялы», «Түркістандағы тіл саясаты» (Политика языка в Туркестане), француз тілінде жазылған «Мәселе тілдің қауымдастығы туралы» атты мақалаларында арнайы сөз болды. Алғашқы мақаласында: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Көне Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын» деп атап көрсете отырып, ұлттық тілдің кеңестік Ресей кезіндегі жағдайы кеңінен сөз болды. Патшалық Ресейдің үстемдігі кезіндегі оқу орындарда, әсіресе техникалық оқу орындарында амалын тауып оқып жатқан Түркістан жастары өз тілінен шала сауатты болып, халқының қажеті мен талаптары тұрғысынан пайдалы қызмет атқара алмаса, кеңестік кезеңде көне Ресейдің саясатынан іс жүзінде ешқандай өзгешелігі жоқ орыстандырудың екінші бір дәуірі басталғанын, Лениннің «социализмі» мен «интернационализмі» негіздеріне сәйкестендіру үшін большевиктердің «түрі ұлттық, мазмұны – пролетарлық» деген формула ойлап тапқандарын жазды. Бұған қарсы Мұстафа Шоқай халықтың рухани дүниесі (мәдениеті) біртұтас нәрсе екендігін, сондықтан оны «мазмұнға» және «формаға» бөлуге болмайтындығын айтып, ойын: «Кез-келген рухани мәдениет өзінің мазмұнымен айқындалады» деп түйіндеді. Бұдан ары Түркістандағы мектептерде (орыс мектептері – Ә.Б.) біздің тіліміздің оқытылатыны, бұл тілде түрлі ғылыми негіздер үйретілетіні, алайда олар орыс мәдениеті мен орыс үстемдігін орнықтырудың құралынан басқа ештеңе еместігі, большевиктердің «мемлекет аппараттарын ұлттандыру» саясаты жүзеге асырыла қалған жағдайдың өзінде, біздің тіліміз «ұлы орыстың рухани мәдениетін таратушы техникалық құралдың рөлін атқаратын болады» деді. Сонымен бірге Түркістанда ұлттық тілді байытуға, дамытуға қабілетті ақын жазушыларымыздың қол аяғы байланып, ауыздарын аша алмастай етілгеніне мысал ретінде ұлттық әдебиетіміздің ең үздік тұлғалары, шығармалары орыс тепкісінде қысым көрген, тіліміз бен мәдениетіміздің өлмес, өшпес өміршең қуатын көрсететін Ахмет Байтұрсынұлы мен өзбек ақыны Шолпанды атай келіп, Мұстафа Шоқай мақаласын: «Орыс большевиктері социализмді желеу ете отырып, енді екі үш жыл ішінде біздің ана тіліміз – түрік тілін өзінің тарихи құқығынан мақұрым етуді көздеп отыр» деп жазды. Ал «Кеңес мектептері және Түркістан жастары» («Советские школы и түркестанская молодежь») атты мақаласында Кеңес үкіметі құрған оқу ағарту жүйесі, оның ішінде «ұлттық» деп аталған мектептер мен кеңестік оқу орындарының жайы мен ондағы түрістандық жастардың жағдайы арнайы әңгіме болады. Түркістанда жүргізіліп жатқан ағарту саясатын тану үшін автор жоғары білім ошағы деп саналған «Орта Азия мемлекеттік университетінің» он жылдық ғұмырында түркістандықтардан жеті адам ғана болғанын мысал етті.
Мұстафа Шоқай өзінің зиялы қауым туралы ойларға толы «Ұлттық зиялы» деген еңбегінде орыс (Батыс) мектептерінде оқып, тәрбиеленіп, бірақ ұлттық нышандардан аулақ болған зиялылардың тағдырының қасіретке толы болатыны туралы айтты. Мұндай зиялылардың халыққа ұлттық тәрбие беріп жарытпайтыны және олардан халық та ұлттық тәрбие алып жарымайтыны туралы мынандай қорытынды жасады: «Батыс тәрбиесін алған зиялылардың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Батыс тәрбиесі көптеген туыстарымызды халқымыздың жан дүниесіне сіңген, ұлттық тарихымыздың өн бойында жатқан «Шығыс зердесінен» айырды. Олар, яғни Батыс тәрбиесін алған туыстарымыз басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірімен бірлестіре алмады». Бұдан ары Мұстафа Шоқай: «Біз бүгін «Шығыс рухы» басым болуы себепті мешеу қалған» деп саналатын Түркияда Батыс білімі жергілікті жағдайларға сәйкес сәтті қолданылып жатқанын көріп отырмыз. «Батыс білімін» «Шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды. Біздіңше, дүние тарихында бұрын-соңды көтерілмеген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін (Mentalitet) сәтімен үйлестіре алуында жатыр» деп жазды.
Бұл ойлар біз үшін де өзекті дегіміз келеді. Батысқа көбірек көңіл бөліп, Шығысты қаға беріс қалдыру – толыққанды тірлік болмайтынын өмір көрсетіп келеді. Біздің рухани байлығымыз Батыстың да, Шығыстың да мәдениетінен сусындауды қажет етеді. Осы сәтте бір ойымды білдіре кетсем деп едім. Ол – жүрегі елім, жерім және халқым деп соққан, Шығыс пен Батыстың білім-ілімдерін қос қанат етіп, әлемге танылған Мұстафа Шоқай шындығы.
Мұстафа Шоқай «Түркістандағы тіл саясаты» (Политика языка в Туркестане) атты мақаласында осы тақырыпқа Есен Тұрсын дегеннің бірнеше мақала арнағанын, оларда Түркістандағы ұлттық тілдерге қатысты орыстандару саясаты туралы сөз болғанын, патшалық Ресей кезінде араб алфавитін қолдаушылар кері төңкерісшілер деп аталғанын, енді ондай атқа латын алфавитін ендірушілердің ие болып отырғанын жазған еді. Сонымен бірге большевиктердің араб алфавитін қолдаушыларды да, латын алфавитіне көшуді жақтаушыларды «пантюркизмнің» көріністері деп бағалағаны, ал орыс алфавиті таптық саясаттың құралы болып, бұрын орыс феодалдары мен капиталистеріне қызмет етсе, қазір ол Ресейдегі орыс пролетариаты мүдделеріне қызмет етіп отырғаны жазылды. Ал «Жұмһұриет» тілшісі Надыр Нади бекпен сұхбат жүргізген Саид бек кім?» деген мақаласында «Рухани салада маңызды рөл ойнайтын әліпби мәселесінде кеңестердің саясаты белгілі. Олар өз тепкісінде отырған түріктерге орыс алфавитін зорлап тану арқылы түркиялық бауырларымыздан бөліп тастауды көздейді» деген еді. Бұл ойын «Кеңес мектептеріндегі оқу ұлттық мораль, ұлттық сезім және ұлттық рух үшін қандай үрейлі екені жөнінде бұл арада айтып отырудың қажеті жоқ» дей келіп, бұған Кеңес үкіметімен жақын дос болып келе жатқан Түркия үкіметі Еуропаға жүздеп студент жастар жіберіп отырғанын, ал Ресейге бір адам да жібере алмағанын мысал ретінде келтіреді. Ал 1937 жылы жазылған «Кеңестер Одағындағы ұлттық мемлекет мәселесі» деген орыс тілінде жазған мақаласында Мұстафа Шоқай патшалық Ресейдің мемлекетті басқару тәртібіне байланысты жергілікті тұрғындардың ана тілінде мектеп ашуға, бала оқытуға тыйым салынған озбыр саясатының нәтижесінде Ресейде дүниенің басқа ешбір жерінде болмаған бір ұлттың екі түрлі зиялылары қалыптаса бастағанын айта келіп, былай деп жазды: «Орыс мектептерінде оқып, орысша тәрбие алған орыс емес ұлт зиялылары, өздері меңгерген ғылым-білімдерін туған халқының игілігіне жұмсай алмай, орыс зиялыларының тобын көбейтіп, орыс білімін толықтыру үшін қызмет етті». Мұндай фактілер біздің өмірімізде де жоқ емес.
Жалпы халықаралық деңгейдегі тілдер дамуын кем білмеген, бұл бағыттағы құбылыстарды тани алған Мұстафа Шоқай 1935 жылы француз тілінде жазған «Мәселе тілдің қауымдастығы туралы» деген мақаласында Еуропалық басылымдарда көтеріліп, алға қойылған «тілдердің бәсекелестігі» туралы тұжырымдамаларда ортақ мемлекеттік тіл ретінде «батыс Еуропаның мәдени елдерінде» қолданылатын тілдердің бірін ұсынылғаны туралы жаза отырып, мұндай ортақ мемлекеттік тіл жалпы адамзаттық мәдениетті толық меңгеруіміз үшін ғана қажет емес екендігі, оның қазіргі жағдайда бізді жұтып қою қаупі төніп тұрған орыс мәдениеті мен орыс ықпалынан тезірек ажырау тәсілі болатынын, саяси және рухани орыстандыруға қарсы қару ретінде қызмет ететін негізгі фактор екенін атап көрсетті. Сонымен бірге автор орыс тілінің ықпалынан тез арылуға барынша кепілдік беретін тіл туралы шешім қабылдауды ұсынып, осы бағытта сапасы мен үйренуде қарапайым түрік тілінің бірі құмық тілін ұсынып, оған нақты дәлелдер келтірген болатын.
Өзінің қайсар саяси қызметімен, бірнеше тілде жазылған шығармашылық мол мұрасымен, тамаша саяси-әлеуметтік ой-тұжырмдарымен әлемге танылған Мұстафа Шоқайдың біздің бүгінгі тәуелсіз жағдайымызда аса қажет ұлттық рух мен оның негізі болып саналатын ұлттық тіл туралы ойлары осыдан бір ғасырдай бұрын айтылса да, еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болғанымызға отыз жылдан асса да, бұл қасиетті ұғымдарды биік, өз деңгейінде ұғынып, ұстай да алмай келеміз десек артық көрмеңіздер.
Бізде жалпы тарихымызды көбіне даталы кездерде ғана еске алу қалыптасқан. Тарихи ұлттық құндылықтарымызды күнделікті өмірімізде жүйелі дәріптеп отыру салт-дәстүрімізге айнала қоймаған. Бұл көбіне өткен өміріміздің әсерінен жалғасып келеді. Алаштың алдыңғы толқын ардақтылары, тұңғыш ағартушы, ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов, атақты кәсіби педагог Ыбырай Алтынсарин және хакім Абай Құнанбаев халқымыздың отарлық жағдайын білмеді емес, білді, сонымен байланысты кейінгі ұрпаққа тамаша өсиеттер қалдырды. Шоқан Уәлиханов «Сот реформасы жайындағы жазбасында»: «Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай деңгейінде тұрса да: өзіндік дамуы, өзін-өзі корғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы қажет» десе, саяси сергек Ыбырай Алтынсарин орыс селендерін қазақ еліне әкеліп орнатпақ болғандар туралы: «Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар, – келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық, – тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың» деп еді. Хакім Абай «орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор» дей отырып, орыстың тілін, оқуын, ғылымын білгенде оның «пайдасына ортақ болумен қатар» «зарарынан қашық болуды» ескерткен еді. Ал басқа саяси жағдайда дүниеге келген Алаш жетекшілері тәуелсіздіктің ең басты талабы ана тіліміздің азаттығы, халқымыздың өз тіліне толық ие болуын басты мұрат еткен болатын.
Рас, бұл ойларға кешегі кеңестік кезең мойын бұрғызбады. Ал қазіргі тәуелсіздік жағдайында да оларды мектеп оқулықтарынан кездестіре бермейміз. Оларға күнделікті өмірде жеткілікті көңіл бөлмейміз. Осыларды ескере отырып, қағидатты бір мәселеге назарларыңызды бұрғым келеді. Ол – сан ғасыр күресіп, қол жеткен Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету Алаш жеткшілерінің асыл өсиеттерін бойымызға сіңіруді, оларды рухани азық етуді, бүгінгі тәуелсіздік ұсынып отырған талаптарды батыл шешуді, әлемдегі саяси-әлеуметтік жетістіктерді өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдауды қажет ететіндігі. Біз ислам дінін де өзіміздің тұрмыс-тіршілігімізді ескере отырып қабылдаған болатынбыз.
Кеше егемендіктің елең алаңында ұлтымыздың алдыңғы толқын азаматтары ана тіліміздің еркіндігі үшін күресіп, барлық елді мекендерде қазақ тілі қоғамдарының филиалдарын, мекемелерде оның бастауыш ұйымдарын құрды. Соның нәтижесінде 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі аса зор қиыншылықпен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Шындығында бұл еліміз үшін аса бір сындарлы кезеңде, республикада барлық 16,5 миллиондай халықтың 6 534 616-ы – қазақ, 6 227 549-ы – орыстар болып отырған жағдайда ана тіліміз үшін үлкен жетістік болатын. Алайда, мұндай рухани өрісті, шынайы ұлтшылдық үдерісті ары қарай тиімді жалғастыра алмадық. Себебі, алғашқы кезде қолдау көрсеткен, бірақ саяси саналы халықпен жұмыс істеу де, оны басқару да қиын, күрделі болатынын білген, жан-жағына жалтақтаған билік тілімізді төрге шығару жолында қалың қазақты оятуға бағытталған, көптеген батыл қадамдар жасаған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын бірте-бірте назардан тыс қалдырып, оның жұмысының әлсіреп тарауына жеткізді. Содан бұл аты бар да, заты жоқ қоғамға айналды.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қайтадан шаңырақ көтерді. Алайда ала-құла деңгейде құрылған, тіл маңындағы ірілі-ұсақты тірлікпен айналысып, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтетін, мемлекеттік мәртебесін арттыратын елеулі шараларға бара алмай, екінші жағынан жергілікті билік тарапынан тиісті қолдау болмай тіліміз үшін күресті бүкіл халықтық қозғалысқа келтіруде белсенділік таныта алмады.
Осыдан отыз бес жыл бұрын ана тіліміз ие болған мемлекеттік мәртебесін көтеруде батыл қадамдар жасай алмаудың нәтижесінде оны ұлтаралық тіл деңгейіне көтере алмай келеміз. Бұған дәлелдерім жоқ емес. Аралас мектептер күн санап көбейіп, отбасында ұлттық тәрбиенің әлсіреуінен жас ұрпақтарымыздың өз тілдерін еркін меңгеруіне жағдай елеулі төмендеді. Сонан соң өз тілін еркін меңгермей, ұлттық ойлау жүйесі қалыптаса қоймаған жас ұрпақтың басқа тілдерді меңгеруі теріс тірлік екенін өмір көрсетіп отыр. Осылардың әсерінен 1995 жылы қабылданған Ата заңымыздың 7-бабының бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жаздық та, келесі екінші тармағында бұған қайшы: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норма елімізді қостілділікке жеткізді. Ал 93-баптағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген маңызды қағида көп ұзамай ұмытылды. Ал 1997 жылғы шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» (Бұл атау дұрыс, ол орыс тілінде «О языках в Республике Казахстан» деп аталады) Заңның 27-бабының басымы орыс тілінің жағдайын қарастырған болатын. Сондай-ақ мемлекеттік тілді білуді міндетті дей алмай, оны игеру «парыз» деп жазуға мәжбүр болдық. Ал парыз өз ішінде «айн» және «кифая» болып екіге бөлінеді: «Айн парыз» – әрбір мұсылманға тікелей жүктеледі, ал «қифая парыз» – кейбір мұсылмандардың іске асыруы арқылы барша мұсылманның мойнынан түсетін парыз. Осындай себептерден кезең-кезеңмен қабылданып келе жатқан Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары да тиісті нәтиже бере алмай келеді.
Кеше тәуелсіздіктің отыз жылында «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» немесе «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек» деп ұрандаттық та, мұны нақты іспен жалғастыра алмай, қайта қайшылық жағдайларға бардық. Үш тұғырлы тіл деген саясат ұстанып, жас ұрпағымызға балабақшаларда үш тілді, қазақ тіліне орыс және ағылшын тілдерін қоса үйретуге тырыстық. Балаға бастауыш білімді ана тілінде беру керек деген чехтың ұлы педагогы Я.А.Коменскийдің, орыстың атақты педагогы К.Д.Ушинскийдің, қазақтың тұңғыш педагогы Ы.Алтынсаринның айтқан ойларымен, кешегі ғасыр басында ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының бастауыш мектепті бес жылдық етейік, оның үш жылында ұл қыздарымыз ана тілінде білім алып, төртінші кластан орыс тілін оқытайық деген өсиетін желге ұшырдық. Жапондықтардың балаларын он екі жасқа келгенше өзге тілді оқытпау дәстүріне көңіл бөлгіміз келмейді.
Мұның барлығы ата-бабамыз сан ғасыр алысып, талай ардақтыларымыз құрбан болып, қол жеткен тәуелсіздікті толыққанды сезінетіндей ұлттық рухани сезімнің әлі де жетісе бермеуінен, «Тәуелсізік» деген қасиетті ұғымды тереңірек түсінбеуден болып отыр. Ресми құжаттарда «ұлттық мемлекет» деген сөздер айтыла бермейді. Халқымызды құлдық психологиядан арылту бағытында саяси құқықтық батыл қадамдардың жасалмауы былай тұрсын, бүгін тілге қатысты конституциялық нормаларды бұрмалау фактілері жоқ емес. Кейінгі кезде Ата заңымыздың 7 бабының 2 тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзі-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норманы орыс тілінің ресми мәртебесі деп айтатын болдық.
Ана тіліміздің абыройын арттыруға бағытталған жүйелі де батыл жұмыс жоқтығына тағы да бірнеше мысалдар келтіре кетейін. Бас басылымымыз – «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы жылдың 23-тамызындағы санында басылған «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – жастарға сын» деген мақаласында әлеуметтанушы Айдар Хамит қазіргі ЖОО-да қазақ тілінде білім алып жатқандар қатары жылдан жылға өсіп, 65,3 пайызды құрайтынын, зерттеулерге сүйеніп, жастарымыздың 67,6 пайызы өз тілдерінде жиі сөйлесетінін жазыпты. Ал қазақ тілін тиісті деңгейде меңгергендердің көрсеткіші келесі облыстар бойынша мынандай көрінеді: Солтүстік Қазақстанда (8,2%), Қостанайда (9,0%) және Қарағандыда (6,5%). Бұл мәліметтерді қалай қабылдауды өздеріңіз білерсіздер. Ал осы газеттің 30 тамыздағы санында жарияланған «Павлодар: Қазақ мектебінінің жайы қалай?» атты мақалада Кереку өңіріне қазақ мектептеріне баратын балалар санын ұлғайту өте өзекті мәселеге айналып отырғаны жазылған. Білім беру басқармасының мәліметінше, өткен оқу жылында облыс бойынша мектеп табалдырығын аттаған 23,5 мыңның 43 пайызы ғана қазақ сыныбын таңдаған. Ал биыл 11 мыңға жуық баланың таңдауы 45 пайыз болып отырған көрінеді. Мұндай жағдайды Солтүстік облыстарымыздың барлығына дерлік тән деуге болады. Басқа қалаларға үлгі болуға тиісті Астанамыздағы жағдай да осындай.
Келесі бір жәйт. Ана тіліміздің мүшкіл халін «Қазақ әдебиеті» газетінің 24 қыркүйектегі санындағы «Тіл тілді өлтірмейді, сөйлеуші өлтіреді» деген мақала еріксіз көз алдымызға келтіреді. Газетте «Зерттеулерде жойылып кететін тілдердің алғашқы белгісі «тіл өкілдері өз тілінде бола тұра, сөз арасында үстем тілдердің сөздері мен сөз тіркестерін қосып сөйлейді» делінсе, соңғы белгісі «тілде сөйлейтін ұрпақ өз қоғамында өз тілінде сөйлеуге ұялатын, намыстанатын халге жетеді» деп жазылған. Бұл белгілер бізде де айқын байқалып келеді. Сонымен қатар газетте «соңғы 10-15 жылдың көлемінде орыс және ағылшын тілдерінің әсерінен қазақ тілінің әдеби нормасына едәуір салмақты залал келгені тіл жанашырларын алаңдатып отыр» деп жазыпты. Бізде мұндай жағдайды терең түсініп, қамқорлық жасайтын шынайы тіл жанашырлары табыла қояр ма екен?
Мұның барлығын жергілікті тиісті мемлекеттік мекемелердің ұлттық тілімізге көңіл бөлмеуінен басқаша түсіндіру мүмкін емес. Ана тілімізге осындай қатынастың нәтижесінде 2017 жылға қарай елімізде мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай кемінде – 95 пайызды құрауы тиіс деген сөздерді қазір тіпті еске де ала қоймаймыз.
Ана тілімізді игерудегі бұл кемшіліктер ғасырларға созылған отарлық езгі мен кеңестік қыспақтың ұлттық намысымызды әлсіретіп тастағанынан болып отырғанына сөз жоқ. Дегенмен тәуелсіздікке жеткен жылдары ана тілімізге деген ұлттық қажеттілікті толыққанды сезіне алмай, ұлттық рухымыздың негізі болып танылатын тілімізді Азаттығымыздың басты коды және Тәуелсіздігімізді тұғырлы етудің негізгі құралы ете алмай келе жатқанымыз өкінішті. Бізде ғана тілдің қасиетті «Ана» атымен аталуының терең мағынасын ұғынып қана қоймай, оны тұрақты ұстаным, бойымызға қуат, рухани әлеміміздің басты арқауы және қоғамымыздағы негізгі қатынас құралы ете алсақ, осыдан отыз жылдан астам мемлекеттік мәртебеге ие болған тіліміздің жұлдызы жарқырай түсер еді. Бұл құдірет халқымызды да өркениеттің жаңа биігіне көтерері сөзсіз. Алла, ата-баба рухы лайым да осыған жеткізсін!
Әбдіжәлел Бәкір,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы, «Мұстафа Шоқай» ҒО ғылыми жетекшісі