ТҮРКІСТАНДЫҚ ДУМА ДЕПУТАТЫ

ТҮРКІСТАНДЫҚ ДУМА ДЕПУТАТЫ

(Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген Дума депутаты

Тілеулі Аллабергенұлы туралы ой)


XX ғасырдың басында ұлт-азаттық қозғалыста қалыптасқан түркі халықтарының бірлігі идеясы жаңа ғасырда жаңа міндеттерді алға тартып отыр. Ал, тәуелсіздік жағдайында өткен күннің тарихи сабақтарын зерделеу, бүгінгі күннің нақты іс-әрекеттерін байыта түсетіні анық.

Ұлттың сөзін, жұрттың сөзін сөйлейтін мінберді пайдалану тартысы қай кезеңде де бір сәтке толастаған емес. Осыған орай мақалада Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген түркістандық азамат, тарихи тұлға, 1906 жылғы Ресейдің II Дума депутаты Тілеулі Аллабергенұлы туралы тек қолда бар деректерді жария етпекпіз. Өкінішке орай, бұл кісі туралы тарихи құжаттар мен деректер ауыз толтырып айтуға келмейді, дегенмен, біршама зерттеулер мен баспасөз беттерінде ақпараттық жарияланымдар бар. 

Олардың ішінде терең де толық зерттеу жүргізген – тарих ғылымының докторы Өмірзақ Озғанбай. Оның қаламынан бүгінге дейін 20-дан астам кітап пен 200-ге жуық ғылыми танымдық мақалалар жарық көрген. Әсіресе, ғылыми ортада жоғары бағаланған «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» деген еңбегін атап өткеніміз абзал. 

Ол осыған дейін Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болған қазақтардың ұзын саны 6 адам деп саналған болса, осы еңбегінде олардың санын нақты дәлелдермен 12-ге жеткізеді [1]. Солардың бірі – Түркістаннан шыққан азамат Тілеулі Аллабергенұлы. Аллабергенұлы туралы қосымша деректерді Алаштанушы біршама авторлардың, баспасөз беттеріндегі мақалаларынан кездестіреміз. Атап айтқанда, Ж.Мәуленқұловтың «Мыңбасы атанған Дума депутаты», Айдын Ырысбек, Болат Мүрсәлім, Заңғар Кәрімхан, Кенжебек Тұманбайұлының баспасөз беттеріндегі зерттеу мақалаларын айтуға болады.

1905 жылдың тамызында II Николай патша заң шығарушы өкілетті орган ретінде Мемлекеттік Дума құру туралы манифестке қол қойды. Бірақ ол манифест бойынша, қазақ халқының сайлауға және сайлануға құқығы жоқ болатын. Бұл жайт қазақтардың арасында наразылық туғызып, қазақ зиялылары өз өкілдерін депутаттыққа сайлау керектігі жөнінде батыл талап қоя білді.

Тарихқа көз жүгіртсек, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ даласында Ресейдегі саяси партиялардың филиалдары ашыла бастады. 1905-1906 жылдары сол кездегі қазақ қалаларында «Кадет», «Народная свобода», «Социал демократтар» және тағы басқа партиялар ресми түрде

тіркеліп, өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп тұрған. Ішкі Ресейдегі толқулардың екпіні қазақ қалаларын да шарпып, патшаға қарсы ереуілдер мен шерулер Орал, Перовск, Ақтөбе, Петропавл және тағы басқа қалалардағы өнеркәсіп орындарында, теміржол жұмысшылары арасында жиі болып отырды. Міне, осындай алашапқын кезде Мемлекеттік Думаға сайлау болатыны туралы заң шыққаны қазақ арасына да жетеді. Өздерін теңгермей, жартыкеш санап жүрген үкіметтің енді елдің басты заң шығарушы органының мүшелігінен орын бермегі қазаққа жақсы жаңалық әкелген хабар болды. Ресейдің I және II Думасына қазақ депутаттарының сайлануы елдің рухы мен еңсесін ғана көтеріп қойған жоқ, оның зиялы қауымын саяси тұрғыда шыңдай түсті. Ендігі жерде, Думада үкіметке ықпал етудің жаңа мүмкіндіктері пайда бола бастады. Яғни, 1905 жылы Ресей Мемлекеттік Думасының құрылуы еліміздегі бұқараның саяси сана-сезімінің өсуіне ықпал еткен. Соның нәтижесінде 1906 жылғы I Мемлекеттік Думаға қазақтардан Торғай облысынан – Ахмет Бірімжанов, Уфа губерниясынан – Сәлімгерей Жантөре, Орал облысынан – Алпысбай Қалменұлы, Астрахань губерниясынан – Бақтыгерей Құлманов, Ақмола облысынан – Шәймерден Қосшығұлұлы, Семей облысынан Әлихан Бөкейхан сайланды. Бірақ, Ресейдің I Мемлекеттік Думасы небәрі 73-ақ күн жұмыс істеді. Артынша, 1907 жылы II Мемлекеттік Думасы жасақталғанымен, ол Думаның да қызметі ұзаққа созылмай, небәрі 104 күн ғана жұмыс істеді.

Қазақ ұлтының 1906 жылғы Ресей Мемлекеттің Думасына барлығы 12 адам сайланғаны белгілі. Олардың ішінде Ә.Бөкейхан, А.Бірімжан, А.Қалменұлы, Ш.Қосшығұлұлы, М.Тынышбайұлы сынды Алаш ардақтылары бар. Осы қатарда сол кезде Сырдария округі болып саналған Түркістан елді мекенінен Тілеулі Аллабергенұлы да бар еді. Дума депутаттарының тізімінде ол былайша тіркелген. «Тілеулі Аллабергенұлы 1856 жылы туған, 2-ші мемлекеттік Думаға Сырдария облысынан сайланған. Бастауыш білімі бар, бай адам болған. Думаның мұсылмандар фракциясының мүшелігіне өткен». [2]

Мұрағат деректерінде жазылғандай, Тілеулі Аллабергенұлы ауқатты, бай отбасынан шыққан. Діни нанымға берік, алғыр, тапқыр адам болған. Бұған қоса кеңпейілділігі, мейірімділігі, жомарттығы, жетім-жесірлерге қайырымдылығы ел арасына кең тарап, халық арасында құрметке бөленеді. Сондықтан халық оны көкке көтеріп, Әзірет Сұлтан кесенесінде өткен кезекті айт намазы кезінде оған «Мыңбасы» атағын береді. «Мыңбасы» деген атақ Қоқанның мемлекеттік билеу жүйесіндегі лауазым.

Қоқанда қалыптасқан берік мемлекеттік құрылым болмаса да, өздеріне тән билік жүйесі бар болатын. Билік бектің (кейін ханның) қолында болды. Оның жарлықтары мен пәрмендері бұлжымас заң түрінде қабылданды. Бектікте екінші адам болып бас уәзір саналды. Бектік кезінде әр билеуші төрт жыл сайын бас уәзірді алмастырып отырды. Бек сарайында бас уәзірден бөлек әрқайсысы белгілі бір салалық – әскер, дін, елшілік, қазынашылық, шаһарлармен қатынас, ішкі тәртіп жұмыстарына басшылық жасайтын алты уәзір қызмет атқарды. Әскербасы, яғни бас қолбасшы – әмір – ләшкер, жаяу әскер мен зеңбірекшілердің басшысы – найып атты әскерді басқарушы –ынақ, хан әкімшілігінің жұмыстарын реттеуші – есік аға, бек пен уәзірлердің кеңесшісі – аталық, ханның жеке күзетшілерінің бастығы – кешіктенбашы, сарай шаруашылығының басшысы – дәстүрханшы атанды. 

Осылардың барлығы бек (хан) кеңесіне кірді. Осы дәрежеге жеткен адамдардың барлығы алдымен бектікке еңбек сіңіріп, «Мыңбасы» деген шенге қол жеткізуі тиіс болған. Бұған себеп – Шахрух алғаш бектікті құрған шақта әскерінің саны мың адамды құрапты. Әскерді басқарған Шахрух алғашқыда бек емес, мыңбасы атанған. Соған орай кейін Шахрух құзырына қаншама иелікті қаратып, әскер санын бірнеше мыңға жеткізсе де, «мыңбасы» атағы маңызын жоймай, елдегі барлық шенді басшыларға осы атақтың қоса берілуі – хандық құлағанша бұлжымас тәртіпке айналған. [3] Тілеулі Аллабергенұлы да осындай «мыңбасылық» шенге ие болған кісі.

Тілеулі Мыңбасының көзін көргендер оны орта бойлы, қараторы келген, өткір көзді жан еді деп суреттейді екен. Жүректі, алғыр, шешен, әр нәрсені алдын ала болжай білетін көреген адам болған деседі. Мыңбасылық орынға да өзінің осындай сегіз қырлы, бір сырлы ғажап мінезімен жетсе керек. Осы қызметін, өзінің жеке байлығын, әкесі Аллаберген байдан қалған қыруар мал-мүлікті, жер-суды Тілеулі Мыңбасы елдің игіліне пайдаланған. Қаланың әр жерінен кедей-кепшік, аш-жалаңаштарға арнап ыстық тамақ беретін арнаулы орындар салдырған. Қыздар, балалар үшін арнаулы мектептер ашып, мұғалімдеріне көмек жасап, жалақы төлеп тұрған. Тілеулі Мыңбасының осындай жоғары адамгершілігі, парасаттылығы халық арасында оның беделін арттыра түскен. Ол кезде әр отбасына міндеттелетін түтінпұл деген салық болған. Соны төлеуге шамасы келмеген отбасының қарызын қаладағы байлардың мойнына іліп, төлеттіріп отырыпты. Мыңбасының жеке басының қасиетін, әділдігіне тәнті болған байлар да Тілеуліні құрметтегендіктен, айтқанын екі етпеген. [4]

Тілеулі Мыңбасының 1907 жылы Ресейдің II Думасына Сырдария уәлаятынан депутат болып сайлануына да халық арасындағы осындай биік беделі әсерін тигізген болуы керек. Бұл мәслихатқа Түркістанның маңайындағы аймақтардың болыс-билері, байлары, зиялы азаматтары жиналып, Дума депутаттарын зор дайындықпен қарсы алып, Тілеулі Мыңбасының үйінде күндіз-түні жиын өткізеді. Осы жиында Тілеулі Мыңбасының – Думада сөйлейтін сөзі, Дума мінберінен қоятын мәселесі пысықталады. Кейін Думада сөйлеген сөзінде сауатсыз қазақ жастарын әскер қатарына шақырмау, қазақ балалары үшін мектептер ашу, қазақ ауылдарында емдеу мекемелерін ашу, тағы сол сияқты халық арасында өзекті болып отырған мәселелерді көтереді. Бір сүйсінерлігі – Тілеулі Мыңбасының ортаға салған пікірлерінің Алаштың ардақты азаматтары Әлихан Бөкейханның, Бакытжан Қаратайдың ойларымен ұштасатыны. Бастауыш сыныптық қана білімі бар ел ағасы ойларының қазақтың Ә.Бөкейхан сияқты данышпан ұлдарының арман-тілегімен бір арнада тоғысуы Тілеулі Мыңбасының көкірегі күмбірлеген жан болғанын аңғартса керек.

Тілеулі Мыңбасы алпыс жасты алқымдағанда әйелі қайтыс болады. Бұл әйелінен Мақан атты ұл бала сүйеді. Мақан Тілеулінің өзіне тартып, алғыр, батыр болып ержетеді. Ел арасында оның өжеттігі, ақылдылығы жөнінде әңгімелер кең тарайды. Бірақ ұлы ертерек қайтыс болып кетеді де, Тілеулі Мыңбасы күйікке шыдамай ауруға ұшырайды. Кейінгі әйелінен бір ұл, бір қыз сүйгенімен, олардың қызығын көре алмай көз жұмады. Ұл мен қыздан тараған ұрпақ қазіргі кезде өсіп-өнген үлкен әулетке айналды.

Бүгінгі күнге дейін ныспысы ғана белгілі болып келген қайраткер Тілеулі Мыңбасыға қатысты ел аузында айтылып жүрген әңгімелердің ұзын-ырғасы осындай деп ой түйеді Оңтүстік Қазақстан облыстық аксақалдар кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов. [5]

Тәуелсіз ел атанғанымызға ширек ғасырдан асып отырғанда, өткен тарихымыздың бізге беймәлім, ақтаңдақ тұстарын ашуда атқарылатын істер алда әлі баршылық. Сондықтан тынымсыз еңбек арқылы ұрпақ сабақтастығын сақтауға үлес қосуда және жас ұрпақтың бойына тарихи-танымдық құндылықтарды дарытуда музей қызметкерлері де өз үлестерін қосатын болады.

Пайдаланылған әдебиеттер 

1. Озғанбай Ө. «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» 

2. Ырысбек А. «Алаш мүддесі һәм Дума депутаты», Қазақ үні, 20.05.2011 

3. Мәуленқұлов Ж. «Мыңбасы атанған Дума депутаты». – Егемен

Қазақстан, 05.04.2017 

4. Кәрімхан 3. Алғашқы сайлау және ұлттық элита. Тарихи жарияланымдар сайты. 

5. Мәуленқұлов Ж. – «Мыңбасы атанған Дума депутаты». – Егемен

Қазақстан, 05.04.2017 

Гаухар ЖҮЗБАЕВА, 

ғылыми қызметкер