СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ – ҰЛТ МҮДДЕСІНІҢ КҮРЕСКЕРІ

СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ – ҰЛТ МҮДДЕСІНІҢ КҮРЕСКЕРІ

Сұлтанбек Қожановтың тұлғасы саясат үшін де, тарих үшін де қызмет жасайды. Ұлт барда ұлттық мүдде бар. Ұлттық мүдде бар жерде оған қызмет етудің өлшеміне айналған қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың тұлғасына көлеңке түспей, жарқырай таныла беретін болады.

Сұлтанбек Қожанов Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы Ақсүмбе деген жерде 1894 жылы туған. Сұлтанбектің қысқа ғана балалық шағы сол Қаратау баурайында, шаруасы жарытымсыз, кедей болған малшы Қожан Қоңқақұлының қолында өтеді. Көп балалы қойшы Қожанның ұлдарының үлкені Сұлтанбек екен. 

Патша үкіметі өзінің отарлаудағы ісіне септесер болашақ қолшоқпарларын тәрбиелеу мақсаты мен орыс-түзем мектептерін ашып, оқытатын балаларды әр облыстан жинауға кіріскенде, ауқаттылар «тұқымын шоқындырып алудан» қорғаншақтанып, таңдау «бір қора ұл-қызы бар кедей-кепшік Қожанның еті тірі, пысық жеткіншігі – Сұлтанбегіне» түседі. Осындай жағдаймен 11 жасар баланың тұрмыс салтына өзгеріс енеді. Әкесі оны Түркістанға әкеліп, танысының үйіне орналастырады. Мұнда ол бір ауыз орысша сөз білместен орыс-түзем мектебінің партасына отырады, әрі күн-көріс талабына орай етікшінің жәрдемшісі ретінде жұмыс істей бастайды.

Зерек бала орысшаға тез төселіп, төрт кластық бастауыш орыс-түзем мектебін ойдағыдай аяқтайды да үш кластық қалалық училищені бітірген соң, білім қуып Ташкентке келеді. Сұлтанбек сондағы мұғалімдер семинариясына түсуге талпынады. Сынақтардан мүдірмей өтеді. Семинарияда оқыған жылдарында Сұлтанбек жалпы білімін көтерумен қатар қоғамдық озық ой-пікірлермен таныса бастайды, мұғалімдердің астыртын ұйымдарының жүргізген жұмыстарына қатысады.

Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады. Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділілік танытады. 1921 жылы қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі елді мекендерінде ашыққан адамдардарды тамақтандыратын пункттер ашуды ұйымдастырды.

«Жылан жылы ел Сұлтанбектің түлен көжесін ішіп жан сақтады ғой» – дегенді сол өңір қариялары күні кешеге дейін өздері дүниеден озғанша айтып жүрді [1].

Тұлғаларды танудағы әрекеттің алтын арқауы, жібек желісі –

ұлттық мүдде болу керек, яғни, мәселе тура мағынасында қойылғанда, ол ұлтымыз үшін не істей алды деген сұраққа жауап беруді қажет етеді.

Оның тұлғасын тану мен танытуға бірқатар арнаулы зерттеу еңбектері жарыққа шықты. Атап айтқанда Т.Қожакеев, Р.Бердібай, Б.Қойшыбаев, Ж.Әлмешұлы, Т.Хазірет, А,Шәріп, Ж.Симтиков, Ж.Уәлиханова және тағы басқалар ғалымдар мен әдебиетшілердің еңбектері де осы қатарды толықтыра түседі.

Әйтсе де, қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі мен мәдени-әдеби мұрасын зерттеп, зерделеуде кенжелік, соңын күткен кібіртіктеу байқалып келеді. Оның сыры неде болды екен деген сауал әркімді де ойлантуы тиіс. Оның басты себебі – С.Қожановтың партия мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойған шынайы ұлтжандылығы болды. Тоталитарлық билік саяси қуғын- сүргін құрбандарын ақтауға да аса бір сақтықпен қарады. Алғашқы кезекте коммунистік билікке барынша адал қызмет жасағандар ақталып, олардың тұлғасы советтік тәрбиенің идеалына айналдырылды. Ал пролетарлық интернационализмге ұлттық құндылықтарды, таптық төзімсіздікке ұлттық бірлікті қарсы қойған Алаш қайраткерлері мен алаштық рухтағы С.Қожанов сияқты партия қайраткерлерін ақтау кейінге шегеріле берді деп ой тұжырымдайды, зерттеуші ғалым Т.Хазірет [2]

Академик М.Қозыбаев отандық тарих ғылымын тарихи қайраткерлер мен тұлғалау зәру мәселелердің бірі екендігін айта келіп: «Күні кешеге дейін жеке адам мен халықтың қатынасы толық ашылмай келді. «Қайраткерлер» ұғымы қызметкерлер, мансап иесі дәрежесіне төмендетілді. Қайраткер – жасампаз адам, жоқтан бар жасаушы, өз мүддесін халық мүддесімен қабыстырып, өз халқын өркениет көгінде жарастырушы болса керек» деген ойды одан әрі өрбіткен ғалым «Отан тарихынан кейбір кездейсоқ адамдарды аластап, тарихи тұлғаларды өз тұғырына қондыру керек» деген пікір айтады

[3]. 

Тәуелсіздік жағдайында ұлттық тарихтың мазмұнын қайта бағалау тұрғысында айтылған бұл пікірдің көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановқа тікелей қатысы бар деп білеміз. Отан тарихында осы кезге дейін ғылыми тұрғыда игерілмей келе жатқан тақырыптар да, тұлғалар да аз емес. Сондай өзінің тарихи бағасын осы кезге дейін толыққанды ала алмай келе жатқан тұлғалардың бірі – Сұлтанбек Қожанов. 

Сұлтанбек Қожановты өз қатарластарынан ерекшелендіріп тұрған да, тағдырына терең із қалдырған бағы да, оның ұлтшылдығы еді. Коммунистік идеяның өзегін құраған таптық мүддеден ұлттық мүддесін жоғары қойған ұлтжандылығы қайран ерді көзсіз көбелектей отқа жақты,сол ұлтжандылық ендігі кезекте ұлтының ұлықтауына өзек болып отыр.

Сұлтанбек Қожанов кезінде Республиканың саяси басшысы болғанымен оның әрбір ізін аңдыған әрекеттерді Орталықтың басқарып отырғаны да жасырын емес. Осындай жағдайда Қожановтың Қазақстанда қалыпты жұмыс істеуі және ұлттық идеяны іске асыруға еркін кірісуі мүмкін емес еді. Қайта үлкен саяси қысым жағдайында оның он бір ай қызмет жасай алуы ерлікке пара-пар іс болатын.

Республикадағы саяси басшылыққа Голощекиннің келуі бұл саяси үдерісті өршітіп жіберді. Қожанов Мәскеуге кеткен соң оны айыптайтын саяси науқан кең өріс алды. Осыған байланысты Сұлтанбек Қожанов Қазақ өлкелік партия комитетіне 1926 жылы ашық хат жазып, ақталуға мәжбүр болған. Хаттың жазылу мақсаты оның Қазақстандағы қызметіне қатысты өлкелік партия комитетінің хатшысы Голощекиннің өршіткен саяси айыптауынан басын арашалау болды. Осы хатты деректік тұрғыда талдағанда С.Қожановтың Қазақстандағы саяси қызметінің сипаты мен мазмұны туралы өз аузынан баяндалған көп мағлұматқа қанығамыз. Сонымен бірге бұл құжаттан оның ұлтжандылық қызметіне негіз болған қоғамдық-саяси көзқарастарының түп-тамырын ұғынамыз. Ол хатта «Мен партияның алдыңғы қатарында жүріп мына мәселелерге белсене қатыстым: Отаршылдық пен жергілікті ұлтшылдықты саяси тұрғыдан жоюға; Жерге орналастыру және жер-су реформасын жүргізуге; «Қосшы» одағын ұйымдастыру науқанына; Орта Азияда ұіттық межелеуді іске асыруға; Қазақстанның орталығын Орынбордан Қызылордаға ауыстыруға және Қазақстанның ішкі құрылысында ұлттық мүддені күшейтуге тікелей араластым» [4].

Сонымен бірге бұл құжаттан С.Қожановтың ұлтжандылық қызметіне негіз болған қоғамдық-саяси көзқарастарының өзегін танимыз.

Тәуелсіз қоғамымызда осы саясаттың тоңы жібегендей болып келеді. Қайраткердің өз қызметіне қатысты соңына қалдырған деректерінде партиялық биліктің ыңғайымен бүгіп қалған жайттары да жоқ емес. Таратып айтатын болсақ, ол өзінің Алаш қозғалысына тікелей қатыстылығын айтудан тартынып келген. Қазіргі кезде ашық айтылатын мәселе – шын мәнінде С.Қожановтың Алаш қозғалысының қайраткері болғандығы.

Сұлтанбектің саяси ұстазы М.Шоқай большевиктер партиясы қатарына енгенімен өздерінің шынайы ұлттық элитаға тән азаматтық, отаншылдық биігінен төмендемеген қандастарына ризалық сезімін білдіреді. Ол «Смағұл Сәдуақас, Қожанұлы Сұлтанбек және Меңдешұлы Кеңес дәуірі орнаған кезде кеңес үкіметін бірден жақтап шыққан адамдар болатын. Бірақ олар, өткен тәжірбиелері көрсетіп отырғандай, Кеңес үкіметіне тек қара басының қамы үшін қызмет етпегенін біз жақсы білетінбіз. Сұлтанбек Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, еңіреп туған азамат еді. Ол бұдан былай да осы қасиеттерінен айрылмайды деп сенеміз» деген еді [5]. Сұлтанбек осы сенімнен шыға алды. Бұл баға Сұлтанбекке берілген әбден лайықты баға. Ұлтының ұлы көсеміне лайықты тұлғаның бағасы. Ұлылардың бірін-бірі тануының теңдессіз мысалы.

 Қайсар қайраткер 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістан қаласында да қайраткер атына көше беріліп, ескерткіш қойылған.

Сұлтанбек Қожановтың шығармалар жинағының тұсаукесері 2010 жылдың 27 мамыр айында ҚР Ұлттық кітапхана мен С.Қожанов атындағы қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында өтті. Кітаптың құрастырушысы филология ғылымдарының докторы, профессор А.Шәріп.

Ұлтшыл қайраткердің өзі саяси қызметі туралы жасаған бұл қорытындыларының әрқайсысына жеке тоқталып, нақты тарихи дәйектер және дәлелдермен кеңінен таратуға болады. Қайраткер қызметінің биік шыңдары болып саналатын ол жетістіктерді ғылыми тұрғыда талдап, тарихи танымның игілігіне айналдыру – таяу күндердің және осы бүгінгі ұрпақтың еншісі болуы керек.

Қорыта айтқанда, Сұлтанбек Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Оның өзінің сан-салалы қызметінде топтық, аймақтық, тіпті, таптық мүдделердің деңгейінде қалып қоймай, ұлттық, мемлекеттік деңгейден табылды. Сұлтанбек Қожанов сияқты ұлтжандылылығы мемлекетшілдікпен ұласқан, мемлекетшілдігі ұлтының рухына қызмет етуге жұмылдырылған қайраткер халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға лайық [6].

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Мұхаммедқалиев Қ., Зәңгіров Е. «Күрделі заманның қайсар қайраткері». – Астана: Аударма. 2002.

2. Хазіретәлі Т. С.Балажанға берген сұхбатынан. 

3. Тарихи тұлғалар. Танымдық – көпшілік басылым. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. - 366 б.

4. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.», 2010.-250 6.

5. Қойгелдиев М. «Ұлттық саяси элита». 1993. 56 б.

6.Әлмашұлы Ж. Сұлтанбек Қожанов. Алматы. 2005


Меруерт Ибрагимова,

 «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкері