НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ

НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ

Дипломатия деп – мемлекет пен үкіметтің шетелдермен сыртқы саясаты, ал дипломатияға мемлекетаралық байланыс, халықаралық ынтымақтастықты орнату, бейбітшілікті сақтау, мемлекет аралық жанжал болдырмау мақсатында жүргізілетін келіссөздер, халықаралық конференциялар жұмысы жатады. Кеңестік кезеңде дипломатиялық іс пен сыртқы саясатты орталықтан басқарды. Отандық тарихта қазақ хандары мен белгілі тарихи тұлғалардың жүргізген дипломатиялық саясатының алар орны ерекше. XX ғасыр басында тарих толқынымен сахнаға шыққан, дүниетанымы демократиялық бағытта қалыптасқан мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов болды.

Нәзір Төреқұлов – өткен ғасырдың басында ұлт үшін өлшеусіз кызмет жасаған Алаш қайраткерлерінің бірі, КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі. Ол Қоқандағы жәдидтік мектепте және екі жылдық орыс-түзем мектебінде бастауыш білім алды. 1913 жылы сондағы коммерция училищесін бітірігі, Мәскеудегі коммерция институтына оқуға түсті. Бірақ, 1916 жылғы маусымның 25-індегі патша жарлығы бойынша майданның қара жұмысына алынған жерлестеріне көмек көрсету мақсатымен оқуын тастап, Батыс майданға барды. Минскіде Земство одағына нұсқаушы болып жұмысқа кіріп, тыл жұмысына алынғандарға тілмаштық қызмет көрсетіп, олардың мүддесін қорғау бағытындағы іс-шараларға белсене ат салысты. Сонда жүріп қазақ жастарының «Еркін дала» атты астыртын ұйымын құруға жетекшілік етті [1, 142 6.].

1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Орынборға оралып, «Еркін дала» ұйымының алғашқы құрылтайын ұйымдастырды. 1918 жылы сәуірдің 16-ында «Қазақ мұңы» газетін шығаруды қолға алды. Осы жылы жазда Қоқанға оралып, сонда жұмысшы, диқан және солдат депутаттары кеңесіне қызметке тұрып, оның органы болып табылатын «Халық газетін» және Түркістан КП органы «Инқилоб» (Революция) журналын шығаруға араласты. Н.Төреқұлов Ресей отаршылдығының Түркістан халықтарына қаншалықты қасірет алып келетінін жан-жүрегімен сезінді. Бұл туралы ойларын ол Ташкентте, Мәскеуде шығатын басылымдарда жарияланған мақалалары мен баяндамаларында бүкпесіз айтты. 

Патшалық Ресей мен большевиктер иеленген Ресей Түркістанды шикізат өндіретін ел ретінде санап, оның мәдени өркендеуіне мүдделі болмағанын, қайта халықтың өсіп-өркендеуін тежеп, кедергі келтіріп отырғанын тұңғыш рет ашып, аяусыз әшкереледі. Қоғам қайраткері көп ұлтты Түркістан Республикасының саяси тынысында партиялық және мемлекеттік жоғары билік тұтқаларын ұстады. Жергілікті ұлт өкілдерінің алғашқылары қатарында Түркістан Компартиясы Оргалық Комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Одан кейін де Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетін, Оқу-ағарту халық комиссариатын басқарды. Осы кезеңде ол көрнекті қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, С.Қожанов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедовтармен бірге оқу-ағарту ісіне аса мән беріп, Ташкентте тұңғыш қазақ жоғары оқу орнын ашуға ұйытқы болды. Лауазымды қызметтер атқара жүріп дін мәселесіне де көп көңіл бөлді. 

Түркістан ОАК-нің төрағасы ретінде барлық мекемелерде демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстыру туралы және Құрбан айттың үш күнін демалыс күндері деп жариялау туралы қаулыларға қол қойды. 1921 жылы «Қызыл байрақ» журналында «Ислам және коммунизм» атты мақала жариялап, онда исламның қоғамдағы атқарып отырған рөліне оң баға берді [2, 159 6].

1922-1928 жылдары Мәскеуде КСРО ОАК жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Бұл қызметке кіріскеннен кейін В.Лениннің қабылдауында болып, автономия алған халықтардың тілін мемлекеттік тілге айналдыру мәселесін көтерді. Түркі тілдес халықтардың ортақ әліпбиін жасау жөніндегі комисияға төрағалық етіп, араб әліпбиінен латын әліпбиіне көшуді жақтады. Аталған басқарма төрағасы ретінде қазақ тілінде «Темірқазық» атты журнал шығаруды ұйымдастырып, оған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев секілді қазақ зиялыларын тартты. Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде дәріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнында проректорлық қызмет атқарды.

Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби, білікті дипломат, елші Нәзір Төреқұловтың есімі көзі тірісінде-ақ халықаралық деңгейде танылып, жоғары бағаланды. Кеңестік дәуірде сыртқы саясат пен дипломатиялық жұмыс орталықтан басқарылып, сыртқы саясат ведомствосы мен шетелдегі елшіліктерде қазақ ұлтымен салыстырғанда басқа ұлт өкілдері қызмет атқарды. Ол туралы С.Батыршаұлы «жетпіс жылдың ішінде тек бірнеше қазақ елші дәрежесіне жетті, олардың бірі – Нәзір Төреқұлов болды. 1928- 1936 жылдары сол кездегі ең жоғары дипломатиялық атақ – КСРО Бас консулы, Төтенше және өкілетті өкіл деген лауазыммен Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы Елшісі қызметін атқарды. Қазақтан тұңғыш шыққан жоғары мәдениетті, білімді, сегіз тілді жетік меңгерген өкіл өзінің ақыл- жігерімен Джиддада тіркелген Батыс Европа елдері дипломаттарының тілін тауып, туындаған мәселелерді Кеңес үкіметінің пайдасына шешіп отырды» [1,138 6].

1928 жылы небәрі 36 жасында ол Хиджаз (Сауд Арабиясы), әрі қосылған аймақтардағы КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалды. Ол кезде мұндай жауапты кызметке жас адамның тағайындалуы дипломатиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін жайт болатын. 1932 жылы Нәзір Төреқұлов КСРО-ның Сауд Арабиядағы өкілетті елшісі болып тағайындалды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен де аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу кезекті қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазак халқының өкілі екендігі ескерілген. Н.Төреқұловтың 1932 жылы маусымда Сауд Арабиясы королінің мұрагері Фейсал әл-Саудтың КСРО-ға 10 күндік сапарын ұйымдастыруы елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайраткерлігі еді. Ол елші болған жылдары араб тілін жетік меңгеріп, бірнеше мәрте кіші және үлкен қажылық рәсімін орындады. Елшілік кызметін аяқтағаннан кейін КСРО Ұлттар кеңесінің жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зерттеу институтына қызметке орналасты. Н.Төреқұлов қазақ, өзбек, тәжік тілдерін «ана тілім» деп білген, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін игерген, аз уақытта араб тілін меңгерген полиглот, алған білімін іске жаратқан үлкен ғалым болды. Өмірінің соңында түрік тілдерін салыстыра морфологиялық зерттеу жүргізді. 

«Түрік халықтары кіндік баспасы» бас редакторы кезінде 12 тілде кітап ұйымдастырып, басып шығарып отырды. Халық даналығы дерлік іүркі халықтары мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын кітап етіп бастырды. Оның «Бұхара Советтік Халық Республикасы», «Қоқан автономиясы», «Ферғана мәселесі» деген тарихи шығармалары бар. Сонымен қатар ол өзбек мектебі үшін алғашқы оқулықтар жазды. Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылы «алашордашыларды» қамқорлығына алып, қолдау көрсеткені үшін ұлтшыл деген айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1958 жылы қаңтардың 28- інде КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. 2001 жылы танымал дипломат Т.Мансұровтың «Елші Н.Төреқұловтың Арабия дастаны» атты кітабы жарық көрді. Бүгінде Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында Төреқұлов есімімен аталатын көшелер бар. Оның есімі Шымкенттегі, Түркістандағы және Шолаққорғандағы орта мектепгерге берілген. Түркістан қаласында мұражайы істейді

Мемлекетінің мүддесін шетелде биік деңгейде қоргау, жоғары деңгейде елші ретінде төңірегіндегілерді түсіне білу, сол мемлекеттің басшылығымен терезесі тең келісім сөз жүргізу, көрегендік, шешендік өнер, осы қасиеттердің барлығы Нәзір Төреқұлов бойынан табылды. Оның қоғамдық-саяси қызметінің барлық белестерінде бірінші ұлтына, туған халқына аянбай көмек беруге ұмтылғанын көреміз. Осы мақсатта ғылыммен, әдебиетпен және журналистік қызметпен де айналысты. Соның арқасында қазақ әдебиеті мен өнері үшін, қазақ тіл ғылымы мен баспасөзі үшін, бір сөзбен айтқанда, жалпы қазақ тарихы мен руханияты үшін қаншама құнды дүниелер жазып тастап кетті. «Нәзір Төреқұлов дипломат» деген еңбекте: «1922-1928 жылдары Н.Төреқұлов Мәскеуде КСРО халықтары Орталық баспасын басқарды. Осылайша өзінің жаны сүйген баспасөз бен баспа жұмысына қайта араласады, әрі ол баспаға жетекші болумен ғана шектелмей түркі халықтары тілінде шыққан әдебиетке редакторлық жасап, кітаптарга кіріспе жазумен айналысты. Өзбек, тәжік тілдерінде қалам ұстаған, көпке танымал жазушы С.Айнидің «Бұқар революционерлері» кітабына көлемді сөзбаспасын жазған Н.Төреқұловтың сондай қызметтерінің бірі» екендігі туралы терең мәліметтер келтірілген [3, 318-319 б.]. Н.Төреқұлов өзінің жинаған іс-тәжірибесінің арқасында жауапты қызметтерге сайланды. Ол Түркістан Компартиясы ОК-нің жауапты хатшысы, Түркістан АК-нің төрағасы, Шығыс халықтары институты директор орынбасары және КСРО ОА Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы, түрік халықтарының жазуын латын әліппесіне көшіру жөніндегі ОК-тің төрағасы сияқты басшылық қызметтер оның қайраткерлік тұлғасын қалыптастырды.

Нәзір Төреқұлов шебер дипломат ретінде өз мемлекетінің беделін лайықты дәрежеде ұстап тұру, оның саяси, сауда-экономикалық, басқа да мақсаттарын табанды түрде қорғау және аса қажетті ақпараттарды дер кезінде ой елегінен өткізе білу сияқты салаларды терең меңгеріп өз қызметінде бұлжытпай орындап отырды. Ол сол кезеңде өзі төтенше жэне өкілетті елшісі болып отырған Кеңес Одағының беделін көтеруге күш салды, әр түрлі дәрежедегі келіссөздерді біліктілікпен жүзеге асырып отырды. Әсіресе кеңестік сауда жүйесінің өміршеңдігін дәлелдеп, оған жасалған шетелдік қысымға шектеу салды, сол арқылы елшіліктің сараптау жұмысының арнасын жаңа жолға қоюы асқан шеберліктің үлгісі болғандыгын айта аламыз. Ол жайында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» деген еңбегінде: «Сауда-саттық келісімдерінің жоқ екеніне қарамастан, 1930 жылдың өзінде кеңестік дипломатиялық өкілдік мұнай өнімдерінің, ағаштың, ұнның, қанттың және басқа да тауарлардың Сауда Аравиясына жеткізілімі туралы жемісті келіссөздер жүргізді... Н.Төреқұловтың тікелей қатысуымен 1933 жылы КСРО-мен сауда-саттыққа қатысты саудтық өкімет орындарының шектеулерін толық алып тастауға қол жеткізілді, денсаулық сақтау саласында корольдікке жәрдем беру ұйымдастырылды, сондай-ақ бірқатар маңызды жобалар, оның ішінде Ат-Тайф қаласында Сауд Аравиясындағы тұңғыш АТС-ты орнату жүзеге асырылды» – деп жоғары баға береді [2, 404-405 б.].

Халықаралық дәрежедегі дипломатиялық саясат жүргізуде өзіндік үлесі бар Н.Төреқұловтың халықаралық деңгейдегі ірі, көрнекті саяси қайраткерге айнала бастауы, Кеңес Одағының, қызыл империяның шовинистік пиғылдағы көсемдеріне ұнаған жоқ. Кеңес Одағы үшін, ішнара, әрине, одақтас республикалар ретіндегі түркі халықтары үшін Н.Төреқұловтың жасап жатқан жемісті елшілік қызметінен тез арада шақыртып алды.

Кеңес Одағына қайта шақыртып алу саясатында да осындай астар бар еді. Сталиннің және оның төңірегіндегі жандайшаптарының, асыра сілтеушілерінің ұйымдастыруымен, жала жабу арқылы көп ұзатпай Н.Төреқұловты ірі қайраткер ретінде саяси сахнадан аластату мақсатында ашық саясат жүргізілді. Түркі жұртына жаны ашып, көмек бергені үшін пантүркілік ұйымның белсенді мүшесі деген айып тағылып, Кеңес Одагын құлатуға әрекет жасады деген жала жабылып, тұтқындалды.

Нәзір Төреқұлұлының жарқын да жұмыстан бел жазбаған ғұмыры өте қысқа болды. Ол елдегі 30-жылдардағы саяси қуғынға ұшырап, 1937 жылы «Кеңес Одағына қарсы насихат жүргізді, мұсылмандыққа бет бұрды» деген

жалған айыппен өлім жазасына кесіліп, атылды. Тек 1958 жылы сталиндік қуғын-сүргіннің кінәсіз құрбандары қатарында ақталды [1, 146 б. ].

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Нәзір Төреқұлов қазақ ұлты перзентінің Сауд Аравиясында әлемдік деңгейде терезесін тең ұстап, сол алпауыттардың өз тілінде, өз дәрежесінде Кеңес Одағы сияқты алып мемлекеттің елшісі ретінде абыроймен қызмет атқаруы мен қатар түркі тектес халықтардың да мұң-мұқтажын шешу барысында тер төгіп, жұмыстар атқарғандығы бүгінгі таңда үлкен еңбек екендігін білеміз. 

Осындай тағылымды тағдыр кешкен перзентіміздің тәуелсіздікке қол жеткен заманымызда арамызға қайта жарқырап оралатын кезеңі де келді. Оның атаулы даталарына сәйкес білім ордаларында конференциялар ұйымдастырылды. Осы орайда Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындагы ХҚТУ-да «Қазақстан Республикасының дипломатиялық және саяси өміріндегі Нәзір Төреқұловтың рөлі» атты ХҒП конференцияға Сауд Арабиясы, Түркия, Египет, Ливия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және тағы басқа мемлекеттерден және мемлекет және қоғам қайраткерлер, елшілер, ғалымдар, дипломаттарымыз қатысты. Нәзір Төреқұловты Кеңес заманында ату жазасына кескен кезде, Совет Одағы мен Сауд Арабиясы мен арадағы қарым-қатынас үзіліп қалған болатын. Енді сол қарым-қатынастың қайта жаңғыруы, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана басталды. Конференцияда бүкіл мұсылман әлеміне Н.Төреқұлов ісін кеңінен тарату үшін араб елінен арнайы өкілдердің қатысуы да осының дәлелі болып саналады. Конференцияда Нәзір Төреқұловтың қайраткерлік және елшілік қызметіне, түркі елдерінің тарихын, мәдениетін, экономикасын, өнерін тұпнұсқадан таныған шығармашылық қызметіне, Орта Азияны мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетіне қатысты жазған зерттеулері мен еңбектеріне, түрік халықтарының араб алфавитінен латын алфавитіне көшу негізіне арналған жазбаларына тоқталып, іргелі мәселелер көтерілген. Сауд Арабиясынан келген нәзіртанушы өкіл Абдель Маджит ат-Түрки өз сөзінде: «Бұл елге келген сайын қуанам. Өйткені, бұл елде Нәзір Төреқұловты зерттеуге көп мүмкіндік берілген», – деді [4]. Конференцияға қатысушылар ғылыми пікірталасудың нәтижесінде бірнеше ұсыныстарды бекітті. Оның ішінде өзекті мәселелердің қатарына: нәзіртану ілімін тек саясаттану және халықаралық қатынастар пәндерінің аясында ғана зерттемей, филология, педагогика, этнография, тарих, журналистика, әлеуметтану ғылымдарымен бірлікте қарастыру туралы айтылды. Осы орайда, конференцияға келген дипломат Қайрат Лама Шариф: «XX ғасырдың басында елші д»режесіне жеткен ұлтымыздан шыққан перзенттердің бірі – Нәзір Төреқұлов. Екінші жағынан, Нәзір Төреқұлов қызмет еткен, Сауд Арабиясы басшылығы ол кісінің ерен еңбегін жоғары бағалап отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана он бес жылдың ішінде, екі ел арасындағы ынтымақтастық қайта жандана бастады. 

Бүгінде Қазақстанның облыс орталықтары, атап айтқанда Қызылорда облысында Н.Төреқұлов атына көше, мектеп және Оңтүстік Қазақстан облысында «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде» Алаш ардақтыларының бірі Н.Төреқұлов тұлғасына арналған экспозиция,көше және мектеп берілген.

Елдің тәуелсіздігі мен ұлтының болашағы үшін күрескен ірі тұлғалар бүкіл адамзат дамуындағы үлесі мол. 

Осы орайда Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттілігінің бастауында тұрған аса көрнекті тұлға, нағыз елжанды, ардақты азаматтарының бірі Нәзір Төреқұловтың да ұлтымыздың әлемдік кеңістікте өзіндік орнын иемденуге қосқан үлесін атап өтуге тиіспіз. Өткен ғасырдың басында егемен ел болу үшін өлшеусіз тер төккен алаш қайраткері Нәзір Төреқұловты ұлтымыздың арасынан шыққан тұңғыш дипломат тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тануға тек еліміз дербес саясатын жүргізе бастаған соңғы кезде ғана мүмкіндік туды. Еліне, жеріне, халқына халықаралық саясатта да, қазақ тарихы мен руханияты үшін де қаншама құнды мұра қалдырған Н.Төреқұловтың есімі уақыт өткен сайын жас ұрпақтың жадында жаңа қырларынан көріне бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Батыршаұлы С. Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар. Астана., 2011. 5126.-1426.

2. Тоқаев Қ. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. – Алматы: ҒӨ Пбк «GAUНАR», 2002. – 568. – 4046.

3. Ысмайылұлы Ы. Нәзір Төреқұлов дипломат. (Шығармалар). – Алматы: Қазақстан баспасы 1997. 319 6.

4. Бектасова Г. Тұңғыш дипломат //Түркістан газеті. №49(907), 2007. 8 желтоқсан.

Айгүл ҮРКІНБАЕВА,

ғылыми қызметкер