ТҮРКІСТАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ ӘДІСНАМАСЫ

ТҮРКІСТАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ ӘДІСНАМАСЫ

Отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық қоғалыс тарихының теориялық- методологиялық мәселесі әлемдік деңгейде тарихшылардың жіті назарын аударған тақырыптардың бірі. Өзінің саяси, әлеуметтік және мәдени-рухани мазмұнына қарай өте күрделі сипат алатын бұл әлемдік құбылысты қандай қоғамдық билік жагдайында болса да тарихшылар айналып өте алмайды. 

Содан да ұлт-азаттық қозғалысы тарихының қалай қалыптасуы көбіне саяси конъюнктураға бейімделіп, тарихи объективтілік қағидасынан алыстап кетіп жатады. Бұл жағдай, әсіресе, тоталитарлық тәртіп үстемдік еткен қоғамда тарихшылардың идеологиялық тапсырысқа сай ұлт-азаттық құбылысын бұрмалауға итермелейді. Орталық Азия мен Қазақстандагы ұлт-азаттық күрес тарихының тарихнамасына жасалған талдаулар бізге осы мәселеге қатысты бірқатар салыстырулар жүргізуге сол арқылы тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді.

Түркістан өлкесінде XIX ғасырдың екінші жартысында орын алған Ресей отаршылығы жергілікті халықты басып-жаншыған озбырлығымен ерекшеленеді. Өлкеде отарлық биліктің орнығуы бірінші кезекте метрополияның мүддесін қамтамасыз етуге қызмет жасады. Билік тарапының осындай біржақты саясаты жергілікті халықтардың наразылығының басты дәлеліне айналды. 

XX ғасырдың бас кезінде жергілікті халықтардың түрлі саяси, ағартушылық ұйымдары құрыла бастады. Ағартушылық мақсатта құрылған бұндай ұйымдар өлкедегі қоғамдық-саяси даму барысында өз қызметінің ауқымын кеңейтіп, отаршылыққа қарсы күрес дәлелдерін бағдар етіп, қуатты қозғалыстарға ұласа түсті.

Шағын үйірмелердің қуатты қозғалысқа айналуында Түркиядағы жас түріктер, Ирандағы жас парсылар, Бұқарадағы жас бұқарлықтар сияқты саяси қозғалыстардың ықпал әсері аз болган жоқ. Ұлт-азаттық қозгалыстағы бұл шығыстык фактордың басым болуы өлкедегі қозғалыстардың басты үш бағытын айқындады, олар: жәдитшілік, мұсылмандық және түркішілдік. Бұл бағыттардың әрқайсысының ұстанған позицияларына қарай сипаттық, мазмұндық ерекшеліктері болды. Айталық, Махмутқожа Бехбуди, Мүнавар Қары Абдрашитханов бастаған жәдитшілердің діни білім беруді реформалауға бағытталған ағартушылық іс-әрекеті қоғамдық өмірді демократиялық жолмен жаңарту бағытына ойысып, саяси сипат ала берді. Ал мұсылмандық қозғалыс қоғамдық өмірді жаңалауда конфессиялық құндылықтарға басымдық берді. Бұл қозғалыс өз ішінде мемлекеттік құрылыста Құран мен шариғат заңдарын басшылыққа алуды талап еткен «Шуро-и Улема» сияқты консерваторлық күштерге және діни белгіні отаршылыққа қарсы күреске жұмылдыратын ортақ белгі деп бағалайтын біршама демократияға бейім күштерге бөлінді. Ал түрікшілдік қозғалыс отарлық билікке қарсы полиэтникалық бірлікті басты бағдар етіп ұстанды. 1917 жылы қазан төңкерісіне дейін осындай негізгі үш ағымға бөлінген ұлт- азаттық қозғалыс өз қатарына әлеуметтік тегі әртүрлі, мәдени деңгейі ала- құла, ең бастысы саяси күрес тәжірбиесі әркелкі топтарды біріктірді. Олай дейтін себебіміз, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын құрайтын бұл саяси күштер арасынан 1917-1924 жылдардагы қаурыт қоғамдық-саяси даму практикасы барысында ұстанымдары мен әрекеттері бір-біріне мүлдем қарама-қарсы «Шуро-и Улема» мен «Иттифок-и-муслимун» (Мұсылмандар одағы) сияқты ағымдар саяси сахнаға шықты. Тіпті, мұсылмандық, түркілік бірлік идеясын ту етіп көтерген саяси қозгалыс өкілдерінің кейбірі кеңестік билікке қарсы қарулы күрес жолына түсті. Кеңестік билік «басмашылар» деп атаған бұл күрескерлердің ұлттардың өзін-өзі билеуіне, ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізуге бағытталған әрекеттеріне қармастан олардың арасында да саяси-идеялық тұтастық бола қойған жоқ. Бұл әрине, күрес тәжірбиелерінің кемшіндігіненде бұрын олардың саяси-идеялық ұстанымдары мен бағдарламалық мақсат-міндеттерінің бір арнаға тогысуына қолайлы жагдай туғызбаган әлеуметтік әртектілігі еді.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы өлке халықтарының тәуелсіздік жолында XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басында казіргі заманғы жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде әрекет жасаған ұлт-азаттық қозғалысының жиынтық атауы ретінде айқындалады. Қарулы және саяси күрес сипатындағы қозғалыс уақыт шегінде бірнеше кезеңдерді қамтиды. Бірінші кезең – XIX ғасырдың 60 жылдарының соңынан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі аралық. Бұл кезең ең шырқау биігі 1889 жылы Андижан көтерілісі болған тәуелсіздік үшін қарулы күрес кезеңі болды. Екінші кезең – 1917 жылға дейінгі аралықты қамтып, өлкеде жәдитшілік сияқты мәдени-ағартушылық ағымдардың билікті конституциялық жолмен өзгертуді мақсат етіп қойған саяси күрес тетіктерінің қалыптасып, орнығуы. Бұл кезең 1916 жылы өлкенің көп аймақтарын қамтыған, әсіресе, Сырдария облысында күрделі сипат алған ұлт-азаттық көтеріліспен қортындыланады. Үшінші кезең – 1917 жылы ақпан төңкерісінен 1918 жылы Түркістан Мұхтариятының қуып, таратылуы және Түркістан кеңестік социалистік автономиясы құрылганға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңнің басты белгілері «Шурои Исламия», «Шурои Улема», «Иттифоқи муслимун» сияқты ұлттық саяси партиялар мен қозғалыстардың қоғамдық-саяси қызметі және Түркістан Мұхтарияты атты ұлттық мемлекеттік құрумен ерекшеленеді.

1917 жылы ақпан төңкерісіне дейін Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қалың ортасында жүрген М.Тынышбаев, М.Шоқай, С.Лапин, Ә.Оразаев. С.Ақаев, К.Қожыков сияқты этиоэдита өкілдері европалық білім алган. Ресейдің демократиялық қозғалыстарының ықпалында саяси дайындықтан өткен тұлғалар еді. Олар 1917-1918 жылдары Түркістандағы тарихи оқиғалардың алдыңғы сапында болды. Үшінші кезең 1918-1929 жылдары аралығындағы кеңестік билікке тартылған ұлт коммунистері Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияров, Н.Төреқұлов және тағы да басқа жергілікті ұлт қайраткерлерінің кеңестік билік құрылымына ұлттық мазмұн беру жолындағы күресімен ерекшеленеді. Бұл күрестің апогейі 1920 жылдың қаңтарында Ташкентте өткен Мұсбюроның III төтенше конференциясында РКФСР құрамындағы болашақ Түрік Кеңес республикасының саяси ұйымын «Түрік халықтарының Коммунистік партиясы» деп атау туралы шешім қабылдау болды. Төртінші кезең кеңестік билікке қарсы қарулы күрес түрі ретінде басмашылық қозғалыстың өршіп, бірнеше ұлттық мемлекеттердің құрылуымен қорытындыланады.

Қазіргі кезде Қазақстаннын тәуелсіз дамуы ұлттық, жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде биік мұраттарға бағыт түзеп келеді. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық реформалардың іске асырылуы мәдени-рухани өмірімізге жаңа сипат, тың мазмұн берді. Сондай түбірлі өзгерістер тарих ғьілымының әлеуметтік қызметіне де ықпал жасады. 

Отандық тарихтың мазмұнын байытып, осы кезге дейін қалыптасқан тарихи таным мен тарихи сананы қайта қарауда күрделі де түйінді зерттеу нысанының бірі – Түркістан тарихы. Бұл тақырып отандық тарихшылар тарапынан біршама зерттелгенімен геосаяси ерекшеліктеріне байланысты концептуалды тұрғыда терең қарастыруды қажет етеді. Ғылыми зерттеу бағыттарының міндеттері осы күрделі тарихи құбылыстың себеп, салдарлы байланыстарын, ортақ заңдылықтары мен ерекшеліктерін айқындауды тың әдіснамалық тәсілдерді қолданып игерілуі тиіс. Осындай ерекшеліктер Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихының мынадай өзектілігін айқындайды: біріншіден, патшалық Ресейдің Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияны отарлауы нәтижесінде құрылған әкімшілік-мемлекеттік бірлік ретінде Түркістан генерал-губернаторлығы мен Түркістан кеңестік автономиялық республикасының тарихы отандық тарихтың ажырамас құрамды бөлігі. Тарихи жағдайлармен Түркістанның құрамында болған қазақ елі мен жерінің біртұтас ұлттық мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы маңызы өте зор. Жарты ғасыр әкімшілік-территориялық оқшаулық жағдайында өлкеде патшалық, кеңестік биліктер ұлттық еркін ой-сананы озбырлықпен бұғаулап, ұлттық болмысты деформациялау саясатын жүргізді. Бұл саясат, әсіресе, өлкеде мемлекеттік билік кұрылымдарының қалыптасуы мен ұлттық элита жүйесінің орнығуындағы кереғарлықтардан айқын байқалды. Осыған байланысты өлкеде ұлыдержавалық шовинизмге қарсы тұрған күш ретінде кең өріс алған түркілік бірлік идеясы мен кеңестік тәртіптің ұлттық-территориялық межелеу арқылы ұлт республикаларын құру саясаты да тәуелсіздік идеологиясы талаптарына сай дәстүрлі тұжырымдардың ықпалынан арылып, қазіргі заманғы әдіснамалық тұрғыда қайта бағалауды қажет етеді; екіншіден, XX ғасыр басындағы дүниежүзілік ұлт-азаттық қозғалыстың аймақтық көріністері түрінде пайда болып, даму барысында дербес саяси кұбылыстарға айналған Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы мен Алаш қозғалыстары да қазіргі кезде тарихи ойдың қызығушылығын оятып отыр. Қазақстан мен Орта Азия республикалары тәуелсіздігінің бастауында тұрған бұл қозғалыстарды бірін-бірі толықтыратын біртұтас ортақ құндылықтарымен және саяси-рухани ерекшеліктерімен қайталанбас дара құбылыстар ретінде қарастыру қажеттілігі айқын сезіліп келеді. Бұл мәселеге тың әдіснамалық тәсілдер бойынша назар аударылар болса тарихи танымның игілігіне айналатын соны нәтижелерге қол жеткен болар еді. Бұл қозғалыстардың идеялық сабақтастығы мен бағдарламалық мақсаттарының сәйкестігі үйлестіруші факторларының ортақтығымен бірге олардың басқарушы элита өкілдерінің де саяси көзқарасы мен рухани-мәдени ұстанымдарының ортақтығынан туындап жатты. Бұндай саяси, мәдени-рухани ортақ ұстанымдардың негізділігі қазіргі бауырлас мемлекеттер арасындағы интеграциялық ықпалдастықты одан әрі өрбітуге жаңа тыныс береді .

Маркстік методология тарихи таным мен тарихи сананы өзінің табиғатынан таптық сипатта болып келеді, сондықтан да ол таптық тұрғыдағы дәйектілікті қажет етеді деп бағалады [1, С.98]. Ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихына кеңестік тарихнаманың қалыптастырған таптық негіздегі тарихи танымын қайта қарап, осы құбылыстар туралы тәуелсіз тарихи сана қалыптастыруда соңғы жылдары орасан зор жұмыстар атқарылды.

Әйтсе де тарихи зерттеулерде таптық көзқарастың негізінде қалыптасқан танымға жаңа мазмұн беруде сол ескі әдістеме тәсілдерінің ықпалынан шыға алмау бағыты байқалады. Атап айтқанда, тарихи танымда кері ықпал заңдылығы үстемдік алуда. Оның мәні кеңестік қоғамдық ұлықталған саяси, әлеуметтік құндылықтар тәуелсіз санада мүлдем кері мазмұнда түсіндірілуде немесе бұрынғы таптық тұрғыда сыңаржақ сынға алынған құбылыстар әспеттеліп, идеалга айналдыруда. Тарихи зерттеулердегі бұл бағыт жаңаланған тарих мазмұнына біржақты сипат беретіндіктен де мәселеге қатысты қазіргі заманғы теориялық-әдіснамалық негіз орнығуы керек.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихнамасы сипаты, мазмұны жағынан өте күрделі болатын себебі, ол өзінің бағдарламалық мақсаттары, қызмет аясы, әлеуметтік-саяси негізі, тіпті ұйымдық құрылымы бойынша қайталанбас ерекшеліктері мол ауқымды тарихи құбылыс еді. Мәселенің шындығы – бұл ұлт-азаттық қозғалыстың Ресей империясы құрамында отарлық езгіге түскен Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тәуелсіздік жолындағы күресінің ең биік шыңы екендігі. Осы мәселеге қатысты екінші

бір ақиқат, бұл ұлт-азаттық қозғалыстың аймақтық сипатпен шектелмей, XX ғасырдың басында отарлық езгіге, империялық өктемдікке қарсы әлемдік қозғалыспен үндескен идеялас қүбылысқа айналғандығы.

Кеңестік тарихнамада осы екі ақиқат бұрмаланып келді. Олай болатыны, таптық қағиданы басшылыққа алған әдіснамалық негіз ұлт-азаттық қозғалыстың тәуелсіздік идеясына қосалқы деңгейде мән беріп, оның әлеуметтік, таптық сипатын әсіре дәріптеді. Осы себептен туындаған салдарлар екінші ақиқатты көлегейледі. Яғни, ұлт-азаттық қозғалыстағы, әсіресе, Түркістан қоғамындағы жастүріктер, жаспарсылар, жасбұхарлықтардың ықпал-әсері, жәдитшілік, мұсылмандық, түркілік бірлік сияқты ұлттық мазмұндағы идеялық ағымдар мен қозғалыстардың ықпал- әсері ресейлік демократиялық күштердің тасасында қалды, тіпті, олар бір- біріне қарама-қарсы қойылды. Бұл жағдайды отар елдің тарихын отаршылар жазады деген қағидамен түсіндіре аламыз.

Осындай себептермен де Алаш қозғалысын маңыздылығы аймақтық шеңбермен шектелмейтін Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыспен тарихи сабақтастықта қарастырудың маңызы зор. Академик К.Нұрпейіс Алаш қозғалысының мәні туралы біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы туралы үш мәселенің жиынтығы Алаш қозғалысы деген ұғымды білдіреді [2, 5 б.] деген тұжырым жасайды. Дара құбылыс ретінде осылай айқындалған Алаш қозғалысын Түркістан өлкесіндегі ұқсас құбылыспен салыстыруға болады. Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыс саяси ала-құлалығымен және әлеуметгік әртектілігімен ерекшеленді. Түркістан қозғалысын өлкедегі азаттық, тәуелсіздік жолындағы күреске мұсылмандық, түркілік бірлік идеясы негізінде топтасқан саяси күштердің ұйымдасқан белсенді әрекеті деп бағаласақ керек. Мақсаты ортақ, сипаты бір Алашорда үкіметі мен Түркістан автономиясы (Туркистон Мухторияти) үкіметі ұлт-азаттық қозғалыста бірін- бірі толықтыратын ұлттық, әлеуметтік, саяси тұрғыдан туыстас құбылыстар болғандықтан да оларды өзара ықпалдастықта қарастырудың танымдық тиімділігі жоғары.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Түркістан жәдитшілерінің бағдарламалық кұжаттарында феодализм мен отаршылдыққа карсы күрестің дәлелдері айқындалып, билік институттарын конституциялық жолмен реформалау идеясы қалыптасқандығы даусыз. Дегенмен, кеңестік тарих ғылымының шектен тыс саясиландырылуынан Түркістандағы автономиялық қозғалыс тарихы барынша бұрмаланып келді [3, 28 с.]. Осындай

методологиялық негізде Түркістан халықтарының отаршыларға қарсы ортақ күрестегі жалпытүркілік, мұсылмандық негіздегі бірлігінің шынайы тарихын жазу мүмкін болмады.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын Алаш қозғалысымен салыстыра қарастыру барысында оның бірқатар ерекшеліктеріне көз жеткіземіз. Ол ерекшеліктер, біріншіден: өлке халқының полиэтникалық құрамынан

туындаған саяси, рухани әралуандық түріндегі ішкі фактордан, екіншіден: тарихи Ресейдің өлкедегі қоғамды модернизациялауының қарқынды жүргізілуі түріндегі сыртқы фактордан туындады. Алғашқы фактордың ықпалымен ұлт-азаттық қозғалысының идеологиясын қалыптастыруда жәдитшілер басты рөл атқарды және тәуелсіздік идеясы төңірегінде халықтың мұсылмандық, түркілік, түркістандық түріндегі ортақ атаулармен бірігуіне негізделді. Ал екінші факторға байланысты отарлық биліктің қоғамдық өмірге, экономикаға жасаған өзгерістері өлке тұрғындарының тұрмысы мен санасына елеулі ықпал жасаған шовинистік сипаты арқылы ұлттық наразылықты өршіте түсті. Ұлттық демократиялық құрылым ретінде ұлттық элитаның үлкен жетістігі болған Түркістан Мұхтариятының қуып таратылуынан соң өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыс сипаттық өзгеріске ұшырады.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихы Отан тарихының мазмұнындағы ең бір түйінді құбылыстардың бірі болғандықтан да барынша ыждығатты дәйектілікті талап етері сөзсіз. Біздің пікіріміз, осы құбылыстың шынайы ақиқатының айтылмауы тарихи танымда бірлік пен қарама- қарсылықтың күресі заңдылығының танымдық мүмкіндігін толығымен пайдаланбаудан деп білеміз. Қоғамдық құбылыстар мен әлеуметтік-тарихи ақиқаттың қозғалысы мен дамуының қайнар көзі болуымен бірге жалпытанымның да заңдылығы ретінде бірлік пен қарама-қарсылықтың күресі заңы тарихи құбылыстарды тұтастықта баяндаудың басты шарты болуы тиіс. Осы заңдылыққа сүйенер болсақ, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихының сипаты, оның дамуының қайнар көзі сыртта, қоғамның табиғатынан тыс күштерде емес, осы саяси әлеуметтік құбылыстың өз ішінде екендігіне назар аудартады. Осы заң біртұтас ұлт-азаттық қозғалысты бір-біріне қарама-қарсы саяси көзқарастар мен бағыттарды біріктірген күрделі жэне бөлшектенген жүйенің бірлігі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

XX ғасырдың алғашқы ширегінде Орталық Азия мен Қазақстанда белсенді қызмет атқарғн Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының саяси тәжірибелері мен қалыптастырған мәдени-рухани құндылықтар жүйесі түркі халықтарының ортақ игілігі ретінде алдағы уақытта өз бағасын алуы тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер


1. Историческая наука. Вопросы методологии. – Москва «Мысль». 1986. 261 с.

2. Нұрпейісов К. Алаш һэм Алашорда. – Алматы: Ататек. 1995. – 253 б.

3. Агзамходжаев С.С. Исгория Туркестанской автономии: (Туркистон Мухторияти) / С.Агзамходжаев; (Отв. ред. Д.А.Алимова); АН Республики Узбекистан, Ин-т истории. – Т.: Изд.-полигр. объединение «Тошкент ислом университети», 2006. – 268 с.

В.ТАРАКЧЫ, 

зерттеуші