ТҮКІСТАННАН ШЫҚҚАН АЛАШ АҚТАҢГЕРЛЕРІ
2024 ж. 29 қараша
135
0
1930-1938 жылдары бүкіл Қазақстанға таралған репрессияның зобалаңы Түркістан топырағын да айналып өтпегені мәлім. Бір Түркістан өңірінің өзінен ілінгендердің санында қисап жоқ. Мәселен, «Отырар алқабы» газетінен алынған мағлүмат бойынша бұрынғы Қызылқұм ауданына (Отырар ауданы) қарасты елді-мекендерден 1937-1940 жылдары. қуғынга ұшыраган 83 азаматттың тізімі анықталып отыр. Ал жергілікті Түркістанда үш тілде жарық көретін «Коммунистік еңбек» «Коммунистический труд» «Коммунистик мехнат» газеттері СССР Жогаргы Совет Президиумының 1989 жылдың 16 қаңтардағы қаулысына сәйкес облыс бойынша 2105 адамның ақталғанын жазса, соның ішінде 180 партия мүшесі бар.
Мұның өзі аталған газет беттерінің түгел емес екенін ескерсек және де 1954-1956, 1957-1958, 1959-1960, 1961-1964, 1965-1968, 1988-1989 жылдары Қазақстан бойынша ақталғандардың арасынан Түркістан өңірінен қуғынға ұшырағандарды есепке алсақ, Ресей мұрағаттарына үңілсек қаншама боздақтың Түркістан түрмесінде отырғанына кәміл сенесіз. Қанды тарихымыздың түп-тамырына дейін бойламасақта ізденіс барысында аталмыш репрессия ұшыраған алаш қайраткері Садық Өтегенов жайында да баспасөз беттерінде көптеген материалдарды кездестірдік [1].
Садық Өтегенов жөніндегі алғашқы деректі негізінен Міржақып Дулатовтың 1913 жылы Орынбордан өз отбасына жазған хатынан білеміз.
1909 жылы Міржақыптың «Оян Қазақ» кітабы Уфа қаласында «Шарқ» баспасынан жарық көрді. Онда жазушыга төл еңбегі зор атақ-абыроймен бірге патша әкімдері тарапынан қуғын-сүргін де ала келді. Семей түрмесіндегі бір жарым жыл оған оңайга түспеді. Есебін тауып босап шыққан соң Түркістан жаққа жылыстауға мәжбүр болды.
– Түркістан қаласына жеттім, жасырын күнкөрісте болғандықтан, сіздерге хабар жеткізе алмадым. Түркістанда оған таяу жердегі Қарнақ қыстағында қазақ, өзбек, қырғыз ағайындардың арасында паналап, 1913 жылдың басына дейін сонда болдым. Түркістанда Садық Өтегенұлының үйінде тұрдым. Садықпен сіздерді сыртынан таныстырайын: Бұл кісі – Ташкентте Оқытушылар семинариясын бітірген мұғалім, нағыз молла, өте мәдениетті қазақ зиялысы, қаламы төселген, мақалалары газеттерге басылып жүретін белсенділерден. Садық – шаруасы дәулетті дерлік кісі, елде тұратын ағайындары малдарын бағып береді. Қаладағы жекеменшігіндегі үлкен
қызыл кірпіштен салынған көп бөлмелі үйінің есігі келушілерге ашық. Өздері үй-ішімен меймандос, қонақ-жайлықтарымен көпшілікті маңайына үйіріп отырады. Садықтың жұбайы Қадиша – оқыған әйел, мінезі жібектей жұмсақ, өте инабатты, сыпайы жүретін кісі, үй ішін таза ұстайтын, өзінің жәрдемшілеріне нешетүрлі тағамдарды пісірткізетін. Үйлерінен қымыз үзілмейтін Садық Түркістандағы өзінің қаржысына салдырган мектебінде балалар оқытатын. Қолы босында мені ертіп Қарнақтағы таныс өзбектерді қыдыртатын. Сонда екі-үш күн жатып, келетінбіз. Сол Қарнақта тұратын ақмешіттік Қоңырқожа Қожықов, оның жұбайы Латифа Лапина деген оқыған, мәдениетті кісілермен таныстым, біз оларды жиі қонақта болып, араласып жүрдік. Бір-бірімізге үйреніп, бауыр басып, ағайындай жақындасып кеткен Өтегеновтер Түркістаннан жүрерімде менің құрметіме дастархан жайып, өңкей белгілі қазақ өзбек байларын, қырғыздың манаптарын қонаққа шақырды. Елдің салты бойынша олар жолға шығарымда:
– Жақа, сізді үйімізден аттандыра алмадық, сапарыңыз оң, ақ жол болуын тілейміз. Мынаны біздің мінгізген атымыздай керіңіз, – деп әрқайсысы алдыма бүрқыратып буда-буда ақша тастады. Менің: «Ниеттеріңізге рахмет. Бұларыңыз артық шығар» – деп бой тартқаныма. Садық: «Қой, Міржақып, бұлардың ешнәрсесі кетпейді, ертең-ақ екі есе ғып толтырып алады», – деп күлді.
1913 жылдың бас кезінде мен Орынборға келдім, сондағы ғалым-жазушы, өзімнің ұстазым Ахмет Байтұрсыновқа барып сәлем бердім. Ұзақ кеңесіп, қазақ халқына арнап газет шығармақ болдық. «Іске сәт» деп жұмысқа кірістік. Үкімет есігін тоздырып жүріп әзер дегенде рұқсат алынды. Түркістанда жиналған мол қаржыны Уфадағы «Ғалия» медресесі шәкірттерінің қосқандарын осы игі іске бағыштадым» – дейді. (Бұл хатты Гүлнәр Дулатова «Бес арыс» кітабына жариялады («Жалын» 1992 жыл). [2].
Орынборга жеткен Міржақып Дулатов жиналған қаржыга «Қазақ» газетін жарыққа шығарды. Газеттің алғашқы сандарының біріне «Хазірет Сұлтан» атты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің XX ғасыр басындағы жай-күйі жөнінде мақалас жариялады [3].
Мүхтар Құл-Мұхаммед «Алаш қайраткерлері саяси-қүқықтық көзқарастарының эволюциясы» атты еңбегіненде: «1917 жылы ақпан революциясынан кейін Қазақ даласында съезд шақыру туралы мәселе қозғалып, әуелі облыстық съездер (Торғай, Орал) сонан соң 1917 жылы 21-26 шілде де Орынборда Бүкілқазақ съез өтті. Сырдария облысынан лайықталған азаматтардьтң аты-жөндері «Қазақ» газетінде жарияланды Мұстафа Шоқаев, Санжар Аспандияров, Сұлтанбек Қожанов, Әзімхан Кенесарин, Әлмұхамет Көтібаров, Хұсаин Ибраһимов, Дуалқарнин, Сейдалин, Ибраһим Қасымов, Башабек Болатмұқанов, Сегізбай Айзанов, Аямберген Табынбаев, Ғабдолла Қожаев, Ғұмар Жанғалиновтер бастаган кандидаттар (делегаттар) ішінде Садық Өтегенов те болды» деп атап көрсетеді [4].
Әсімінде, талай айтулы азаматтармен тығыз байланыста болған Садық туралы К.Керімбеков ағамыз деректі толықтыра түседі. Қазақ халықының ардақты ұлдары С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Меңдешов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов сияқты зиялы қауым жайында әкем Жұмаханбет естелік айтып отыратын. Садық Өтегенов атамыз Сәкенге «заман жаман, көзге түсіп қаласың» деп отырады екен. Бұл уақыт Сәкеннің Қызылжардан келе жатып Садықтың үйінде айтыл,ан әңгіме.
Дүйсенбай қария да Сәкен жөнінде көптеген қызғылықты әңгімелер айта білетін.
Сұлтанбек Қожановтың Садық ағайға жақын болатыны – нағашы апамыз Күләндаға үйленген. Садық Өтегенов көпті көрген зиялы адам болатын [5]. Ол шын мәніндегі ұлт-азаттық қозғалысы көшбасшыларының бірі еді.
Бөкейханов бастаған бір топ ұлт зиялылары Минск қаласынан қазақ даласына қалыптасқан жағдайдың мән-жайын баяндап жеделхат жіберуі оның Түркістан қаласындағы С.Өтегеновке жолдануы Садықтың өз кезіндегі қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене араласқандығын аңғартады. Ақпан төңкерісінен соң жол таба алмай абдырап қалған ұлт-азаттық қозғалысқа тың бағыт сілтеген жеделхаттың көлемі біршама шағын болғанымен оның мазмұны өте бай.
1917 жылы большевиктердің Ташкентте билікті күшпен тартып алып кеңестік билік орнатуы өлкедегі ұлтжанды қайраткерлерді ұлттық бірлік, мемлекеттік тұтастық идеялары бойынша шұғыл әрекетке көшуге итермеледі. Осыған байланысты Қоқан автономиясы үкіметінің басшысы М.Шоқайдың бастамасымен және Алашорда үкіметі басшылары қолдауымен 1918 жылы 5-9 қаңтары аралығында Түркістан қаласында Сырдария облысы қазақтарының съезі өтті. Бұл съезд өзінің мәртебесі бойынша Алаш қозғалысының съезі болды.
Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласы жаңа жағдайда ұлттың рухани орталығы болып танылған тарихи миссиясын осы жолы да атқарды. Алаш зиялылары съезде ұлттық мемлекеттіліктің аса маңызды белгісі – территориялық тұтастыққа қол жеткізу идеясын алғаш рет көтерді.
Съезге негізін Сырдария облысының делегаттары құраған 82 өкіл қатысты. Алашорда үкіметі атынан Б.Құлманов, М.Дулатов, Т.Құнанбаевтар қатысқан съезд шешімдері біртұтас қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы ұлттық элита қызметін айшықтай түсті. Съездің ұйымдастыру жұмысында Түркістан қаласының азаматтары С.Өтегенов, С.Қожанов, С.Алдабергеновтер белсене қызмет жасаған [6].
С.Өтегенов туралы Т.Рыскұлов:
«Қүрметті, бірақ айлакер, монархиялық бағытты жақтайтын шал. Алашорда мен Қоқан автономиялық үкіметтерінің қайраткері. 1913 жылы Петербургке Романовтар отбасының тойына барған. Қожановтың барлық құпиясын біледі. Ол Өтегеновтің тәрбиесін алған. Өзі Қожановтың барлық тағайындаулар бойынша даладағы жаршысы. Болыс болғысы келетіндер Өтегеновке тәуелді. Көптеген коммунистер тек сол арқылы қызмет алады. Өтегенов жанжалдасқан коммунистерді бітістіруші ақсақал қызметін атқарады. Ол менен қандай қызметті қалайтынымды айтуды сұрап, оны Қожанов арқылы орындайтындығын айтты» деп жазады. Бұл мінездеме С.Өтегеновтің Түркістан этноэлитасының жеке құрамында шешуші қызмет атқарған ыкпалды тұлға болғандығын айғақтай түседі. Бұл, әрине, Тұрардың жеке пікірі деп қарағанымызбен Садықтың іскерлігі тайға таңба басқандай байқалады. [7]
Садық жөніндегі аса құнды пікірді біз Мұстафа жазған мақаладан оқып таныса аламыз.
Парижде елін, жерін аңсаған М.Шоқай досы туралы «Петербургке қайтып оралған соң, түркістандық Өтегенұлы Садық деген досымның өзінің Петербургке келмек екенін айтып жолдаған бір телеграммасын алдым. Келетін күні мен оны вокзалға барып қарсы алдым. Екеуіміз мен тұрған жерге келдік. Аздаған алтын ақша әкелдім. Түрік елшісіне өз қолыммен табыс етуім керек еді» деді ол маған ентігін басып үлгермей жатып. Ол кезде Түркияның Петербургтегі елшісі Тұрхан патша болатын. Арада екі күн өткен соң, кешке таман көшеде адам аяғы саябырлаған кезде, Садық екеуміз Түркия Елшілігіне келіп Тұрхан патшаның қабылдауында болдық. Түрік елшісі кең қабылдау бөлмесінің ішінде оңаша отырып, бізді мұқият тыңдады. Садық оған түрік жаралыларын емдеу үшін шалғайдағы Түркістанда тұратын түрік қандастары жинағын азын-аулақ ақша әкелгенін айқанда, елшінің көңілі босап, көзінен жас парлады. Оған қосылып Садық екеуіміз де жылап алдық... Қадірлі Садық, сен қазір қайда жүр екенсің? Әлде Түркістанның қазіргі қожайындары жағынан итжеккенге кеттің бе? Жоқ әлде аштан өліп қалдың ба?» деп жазады. Мұстафаның бұл күдігі орынсыз да емес еді [8].
Д.Досжанов өзінің «Абақты» деген еңбегінде: «1930 жылы қазанның бірінен 1931 жылдың шілдесі аралығында қамалған 32 азаматтың есімін атай келе Садық Өтегеновтің де болғанын атап көрсетеді. Қамауға алынған бұл азаматтарды «алашордашылсыңдар», «басмашы болғалы жүрсіңдер», «совет елін жапонға сатпақшысыңдар», «бандалық әрекет платформасын колдайсыңдар» деп тергеуге алғаны айтылады».
«Алматы. ПП ОГПУ-дің ерекше бөлімінің 1-бөлімшесінің бастығы: Тергеу жүргізу ісі туралы УПК-нің 116 бабына сәйкес №2370 іс бойынша казак ұлтшылдарының контрреволюциялық үйымын құрғаны үшін УК-тің 58-7, 58-11, 59-3 баптары бойынша айып тағылған азаматтар:
1. Тынышбаев Мұхамеджанның, 2. Мұрзин Мүхтардың, 3. Мырзабаев Рамазанның, 4. Ақбаев Әбілхамиттың, 5. Ақбаев Мұраттың, 6. Омаров Әшімнің, 7. Қадырбаев Сейдазымның, 8. Омаров Ғаббастың, 9. Сұлтанқұлов Атбасардың, 10. Ыбыраев Абылдың, 11. Сырттанов Дәрібектің, 12. Токин Хамиттың, 13. Досмұхамедов Халелдің, 14. Мұсаев Шынәлидің, 15. Ақаев Серікбайдың, 16. Ахметов Ілиястың, 17. Ермеков Әлімханның, 18. Қожамкұлов Наширдың, 19. Күдерин Жұмақанның, 20. Қадырбаев Қалмақанның, 21. Ақбаев Жақыптың, 22. Қашқынбаев Исаның, 23. Мамырбердин (келесі хаттамада – Меңгелин) Алдабектің, 24. Бұралқиев Мұстафаның, 25. Досмұхамедов Жаһаншаның, 26. Әуезов Мұхтардың, 27. Сүлеев Біләлдің, 28. Кемеңгеров Қошмұхамедтің, 29. Кенесарин Әзімханның, 30. Өтегенов Садықтың үстінен қозғалған істі мерзімінде аяқтаудың мүмкін еместігіне және куәларды шақырып, барлық оқиганы анықтау керектігіне байланысты Қаулы етемін:
№2370 іс бойынша жогарыдағы жауапқа тартылғандарды тергеу түрмесінде ұстауды 1932 жылдың бірінші қаңтарына дейін созу туралы СССР ИКОМ-на ұсыныс жасалсын. Бұл туралы тәртіп сақтау орындарындағы тергеудің жүргізілуін бақылайтын прокурорға хабарланды.
ОО ерекше бөлімінің бастығы – (Попов). «Келісілді» – 00 бастығының орынбасары – (Волохов). «Бекітілді» – тергеу бөлімінің бастығы –(Пирогов)».
ОГПУ-дің ерекше бөліміндегі тергеу ісінің қалай жүргізілгендігін, Алаш қайраткерлерінің қиын тағдыры туралы Тұрсын Жұртбай ұраным – Алаш кітабында дереккөздері сүйене отырып, бұлайша ой өрбітеді:
Зады тергеудің бет алысына және айғақтарының жеткіліксіздігіне өздерінің де көзі жеткен ерекше бөлімнің адамдары жауапқа тартылғандардың жауабына қанағаттанбаған әрі тергеу басталысымен «астыртын ұйымның әшкереленгені» туралы Голощекиннің атышулы мәлімдемесін жокқа шығарудың амалын таба алмаған тіміскілер «қылмысты істің» көлемін ұлғайтып, «ұлттық қозғалыс» ретінде көрсетуге тырысып, оған жаңа «айыптылар мен күдіктілерді» тартқан.
Контрреволюциялық әрекеттері туралы қайтарылған істі қадағалап тексергенде мыналар анықталды:
Контрреволюциялық әрекеттер жасады деп айыпқа тартылғандардың тергеу ісіндегі айғақтарының барлығы да 18-20 жылдардың арасын қамтиды.
Соңғы жылдарға қатысты жүргізілген тергеу ісіндегі айғақтар ары дегенде айыпталушылардың өзарасында айтылатын ұлтшыл көзқарасын ғана білдіреді.
Айыпталушылардың түрікшілдік қозғалысты ұйымдастырудағы және жетекшілік етудегі әрекеттері мүлдем дәлелденбеген. Сондықтан да іске тартылған айыпталушылар түрмеден босатылсын, оларды қылмысты іс бойынша тергеу тоқтатылсын. Босатылғандар тыңшылық қызметке тартылсын. Босатылғандардың соңына тыңшы қойылып, жасалған жоспар бойынша олардың ұлтшыл-контрреволюциялық әрекеттеріне баса көңіл бөлініп, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып бақылау астына алынсын. ОО ОГПУ-дің бастығының орынбасары – (Дьяков). ОО-нің 4-бөлімі бастығының көмекшісі – (Паволицкий)», – деген ілеспе бұйрық жолданды [9]. Садық Өтегеновтің үстінен жүргізілген қылмыстық істің нақты мазмұны белгісіз. Оған тағылған айыптың ең бастысы – оның Алаш қозғалысының белсенді қайраткері болғандығы еді.
Ақыры соңына түсіп әр қадамын бақылауға алған сталиндік жендеттер ел ағасын Түркістан қаласындағы НКВД тергеу бөліміне қамауға алып 1937 жылы 19 қараша күні ату жазасына кесті. Араға 20 жыл салып 1957 жылы 17 шілде айында қайта ақталды. Ақиқат орнап, алаштықтар аңсаған тәуелсіздік
туы желбіреді, өлгендер қайта тірілді. Садық Өтегенов есімі қазақ тарихында мәңгі қалып ұлықталды.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Мұсабаев Қ., Омарбаев Ы. Түркістандагы НКВД түрмесінің құпиясы// «Халық сөзі» газеті, 2013 ж. 2 б.
2. Назаров Н.Міржақып түскен үй қайсы, немесе Садық Өтегенүлы кім?// «Түркістан» газеті, 1996 ж. 2 б.
3. Дулатов М. Хазірет Сұлтан // «Қазақ» газетінің жинағы, Алматы, 1998. 40-43 бб.
4. Құл-Мұхаммед М. «Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының зволюциясы». Алматы,1998. 261-265 б.б.
5. Кенжебек К. «Түркістан» газеті. Түркістан.
6. Пәттеев М. Алаштың ардақтысы.
7. Тұрсын X. Садықтың үйінде өткен съезд. 2017 ж.
8. Тұрсын X. Алаш қозғалысының оңтүстік канаты.
10. Досжанов Д. «Абақты» кітабы. Алматы, 1992. 6-7 бб.
Есжан Әуелханұлы Ержан,
ғылыми қызметкер