АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТҮРКІСТАНДЫҚ ӨКІЛДЕРІ
2024 ж. 29 қараша
100
0
Түркістан өлкесінде XX ғасырдың бас кезінде жергілікті халықтардың түрлі саяси, ағартушылық ұйымдары құрыла бастады. Ағартушылық мақсатта құрылған бұндай ұйымдар өлкедегі қоғамдық-саяси даму барысында өз қызметінің ауқымын кеңейтіп, отаршылыққа қарсы күрес дәлелдерін бағдар етіп, қуатты қозғалыстарға ұласты.
Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін-ақ Түркістан мен қазақ облыстарындағы ұлт қайраткерлерінің бағдарламалық құжаттарында феодализм мен отаршылдыққа қарсы күрестің дәлелдері айқындалып, билік институттарын конституциялық жолмен реформалау идеясы қалыптасты. Бұл іс-әрекетте өмірі мен қызметі өлкедегі қоғамдық-саяси оқиғалармен біте қайнасқан Алаш зиялыларының жұмылдырушылық қызметі аса зор еді.
Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласы жаңа жағдайда ұлттың рухани орталығы болып танылған тарихи миссиясын осы жолы да атқарды. Алаш зиялылары съезде ұлттық мемлекеттіліктің аса маңызды белгісі – территориялық тұтастыққа қол жеткізу идеясын алғаш рет көтерді. Съездің ұйымдастыру жұмысында Түркістан қаласының азаматтары С.Өтегенов, С.Қожанов, Қ.Қожықов, С.Алдабергеновтер белсене қызмет жасаған. Бұлардың арасында С.Өтегенов пен С.Алдабергеновтер 1917 жылы Орынборда өткен Бірінші Жалпықазақ съезіне М.Шоқаймен бірге қатысып, съезд аяқталған соң Түркістанға бірге қайтқан, ежелден дос-сырлас адамдар еді. Бірінші Жалпы қазақ съезінде көтерілген қазақ даласындағы ұлттық бірлік, ұлттық мемлекеттілік түріндегі алаштық идеяны Түркістанда іске асыруда бірқатар ерекшеліктер болды. Атап айтқанда, оның ең бастысы –
өлкедегі Сырдария және Жетісу облыстарын қазақ еліне қосуға бағытталды. Ұлт мүддесін ұлықтап, тәуелсіздік идеясын Түркістан өлкесінде тынбай насихаттаған қайраткерлердің бел ортасында Садық Өтегенов те болған еді [1,96 с.].
Ұлттық элитаның көшбасшысы Ә.Бөкейханов бастаған бір топ ұлт зиялылары Минск қаласынан қазақ даласына қалыптасқан жағдайдың мән- жайын баяндап жеделхат жолдаған. Осы жеделхаттың Түркістан қаласындағы С.Өтегеновке жолдануы да оның өз кезіндегі қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене араласқандығын аңғартады. Ақпан төңкерісінен соң жол таба алмай абдырап қалған ұлт-азаттық қозғалысқа тың бағыт сілтеген жеделхаттың көлемі біршама шағын болғанымен оның мазмұны өте бай.
Бұл тарихи кұжаттың екі түрлі үлкен маңызын атап айтамыз: біріншіден, жеделхат жолданған түлғалар мен жеделхатты жолдағандардың тізімі сол кездегі жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық элита өкілдерінің жеке құрамын нақтылауға көмектеседі; екіншіден, жеделхат мазмұнында көтерілген идеялар Алаш ұлт-азаттық қозғалысының саяси тұғырнамасын айқындап, ұлттық элита қызметінде басшылыққа алынғандығы. Жеделхат мазмұны ұлттың бірлігі мен тәуелсіздігі сияқты саяси күрестің езегіне айналған ұлттың идеялардың ақпан буржуазиялық төңкерісінен әлдеқайда бұрын қалыптасып, пісіп-жетілгендігін танытады. Жеделхатқа қол қойғандардың бірі М.Дулатовтың саяси және шығармашылық қызметі Түркістан қаласымен де, Түркістан өлкесімен де тығыз байланыста дамыды. Ол 1912 жылы Семей түрмесінен шыққаннан соң Түркістан қаласын паналайды. Елге жазған хаттарында Түркістанда Садық Өтегенұлы, Қоңырқожа Қожықов, оның жұбайы Латипа Лапина деген оқыған, мәдениетті кісілермен танысқандығын жазады. Осы хаттағы ең бір маңызды дерек, Түркістан қаласындағы қазақ, өзбек байлары мен қырғыз манаптары Міржақыпқа мол қаржы жинап берген. Орынборға келіп А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхановтармен ақылдасып, Түркістанда жиналған мол қаржыны, Уфадағы «Ғалия» медресесі шәкірттерінің қосқандарын «Қазақ» газетін шығаруға бағыштаған [2, 135 б.].
М.Дулатов С.Өтегенов туралы маңызды деректер қалдырған. Ол елге жазған хаттарының бірінде былай дейді: «Түркістанда, оған таяу жердегі Қарнақ қыстағында, қазақ, өзбек, қырғыз ағайындарының арасында паналап, 1913 жылдың басына дейін сонда болдым. Түркістанда Садық Өтегенұлының үйінде тұрдым... Бұл кісі – Ташкентте оқытушылар семинариясын бітіргеи мұғалім, нағыз молда, өте мәдениетті қазақ зиялысы, қаламы төселген, мақалалары газеттерге басылып жүретін белсенділерден. Садық – шаруасы дәулетті дерлік кісі, елде тұратын ағайындары малдарын бағып береді. Қаладағы жеке меншігіндегі үлкен қызыл кірпіштен салынған көп бөлмелі үйінің есігі келушілерге ашық. Өздері үй-ішімен меймандос, қонақжайлықтарымен көпшілікті маңайына үйіріп отырады. ...Садық Түркістандағы өзінің қаржысына салдырған мектебінде балалар оқытатын. Қолы босында мені ертіп Қарнақтағы таныс өзбектерді қыдыртатын. Сонда екі-үш күн жатып келетінбіз. Сол Қарнақта тұратын ақмешіттік Қоңырқожа Қожықов, оның жұбайы Латифа Лапина деген оқыған, мәдениетті кісілермен таныстым. Біз оларда жиі қонақта болып, араласып жүрдік». М.Дулатовтың бұл хаты С.Өтегеновтің қоғамдық-саяси қызметін айқындайды.
Қаланың зиялыларымен сыйласып, мектеп, медреселерін аралаған жазушының Сұлтанбек Қожановпен таныстығы осы кезден басталған. Осыған байланысты «дәл осы кезде орыс-қазақ мектебінде оқып жүрген Сұлтанбектің Міржақыпқа жолығып, одан аса құнды пікір естіп, өміріне азық боларлық нәр бағдар тапқаны атап көрсетерлік нәрсе» деген академик Р.Бердібайдың пікіріне ден қоюға болады. Өйткені, Сұлтанбек Міржақыпқа қамқор болған С.Өтегеновті өзіне ұстаз тұтқан және олар жақын араласқан.
Кейін бұл үшеуінің жолы 1921 жылы Ташкентте түйіседі. Олардың арасында ұлттық мүдде төңірегінде терең түсіністік орнағанын аңғарамыз. С.Қожанов ұлттық элитаның жоғарғы эшелонындағы басқару элитасының өкілі болса, М.Дулатов республикадағы шығармашылық элитаның көрнекті өкілі еді. Ал билік құрылымдарында ешқандай ресми лауазым атқармаған Садық Өтегенов туралы Т.Рысқұлов 1924 жылы И.Сталинге жазған хаттарының бірінде мынадай мәлімет береді: «Құрметті, бірақ айлакер, монархиялық бағытты жақтайтын шал. Алашорда мен Қоқан автономиялық үкіметтерінің қайраткері. 1913 жылы Петербургке Романовтар отбасының тойына барған. Қожановтың барлық құпиясын біледі. Ол Өтегеновтің тәрбиесін алған. Өзі Қожановтың барлық тағайындаулар бойынша даладағы жаршысы. Болыс болғысы келетіндер Өтегеновке тәуелді. Көптеген коммунистер тек сол арқылы қызмет алады. Өтегенов жанжалдасқан коммунистерді бітістіруші ақсақал кызметін атқарады. Ол менен қандай қызметті қалайтынымды айтуды сұрап, оны Қожанов арқылы орындайтындығын айтты».
Т.Рысқұловтың бұл мінездемесі С.Өтегеновтің Түркістан этноэлитасының жеке құрамында шешуші қызмет атқарған ыкпалды тұлға болғандығын айғақтайды.
Садық Өтегеновтің Мұстафа Шоқаймен байланысы саяси-идеялық қана емес, туыстық, жолдастық сипат алады. Парижде елін, жерін аңсаған Мұстафа Шоқай өткен күндерді еске алып, досы Садық Өтегенов туралы мынадай мақала жазады: «Петербургке қайтып оралған соң, түркістандық Өтегенұлы Садық деген досымның өзінің Петебургке келмек екенін айтып жолдаған бір телеграммасын алдым. Келетін күні мен оны вокзалға барып қарсы алдым. Екеуіміз мен тұрған жерге келдік. «Аздаған алтын ақша әкелдім. Түрік елшісіне өз қолыммен табыс етуім керек еді» деді ол маған ентігін басып үлгермей жатып. Ол кезде Түркияның Петербургтегі елшісі Тұрхан паша болатын. Арада екі күн өткен соң, кешке таман көшеде адам аяғы саябырлаған кезде Садық екеуіміз Түркия Елшілігіне келіп Тұрхан пашаның қабылдауында болдық. Түрік елшісі кең қабылдау бөлмесінің ішінде оңаша отырып, бізді мұқият тыңдады. Садық оған түрік жаралыларын емдеу үшін шалғайдағы Түркістанда тұратын түрік қандастары жинаған азын-аулақ ақша әкелгенін айтқанда, елшінің көңілі босап, көзінен жас парлады. Оған қосылып Садық екеуіміз де жылап алдық... Қадірлі Садық, сен қазір қайда жүр екенсің? Әлде Түркістанның қазіргі қожайындары жағынан итжеккенге кеттің бе? Жоқ әлде аштан өліп қалдың ба?..».
Мұстафа қойған бұл сұрақтың жауабы алашшыл азаматтардың бәрін де қызықтырары сөзсіз. «Қазақ» газетін шығаруға ақша жиып берген, «Алыстағы бауырыма» деп Мағжан ақын үн қосқан түркілік бірлік идеясына қадари-халінше қол көмегін аямаған ұлтжанды Садық итжеккенге айдалған жоқ. Аштан да өлмеді.
1874 жылы қазіргі Түркістан қаласында туған Өтегенов Садық Қалмұхаммедұлы 1937 жылдың 19 қарашасында Ішкі істер халық комиссариаты облыстық басқармасы «Үштігінің» шешімімен сотталып, атылған. 1957 жылдың 17 шілдесінде ақталған. Түркістандық Алаш қайраткерінің үстінен жүргізілген қылмыстық істің нақты мазмүны белгісіз. Оған тағылған айыптың ең бастысы – оның Алаш қозғалысының белсенді қайраткері болғандығы. ОГПУ органдарының қолында алашордашылар туралы көптеген мәліметтер жинақталғаны белгілі. Бүл арнаулы органдар С.Өтегеновтің да ұлтшылдық қызметіне қатысты деректерді молынан жинаған болса керек. Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік қауіпсіздік департаментінің архивінде сақталған С.Өтегеновтің жеке ісі көптеген құнды деректерді жарыққа шығарар еді. Бұл деректердің маңыздылығы – Түркістан қаласының да Алаш қозғалысының іргелі орталықтарының бірі болғандығын деректік негізде дәлелдейді [3, 256 б.]. Түркістан және Алаш ұлт-азаттық қозғалыстарына белсене араласқаи қайраткерлердің бірі – Қожықов Қоңырқожа (1880-1938). Ол қаладағы 4 сыныптық орыс-бұратана мектебін, 1905 жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Перовск, Андижан қалаларында, Қарнақ қыстағында жәдиттік мектептер ұйымдастырып, қазақ мектептеріне арналған тұңғыш «Әліппені» 1912 жылы Орынбор қаласында Фатих Каримидің баспасынан жарыққа жарыққа шығарды. 1912 жылы осы баспадан А.Қасымов, С.Жәңгіровпен бірге «Русие патшалығында Романов нәсілінен хүкімранлык қылған патшалардың тарихлары» атты еңбегі жарық көрді. Оның қоғамдык-саяси қызметі Түркістан өлкесімен тығыз байланысты болды. «Кеңес» үйірмесінің бюро мүшесі ретінде Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына белсене араласады.
Т.Рысқұлов Қ.Қожықовқа: «Қырғыз ақсүйектері «қожадан» шыққан. Бұрынғы Қоқан автономиялық үкіметінің мүшесі. Көрнекті алашордашыл, Шоқаевтың көмекшісі. 1913 жылы Романовтар әулетінің мерекесі кезінде қырғыз тілінде патшаның портретімен кітапша шығарған. Керенскийдің Уақытша үкіметінің Ферғана аудандарының бірінде комиссары болған. 1921 жылы Жер істері халкомына мүше, кейіннен орынбасары болып, Жетісу облысындағы жер реформасын басқарды және елдің бәріне орыстарды «табысты тоқпақтаудамыз» деп айтады. 1922 жылы жерге орналастыруды басқарды, қазір Жерге орналастыру басқармасында жұмыс істейді. Қожықов Қожановпен бір пәтерде тұрады. Осы Қожықов, Қожанов, Асфендияров, Тоқтыбаевтар танымал Лапиннің қыздарына үйленген және олар қырғыз халқын ең алдымен осы туыстық белгісі бойынша бірлесіп басқарады. Қожықов бірнеше рет Түркатком мүшелігіне сайланды және «Қосшы» Орталық Комитеті басшыларының бірі. 1921 жылы Қожанов пен Асфендияровтың кепілдемесімен, тіпті, партия қатарына өтті, бірақ кейіннен оны есептен шығарды. Қазір Қожановты дәл осы Қожықов басқарады. (Ол өте тәжірбиелі адам). Қызметкерлер Қожановқа келгенде, ол оны алдымен мәселеге келісіп алу үшін Қожықовқа жұмсайды, оған көбіне үкіметтік, тіпті партиялық хаттамалар да пікір сұрау үшІн беріледі» [4, 122 б.] – деген саяси мінездеме береді.
Қоңырқожа Қожықовтың ОГПУ басшыларына өз қольшен жазған өмірбаянынан оның отаршылыққа қарсы тәуелсіздік жолындағы күресі туралы мәліметтерді кездестіреміз. Ресей Министрлер кабинетінің төрағасы С.Виттенің атына бірнеше петиция жазып, Түркістан өлкесіне ішкі басқару істерін өзі шешу құқын беруді өтінуі Қ.Қожықовтың өз заманындағы саяси күрес тәсілін меңгерген кемелдігін танытады. Ол осындай тәсілді кейін де қолданған. Мысалы, «генерал Куропаткинге жазалау отряды мен орыс мұжықтарының мейрімсіз және айуандық іс-әрекеттерін баяндап жазып жібердім. Сонымен бірге редакцияның ұсынысына (Ташкентте эсер В.Чайкиннің редакторлығымен шыгып түрган «Голос Туркестана» газеті – Х.Т.) қосылып, Түркістанга Мемлекет Думасының мұсылмандар фракциясының уәкілдерін шакырып, көтерілістен кейінгі репрессия нәтижесімен танысуды талап етім. Осыған байланысты күз айларының бірінде (1916 жылы тамыз-қыркүйек айлары – Х.Т.) Тевкелеев, Керенский және Шоқаев келді. Соңғы екеуіміз Чайкиннің үйінде кездестік, сөйтіп оларға қолымдағы бар құжаттарымды тапсырдым» деп жазады. Бұндай тәсілге кеңестік билік жағдайында да жүгінуге мәжбүр болған Қ.Қожықовтың «Сонымен қатар ашаршылық мәселелерімен айналастым. Кейін біздің баяндамамыз бойынша ТурЦИК жэне СНК комиссиясының жанындағы ашаршылықпен күресу туралы арнайы комитет құрылып, оның төрағасы болып Тұрар Рысқұлов сайланды» [3, 195 6] деген жазбасынан оның ұлтжанды рухы танылады. Оның есімі жоғарыда Алаш қозғалысы тарихының деректерінде жиі аталады. Өмірбаянында өзі алашордашылардың қатарында болғандығын жасырмайды. «1917 жылы мен екінші рет Ташкентте өткен қазақ съезіне қатыстым, Қоқан автономиясы талқандалғаннан кейін Тынышбаевпен бірге коммунистік отрядтардан қашып, тау ішінде жасырынган кезімде болды».
Осы дереккөзде ол 1918 жылы қаңтардагы Түркістан қаласындағы Сырдария облысы қазақтарының съезі туралы «Орынбордағы алашордалықтар ұйымдастырған еді. Мен олардың саясатын мақұл көргенмін, бір мәселені өз тарапымнан үзілді-кесіді қойдым. Ол – Қазақстанның орталығы ретінде Оңтүстіктегі қалаларының бірі болсын деген ұсынысым еді. Бірақ алашордашыл Дулатов менімен келіспей, ренжіп, Орынборға кетіп қалды» – деп жазады.
Осы жерде мәтіннің мазмұнына кішкене түзету жасай кеткен орынды болар. Қ Қожықов 1933 жылы тұтқынға алынып осы өмірбаянды жазған кезде М.Дулатов алашордашыларды қуғындаған алғашқы лекпен 1930 жылы сотталып кеткен. Содан да оған салқын қабақ танытқан болып, Қазақстанның орталығын таңдау жөніндегі алауыздықты алға салып, ұлттық бірлік идеясын көтерген Түркістан съезінің басты мәселесінен тергеушілердің назарын басқа жаққа аударуға әрекет жасаған деген болжам жасауға болады. Аталған деректен Т.Рысқұловтың оған таққан айыптарының біріне жауап табылады. «Мен жергілікті әкімшілік орындарының үстінен көптеген арыздар мен петицияларды Петербургке қайта-қайта жолдап отырдым, соган байланысты мені бір уезден екінші уезге ауыстырып отырды. Әкімшілікке қайтсем жағам деген оймен Романовтардың үйі жайында қазақ тілінде еңбек жаздым. Бұл, әрине мен үшін масқаралық жұмыс болды. Бұл еңбекте қазақ халқының
патшаға бағынуы насихатталған еді. Бірақ мұнымен мен әкімшілік орнының ықыласын өзіме аудара алмадым...» [1, 114 с.] деп өкініш білдіреді.
Қоңырқожа Қожықов 1917 жылы 2-5 тамызда Ташкент каласында өткен Түркістан қазақ-қырғыздарының съезінде съезд төралқасына сайланып, Құрылтай жиналысына Сырдария облысынан депутатыққа кандидат болып ұсынылады. 1917 жылы 26 қарашада жарияланған Түркістан мұхтарияты Халық Кеңесінің құрамына енген. Түркістан өлкесіндегі Алаш қозғалысының өкілі ретінде жоғарыда аталған Сырдария қазақтарының съезіне қатысып, онда қабылданған шешімдерге елеулі ықпал жасаған. Кеңестік билік тұсында бірнеше рет Түркатком мүшелігіне сайланып, республикалық жерге орналастыру басқармасы басшыларының бірі ретінде Жетісудағы жер-су реформасына басшылық жасаған. Өлкедегі «Қосшы» одағын ұйымдастырушылардың және басшыларының бірі. 1918 жылы қарашада Ташкент қаласында түңғыш қырғыз педагогикалық курсы ашылғанда Перовскіден Қ.Қожықов оқытушылыққа шақырылған. Сол сияқты осы алғашқы оқу орнындағы оқытушылар құрамында «Кеңес» үйірмесінің С.Өтегенов, С.Қожанов сияқты мүшелері де аталады. Ташкенттегі Қазақ ағарту институтын ұйымдастырушылардың бірі, әрі осы оқу орнында дәріс берген. Түркістан республикасы Халық ағарту халкомы алқасының 1920 жылдың 21 тамыздағы хаттамасында Қырғыз ағарту институтының комитеті құрамында И.Тоқтыбаев төраға, Бабабек Есенов төраға орынбасары, мүшелері қатарында Х.Досмұхамедов, К.Көшербаевтармен бірге Қ.Қожықов та аталған. Өлкелік Халық ағарту комиссариаты құрған Мемлекеттік ғылыми комиссияның жанындағы «Талап» қоғамының мүшесі ретінде халық ағарту ісіне араласқан. С.Асфендияров пен П.А.Кунтенің редакциясымен 1936 жылы жарық көрген «Прошлое Казакстана в источниках и материалах» жинағын құрастырушылардың бірі. Қуғындалған 1938 жылы Алматы . қаласында тұтқындалған.
Алдабергенов Серқұл – Алаш қозғалысының қайраткері. С.Алдабергенов 1904-1912 жылдары Перовскіде уезд бастығының орынбасары қызметін атқарды. Ол уездегі отарлық биліктің құрамына тартылған жергілікті ұлттың өкілі ретінде Сыр бойындағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз мүмкіндігінше үлес қосты. 1912 жылы Төменарық болысының басқарушысы болып сайланды. Ташкентте Мұстафа Шоқай арқылы «Кеңес» үйірмесінің жұмысына қатысып, саяси жұмыстарға тартылады. Сол кезде С.Өтегенов, Қ.Қожықов, С.Ақаев, А.Оразаев, С.Қожанов және тағы басқа ұлт зиялыларымен араласады. Ол 1917 жылы Орынборда өткен бірінші Жалпықазақ съезіне Сырдария облысының атынан М.Шоқаймен бірге қатысып, съезд аяқталған соң Түркістанға бірге қайтқан, ежелден дос-сырлас адамдар еді.
1917 жылы большевиктердің Ташкентте билікті күшпен тартып алып кеңестік билік орнатуы өлкедегі ұлтжанды қайраткерлерді ұлттық бірлік, мемлекеттік тұтастық идеялары бойынша шұғыл әрекетке көшуге итермеледі. Осыған байланысты Қоқан автономиясы үкімегінің басшысы –
М.Шоқайдың бастамасымен және Алашорда үкіметі басшылары колдауымен 1918 жылы 5-9 қаңтары аралығында Түркістан қаласында Сырдария облысы қазақтарының съезі етті. Бұл съезд өзінің мәртебесі бойынша Алаш қозғалысының съезі болды. Түркістан өлкесі қазақтарының Алаш автономиясына косылуы мәселесін күн тәртібіне қойған бұл съездің қабылдаған шешімдері біртұтас қазақ мемлекетігін қалыптастырудағы ұлттық элита қызметін айшықтай түсті.
Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласы жаңа жағдайда ұлттың рухани орталығы болып танылған тарихи миссиясын осы жолы да атқарды. Алаш зиялылары съезде ұлттық мемлекетіліктің аса маңызды белгісі – территориялық тұтастықка қол жеткізу идеясын алғаш рет көтерді.
Осы съезді шақыруға байланысты Ә.Бөкейханов пен М.Шоқайдың «Қазақ» газетінде жарияланған «Сырдария облыстық съезін шақыру туралы» жеделхатында «съезге болыс басы бір кісінің үстіне мына кісілер арналып шақырылды» [3, 302 б.] – деген тізімде С.Алдабергеновтің есімі кездеседі.
Қазақ ұлтының тәуелсіздік мәселесін қараған 5-13 желтоқсан 1917 жылы Орынбор қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз съезінің каулысында Сырдария облысынан қатысқан делегаттарының қатарында С.Алдабергенов те болады. Осы съездің делегаттары Алаш автономиясын жариялау туралы мәселеге дауыс беруде екі жікке бөлінеді. С.Алдабергенов «Алаш автономиясы күні бүгін ресми иғылан етілсін деп тас салғандар» арасында болды.
С.Алдабергенов Ташкенттегі ерлер гимназиясында Жорабек Есеновпен (Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Шахмардан Есеновтың әкесі) қатар оқыған. Екеуі Перовск уездік атқару комитетінде бірге қызмет істеген. Ол жер бөлімінің бастығы болса, Ж.Есенов уездік милицияның бастығы болған. Жергілікті халыққа өте жайсыз тиген уезд бастығы шовинист И.Гержод қызмет істеген жылдары билікке араласқан ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан. Ж.Есеновтің көмегімен атылудан аман қалған С.Алдабергенов өзінің агайын-туыстарымен Қызылқұмга, одан әрі Өзбекстанға көшіп кетеді.
И.Сталиннің Қырғыз өлкелік партия комитеті бюросының мүшелеріне жазған «Ақ жол» газетін қайта құру туралы хатында эмиграцияда жүрген М.Шоқайдың Қазақстандағы интеллигенциямен байланысы сөз болып, оларды партиялық және баспасөз қызметінен аластау мәселелері көтеріледі. Осы қаһарлы хаттың ықпалымен Қазақстандағы М.Шоқаймен араласқан зиялылардың бәрі де қара тізімге алынып, құқық қорғау органдары тарапынан қуғындауға түсті. С.Алдабергенов Алаш қозгалысына қатысқандығы және М.Шоқаймен байланысы үшін қуғындалды. 1934 жылы 28 маусымда С.Алдабергенов қамауга алынып, оған контрреволюциялық ұйымның басшысы болды, жергілікті халықты ауа көшіруге әрекет жасады деген айып тағылып, 1935 жылы 25 наурызда КСРО НКВД-ның айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Оның кейінгі тағдыры белгісіз. Бұл қылмыстық іс бойынша Алдабергенов Серқұлмен бірге, Созақ ауданының тұрғыны, бұрынғы болыс Исаев Жанәділ де жауапқа тартылған.[5, 125 б.]
20-жылдары ұлттық элита арасында кең өріс алған топшылдық күрес мазмұны жағынан өте күрделі процесс. Оны жеке тұлғалардың қоғамдық- саяси әрекетімен ғана байланыстыру мәселенің шынайы табиғатын аша алмайды. Оған тұтастай теориялық-әдіснамалық негіз керек. Олай дейтініміз, осы топшылдық күреске голощекиндік идеологиялық жүйе жершілдік, рушылдық мазмұн беріп келген. Қазіргі кезде Отан тарихында айқын байқалып отырған әдіснамалық дағдарыс жағдайында кейбір тарихшылар осы тұжырымдаманы одан әрі жалғастыруда. Мәселеге тарихи объективтілік қағидасымен көз салар болсақ, осы топшылдық күрестің ең басты қозғаушы факторы – рушылдық та, жершілдік те емес, таптық көзқарас екендігіне тарихи деректерден көптеген дәйектер тапқан болар едік.
Еліміздің тәуелсіздігі үшін қызмет еткен С.Өтегенов, Қ.Қожықов, С.Алдабергенов сияқты Алаш қайраткерлерінің ғибратты ғұмыры мен жасаған еңбектері егемен еліміздің болашақ қайраткер тұлғаларының ұлтжандылық рухта тәрбие алуына идеялық тұрғыда үлгі-өнеге болары хақ. Ұлттық тарихымыздағы рухани құндылықтарды сақтап, өткен тарихымызды үнемі таразылап, болашаққа нық сеніммен қадам басуымыз керек. Сол үшін де ұлттық тарихымызды тануымыз, ұлт мүддесі үшін тоталитарлық қоғамның қысымына қарсы шыққан алаштық үлгідегі тұлғаларымыздың өнегесі ұлықталуы қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Алаш Орда: Сборник документов / Сост. Н. Мартыненко. – Алматы: Айқап, 1992. – 192 с.
2. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: Санат, 1995. – 368 б.
3. Тұрсұн Х.М. «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты». Движение Алаш: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Трех томник. – Алматы: ФФ «Ел-шежіре», 2011. ТЗ. 407 б.
4. Махат Д. Қазақ зиялыларының қасіреті. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2001.-304 б.
5. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 256 б.
Әсем ОРЫНБЕКОВА,
«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы РМҚК»
ғылыми қызметкері