БҮКІЛ ҒҰМЫРЫН ТҮРКІ БІРЛІГІНЕ АРНАДЫ

БҮКІЛ ҒҰМЫРЫН ТҮРКІ БІРЛІГІНЕ АРНАДЫ

        Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, елші, ғалым Нәзір Төреқұлұлы 1892 жылы Оңтүстік Қазақстандағы Түркістан қаласына жақын жердегі Қандөз ауылында өмірге келген. Әкесі Төреқұл қызмет бабымен көбіне Өзбекстанда заң қызметінде болғандықтан да Нәзірдің балалық шағы Ферғанада өтеді. Ол Қоқандағы бастауыш мұсылман мектебінде (1900-1903), орыс-түзем (1903-1905) және коммерциялық (1905-1913) училищелерде, Мәскеудің коммерция институтының экономика факультетінде (1913-1916) білім алған. 

         Нәзір институттың үшінші курсында оқып жүргенде, патшаның 1916 жылдың 25 маусымдағы жарлығы шығып, қазақтардан әскердің қара жұмыстарына адам ала бастайды. Ол оқуын тастап, Батыс майданында қара жұмыс жасап жатқан хат танымайтын отандастарының арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Осында жүріп, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов сияқты қазақ зиялыларымен танысады. 

      1916 жылы Минскіде Батыс майданындағы «Земсоюзда нұсқаушы бола жүріп, Орта Азия мен Қазақстаннан барған жастардан «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрады. Ұйымның негізгі мақсаты шығыс халықтарының ұлт-азаттық қозғалысына көмектесу еді. Алдына осындай үлкен мақсат қойған бұл ұйымға Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Асфендияр Кенжин, Тел Жаманмұрынов, Шахмардан Қапсаламов, Мұса Сейдалин, Хайралдин Болғанбаев, Ахмет Байғұрин, Мырзағазы Есболовтармен бірге Ж.Жәнібеков, Ө.Мұқанов, Қ.Сатқанов, П.Нұрмағамбетов, С.Қадырбаев, М.Төлебаев, Б.Жарылғасынов, т. б. секілді сол кездегі қазақтың маңдайалды оқығандары мүше болған («Қазақ», 1916, №236). Сөйтіп, алыстағы белорус жерінде құрылған бұл ұйым қазақ зиялыларының ұлттық мәселелер төңірегінде басын қосқан, олардың саяси-әлеуметтік жағынан көзін ашып, халықтың мұңын мұңдап, елге қызмет етуге шақырған алғашқы саяси ұйымдардың бірі болуымен бірге үлкен саяси мектеп ролін де атқарды.

     Қазан төңкерісінен кейін 1917 жылы Орынборда өткен бірінші жалпықазақ құрылтайына қатысады. Осы Жылы бүкілресейлік «Земсоюздың» Торғай облысындағы нұсқаушысы, 1918 жылы Орынборда шығып тұрған «Қазақ мұңы» газетінің редакторы болады. 

      1918 жылы Орта Азияға оралып, Қоқан совдепі ревкомының хатшысы, «Халық сөзі» газетінің редакторы (1918), Ферғана облыстық ревкомының төраға орынбасары, төрағасы, халық ағарту комиссары, Түркістан ОАК мүшесі (1918-1919), Түркістанның халық ағарту комиссары, «Вестник просвещения и коммунистической культуры» журналының редакторы (1920), Түркістан Өкіметінің төрағасы, БОАК-тің және РСФСР Халық Комиссарлар Советінің, БК(б)П Өкіметі Түркістан бюросының Түркістан майданы революциялық әскери советінің мүшесі (1920-1922), КСРО халықтары орталық баспасы басқармасының төрағасы (1922), «Темірқазық» журналының редакторы (1923-1928), КСРО-ның Сауд Арабиясындағы бас консулы, төтенше және өкілетті елшісі (1928-1936), Мәскеу мен Ленинградтағы Шығыс халықтары институтының ғылыми қызметкері, оқу ісі жөніндегі проректоры (1936-1937), т. б. қызметтерінде болады. 

       Қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық жұмыстарға белсене араласып, Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының бірінші құрылтайына (1924) қатысады; жаңа түрік әліпбиін енгізу комиссиясының төрағасы болып сайланады (1922); Бакуде өткен түркітанушылардың құрылтайына қатысып, латын әліпбиі жайлы сөз сөйлейді (1926); Орталық жаңа түрік әліпбиін енгізу комиссиясының мүшесі болады. 

        Н.Төреқұлов 1937 жылы 15 шілдеде ұсталып, 3 қарашада «халық жауы» ретінде атылды. 

        Жан-жақты дарын иесі Нәзірдің ғалымдығын сөз еткенде, алдымен оның қазақ тіл біліміне, жалпы түркітануға елеулі үлес қосқан тілтанушы болғандығын айтқан жөн. Ана тілі қазақтың үстіне араб, әзірбайжан, башқұрт, қырғыз, татар, өзбек, тәжік, парсы, түрік, ағылшын, неміс, француз, тілдерін жетік білген білімпаздың қаламынан «Жат сөздер», «Ұлт мәселесі және мектеп», «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби» секілді кітаптары мен көптеген мақалалар шықты.    

      Оның Мәскеуде қызмет еткен жылдары түгелге жуық ғылыми ізденістерге арналды десе де болғандай. Жиырмасыншы жылдарда латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілгенде, Нәзір мұны жақтаушылардың қатарында көрініп, осыған дайындық жұмыстарын жүргізген Орталық Комитет комиссиясының мүшесі ретінде қыруар жұмыстар атқарды. Жаңа әліпбиге көшу-көшпеу жайлы пікір екіге жарылып, осы мәселені талқылауға арналып Баку қаласында өткен түркітанушылардың құрылтайында сөз сөйлеп, латынды қолдап шықты. Бұрындары араб әліпбиін қолданып келген Орта Азия халықтары 1928-1929 жылдары латын графикасына көшкені белгілі. 

       Шығыс халықтары баспасының директоры болып тұрғанда, ол түркі халықтарының әдеби мұраларын бастырып шығаруға ерекше көңіл бөлді. Осы баспа арқылы қазақ, қарақалпақ, башқұрт, татар, қырғыз, әзербайжан, өзбек, сияқты халықтардың әдеби жәдігерліктері қалың көпшіліктің рухани кәдесіне жарап жатты. Солардың ішінде Ахмет Баржақсиннің «Мың бір мақал» (1923), Әлихан Бөкейханұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған «Жиырма үш жоқтау» (1926), Қошке Кемеңгеровтің «Жаңа тұрмыс жолында» секілді кітаптар бар. Сөйтіп, баспа ісі кенжелеп қалған түркі халықтарының шынайы тарихын, мәдени-әдеби мұрасын игеру жұмыстарын бастап, тарихи еңбек сіңірді. 

       Осы баспаның жанынан «Темірқазық» (1923) атты әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналын қазақ, татар, башқұрт, өзбек, орыс тілдерінде шығарып тұрды. Журналдың алғашқы санында Ғ.Тоғжановтың «Ұлт деген не?», «Ұлт мәселесі», М.Дәулетбаевтың «Қазақ һәм музыка», Ә.Бөкейхановтың «Керейдің ажалы», «Бекет батыр», «Мырза Едіге», Қ.Кемеңгеровтің «Қазақтың саяси-тарихи тұрмысы» сияқты материалдардың жариялануынан-ақ оның редакторы Н. Төреқұловтың алға қойған мақсаты мен бағыт-бағдары айқын көрінеді.

        Нәзірдің «Еңбекші қазақ», «Ақ жол», «Тілші» газеттерінде және өзбектің «Инқилоб», тағы да басқа журналдарда, басқа да басылым беттерінде жарияланған мақалаларында оның публицистік шеберлігі жарқырап көрінді. Тақырып жағынан қоғамдық, мәдени өмірдің барлық салаларын қамтып жазған мақалалары зәру мәселелерді дер кезінде көтере білуімен, ғылыми нақтылығымен, айтқан пікірлерінің өткірлігімен ерекшеленеді. 

       Оның қазақ тілі мен әдебиетіне, ислам дініне, жәдитшілдікке, Түркістан тарихына қатысты білдірген пікірлері күні бүгінге дейін өзінің маңызын, құнын жойған жоқ. Мысалы, ол сол кездегі мемлекеттік тіл болып жарияланған қазақ тілінің жай-күйін барынша қатал сынға алған. «Қазақ тілінің үкімет тілі, мемлекеттік тіл деп жарияланғанына талай уақыт өтті. Сөйтсе де әлі қазақтың дара әліппесі жоқ. Тіл деген кабинетте жасалмайды. Қазақ секілді бұрын езіліп келген ұлттың тілі үкімет кеңсесіне кіріп, күн сайын жұмсауда болса ғана бел буыны қатады. Екіншіден, қазақ тілінің кеңсеге кіруі ортадағы «тілмаштарды» одан шығарып тастап, қалың кедей елдің Кеңес маңына жақындауына себеп болады» (Н. Төреқұлов. «Қашан болады?», «Еңбекші қазақ», 29.01.1925)-деген пікірі осыдан тоқсан жылдай бұрын айтылса да осында көтерілген мәселе күн тәртібінен әлі түсе қойған жоқ. 

        Бүкіл саналы ғұмырының көпшілігін Түркістан өлкесінде өткізген Нәзір көсемсөзінің ізі қазақ публицистикасында ғана емес, өзбек журналистикасының тарихында да сайрап жатыр. 

        Н.Төреқұловтың «Ел асылын жасытпаңдар» деген мақаласынан «Әдебиет – халық айнасы. Ақынның жыры, әні, жазушының кестелі майда сөзі елдің тілін кестелейді, тұрмысын суреттейді, сезімін оятады. Елге тура жол бастайды, түзу тәрбие береді, қысқасы елдің білім жүзінде теңдігін әпереді, елдігіне жеткізеді» («Темірқазық», 1923, №2-3)- деген жолдарды оқимыз. Мұнда айтылған ойлардан Нәзірдің әдебиеттің қоғам өміріндегі роліне ерекше мән бергендігін, әдеби-эстетикалық талғамының, түсінігінің жоғары екендігін аңғарамыз. 

       «Сыншы менен доктордың арасында бір-ақ айырма бар. Ол айырма: ауру кісі өлетін халге келіп қалған болса, доктор қарап, шынын сөйлемей, аурудың көңілін көтеріп кетсе, ол докторды ешкім айыптамайды. Шынын сөйлемеу доктордың өз еркінде, доктордың «өтірігінен» жұртқа зиян жоқ... Сыншы болса ше? Сыншы (критик) әр уақыт шын сөйлеуге міндетті. Шынын сөйлеу – сыншының парызы. Сыншының «өтірігі» - жұртқа зиян... Жазушының жазғанына – сыншы би, сыншының сынына – оқушы би» («Темірқазық», 1923, №2-3)-деп, әдеби сынға айрықша мән берген Н. Төреқұлов өзі де бірнеше сын мақалаларын жазды. Сәкен Сейфуллиннің «Асау тұлпар», «Тар жол, тайғақ кешу», «Бақыт жолында» секілді шығармаларын сынағанда, Нәзірдің авторлық ұстанымы айқын: ол сол кездегі жаңашыл қазақ кеңес әдебиетінің көшбасшысы болған Сәкеннің революцияшыл рухтағы шығармаларын қабылдай бермейді; онысын жасырмай ашық айтады. 

         В.В.Бартольдтың еңбектеріне, С.Айнидың «Бұқара революциясы» кітабына пікірлер білдірген. Түркістан өлкесінің саяси ахуалына арналған «Бұқара советтік халық республикасы», «Қоқан автономиясы», «Ферғана мәселесі» деген еңбектері бар. Өзбек мектептері үшін оқулықтар жазған. 1922-1928 жылдары Мәскеудің, Ленинградтың жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен, шығыстанудан сабақ берді. 

       Нәзірдің бүкіл қоғамдық, мемлекеттік қызметі Түркістан халықтарына қызмет етуге арналған. Ол түркі халықтарының болашағын олардың іштей бірлігінен көрді. Түркістан Компартиясы Уақытша Орталық Комитеті саяси бюросының жауапты хатшысы бола жүріп, осы өлкеде тұрып жатқан халықтардың бірлігі үшін қыруар жұмыстар атқарды. Бұл ретте тағы бір түркістандық қайраткер Тұрар Рысқұловпен тізе қоса отырып атқарған жұмыстардың жемісті болғандығын айта кеткен жөн. Әрине, отаршылдық жүйеде батыл әрекеттерге жол берілуі мүмкін еместігіне көзі жеткен ол өзі атқарған биік лауазымды қызметтерін осы бағытқа барынша пайдалана білді. Жан-жақты білімдар, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Н.Төреқұлов халқына адал қызмет еткендігі үшін саяси жағынан қуғындалып, жазалауға ұшырады. 

              

            Әдебиеттер: 

Әлмашұлы Ж. Нәзір Төреқұлұлы. -Алматы, 1996;

 Досжанов Д. Абақты.- Алматы, 1992; 

Кенжебаев Б. Қазақ баспасөзінің тарихынан. -Алматы, 1963; 

Қожакеев Т. Жыл құстары. -Алматы, 1991; 

Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. -Алматы, 1995; 

Қойшыбаев Б. Жазықсыз жапа шеккендер. -Алматы, 1990;

 Мансұров Т. Елші Нәзір Төреқұлов. Дипломат. Саясаткер. Азамат. -Мәскеу, 2003;

 Қазақ совет энциклопедиясы. 11 том, -Алматы. 

Д.ТІМЕТ,

Әдебиеттанушы