ҰЛТЫМ ДЕП ӨТКЕН ҰЛ ЕДІ

ҰЛТЫМ ДЕП ӨТКЕН ҰЛ ЕДІ

Он тоғызыншы ғасырдың соңында Қаратаудың теріскейіндегі алыс ауыл Ақсүмбеде өмірге келген Сұлтанбек Қожановтың тіршілік ғұмыры ХХ ғасырдың басында Түркістан өлкесіндгі аласапыран оқиғалардың қақ ортасында өтті. Ол – ұлттық әдебиет пен мәдениеттің алғашқы ту ұстаушылырының бірегейі.

Бар саналы ғұмырын туған халқына адал қызмет етуге арнаған Сұлтанбектің тағдыры да елімен еншілес болды. Халқымен бірге оның жарқын болашағы үшін күресті. Осы жолда бақытын да көрді; халқы нәубетке ұшырағанда, осы жолда құрбандық болып кете барды. Сол себепті де ұлттық дамудың тарихи тегершігі кері айналған тұстарда, С. Қожанов та «ұлтшылдықпен» айыпталып, халық жауы атанды; ұзақ жылдар бойы есімі «жабық» болып келді. Сұлтанбектің есімі кеңес өкіметі жылдарында ақталғанымен де оның шын мәніндегі халқымен қауышуы еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында болды. Қазір тәуелсіз Қазақстанның рухани көгінде Сұлтанбек Қожановтың жұлдызы жарқырай түсуде.

       С. Қожановтың азаматтық, қайраткерлік, шығармашылық бейнесін, жалпы тұлғасын танытқан Р.Бердібай, Т.Қожакеев, Ә.Тәкенов, Т.Көлбаев, М.Қойгелдиев, Б.Қойшыбаев, Қ.Ергөбек, Ж.Әлмашұлы, А.Шәріп, Х.Тұрсын, А.Тасымбеков, Д.Салқынбек, Ж.Симтиков, Ж.Уалханова, А.Әбікей, т. б. еңбектері жарық көрді. Осылардың ішінде Сұлтанбек туралы арнайы зерттеу кітаптарын жазған Жолтайдың (Ж.Әлмашұлы. Сұлтанбек Қожанұлы. Алматы, «Қазақстан», 1994, 128 бет), Амантайдың (А.Шәріпов. Сұлтанбек Қожанұлы - әдебиетші. Алматы, «Ер-Дәулет», 1994, 98 бет), Бейбіттің (Б.Қойшыбаев. Сұлтанбек Қожанов. Алматы, «Қазақстан», 2007, 320 бет) еңбектерін алдымен, атап өткен жөн. 

      Соңғы жылдарда Сұлтанбектей сайыпқыранның қайраткерлік тұлғасын тануда тарих ғылымының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсынның біршама жемісті еңбек етіп келе жатқанын айта кеткен лазым. Ол шәкірті А. Әбікеймен бірге өмірі мен қызметінің негізі өткен Ташкент қаласының мұрағаттарынан көптеген деректер тауып, Сұлтанбектанудың деректік негіздерін байыта түсті. Х.Тұрсынның жетекшілігімен дайындалып жатқан С. Қожановтың көптомдығының алғашқы шыққан бірінші томы түгелдей бұрын белгісіз болып келген мұрағаттық құжаттар мен материалдардан тұрады. 

      Десек те еліміз дамудың тәуелсіздік жолына түсіп ұзаған сайын С. Қожанов мұрасының ұлттық қырлары жарқырай түсуімен бірге Сұлтанбектану да мұнымен тоқталып қалмайды. Уақыт өтеді. Зымыраған уақытпен бірге заман да өзгеріп, алға жаңа міндеттер қойып отырады. Алда тұрған сондай міндеттердің бірі ұлтымыздың ұлт болып, еліміздің ел болып қалыптасуына тарихи үлес қосқан ерен тұлғаларымыздың артында қалған мұрасына, үлгісіне бүгінгі күн сайын өзгеріп жатқан биіктен көз жіберу, топалаң уақыттардың басып қалған тозаңдарынан аршып, жаңадан жарқырай түскен қырларын аша түсу, ең соңында ұлы арыстарымыздың рухани мұрасын, асыл өсиеттерін бүгінгі ұрпақтың кәдесіне жарату мақсатымен насихаттау болмақ. Өтпелі кезеңде әрі-сәрі күйде тұрған бүгінгі қазақ елі үшін С.Қожановтың артында қалған мұрасы Шолпан жұлдыздай жарқырап, алға басар жолды нұсқап тұрғаны тарихи шындыққа айналып келе жатқанын әрдәйім еске салып тұрғанның артықтығы жоқ. 

     Көбіне Ташкентте қызмет атқарып, Қазақстанның басшылығында бір жылдай ғана қызмет атқарған С. Қожанов азаматтықтың, халыққа қызмет етудің асқан үлгісін көрсетіп, елінің есінде қаларлық талай-талай тарихи жұмыстардың басы-қасында жүрді. Жаңадан құрылған мемлекеттің шегарасын межелеп, ел экономикасын өркендету, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын сақтап, ұлттық дәстүрлерін, әдебиеті мен мәдениетін дамыта түсу жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Сол кезде жүргізілген пролеткультшілдік саясаттың зардабынан ұлттық мәдениеттердің көп зардап шеккені белгілі. Осындай қауіп төнген Наурыз мейрамына Сұлтанбек сол кездің өзінде-ақ араша түсті:

      С.Мұқанов Қызылорда қаласында С.Қожановтың қабылдауында болғанын жазады. Обкомдағы кабинетіне барған мені Сұлтанбек жылы шыраймен қарсы алып, шүйіркелесе, теңдесе сөйлесті. Оның да өлең жазатынын сонда ғана білдім. Ташкентте қазақ тілінде шығатын «Ақжол» газеті мен «Шолпан» журналындағы «Тоқпақ» және «Замандас» соның псевдонимі екен. Бірінші рет сөйлесуім демей, ол біраз пікірін ашық айтып салды. Саясат жайын, оның өткені, кәзіргісі, болашағы жайын айта кеп, менің баспасөзде жариялаған шығармаларыма (ол жалпы әдебиетті, оның ішінде қазақ баспасөзін көп оқитын адам екен) бағасын бере кеп, былай деді (бұдан былай оны оқушыға түсініксіз тілмен сөйлетпей-ақ қоялық): 

    - Сен, Сәбит шырағым, - деді жасы үлкен ағалық ақылы сияқты дауыспен, - «пролетприат жазушысы болам» дегенді қойсайшы. Сәкен ғой осы жоқ нәрсені бар қылам деп жүрген. Ең алдымен, сол Сәкеннің өзі бола алмайды ғой пролетариат жазушысы. Қайдан болады ол? «Бай ұлы болсаң, Адай бол, Арғын болсаң, Алтай бол» демей ме қазақ? Сол Алтайдың ішінде Сәкен ең ірі атаның бірі Жәнібекке жататын көрінеді. Әкесі Сейфолла серілік құрғаннан басқаны білмеген. Сәкен соның мырза баласы боп өскен. Революцияға араласуы - әлдеқалай бір нәрсе. Мырзадан революционер шыққан емес... Іштей толып жатқан таласым бола тұра, «бетін түгел көріп алайын» деген оймен Сұлтанбекке қарсы жауап айтқан жоқпын. Менің өз жайыма келгенде, астыма көпшік қоя сөйлеп:

     - Сен, әрине, талантты жастың бірісің. Биографияңнан да хабарым бар. Сенің әдебиетте де кедейшіл болмауға правоң жоқ. Өлеңдеріңнің көркемдігі жетіп болмағанмен, мазмұн жағынан өз бағытыңда жаман шықпайды. Көркемдік жағынан өсуге уақытың бар, әлі жассың. Қызыл езулікті қою керек те, шеберлену жағына күш салу керек. Бұл саған шын ағалық, адамдық жүректен айтып отырған сөзім, - деді» (С. Мұқанов. Таңдамалы шығармалар. Он бірінші том. Алматы, 1977, 131-132 беттер).

     Қазақстан Түркістаннан бөлініп шыққанда, Сұлтанбек: «Мемлектіміздің аты Қазақстан болғандықтан, «сендер көп болсаң да түк қылмай, біздің бетімізге қарап отыр деуге болмайды. Қазақтың елден шығып, орыстыққа шалдығып кеткен аз ғана шолақ етектері өздері орыстан кем болмаған соң, жалпы қазақ халқы да орыспен теңдес деп санауға болмайды. Сөйтіп, Қазақстанды ұлт мемлекеті қылып жасау мәселесі әлі түгел шешілмеген. Қазақ ұлт мемлекетін жасау біткен жоқ, алдымыздағы іс» (сонда, 63-бет)-деп, алға үлкен міндеттер қойды. Кезінде С.Қожановтар көтеріп, қолға алған қазақтың ұлттық мемелектін жасау мәселесі күні бүгінге дейін күн тәртібінде тұр. 

      Қазақстан жеке мемлекет болып, Түркістаннан енші алып шыққанда, оның мемлекеттік тілі қазақ тілі болады дегенді алғаш көтерген де С.Қожанов болатын. Ол Қазақстан жеке республика болып өмір сүре бастаған алғашқы күндердің өзінде-ақ «Мемлекет тілі Қазақстанда қазақ тілі болмақ. Осы күнге дейін бұған кесір болып келген - Қазақстан халқының көбі орыс болғандығы һәм үкімет басындағы, кеңсе қызметіндегі қазақ азаматтары орыстыққа жаттығып, орыс болып кеткен адамдар болғандығы. Көбісі қазақша білмейді. Қазақшаны осы күні орыстармен бірге үйреніп жүргендері екінің бірінде көресің» («Ақ жол», 26.10.1924) - деп, бұлтаққа салмай, турасын айтып беріпті. Өкінішке орай, формасы өзгергенмен, мазмұны өзгермеген Мәскеудің отаршылдық саясаты осы бір заңды мәселенің жүзеге асуына жол бермеді. Ең өкініштісі сол - осыдан бір ғасырдай бұрын бодан кездің өзінде-ақ заңды түрде көтерілген тіл мәселесінің бүгінгі еліміз тәуелсіздік алған уақытта да жүзеге аспай келе жатқандығы. 

     Сұлтанбектің жан-жақты білімдар қайраткер болғандығы оның орыс тілінде жазылған «Әдеби тіл мен терминология хақында» (О литературном языке и терминологии. «Правда Востока», 06.06.1929) атты тіл тазалығына арнап жазған мақаласынан айқын көрінеді. Өзбек тілінің шамадан тыс арабиланып кеткеніне назар аударып, шеттен енген сөздерді термин ретінде қабылдағанда, тіл заңдылықтарын сақтауға шақырды. 

      С. Қожановтың «Қырғыз-қазақ арасында халық ағарту жұмысы» («Шолпан», 1923, №4-5) жайлы айтқан мына бір пікірлері оны Ахаңдар (Ахмет Байтұрсынов) бастаған ұлттың ұлы ұстаздары қатарына қояды. «Қырғыз-қазақ халқының бір заманда қолы жетіп, бір жөнді мектептері бола қалса, солардың барлығында оқыту тілі - ана тілі болуы міндет. Әзірде қырғыз-қазақ халқының ең болмағанда бастауыш мектептері ана тілінде болуы керек һәм саны жеткілікті болуы керек. Қырғыз-қазақ еңбекшілерінің балалары тегіс әуелі ана тілі мектептерінде тәрбие алуы тиіс. Мезгілсіз жат тілге байланып, мың қате болып, сорлағаны дұрыс емес. Білім - тілде емес, түсініктерде; тәрбие - орысша шүлдірде емес, жақсылыққа жаттығуда. Бұлар жас балаға ана тілінде, ұлт мектебінде табылады. Басқа жерден табылмайды, табылса да қымбат түседі. Жат тіл - тәрбие ісіне пайдасыз, түсінуге ыңғайсыз, құр жол бөгеу. Осы айтылғандардың барлығы қырғыз-қазақ арасында халық ағарту жұмысының ең бірінші кезектегісі, ең үлкені - бастауыш ұлт мектебін жасау, жөндеп жасау, жеткілікті қылып жасау һәм жас балалар ұлт мектебінен аттап өтіп, жат тілге түсіп, сарсаң болмайтын қылу дегенді түсіндіруге жеткілікті болса керек...» (Сұлтанбек Қожанов. Шығармалары. Алматы, «Арыс», 2009, 123-125 беттер).

      Ұлттың болашағын оқу-білімнен, тәрбиеден көрген Сұлтанбек осы негізгі ойын нығарлай түсіп, мақаланың соңында: «...мәдениеттің түп қазығы, жұртшылықтың тірегі, бостандықтың шын құралы - бастауыш мектеп; қырғыз-қазақтың ана тіліндегі ұлт мектебі. Халық ағарту мәселесінің негізі де - бастауыш мектеп мәселесінде. Осыны ұмытпау керек» (сонда) екендігін тағы да қайталап ескерткен. Өткен ғасырдың басында айтылған Сұлтанбек көтерген осы бір мәселе бүгінге дейін күн тәртібінен түспей, өзінің логикалық шешімін таппай келе жатқандығы - бүгінгі күн ұрпақтарының алдында тұрған үлкен бір сын. 

        Қазан төңкерісінен кейін әдебиет майданында пролеткультшылдар үстемдік етті. Олардың ойынша, әр дәуірдің өзіне сай әдебиеті болады; байлар заманында байшыл әдебиет болса, енді пролетариат билігі кезінде пролетариаттық әдебиет қана өмір сүреді; басқа әдебиетке жол жоқ. Пролеткультшілдер ескі әдебиеттің барлығын тарихтың тастандысы еткісі келіп, «ақ жағалы» қаламгерлерді «байшыл» деп, қуғынға ұшыратты. Ресми биліктің осындай бағытты ұстануы салдарынан алашорда маңына топтанған қазақтың ұлт-азаттық бағыттағы қаламгерлерінің барлығы қуғынға ұшырады. Қазақстаннан қашып, бірсыпырасы Ташкенге барып паналады. Мұндағы Н. Төреқұлов, С.Қожанов сынды азаматтар бұларға қолынан келген көмектерін жасап, қамқорлық көрсетті. 

     С.Қожановтың редакторлығымен осы жылдарда Ташкенде шығып тұрған «Ақ жол» газеті шын мәніндегі қазақтың шығармашылық зиялылары топтасқан орталыққа айналды. Мысалы, мұнда Мыржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Абдолла Байтасов, Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, т. б. қаламгерлер жиі соғып, шығармаларын жариялап тұрды. 

     Нәзір мен Сұлтанбектің Ж. Аймауытовтың Шымкенттегі педагогикалық техникумға директор болып орналасуына септігі тиді; қудаланған М. Әуезовке пана болды; Мағжанды Мәскеу асырып, Әдебиет институтына оқуға түсіруге ықпал жасады.  

     Ұлтжанды қоғам қайраткерлерінің туған халқының тарихын, мәдениетін жақсы білетіндігі, мұның өзі оларды ұлттық ауқымға көтеретіндігі сияқты С. Қожанов та өз елінің өткенін, мәдениетін, әдебиетін жетік біліп, өмірін ұлтының болашағына қызмет етуге арнаған. Ол замандастары Абай туралы саяси тұрғыдан әртүрлі сөз айтып жатқанда, оны өзіне рухани әке тұтты; Ахмет Байтұрсыновты ұлы ақынның дәстүрін, ісін жалғастырушы деп танып, өзі де осы жолға түсті. Төңкерістен кейінгі билік жүргізген шолақ саясаттың салдарынан өткен заманның мәдени мұраларының барлығына топырақ шашылып жатқан кездің өзінде-ақ Сұлтанбек Абайға, Ахметке ара түсіп, былай деп, жазды: «Қазақтар арасындағы революция туралы мәселе қозғағанда, Абай Құнанбаев пен Ахмет Байтұрсыновты айналып өтуге болмайды. Олар қазақтар арасында революцияның дамуына көп еңбек сіңіргеніне күмән келтіруге болар ма? Қазіргі революционерлердің барлығы да Абай мен Ахметтің шәкірттері болып бабылады» («Ақ жол», 04.05.1923). 

     Еліне, халқына «Қазақ» газетінде жарияланған өлеңдері арқылы кеңінен танымал болған Мағжанның өлеңдерін Сұлтанбек Қожанов алғысөз жазып, 1923 жылы Ташкентте бастырып шығарды. Мағжанның өлеңдерін бастырмақ түгілі ол туралы əңгіме козғаудың өзі саяси тұрғыдан аса қауіпті болғандығын ескерсек, Сұлтанбектің бұл ісін саналы түрде істелінген асқан ерлік деп санауға болады.

     Кітапқа жазған «Мағжан өлеңдері туралы бір-екі ауыз сөз» тақырыпты алғысөзінде С.Қожанұлы сол кездегі Мағжан дегенде күйіп-жанып тұрған ресми саясатты ескерген болу керек; ақынның өлеңдерін талдамайды, идеялық жағын сөз қылмайды. Негізгі ойды сол кезде көтеріліп жатқан қазақ тіліне мемлекеттік мəртебе беріп, оны қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдану көтеріліп жатқандықтан, осылай қарай бұрған. 

     С.Қожановтың Мағжан туралы ойы ашық: «М.Жұмабайұлының өлеңдері қазақ əдебиетінде үлкен орын алған деп басып отырмыз. Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері әдебиет тарихындағы соңғы 10-15 жылдағы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ойлаймыз... М. Жұмабайұлы өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиет тану жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз». Мағжанмен оқушылар бұрыннан да таныс» деген негізгі ойын білдіріп алған соң барып, қойшылар тілі саналып келген қазақ тілінің бай, жатық, өткір, əдемі тіл екенін Мағжан өлеңі көрсете алатындығын ескертеді: «Әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілінде жасалып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық. Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып келген ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын бай, жатық, таза, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады». 

       Сұлтанбек «Мағжан өлеңдерінің марксизм дүниетануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына көбірек көз салуы керек, тарих мәнісіне жете түсіну керек» – деп, пікірлерін саяси жағынан негіздей отырып білдіреді. Автор ақын өлеңдерінің идеялық жағына емес, көркемдік сипатына, тіл кестесіне назар аударғанын «Мағжан өлеңдерінің саяси мәнінен гөрі, әдеби мәнісін көбірек көзде тұттық»-деп, ескертеді. Мағжанды Абайдан кейінгі қазақ əдебиетіндегі өзіндік орны бар ірі тұлға деп бағалайды.  

       Келесі 1924 жылы «Ақ жол» газетінде жоғарыда біз тоқталып өткен Сұлтанбектің М. Жұмабаевтың кітабына жазған алғы сөзінде айтылған пікірлермен сарындас, осы ойларды өрбіте түскен «Мағжан» атты мақала жарық көрді. Мақаладан «Абайдан соңғы шыққан ақындардың тілдері аса дөкір болған жоқ. Бірақ соңғы ақындардың ішінде өлеңге тәтті күй, еәзік сезім, майда тіл тудыру жағынан Мағжаннан артық қызмет істегені жоқ» («Ақ жол», 01.04.1924) - деген мазмұндағы жолдарды оқимыз. Сұлтанбектанушы профессор А. Шәріптің пайымдауынша, «бұл мақала не Сұлтанбектің ұсынысымен жазылған, не оның қаламынан туған» (Сұлтанбек Қожанов. Шығармалары. Алматы, «Арыс», 2009, 311-бет). 

      Ж. Аймауытов «Мағжанның ақындығы» туралы көлемді мақала жазып, ұлы ақынның поэзиясын жан-жақты талқылағанда да Сұлтанбек жүрген жолмен жүргендігі байқалады. Сөйтіп, осынау бір мың құбылған аласапыран кездерде С. Қожанов Мағжантанудың тура жолда дамуына негіз салып, тарихи еңбек сіңірді.  

      Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының алғашқы жартысында, С. Қожановтың республика басшылығында істеген кезінде қазақ əдебиетінің алдында шешімін күткен сан алуан мəселе тұрды. Əсіресе ұлттық əдебиеттің даму жолдарын саралап, алда тұрған міндеттерді айқындау, қазақ əдебиетінің тарихы, бүгіні, болашағы сияқты мəселелер баспасөз бетінде зəру көтерілді. 

     Қазақ əдебиетінің тарихын зерттеуге кіріскен С.Сейфуллин «Қазақ əдебиетінің қысқаша тарихы» («Еңбекші қазақ», 19.2.1924) атты мақала жазып, əдебиет тарихын жасау мəселесін көтеріп, осыған қатысты ойларын ортаға салды. Осы мақалаға байланысты «Ақ жол» газетінде бірнеше пікір шықты. Соның бірі Темірбайдың «Қазақ əдебиетінің тарихынан» («Ақ жол», 1924, №132) атты мақаласы еді. Оңда Темірбай Сəкеннің пікірлеріне қарсы бес түрлі дау айтты; жеке басына тиіскен жерлері де бар.

        Темірбайдың осы мақаласына орай Ғ.Мүсірепов «Қисық сынға əділ төре» («Еңбекші қазақ», 24.ІІІ.1924) атты ескертпе мақала жазды. Онда Темірбай айтқан сындарды түгел келтіріп, осының дұрыс-бұрыстығына өздерің төрелік етіңдерші дегендей қылады. Ғабит: «Темірбайдың жұмысы əдебиетті сынауда емес, Сəкенді сынауда... бұл мақаладан Темірбайдың Сəкенге дұшпандығын, аяғынан қалай шалуды аңдып жүргендігін, оны көре алмайтындығын ұқтым» – деп, Темірбайдың дəлелсіз біреуге күйе жаққанын, осындай мақаланы жариялаған «Ақ жол» басшыларына қайран қалғанын білдірген.

      Көп ұзамай-ақ осы тақырыпты əрі қарай жалғастырған С.Қожанұлының «Жақындық па, жалақорлық па?» («Ақ жол», 3.IV.1924) деген мақаласы шығып, тағы да Сəкеннің жоғарыдағы айтылған мақаласы сынға алынды. Мұнда Сұлтанбек сөз болып отырған мақаладағы әдебиеттің тарихына қатысты айтылған пікірлеріне қарсы 8 пунктпен нақтылы дау айтқан. 

     Алдымен, «Зарқұм», «Сал-сал», «Кербалаға» ұсаған қиссалар қазақтың ұлт әдебиетіне һәм жазба әдебиетіне жатар ма? Қазақтың ұлт әдебиетіне орыс тілі кіріп кетті қылып, бір-екі қылжақпас тілмаштың өлеңін келтіріп, мұны әдебиеттің бір дәуірі деп, санауға бола ма?» деп, Сәкен мен Сәбиттің әдебиеттің тарихына байланысты ойларына күмән келтіреді. 

       4-ші пунктпен «Қазақта жазба әдебиеттің ағасы Абай болмаса, Ахмет болмаса, кім болады? Басқа да аға бар ма? Бар болса - кім?» деп мәселені төтесінен қойған. 

       Сұлтанбек Сəкеннің «Төңкеріске дейін жасап келген əдебиет дəуірінде алға шығып бəйге алатын кісі қазақта жоқ. Көптің күшімен атау алып, отырғандарды əдебиет ағасы деп санауға болмайды» дегеніне «Бұл пікірді Сəкен айтты ма, жоқ тағы да Төңкерісұлының жаласы ма? Бұл өзі оза алмағанға ыза болғанның сөзі ме...? ұлт əдебиетінің түп қазығын мықтап қағуға еңбегімен себеп болған, қазақ ұлт мəдениетінің бірінші қайраткері Байтұрсынұлы Ахметін Омар Қараши муфтиге неге қоңсы қондырмайды?» – деп, дауыс көтереді. 

       Мақаланың соңы «Жоқты жазып, бар əдебиет маңайын былапыттап, басына бір, аяғына бір Сəкен жолдастың атын келтіріп, өзі жазушы болып қол қойған Төңкерісұлының бұл қылығы Сəкенге жақындық па, жоқ жалақорлық па?». Осы сұрауларға не лекция оқыған Сəкен, не көшіруші Төңкерісұлы, не мақаланы басып отырған «Еңбекші казақ» басқармасы берген жауабына қарай əдебиет тарихы һəм əдебиетшілердің жайынан білгенімізді ортаға салмақпыз» деген жолдармен аяқталған. 

    Сөйтіп, «Ақ жол» газетінің редакциясы алдағы уақыттарда қазақ əдебиетінің тарихы, жалпы əдебиет мəселелері жайында пікірталасулар ұйымдастырмақ ниетін білдірді. Көп ұзамай-ақ басылым бетінде көркем əдебиет дегеніміз не, қазақ əдебиеті қандай бағытта дамуы керек, кімнен үлгі аламыз деген сауалдар төңірегінде пікір алысулар жүріп кетті.

      Ж.Аймауытовтың «Əдебиет мəселесі» («Ақ жол», I.IV.1925) атты мақаласында сол кез əдебиеті алдында тұрған бірсыпыра өзекті мəселелерді қозғап, парасатты пікірлер ұсынған. Өткендегі қазақ əдебиетін «Төңкерістен бұрынғы қазақ əдебиетінің бағыты– ұлт теңсіздігіне, мəдениетке талпыну, ішкі мазмұны– қазақтың халіне қайғыру, патша үкіметінің отаршылдық саясатына, қала берсе орыс атаулыға ереуіл жасау еді» – деп сипаттап, «Əдебиетіміздің ендігі беті төңкерісшілдік, бұқарашылдық болуы керек. Бұрын оянған ұлт сезімін тұншықтыру емес, тегістік, теңдік жолына икемдеп, дұрыс жүйеге, қалыпқа түсіру керек» – дей келіп, сол кезде бас көтеріп келе жатқан тапшылдарға қарсы «тап өзіндік ерекшеліктері ескерілуі тиіс»- деді. Автор əдебиетті бағалауға таптық тұрғыдан келуге қарсы екендігін ашық білдірген. «Ақ жол» газеті осы пікір талас барысында әдебиеттің таптық өлшемін жоққа шығарған Сұлтанбекті қолдаған осы сияқты бірнеше мақала жариялады.

      С.Қожановтың әдебиет жайлы жазған мақалаларынан оның қазақ әдебиетін таптық тұрғыдан пролетарлық, байшылдық бағыттағы деп, бөле-жара қарауға мүлдем қарсы болғандығы көрінеді. Сондықтан да ол Қазақстандағы пролетарлық әдебиеттің көшбасшылары саналған С.Сейфуллин мен С.Мұқановпен аралары принципті түрде күрделі болған. Әдебиет, саясат мәселелеріне келгенде, екі жақ принцип ұстап, ымыраға келмей айтысып өткен. 

    Бұл пікірімізді жуырда табылған С.Қожановтың мына бір мақаласы да дәлелдей түскендей. 1929 жылы «За партию» журналында жарық көрген «Жылтырағанның барлығы алтын емес» деген мақаласында С.Мұқановтың өлеңмен жазылған «Сұлушаш» романын қатал сынға алыпты. Мақаланың авторы алдымен, шығарманың оқиға желісімен, кейіпкерлерімен таныстыра келіп, романда әлеуметтік мәселелер дұрыс көтерілмеген деп табады. Орыс жазушысы И.С.Тургеновтің «өмірдің мәні әйелге деген махаббат деп түсінген азамат емес, еркек қана, керек десеңіз адам да емес, хайуан» дегенін алға тарта отырып, Сәбиттің бүкіл романында бір ғана Алтайдың Сұлушашқа деген ғашықтығын тап күресінің жоғары формасы түрінде суреттелуін сынға алады. Сұлтанбектің романды сынауы төмендегідей бағыттарда өрбіген: 

«В свете такой оценки роман С.Муканова надо отнести к разряду идеологически вредных произведений. ...это извращение понятия о классах и классовой борьбе обязывает судить строже. Круглое невежество автора и скудость его творческой фантазии не могут быть возмещены не к месту пришитными заплатами из текста азбуки политграмоты.

С.Муканов написал вне времени и пространства, вне конкретных возможностей, вне реальной жизни романтическую дребедень в стиле фантастических сказок, сохранив и даже увеличив характерные для этих сказок суеверность сюжетов, оценку женщины, как низшего существа для забавы мужчины-героя, и скабрезность стиля до нецензурности и т.д. Налицо – полный животный подход к женщине; по роману – в красоте и любви вся человеческая функция женщины.

...А мы считаем его не только на пролетарским, но и неприличным произведением. После такой оценки, конечно, бесцельно для нас распространяться о художественном оформлении романа и о художественных приемах автора его.

По форме «Сулу-Шаш» – нечто среднее между романтическими произведениями казакского националистического писателя Магжана и скабрезно-фантастическими восточными сказками.

Язык поэмы достаточно красочный. Художественные приемы автора обычные, как и других современных казакских поэтов, но с претензией на нововведения, обычные для т.Сейфуллина, учеником которого считается т. С.Муканов. И по форме роман «Сулу-Шаш» имеет весьма посредственную художественность.

Подводя итоги, мы вынуждены признать, что автор не оправдал надежд читателей. Со своей задачей автор не справился. Роман «Сулу-Шаш» ни в какой мере не есть пролетарское произведение.

У нас нет основания не верит автору, что он задумал и хотел сделать крупный вклад в пролетарскую художественную литературу. Но, как видно, это ему не удалось. Вместо ожидаемого положительного результата, получился отрицательный, с полным извращением пролетарской идеологии и пролетарской морали. Роман «Сулу-Шаш», без сомнения, будет вписан, как отрицательный капитал, в писательский баланс т. С.Муканова» (Замандас. «За партию». 1929, № 1-2).

 Бұл жерде Сұлтанбектің «Сұлушаш» романын сол кездегі көркем шығармаға қойылатын таптық өлшем тұрғысынан келіп, тізені батырыңқырап жібергені де, артықтау кеткен тұстары да байқалады. Бүгінгі күн оқырманын ойландырарлық, пікір таластырарлық мәселелері де баршылық. 

           С.Қожановтың осы кездердегі саяси-мәдени қызметін С. Мұқанов төмендегіше бағалапты: «Менің Сұлтанбек Қожанов туралы бұған дейін білетіндерім: 1.Совет өкіметіне қарсы өлең-жыр жазудан танбай келе жатқан алашордашыл ақын Мағжан Жұмабаевтың Қазақстанда бастыра алмаған өлең-поэмаларын 1923 жылы Ташкент қаласында бастырды да өзі кіріспе сөз жазып, Мағжанды аспаңға шығара мақтады; 2. «Алаш» лидері Ахмет Байтұрсыновтың 1923 жылдың күзінде Орынборда құлаған 50 жылдық юбилейін Ташкентте өткізіп, Түркістан республикасының басқарушысы газеті «Ақ жолда» Байтұрсыновты мақтаған мақалалар бастырды, портретін жариялады; 3.Түркістан республикасын Қожанов басқарған кезде (1923-1925 жылдар) Алашорда партиясының лидерлері: Халел Досмұхамедов, Хайретдин Болғанбаев, Мырзағали Есполов, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар Ташкент қаласынан пана тапты да, ондағы «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» және «Сана» журналдарында ұлтшылдық бағытта, кейде совет өкіметіне ашық қарсы шыққан бағытта жазған шығармаларын жариялап тұрды. Сондай Қожанов енді Қазақстанды басқаратын болса, нені оңдырмақ» (С. Мұқанов. Таңдамалы шығармалар. Он бірінші том. Алматы, 1977, 124-125 беттер). 

      С.Қожановтың саяси қарсыластарының бірі болған С.Мұқановтың бұл жазбаларынан автор сол кездің көзқарасымен Сұлтанбекті қаралап отырғанымен де бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, шындықтың шырайы ашыла түседі. Бұл жерде халықшыл, ұлтшыл азаматтың осы бағытта атқарған қызметі саяси оппонентінің сөзі арқылы біршама ажарымен көрінген.

      Сөйтіп, С. Қожанұлы жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдеби өмірінің қақ ортасында жүріп, оның өзекті мәселелері хақындағы батыл да өміршең ойларын ұдайы ортаға салып отырды. Сұлтанбектің өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы аласапыран кездерде Абайды, онымен бірге қазақ әдебиетінің бүкіл өткенін жоққа шығарушыларға, әдебиеттегі әсіре тапшылдыққа, «пролеткультшілдікке» қарсы шығуы, Мағжан қудалауға түскен кезде оның ұлылығын жұрттан бұрын танып, кітабын бастырып, ақындық қуатын аса жоғары бағалауы қазақ әдебиетінің, мәдениетінің тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.  

      Жан-жақты дарын иесі Сұлтанбек мемлекеттік, қоғамдық жұмыстардан қолы қалт еткен сәттерде көңіл күйін өлең қылып ақ қағазға түсіріп отырған.

             «Мен-дағы өлең айтсам ұнамай ма?

               Ақын да жоқтан бар ғып құрамай ма?

               Өлең ғып, ұйқастырып тізіп қойсам, 

               Бір надан білгішссініп сынамай ма?»... 

(С. Қожанұлы. Шығармалары. Алматы, 2009, 217-бет) деген сияқты жолдардан өлеңді оқырман үшін емес, өзімен-өзі қалып, ойға қалған, толғанған бір сәттерде өзі үшін жазғандығы көрінеді. Тақырыптық жағынан келгенде - әралуан: тіршілік-тұрмыста, қызмет бабында кездесіп, айтарлықтай әсер қалдырған түрлі түйткілді мәселелер жайлы кейбір ойларын ақ қағазға түсіріп отырған.

           «Көрерміз» деген өлеңінде ол:

  «Орыс тілі үлкендікке жеткізіп,

  Жұртты сатып, болыс болған өткізіп. 

   Орысқа құл, қойдай айдап қазақты, 

   Жетіскен ұлт намысын тепкізіп. 

           Бұл сұмдардың кім ұмытар қылғанын? 

           Сатты, жанышты, тепті, қылды сиғанын. 

           Бұл иттерде ұлт бар ма еді, тап бар ма ед? 

           Дін аударып, сатқаны аз ба иманын?» -

деп, билік үшін орыс отаршылдарына ар-иманын, дінін, тіпті ұлтын, халқын сатуға дейін барып жүргендігін аяусыз сынаған.  

                        «Қу заман, ит тіршілік қорладың ғой, 

                         Көрсем де қанша икемдеп, болмадың ғой.

                         Жете алмай, дегенімнің жалғызына, 

                         Талап көп, талайсыз боп, сорладым ғой.

                         Кері кетіп, алға қарай бассам аяқ,

                         Барады қылған ісім бір оңбай-ақ. 

                         Адал ой, ақ көңілмен тырыссам да,

                         Еңбек еш, көңілім жүр тына алмай-ақ»

(сонда, 210-бет) деген өлең жолдарынан өмірі «тар заманда» өткен, қиын-қыстау жылдарда отаршылдардың қысымына шыдас бере жүріп, халқына адал қызмет еткен ардагер азаматтың асыл тұлғасы көрініс бергендей болады. 

      Сұлтанбектің кей өлеңдерінің шығыстық үлгідегі дидактикалық сыпаты басым:

                    «Өлшенбей салмақ, білінбес, 

                      Сыналмай адам ашылмас. 

                      Түсуге сынға мүдірмес, 

                      Ер қайда сырын жасырмас». 

                                   «Жұртқа сенген тарықпас, 

                                     Кісіге сенген молықпас.

                                   «Жеген ауыз жесін» деп, 

                                     Тышқанды қасап сойсын деп, 

                                     Құрғақ ақыл соқтырар». 

      «Қашқан жауға - қатын ер, 

        Талапкер көп олжаға.

       Зорға қосшы табылад, 

       Жолдас қайда сорлыға» (сонда)-

деген сияқты шумақтардың өмірлік философиясы терең. 

       Өмірдің әр түрлі сәттеріндегі көңіл күйлерінен, ойларынан туындаған «Қайтейін», «Кім жауапты?», «Ойлап көрші», «Бұл кім?», «Нені айтайын?», «Жас қосын», «Көрерміз», «Тілегіміз», «Шынға ұсаған пікірлер», «Тілмаштарға бір сын», т. б. өлеңдері түрлі басылым беттерінде жарық көрген. 

      Сұлтанбек бірсыпыра орыс ақындарынан еркін аудармалар жасаған. Мысалы, Демьян Бедныйдың «Емен мен сыналар», «Жауап» секілді мысалдарын тәржімәлап, «Ақ жол» газетінің беттерінде жариялаған. 

     «Сонымен бірге ерекше назар аударатын құбылыс - Сұлтанбектің ақын ретінде жазған өлеңдерінің дені ел қамы, көпшілік жайы болып келіп, махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына мүлдем бармауы. ...өлеңді кәсіп етпей, тек қана елдіктің жайын ойлап, жұртқа қамқоршы болып, тілекші көңілдің жай-күйі тебіренткенде ғана қолына қалам алған тәрізді... Сондықтан ол кісіден қалған аз-кем мұралардан сыршылдық сезімді немесе көркемдік қуатты емес, керісінше қайраткерлік қуатты аңғаруға болады. Кикілжіңі көп күресті күндерде жаны жабырқап, көңілі қалғанда ғана қалам қуатының құдіретіне жүгінгендей» (Н.Нұрпейісов. Әдебиет және сын мәселелері. Шымкент, 2009, 123, 125 беттер). 

               С.Қожанов жауапты лауазымдық қызметтер атқара жүріп, негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми, әдеби, сыншылық, көсемсөзшілік шығармашылық жұмыстармен тығыз ұштастырып отырды. Ғалым Амантай Шәріп Сұлтанбектің «Бірлік туы», «Ақ жол», «Еңбекшіл қазақ», «Тілші» газеттерінің, «Шолпан», «Қызыл Қазақстан», «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Сана» журналдарының беттерінде «Топақ», «Тарпаң», «Замандас» деген бүркеншік аттармен жариялаған 135 мақаласын, бірсыпыра өлеңдерін тауып, кітап қылып шығарды (Сұлтанбек Қожанов. Шығармалары. Құрастырып, кіріспесі мен соңғы сөзін жазған профессор А.Шәріп. Алматы, «Арыс», 2009, 352 бет). 

      С.Қожановтың көсемсөзі қоғамдық, экономикалық, мәдени өмірдің барлық саласын қамтыған тақырыбының ауқымдылығымен, өмір ұсынып отырған аса зәру мәселелерді батыл көтере алуымен, тілінің өткірлігімен, нақтылылығымен, фактілерінің молдығымен, қысқа-нұсқалығымен ерекшеленеді. Жанрлық жағынан келгенде, қысқа хабарлардан бастап, проблемалық мақалаға шейігі газет жанрларының барлығында дерлік қалам тербеген. Мақалаларын оқып отырғанда, ой өрісінің кеңдігі, жан-жақты білімдарлығы, ойын ұтымды жеткізе алатын шеберлігі өзіне тартып отырады. 

         Қазақстан жаңадан мемлекет болып, ел қатарлы өмір сүре бастаған кездерде отаршылдықтың салдарынан бұрындары қолға алынбай келген қыруар жұмыстарды басынан бастауына тура келді. Сондай жұмыстардың бірі ұлттық оқу-ағарту саласы болатын. Қазақ халқының жұрт қатарлы ел болып, қатарынан қалмай, өзгеге құл болмай өмір сүруін қамтамасыз ететін саналы жастарды дайындау күн тәртібіне өткір қойылды. Міне, осы бір ұлттық ауқымдағы аса маңызды іске қазақ оқығандары түгелдей дерлік ат салысып, өздері атқарып жүрген жұмыстарын тоқтата тұрып, мектеп оқулықтарын жазуға кірісті. 

       Ақын А. Байтұрсынов «Тіл құралын», «Әдебиеттанытқышты», ақын М.Жұмабаев «Педагогиканы», жазушы Ж.Аймауытов «Психологияны», ақын С.Сейфуллин «Қазақ әдебиетін», жазушы М.Әуезов «Әдебиет тарихын», теміржолшы М.Тынышбаев пен дәрігер С.Асфендияров «Қазақстан тарихын», т. б. жазуға мәжбүр болды. Міне осы кезде арифметика пәнінің қажеттілігін өтеу мақсатымен С.Қожанов орта мектепке арналған “Есептану құралы” (1924) атты оқулық жазды.  

      Көлемі 60 беттік оқу құралында ауылда өскен қазақ балаларына түсінікті тілмен қосу, алу, көбейту, бөлу амалдарынан бастап, бастапқы математикалық ережелер түсіндірілген. 

        1925 жылы Қазақстанның партия ұйымын басқаруға Ф.Голощекин келді. Сталиннің арнайы тапсырмасымен қазақ даласындағы революциялық өзгерістерді жылдамдатуға келген ол билік маңында жүрген халыққа жақындауларын қыспаққа ала бастады. «Азуы алты қарыс, өзінің айтқанынан басқаны жөн деп білмейтін бұл кісі ұлт кадрымен ә дегеннен-ақ тістесе кетті» (Ж. Әлмашұлы. Сұлтанбек Қожанұлы. Алматы, «Қазақстан», 1994, 64-бет). 

    Бұрынғы бірінші хатшы Нанейшвилимен біршама тіл табысып, жақсы жұмыс істеген С.Қожанов жаңа басшының мұндай өрескел бағытына ашық қарсы шықты. Екеуінің бірігіп жұмыс істеуі мүмкін болмаған соң, Сұлтанбектің бұл қызметтен кетуіне тура келді. Ф.Голощекин де С.Қожановтай аса ірі қайраткерден құтылудың жолы оны қызмет бабымен өсіріп жіберу екеніне көзі жетіп, оны Орта Азия мен Қазақстандағы аса ірі мемлекет, партия, қоғам қайраткері деген мінездемемен Орталық комитетке қызметке ұсынды. 

       С.Қожановты 1925 жылы қараша айында Мәскеуге шақырып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға жіберді. 1928 жылы Ташкентке, Орта Азия бюросына қызметке ауысты. Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, хатшысы болды. Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы Ғылым Академиясының (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды. 1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, оның алғашқы директоры, 1929 – 31 жылдары Орта Азия мақта комитетінің директоры болып, 1931 – 32 жылдары БК(б)П ОК аппаратында жауапты қызметтер атқарды.

       Өмірінің соңғы жылдарында Өзбекстанда түрлі лауазымдық қызметтер атқарған С.Қожановтың соңынан «қожановшылдық», «түрікшіл», «ұлтшыл», «жікшіл» деген сияқты айыптаулар бір сәтке де тоқтамады. Қазақстандық әсіре белсенділер, қызыл көз коммунистер алыстағы Ташкентте жүріп жатқан Сұлтанбекке тыныштық бермей, оның халық алдында «қожановшылдығы», «ұлтшылдығы» үшін кешірім сұрауын талап етті 

      Өзінің бүкіл саналы ғұмырын туған халқының ұлттық өрлеу жолына арнаған С.Қожанов өзінің бұл бағыттағы көзқарастарын мейлінше айқын тұжырымдап, қарсылармен ашық күресіп, идеяларын жүзеге асыруға бар мүмкіндігін салды. Бірақ Кремльдің империялық саясаты есіл ердің азатшыл армандарының алдына тосқауыл қоя білді. Оны туған елі Қазақстанға жіберуден сескеніп, оның іскерлік қабілетін Өзбекстанның халық шаруашылығын дамытуға пайдаланғанды жөн көрді. Оның үстіне Кремльге бір табан жақындау Қазақстанның билігі де С.Қожановты жолатпаудың шараларын қарастырып бақты. 

        С.Қожанов 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте қамауға алынып, халық жауы ретінде әскери трибуналдың шешімімен 1938 жылы ақпанның 10-ы күні Мәскеуде Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұловтармен бірге атылды. Сүйегі Мәскеу түбіндегі бұрынғы НКВД-ның резиденциясы орналасқан Коммунарка елді мекенінде жатқандығы кейін анықталды. 

     Сөйтіп, қазақтың көгілдір көгінде Шолпан жұлдыздай жарқырап жанып келе жатқан Сұлтанбектей арыстың саналы ғұмыры кемеліне келген шағында отаршылдардың қолынан 44 жасында қыршынынан қиылды. Қаратаудың теріскейіндегі Ақсүмбеден ұшып шыққан ақсұңқар Түркістанда түлеп, Қазақстанда қанаты қатайып, елі үшін биіктерге самғап, осы жолда жат жұртта мерт болды. 

      Қалай десек те, Сұлтанбектей біртуар, үлгі тұтар ұлдары болғанының өзі қазақ үшін - бақыт. Өйткені, өзім деген адамға адал, қасына қатал, барлық уақытта да адамгершіліктің асыл қасиеттерін, әділдікті ту етіп, жақсыларды маңына жинаған ерекше харизмалық қасиетке ие сайыпқыран Сұлтанбек Қожановтың жарық жұлдыздай жарқылдап өткен өнегелі өмірі, халқына еткен адал еңбегі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі, ал артына қалдырған асыл мұрасы елін елдікке бастайтын рухани бағдар болып қала бермек. 

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры,

 филология ғылымдарының докторы