Мықты мұра - жас жігермен жалғасса...
2013 ж. 21 мамыр
1395
0
Бүгінгі күндері біз білім мен білікті бойға жиған ХХІ ғасырдың бақытты ұрпағымыз. Тәуелсіздіктің толық құндылығымен өмір сүріп отырған буынымыз. Кешегінің тұяқ серпіген, тамырымен құлатса да, қасқайып діңгегін сақтаған, ұрпағым үшін деп ары мен намысын бәрінен биік қойған Алаш арыстарының аңсаған арманына қол жеткізген жалынды жастармыз.
«Ақ жол» партиясының Алаштың анық ізбасары екендігін - Алаш арыстарын ардақтаған ауқымды шараларды еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіп келе жатқандығынан-ақ айқын аңғаруға болады.
Осындай игі шараның бірі болып табылатын Алашқа арналған конференцияның мақсаты - шараға қатысушылардың бір-бірімен тәжірибе алмасуы ғана емес, осы бағыттағы тағылымы мол дүниелерді жас-ұрпақтың санасына сіңіру болып табылады. Сондықтан ғылыми-практикалық жиналыста бас қосқан қауымның жетпіс-сексен пайызы жастардан құралды. Бүгінгідей ақпараттық заманда көп әрекеттердің нәтижесіздігі орын алған. Қаншама конференциялар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер жүруде. Оның дені әкімшілік жолмен ұйымдастырылып, жай есептің қорытындысы сипаттағы науқанға айналғанына етіміз де үйренді. Ары кетсе, 1000 тиражбен кітаптар шығарылады, брошюралар жинақталады. Бірақ олардың ұрпаққа берер еш пайдасы жоқ. Сонда, осының бәрі кім үшін, не үшін жарық көріп жатыр деген заңды сауал туады? Егер жас буын оқымаса, оған деген ынта-жігерімен бұқаралық қолдауға ие болмаса, Алаштың аманатын кім алып жүреді?
Бірде, Алаш тақырыбында өткен жиналыста баяндамашылар құнды дүниелерді тілге тиек етті. Алайда, олардың сөздері тыңдаусыз қалды. Сонда жастар саналы түрде тек қажетті ақпаратты қабылдауды жөн көруде. Меніңше, біз өмірдің жаңа талаптарымен санасуымыз керек. Егер кірер есікті алдымыздан жапса, терезеден, терезеден болмаса, ұялы телефоннан я ғаламтор желісінен кіруіміз керек болар?!
Соңғы жылдары күрт дамып келе жатқан технологияның ізімен ақпараттық күресте ең тиімдісіне көшуіміз қажет. Бұлар - сайттар, әлеуметтік желілер, м-агент, смс-ақпараттар, интеллектуалдық орталарды жасақтайтын клубтар, форумдық жобалар. Осы бағытта Алаш тақырыбында жастардың арасында көпір орнатылуы қажет.
Қажетті өмірлік ақпараттарды тарату, Алаш қайраткерлерінің бастамаларынан, жүріп-өткен жолдарынан, ғылыми жетістіктерінен, ақыл-ойларынан, түрлі оқиғаларымен таныстырып отыру жолға қойылса нұр үстіне нұр болар еді. Әлиханның өсиеті, Ахметтің білімі, Міржақыптың арманы, Мағжанның сенімі бүгінгі күнде өзектілігін жоғалтқан емес. Бір ғана Ә.Бөкейхановтың жас Мұхтар Әуезовке берген тілек батасы келешек ұлт жаршысы Абайдың, одан қазақ халқының бүкіл болмысын сомдамап па еді?!
Әлиханға іні, Мағжанға аға дегенмен, сол жағалауда жүріп, қол ұшын созып, ірі мемлекет қайраткері болған жүрегі Алаш деп соққан Нәзір Төреқұловтың, «Ислам мен коммунизмнің бір ғана өлшемі бар, бұл имандылық, имандылық һәм имандылық» деп, елдің тек саяси сауатсыздығы, біліми надандығымен қоса, жаңа биліктің имансыздығы ертеңгі күнде халықтың рухани дағдарысына, қанды қырғынына алып келетіндігіне қам жегендігі есімізде. Соңғы тұжырымдардың тарихи шындыққа айналғанына өткен ғасыр куә болды.
Азаматтық қоғамның табалдырығынан аттап басқан еліміздің әлеуеті жас болған соң, жаңа дүниелерді қолдануымен жылдам. Алдыңғы сапта әрине жастарымыз жүреді. Олардың Алаш тақырыбына қызығушылықтарын ояту терең әлеуметтік, педагогикалық зерттеулердің еншісінде.
Осы ретте, батыл азаматтық-ағартушылық жобаларды шығару, оларды қолдау арамыздағы атқамінер серкелердің бастамаларында жатыр. Естеріңізде болса, сол Алаш қайраткерлерінің өздері бар мал-мүлкін, жиған-тергенін, дәулетін ортақ іске, ұлттық саясатқа, баспаға, ағартушылыққа салған. Олардың араларында сол заманның байлары, кәсіп иелері, ел билеген азаматтары, молда-ишандары, шетел асып оқыған ең озық білім иелері болған.
Сондықтан, «Ақ жол» партиясы өзін Алаштықтардың ақ жолын қуған ізбасары ретінде, саяси-қоғамдық бастамада бабалар ізін қуып, жоғын жоқтап, жасын тәрбиелеп, әлсізге демеу, әділетсіздікке қас, әділеттілік пен заңдылықтың, жариялық пен жасампаздықтың жаршысы болуға талпынып келеді.
«Мал - бір жұттық, игі іс - мың құттық» деген аталы сөзбен алашшылдықпен жас ұрпақ сабақтастығын орнатудағы ауыр аманатын бүгінде «Ақ жол» партиясы арқалап келеді. Партияның жариялаған «XXI-ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауы Алаш зиялыларының абыройын асқақтатар ауқымды шара болмақ.
Бұл байқауға 3 000 000 теңге сыйлық қорын тігіп, «Алаш» қозғалысының шығармашылық мұрасын және принциптік көзқарастарын зерделеуге, ұлты мен саяси партияға мүшелігіне қарамастан студенттерді, жас ғалымдарды, қаламгерлерді тарта отырып аудиториясы кеңінен қамтылған игі шараны өткізу - Алаш ардақтыларына көрсетілген тағзым болса керек-ті. Осы бір аламан бәйгеге Алматы қаласындағы 47 ЖОО-ның тең жартысының қатысуға ниет білдіргендігі - игі істің өміршеңдігі мен бек қажеттілігін көрсетіп отырғандай.
Басты міндет - алашшылдықпен өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық мінезге баулу, кәсіп пен дәстүрді құндылыққа айналдыру.
Мақсат ЖАҚАУ
«Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық
филиалы төрағасының орынбасары