СҮТКЕНТ СЫРЫ

СҮТКЕНТ СЫРЫ

Сүткент атауы біздің дәуірімізге дейінгі IV-V ғасырларға тән тарихи нысан. Ұлы Жібек жолының бойындағы алтын әріппен жазылған жеті кенттің бірі. Әрбір жотасы, суы, тасы, құмы сарғайған тарих. Сырдария бойында орналасқан бұл мекенді кие мен қасиет жайлаған. Атауының өзінен молшылықтың ұлы белгісі екенін ұғынуға болады.

Әлімсақтан ғұндар мекеніне айналған тарихи кенттердің төрт қақпалы ордасының бірі. Бүгінде ел арасында «Шыңғысхан төбе» аталып кеткен үлкен қалашықтың орны жатыр. Мұндай атау біздің өлкеде Кербұлақ ауданында «Шыңғысхан сай» деген жерлер бар. Бұлай аталуының себебі де жоқ емес. Атадан балаға мұра болып атауын өзгертпеулерінің үлкен ашылмаған сыры бар екені шындық. Әркім әрқилы болжам айтады.


Бір кезеңде Шыңғысхан ордасы болған екен деген сияқты. Бірақ бұл мекенде Ақсақ Темірдің Ұлы тау жорығында әскерлері аялдағаны тарихтан белгілі. Сол жорық Қожа Ахмет Иассауидің (Түркістан), Арыстан баб (Отырар) кесенелердің құрылысының басталуына себеп болған. Бұл – ақиқат.

Тарих беттерінде бұл ұлы мекен үш құлап,үш рет бой түзегені белгілі. Оның күйреп, қайта бой түзеуіне сол кезеңнің, сол елді мекендеген халықтың ынтымақтастығының, ауыз бірлігінің мықтылығының, еңбекқорлығының арқасы екенін тарих сахнасы айқын көрсетіп тұр.

 Ал 1944 жылы Кеңестік Министрлер кеңесінің қаулысына сәйкес Арыс ауданының құрамына «Көксу» қой шаруашылығынан бір ферма, Байырқұм қой шаруашылығынан бір ферма, Көксарай, «Обсевод» кеңшарларынан отарлар бөлініп, бір кеңшар қаракөл қой зауыты болып құрылған. Алғаш директоры болып Ф.А.Кузнецов, бас зоотехнигі болып А.Қаймаханов бекітіліп, кеңшар тарихи нысан Сүткент қалашығы жанынан осы атаумен Сырдария бойында қазығы қағылған.

 КСРО да алтын сұр елтірісін өндіру жолында кеңшар құрылғалы алты бірдей еңбек ері, қаншама «Ленин»,«Қызыл ту» орденінің иегерлері шықты. Оларды мақтанышпен атауға болады. Мысалы алты Соцалистік Еңбек Ері Қаныбек Жанболатов, Түймебай Өстеміров, Шерімбек Жұмабеков, Ахмет Бисембаев, Құдайберген Күнтаев, Сәмет Көшеков және «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегерлері Амалбеков Шора, Ағыбаев Асан, Сүлейменов Жұман, Байқошқаров Шәмші, Исмайлов Смадияр, Батырбеков Пернебек, Тұйықбеков Ноғайбек, Тұрғынбаева Шарип, Тұрғынбаева Шарипа, Сейтжанов Садырбай т.б. қалай марқайсаң да, мақтануға лайық азаматтар. 


Кеңшар тарқағанша он бір директор қызмет атқарды. Әрқайсысының еңбектерінің салған сара ізі бар. 

Мәселен 1944 жылдан 1954 жылға дейін Александр Федорович Кузнецов басқарса, 1954-1956 жылдар аралығында Камал Шарафудинов, 1956-1962 жылдары Әбдеш Тоқсанбаев, 1962-1972 жылдары Саттар Тұрлыбеков, 1972-1975 жылдары Сейіл Романов, 1972-1981 жылдары Әбдіжаппар Оңалбаев, 1981-1987 жылдар Рахымжан Кенбаев, 1987-1991 жылдары Жаппар Каримов, 1991-1992 жылдары Өсербай Әлімбеков, 1991-1995 жылдары Сапарқұл Алтынбеков, 1995-1997 жылдары Асқарбек Таженовтер кеңшарды басқарды. 

1997 жылдан бастап Сүткент асылтұқымды кеңшары, ауылдық округке айналып, ауылдың алғашқы әкімі болып Әлімқұл Жұмабеков тағайындалды.

1998 жылдан бастап Лесбек Жаңбыров, Опазбек Оспанов, Жаңабай Жаңбыров, Бауыржан Смадияров, Олжас Айдосовтар әкімдік қызмет атқарды. 

Бүгінгі таңда Қайрат Кенбай басшылық жасауда. 

Осындай ескінің сарқытындай болған киелі өлке қазіргі таңда көп ұлтты ауыл. Барлық ұлт өкілдері бір үйдің балаларындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. 

Осындай ұйымшылдығының арқасында 2015 жылы Сүткенттің 70 жылдық мерейтойын кең көлемде дүркіретіп атап өтті. Оған ел куә... 

Ал, сүткенттіктердің ұйымшылдығы сонау тарих бетінде сайрап жатқан «Ғұн» дәуірінен келе жатқан жермен келген қасиет сияқты көрінді маған. 

Өйткені үш күйреген қалашықты қайта қалпына келтірген ғұндардың ұйымшылдығы мен ауызбіршілігі осы жерде дүниеге келген әрбір азаматтың бойында бар екені белгілі.

Өйткені осыдан 10 жыл бұрын 70 жылдығын тойлаған ел, бүгінгі таңда 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. 

Осындай ынтымағы жарасқан ұлы халықпен тығыз қарым-қатынаста қоян-қолтық араласып, басшылық жасағаныма мен де марқайып мақтанамын. 

Рахымжан КЕНБАЕВ

Еңбек ардагері, 1981-1987 жылдардағы

 Сүткент кеңшары директоры

КӨЗІ ДЕП КӨНЕ ЗАМАН ЖЫР АРНАДЫМ

(Сүткент ауылының 80 жылдық мерейтойына)

Алмады жанар шырым, сана тыным,

Білгенде осы тойдың болатынын. 

Өзегі өмірімнің – өлең-жырым,

Тәңірден сый-сыбаға алатыным. 

Көзі деп көне заман жыр арнадым, 

Сүткентім, сүт мекенім – қалашығым. 

Куәсі сан тарихтың сайын далам, 

Сөзіме мән береді пайымды адам.

Сүткенттей сылқым сұлу қала барын,

Түркің де, арабың да мойындаған. 

Бойымен Жібек жолы кіре тартқан, 

Баршынкент, Жанкент пен Сығанақтан,

Жарықтық Ойсылқара тізбектеліп, 

Жәннатқа Сүткенттей келе жатқан. 

Шыңынан қарт Қаратау бастау алып,

Дерсің-ау, бейне шіркін, бұлақ аққан. 

Келгенде хан Шаншардан пәрмен,жарлық,

Анасын сәбилерге қойған зар қып,

Бір түнеп кетті ме екен Сүткентке, 

Аңсаған аналарын Мұңлық-Зарлық?

Мейлі, жұрт имам,молда десе десін,

Қысымның бастан кешіп нешемесін,

Қартымыз қазыналы Асылхандай, 

Көтерді Мұңлық-Зарлық кесенесін. 

Шаттыққа бөленуде көгім бүгін, 

Ән ойнап, нөсер болып төгіл, жырым. 

Бұл тойға қарап жатыр ырзалықпен,

Тауы да еміреніп Шөгірлінің.

Сүйенсем тылсым-дүние бір күшке мен,

Сан алуан сырларыңа ілгіштенем. 

Жатсың ба құпияңды ішке бүгіп,

Ағыңнан атқарылшы, Шыңғыс төбем!

Әуелден Алаш атты ұранымыз, 

Халықпыз мекендеген Тұранды біз.

Тағдырлас Сүткент пен көркем Көксу,

Белгілі шежіреден сыралғымыз.

Өлеңім өрісімді құрғатпаған,

Жырыма туған жерді құндақтағам, 

Сүткентім, мен білетін жайың осы,

Білмеймін, арғы өмірің жұмбақ маған.

Той жасап ауыл жатыр әбігер боп,

Ақындар ақтарып сыр әріден көп.

Сүттей ақ пейіліңмен, Сүткентім,

Жасай бер, жауһарым боп, жәдігер боп!

Әбдіғаппар АЙДАР,

Қазақ үні