ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ
2024 ж. 30 мамыр
8119
0
31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
Алаш қозғалысы Отан тарихының қомақты бөлігін құрайды. Тәуелсіз тарихи сана қалыптастыру міндеттері Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлерінің тарихына деген үлкен сұраныс туғызып отыр. Өйткені, алаштық идея бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасын қалады.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес ХХ ғасырдың басында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, соның құрбаны болған халықты ел алдында, ар алдында тарихи тұрғыда ақтау мақсатында құрылған Түркістан облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия бүгінгі таңда атқарған жұмыстарының оң нәтижесін көрсетіп отыр.
Түркістан облысы жұмысшы тобының екі жылға созылған архивтік эвристика мен ғылыми сараптау, талдау жұмыстарының нәтижесінде бірнеше құжаттар жинағы дайындалды. Сол сериялық құжаттар жинағының арасында «Түркістандағы Алаш қозғалысы» атты құжаттар мен мақалалар жинағын баспаға ұсындық. Бұл жинақта Қазақстан Республикасы Президент архивінің (ҚРПА), Түркістан облысының мемлекеттік архивінің (ТОМА), Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің (ТОҚСТМА), Түркістан облысы полиция департаменті архивінің (ТОПДА) қорларындағы құжаттар алғаш рет жүйеленіп, ғылыми негізде айналымға ұсынылды.
Біз ұсынған архивтік құжаттардың арасында Алаш тарихын зерттеуде тарихшылардың назарынан тыс қалған Түркістан өңіріндегі Алаш қозғалысының орын алуына тікелей қатысы бар тұлғалардың бірегей құжаттары енгізілді. Ол құжаттардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келіп, Шымкент зауыттарында жұмыс жасаған оңтүстіктегі Алаш қозғалысының белсенді мүшелері болған азаматтар бар.
Атап айтсақ,
Алдабергенов Серқұл 1933 ж. таратылған контрреволюциялық ұйымның басшыларының бірі болған. Ол белсенді түрде контрреволюциялық жұмыс жүргізіп, Ауғанстанға халықтың жаппай ауа көшуін ұйымдастырған және оның түпкі мақсаты интервенциялық топтардың көмегімен Кеңес үкіметінің Түркістанда орнауын алшақтатып, мұсылман мемлекетін құруды көздеген деп РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58, 128,158-баптары негізінде айыпталып, 1935 ж. 25 наурызда Шымкент қаласында НКВД Айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Оның кейінгі тағдыры архив құжаттарында кездеспейді және одан кейінгі тағдыры белгісіз [1].
Түркістандық Алаш қозғалысының келесі белсенді мүшесі Бабаев Уаш, болған. Ол 1909 ж. туған, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жаңақорған ауданы, № 6 ауылында дүниеге келген. Орта білімді, қамауға алған сәтінде Шымкент қорғасын зауыты жанындағы Аудандық кеңес төрағасы болып жұмыс жасаған.
1937 ж. 5-қараша күні 4-бөлімнің лейтенанты Омарбековтың жауап алу сәтінде Бабаев Уаш өте көп ақпараттар берген. Атап айтқанда 1936 жылдан бастап Кеңес өкіметін құлатуға бағытталған іс-әрекеттері мен Қазақстанда капитализмді қалпына келтіруге тырысқан контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның белсенді мүшесі болғандығы айтылады [2].
Осылайша 1938 ж. 19 ақпанда КСРО Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясының үкімімен Бабаев Уаш РСФСР-дың Қылмыстық Кодексінің 58-2, 58-8, 58-11 баптары бойынша айыпталып, жеке мүліктері кәмпескеленіп, ату жазасына кесіледі.
Алайда арада 20 жыл өткен соң, 1957-58 жж. Хрущевтің жылымық кезеңінде алғашқылардың бірі болып Бабаев Уаш КСРО Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясының1957 жылғы 21 желтоқсандағы ұйғарымымен бұл үкім жойылып, Бабаевқа қатысты істе оның іс-әрекеттерінде ешқандай қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылып, Бабаев Уаш қайтыс болғаннан кейін ақталдады [3].
Түркістан облысы Полиция департаменті архивіндегі құжаттарында 1937 жылдың қараша айында тұтқынға алынған Бабаевтың сол кездегі мекен жайында тұратын оның туыстарына оның ақталғандығы жөнінде ақпарат жіберген. Алайда Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында мекенжай бюросының деректері бойынша Бабаев Уаштың туыстары мен жақындары жоқ екенін хабарлама келеді.
Бабаев Уашқа қатысты архивтік эвристика жүргізгенімізде ол кісінің құжаттары), Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінде және Түркістан облысы полиция департаменті архивінің құпия қорларында кездеседі.
Біз жинаққа енгізген келесі Алаштық тұлға ол - Әзімхан Ахметұлы Кенесарин (1878, Шымкент қаласы – 29.10. 1937) – Алаш қозғалысының қайраткері, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының немересі. Әкесі Ахмет Кенесарының бәйбішесі Күнімжаннан туған кіші ұл.
Әзімхан Кенесариннің жеке құжаттары Түркістан облысы полиция департаменті архивінің құпия қорларында сақталған. Сол жердегі деректер бойынша ол 1877 ж. туған, тұтқынға дейін Шымкент, Бекет батыр көшесі № 8 үйде тұрған. Ұлты қазақ, КСРО азаматы, Үйленген-әйелі, төрт баласы және төрт қызы бар. Революцияға дейін Округтегі полиция бастығының аудармашысы болған, ал революцияданк кейін қарапайым су қызметкері болып жұмыс істеген [4].
Біз зерттеген құжаттардың ішінде Ә. Кенесариннен алынған сұрақ-жауапта ол М. Тынышпаев, М. Шоқай, С. Қожановтардың қызметі туралы айтады. Сонымен қатар, Шымкенттегі су шаруашылығында Алаш қозғалысына тікелей қатысы бар біршама азаматтардың есімі де аталады.
Жинаққа Шымкент қалалық кеңесінің төрағасы Кенбаев Сейтбек, ОҚО бойынша Шикізат Кооперативінің төрағасы Құлтасов Фазылбек, Келес аудандық комитетінің бірінші хатшысы Османов Садуақас, ОҚО басшылық орындарда қызмет атқарған, ОҚО Талас ауданының хатшысы болған тұтқындау сәтінде Үшқатын МТС-нің директоры болған Палманов Икрам және Шымкент шаруашылық техникумының оқу ісі жөніндегі орынбасары болған Таймурзаев Махамбет туралы архивтік деректер енгізілді.
Мұстафа Шоқайдың туған інісі Мұртаза Шоқайдың жеке құжаттарымен танысу біз үшін ерекше болды. Себебі, М. Шоқайға С. Қожанов сынды қазақ арыстары туралы тың деректер осы құпия қорларда жатқан Мұртаза Шоқайдың жеке ісінен табылды [4].
1890 ж. Қызылорда облысы, 14 ауылында дүниеге келген Мұртаза Шоқайдың сұрақ-жауап алу хаттамаларында шетелде эммиграцияда жүрген М. Шоқаймен өзара байланыстары туралы, ол байланысты кімдер арқылы және қалай орнатқандығы жөнінде сұралады. НКВД Үштіктерінің шешімімен атылған Мұстафа Шоқайдың туған інісі Мұртаза Шоқай туралы бүгінгі таңда деректер өте аз. Соған қарамастан, Алаш қозғалысының таныс та бейтаныс тұлғаларының қатарында есімі аталып жүрген Түркістандық Алаш қозғалысының өкілі ретінде қарастырдық.
Есімдері аталып өткен Түркістандық Алаш қозғалысының қайраткерлері бүгінгі таңда толығымен ақталған. Алайда олардың Алаштық күрес жолында жасаған қызметтері мен өмір жолдары тарихи тұрғыда өз бағасын алған жоқ. Сондықтан да екі жылдан бері жүргізіліп жатқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік іс-шара аясында Түркістандағы Алаш қозғалысына тарихи тұрғыда, ғылыми тұрғыда баға берілуі тиіс деп білеміз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
ТОПДА. 703 іс, 2-3 п.
ТОПДА. 703 іс, 10-32 п.
ТОҚСТМА Қ. 40, 70-тіз., 25 іс, 2 п.
АДПТО. 703 іс, 8-23 п.
АДПТО. 794 іс, 7 п.
Хазретәліқызы Райгүл
PhD, аға оқытушы,
Ахмет Ясауи университеті, Түркістан.