АРҚАДА ҚЫС ЖАЙЛЫ БОЛСА, АРҚАР АУЫП НЕСІ БАР
2024 ж. 19 мамыр
893
0
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» мемлекет басшысының Жарлығы бойынша құрылған Түркістан облысының жұмыс тобы ауа көшуішілердің тарихын індетіп архивтерде жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл турасындағы атқарылған жұмыстармен оқырман қауымды хабардар ету мақсатында А.Ясауи атындағы ХҚТУ Тарих кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсын Хазретәлінің мақаласын ұсынып отырмыз.
Өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ үшін қасіретке толы кезең еді. Кәмпескеде малынан, орташалар мен кулактарды тәркілеуде жақсы мен жайсаңынан, отырықшыландыру мен күштеп ұжымдастыруда дәстүрлі өмір салтынан айрылып асыранды балапандай үкіметтің қолына қарап қалған халықты ашаршылықтың алапаты күтіп тұрды. Осындай қиын да қысталаң сәтте қысым берген билеушіні тәрк етіп, төніп келген зұлматтан өзге аймаққа ауа көшіп кетіп құтылатын дәстүрлі қазақы психология өз дегенін істеді. Кәмпеске мен орташаларды тәркілеудің қарсаңынан бастап Сыр бойының тұрғындары ежелден қойы қоралас, ауылы аралас өзбек еліне көтеріле көше бастады. Жаңа қоғам орнатамын деп аласұрған большевиктік биліктің айдар таққан ауа көшуі осылай басталған еді.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» мемлекет басшысының Жарлығы бойынша құрылған Түркістан облысының жұмыс тобы ауа көшуішілердің тарихын індетіп архивтерде жұмыстар жүргізіп келеді. Әйтсе де, көп дерекетер өзге елдердің архивтерінде жатқаны белгілі еді. Ол деректер қолға түспей тұтастай өңірлердегі тұрғындардың қасіреті мен қайғысына айналған «ауакөшушілер» туралы толымды пікір, кесімді сөз айта алмасымыз да белгілі ғой. Ауакөшушілер жайында облыстық архивтердің қорларында деректер мүлдем аз кездеседі. Оның себебі, ауакөшушілердің іс-әрекеті ресми билік органдары тарапынан құжатталмағандығы. Арнайы архивтердегі құқық қорғау органдарының құпия хабарламаларының сараң деректері ауакөшушілердің болжамды санын, бағыттарын, көшбасшыларын анықтауға жеткіліксіз. Оның есесіне архивтік құжаттарда 1930-1934 жылдары Қарақалпақстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан қайта көшіп келгендер жөнінде деректер кездеседі. Оның өзі де толық емес.
Осы «архивтік үнсіздікті» жою мақсатында Өзбекстан архивтері қолжетімсіз болғандықтан жұмыс тобы Тәжікстан Республикасына қазан айының 6-16 аралығында арнайы іссапарда болған едік. Жұмыс тобының мүшелері ТОМА директоры А.Исатаева, архивтің жоғары санатты маманы Халима Хайрулқызы, докторант Алғабек Қабыл болып Тәжікстанның қазіргізаман тарихы архивы, Тәжікстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивы, Тәжікстан Республикасы Кинофотофоноқұжаттар архивтерінде іздестіру жұмыстарын жүргіздік.
Ондағы архивтерде де біздегідей жағдай. Архивтік іздестіру барысында ақтаңдақ тақырыпқа сәуле түсіретін архивтік құжаттардың толық сақталмағандығына көз жеткіздік. Елде өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында орын алған азамат соғысының зардабы архив ісінен де көрініс беріп отырды.
Тәжікстанға қоныстанған қазақтар бойынша деректер тым мардымсыз. Тәжікстанның шығыс аудандарының тұрғындары басмашылық қозғалысы кезінде Ауғанстан мен Иранға жаппай қоныс аударған екен. Тәжікстанның билігі осы босап қалған жерлерді ауылшаруашылығына қатысты игеру үшін көршілес Өзбекстаннан, Тәжікстанның таулы аудандарынан артық жұмыс күшін тартуды мемлекеттік саясатқа айналдырған. Осы саясатқа байланысты 1928 жылы құрылған республикалық Қоныстандыру комитеті жоспарлы түрде жаңа жерлерге көшуге үгіттеу (вербовка) жұмыстарын жүргізген, үкімет тарапынан осы жұмыстарға қомақты қаржы бөлінген.
Өзбекстанның Жызақ, Самарқанд, Бұхара жерлерінде өз малымен көшіп-қонып, кіресін тартып ауакөшіп жүрген қазақтар іздегенге сұраған дегендей еді. Қазақтардың Тәжікстанға барып қоныстануының бір себебі осы. Әйтсе де, архивтерде жаңа жерлерге көшіп барғандардың ұлты көрсетілмеген, оларды «Өзбекстаннан» деп жалпылай топтастырған. Тәжікстан жеріне қоныстанушылар құжатталғанымен ұлты туралы мәліметтің айтылмауы (бәлкім, ол да мемлекеттік саясат болар) олардың арасындағы ауа көшкен қазақтардың нақты санын анықтауға мүмкіндік бермейді.
Өз мал-мүлкімен Өзбекстан жеріне көшіп барған қазақтарды жаңа жерлерге көшіруді Тәжікстан үкіметі жоспарлы жүргізген. Мысалы, Наманган аудандық жер бөлімінің бастығы Дадабаевқа ТАКСР Халкомкеңесінің төрағасы Ходжибаевтың 8-наурыз 1931 жылы «Қазақтарды өз түйелерімен қоныстандыруға келісемін. Жолақысы қайтарымсыз біздің есебімізден, оның үстіне әр шаруашылыққа 50 рубльден кредит беріңіздер» деп жеделхат жолдаған екен. Осындай деректер ауакөшіп барғандардың малы мен жан саны туралы ілкімді хабар береді. Жергілікті билік жоғары органдарға жолдаған мәліметтерінде 807 адамнан құралған 178 қазақ отбасында 229 жылқы, 33 сиыр, 112 түйе, 191 есек болғандығы жөнінде дерек береді. Ол қазақтармен бірге көшіп барған 1215 адамдық 281 отбасын құраған ишан-қожаларды қазақтан бөлек тайпа етіп жазған. Өзбектер өз құрамындағы ишан қожаларды бөліп көрсетпейтіндігін ескерер болсақ, бұл аталғандарды да ауа көшкен қазақтар деп қабылдаймыз. Қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған, Қазалы аудандарынан көшкен қожа тайпасы өкілдерінің Тәжікстан, одан әрі Ауғанстанға өткендері көп болған. 1993-94 жж Иран, Түркиядан келген қандастардың арасында осы аталған қожалардың ұрпақтары аз емес. Олардың көпшілігі қазіргі кезде Түркістан қаласына шоғырланған.
Ауакөшушілердің болжамды санын анықтаудың бір мысалы ретінде мына дерекке назар аударайық: Сырдария округі Жаңақорған ауданы бойынша 1929-1931 жж. туған жерін тастап, жат жерге қоныс аударған мәжбүрлі босқындардың болжамды саны 20 мың (1933-1935 жж. Аупартком хатшысы Емберген Алтынбековтың ресми дерегі) шамасында екен. Олардың көш жолы Жызақ – Самарқанд – Қаршы – Қорғантөбе – Куляб - Ауғанстан болған. Осы санды жаппай ауа көшуге ұрынған аудандардың санына көбейтер болсақ, онда болжамды сан шығады. Осылайша әкімшілік тәртіппен сотталған және амалсыз босқындар санын болжамдауға ғана болады. Сыр бойындағы аудандардың тұрғындары өзбек елімен дәстүрлі байланыстарын пайдаланып, кәмпеске науқанына дейін кірекештікті кәсіп еткен болса, кәмпескеден кейінгі қуғын-сүргінде осы байланыстарды пайдаланып, мал-мүлкімен ауа көшіп кеткен. Туған жерін мәжбүрлікпен тастап ауакөшушілердің нақты тізімі де жоқ, олардың көшбасшыларының кім болғандығы да назардан тыс қалған.
Өзбекстан, Тәжікстанға соңынан қуып барып, ауа көшушілердің көшбасшыларын тұтқындап, елге әкеліп соттаған деректер ішінара кездеседі. Мысалы, бүкіл әулетін көшіріп әкеткен би Тұңғышбай Күнікеевті бауыры Бүріспен бірге Тәжікстанның Явань қыстағында тұтқындап, Шымкент қаласына әкеліп соттаған, Орал округіне жер аударған. Соңынан қуып барған қуғыншыларды (олардың арасында қып-қызыл белсендіге айналған өз туысы да бар) «аяқ қолын байлап, Қызылсуға ағызып жіберейік» деп қолына қару алған інілеріне басу айтқан Тұңғышбай би «баланың баласына кететін күнәні арқаламаңдар. Бұлардың діттегені мен ғой. Сендер қалыңдар, мені алып кете берсін» деген екен. Сүйегі Оралда қалды. Қайда екені белгісіз. Жеті ұлынан жеті уыс топырақ бұйырмаған.
Ауа көшушілердің көшбасшылары болған алаштық қайраткер Серіқұл Алдабергенов (жаңақорғандық) пен патша заманында болыс болған Жанаділ Исаевтар (созақтық) тұтқынға алынып, сотталған. Кейін ақталды. Сондай көшбасшылардың көпшілігінің тұтқындалып, жер аударылуы құжатталмаған. Содан да олар бұрынғы ақтау тізіміне ілікпеген. Олар кімдер, саны қанша? Осы сұрақтың жауабын көп болып іздеуіміз керек. Оны айтып отырғаным, жаппай ауакөшушілердің болжамды санын анықтауға болар, бірақ олардың нақты тізімін жасау мүмкін емес. Ал ауа көшуді ұйымдастырған көшбасшылардың тізімін нақтылау түйінді мәселеге біршама айқындық берер еді.
Ауа көшушілердің аштықтан, суықтан, жолдың азабынан зардап шеккендер, өлім-жітім ахуалы да құжатталмаған. Билік бұл мәселеге тіпті көңіл бөлмеген ғой. Ауакөшушілердің ұрпақтарының естеліктерінде Тәжікстан арқылы Ауғанстанға ауа көшкендердің барған бетте ыстық желге («Бадының желі» деп айтады) ұрынып, жаппай қырылғандығы жөнінде ғана деректер кездесті.
Босқындар мен ОГПУ–НКВД-ның, милицияның және әскери бөлімдердің мемлекеттік шегарадан өту кезінде қақтығыстар орын алған. Әйтсе де, құпиялығы алынбаған архив қорларындағы ауа көшкен қазақтардың шегара бұзып, Ауғанстанға өткендері жөнінде деректерге қол жеткізе алмадық.
Архивтерден жинақталған мардымсыз деректерге қосымша ауакөшушілердің ұрпақтарының естеліктері негізге алынбаса олардың нақты санын анықтау мүмкін емес. Мысал ретінде айтар болсақ, 1932 ж. Ауғанстанмен шекаралас Қорғантөбе облысы Пархар ауданындағы 40 колхоздың 12-сі қазақ колхозы болған. Осы ауданның Ленин колхозында 1960 жылы мен туылыппын. Содан да маған тәжік елі өте етене. Микоянабад, Молотовабад аудандарында да қазақтар жиі қоныстанған. Жоғарыда атап айтқанымыздай, Наманган ауданының өзіне екі мыңның үстінде қазақ қоныстанған. Біздің болжамымыз бойынша Тәжікстанға қоныстанған ауакөшушілердің алдын-ала болжамды саны 50-60 мың шамасында. Алдағы зерттеулерде бұл сан нақтыланатын болады.
Жалпы, туған жерін тастап ауакөшушілер мен ашаршылық босқындарын шатастырмау керек. 1929-1930 жж. ауа көшкендер кеңестік биліктің қыспағынан бас сауғалап, мал-мүлкімен көтеріле көшкендер. Ал 1931-1933 жж. ашаршылықтың салдарынан күн көріс қамы үшін туған жерінен кеткендер ашаршылық босқындары деп аталады. Аталған екі категория да саяси қуғын-сүргіннің құрбаны деп танылады. Ауа көшушілер мен босқындар ұрпақтарының осы кезге дейін елге жете алмай отырғандары бар. Солардың қатарында елге орала алмай отырған Ауғанстандағы қандастарымыздың қазіргі жағдайы ұлтым деген азаматтарды алаңдатады. Міне, 90 жыл бұрынғы қасіреттің жаңғырығы! Әлі күнге жан сыздатады.
Қазірге дейін тарих ғылымында 1929-1933 жж. ауа көшу үдерісі стихиялы болған еді деген тұжырым орнығып келген. Шындығында ол жоғарыдан басқарылғандығын айғақтайтын деректер табылып отыр. Алматы қалалық Полиция департаменті арнайы мемлекеттік архивінде 1933-1934 жж жүргізілген «Кеңес өкіметіне қарсы бірыңғай ұлтшылдық орталық басқарған контрреволюциялық ұйым» деп аталатын істе Қазақстанның оңтүстігіндегі ауакөшуді Қазақ Орталық Атқару Комитетінің хатшысы Бегайдар Аралбаевтың ұйымдастырғанын дәлдеген құжаттар табылып отыр. Сол «қылмысы» үшін 10 жыл мерзімге жер аударылған Б.Аралбаевтың 125 жылдығы атаусыз өтіп кетті. Ауа көшу науқаны тұсында Ташкент қаласында ұзын арқан, кең тұсау қызметте жүрген Сұлтанбек Қожановтың да осы процеске ықпал жасағандығы жөнінде деректер кездесті.
Сөз соңында айтарымыз, Түркістан облысындағы мәжбүрлі босқындар тарихын қалпына келтіру мақсатында ұйымдастыру-іздестіру жұмыстары тек ғалымдардың ғана емес, қалың жұртшылықтың да еншісі. Ел ішіндегі ауа көшушілер ұрпақтарының естеліктері жинақталуы керек.
Тарихтың ақиқаты айтылуы, жазылуы керек.
Тұрсын ХАЗРЕТӘЛІ,
А.Ясауи атындағы ХҚТУ Тарих кафедрасының профессоры, тарих
ғылымдарының докторы