ХАЛЫҚТЫ АЯМАЙ ЕЗУДІ БҰЙЫРЫПТЫ
2024 ж. 12 мамыр
643
0
Енді бір сәт Сырдария атқару комитетінің байлардың мал-мүлкін тәркілеу туралы директивтік нұсқауына шолу жасайық. (Ескерту: Оңтүстік өлкесі өткен ғасырдың бастапқы тұсында Ресей империясы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына бағынған. Ред.)
Шымкент қ.1928 ж.
Ірі байлардың мал-мүлкін қазынаға алу туралы соңғы кездерде Кеңес үкіметіне қырын көзбен қараушылар өсек хабарлар таратып жүрген көрінеді. Осындай өсек, өтірік салдарынан мал бағатын еңбекші шаруаларға дейін малдарын сата бастағандығы байқалады. Мұндай нәрсе еңбекшілердің шаруашылығын күйзелтпек. Халық шаруашылығын көркейтуге кедергі жасамақ. Сырдария аткомы барлық ұйымдастыру бюроларға, ауылдық, қыстақтық кеңестерге және Сырдария округінде жасаушы барлық азаматтарға мынаны білдіреді:
Бұл туралы жасалып жатқан заң бойынша 1928 жылы апрельдің 1-іне дейін әлденеше жүздеген малы бар Кеңес үкіметінің көрнеу дұшпаны болған ірі байлардың мал-мүлкі алынып, өздері жер аударылмақ. Әсіресе, бұрынғы хандардың, сұлтандардың тұқымынан шыққан ірі байларға осы жұмыс істелмек. Сырдария округтік аткомы аудандастыру бюроларға және ауылдық, қыстақтық кеңестерге тапсырады.
Тезден әкімшілік ауылдың жиі отырған жерлеріндегі диқан, шаруалардың жалпы мәжілістерін шақырып, халыққа бұл туралы кең түрде түсіндіру жүргізулеріңді тапсырады.
Екінші, ауылдық аткомдардың толық бас қосқан пленумында аудандық, ауылдық жердегі белсенділердің жалпы мәжілістерінде баяндама жасалып, бұл баяндаманы тыңдаған әрбір кеңес мүшелері және жоғарыда айтылған белсенділер өздерінің күндік жұмысында бұл туралы түсіндіру жүргізсін.
Осы тапсырған жұмыс туралы көрген шараларыңнан осы жылы 20-августен қалдырмай округтік аткомға тиісті материалдармен толық баяндама тапсырасыз.
Осымен бірге жіберілді: Қазақстан орталық кеңес комитетінің 23 июньде бұл туралы қабылдаған қаулыдан көшірме орындауыңыз үшін.
Сырдария губаткомының уақытша орынбасары Қызылқожаұлы Губаткомның ұйымдастыру бөлім нұсқаушысы Тортымбайұлы.
ТОМА. Қ. 74. Тіз. 1.1с 183. Б. 68.
Сондай-ақ...
№30. Қазақстан Орталық Кеңес Комитетінің байлардың мал-мүлкін тәркілеу бойынша түсіндерме жұмыстары туралы қаулысынан көшірме.
Қызылорда қ.1928 ж.
Июннің 23-де Қазақстан Орталық Кеңес Комитеті қазақ еңбекшілеріне ірі байлардың малын алу туралы түсінік берген еді. Жергілікті кеңестерге сол түсінікті қазақ еліне толық түсіндір, өтірік-өсек таратушылар болса жауапқа тарт деген еді. Бірақ, Қазақстан Орталық Кеңес Комитетінің осы бұйрығы ойлағандай орындалмаған көрінеді. Әлі де болса қазақ еңбекшілеріне, әсіресе, алыста жатқан елдерге Қазақ үкіметінің берген түсінігі жетпеген, толық түсіндірілмеген. Әлі де болса елдегі байлар, үкімет дұшпандары өтірік-өсек таратып жүрген көрінеді. Әсіресе, орташалар мен ауқаттылар арасына өсек жүргізіп жүрген көрінеді. Сондықтан Қазақстан Орталық Кеңес Комитеті жергілікті кеңес орындарына тапсырады. Әлі де болса ірі байлардың малын алу туралы үкіметтің берген түсінігін толық түрде ел-елге түсіндіріп, ұғындыру керек. Қазақ үкіметінің жасалып жатқан заңы бойынша малы алынатын байлар әлденеше жүздеген ірі-қарасы бар, еңбекшілерді құлданып отырған нағыз ірі байлар. Әсіресе, ежелден билеп-төстеп қалған хан, сұлтан тұқымдары, үкіметке қарсы байлар. Ірі байлардың малын алу жөнінде орташалар тұрсын, жалпы ауқаттылардың малы алынбайды. Соңғы кезде кейбір елдерде салықтан жасырған малды шығару жөнінде орынсыз қате істер істелген. Ел ішіндегі үкімет дұшпандары осыны пайдаланып өсекті тіпті күшейткен көрінеді. Қазақ үкіметі кейбір елдердегі заңсыз қате істеген істерді қазір шара қолданып түзеп жатыр. Заңсыз, орынсыз істерді тоқтатып отыр.
Қазақстан Орталық Кеңес Комитеті бұйырады:
Бірінші, ірі байлардың малы алыну туралы үкіметтін түсінігі ел-елге толық түрде түсіндірілсін. Бұл жұмыс әрбір округтік, аудандық комитеттерінің, ауылдық кеңестердің төрағаларына әдейілеп жүктелсін. Елді хабарландыру жұмысына осылар жауапты болсын.
Екінші, осы күнге дейін Қазақстан Орталық Кеңес Комитетінің 23 июньде берген түсінігі ел-елге түсіндірілмегеніне кінәлі үкімет адамдары және өтірік-өсек таратып жүрген үкімет дұшпандары тез жауапқа тартылсын. Мұны орындаушы прокурорлар болсын.
Үшінші, осы қаулы жер-жердегі газеттердің бәрінде де алысымен тезден басылсын. Төртінші, қалай орындалғаны туралы Қазаткомға телеграммен хабар берілсін. Бұл қаулы жер-жердегі телеграммен таратылсын.
Қазақстан Орталық Кеңес Комитетінің төрағасы Ерназарұлы. Қазақстан Орталық Кеңес Комитетінің жауапты хатшысы Асылбекұлы Әбділда.
Іс атқарушысы Найманбайұлы.
ТОМА. Қ. 74. Тізі. Іс 183.Б. 103.
25 сентябрь 1928 ж.
Бұдан түйгеніміз, совет өкіметі дәулетті ағайынмен қосып, барша халықты аяусыз езуді міндеттегені байқалады.