Алаш ұранды ел болайық
2022 ж. 28 сәуір
2797
0
Біз көптеген ел басшыларының билікті сақтап қалу үшін конституцияны өзгертіп, сайлау нәтижелерін бұрмалап, басқа да шектен тыс әрекеттерге барғанының куәсі болдық. Олар мемлекетті басқару жеке басының меншігі емес, азаматтардың сенімі екенін түсінуі керек. Сіздер өз халқыңызға қызмет етулеріңіз керек! Демократияны шайқауды, елдің табиғи байлығын тонауды, қарсыластарыңызды азаптап, түрмеге жабуды доғарыңыздар!
Біріккен Ұлттар Ұйымының 8-ші Бас хатшысы Пан Ги Муннің Бас Ассамблея жиынында айтқан сөзі
Тарихта ұлттың тағдырына, оның санасына ықпал жасаған ұлы тұлғалар бар. Қазақ халқы үшін ондай тұлғалар – Алаш азаматтары деп айта аламыз. Олар қазақтың тәуелсіздігі мен ұлттық мүддесін саяси тұрғыда күн тәртібіне қойып, сол үшін күресіп, сол үшін саналы түрде құрбан болды; адам құқығы, сөз бостандығы секілді заманауи мәселелерді қамтитын, әлі күнге қолымыз жетпей жүрген демократиялық мемлекетті құруды мақсат қылды. Қысқасы, ұлттық мүддені адамзаттық құндылықтармен үйлестіре білген әлемдік деңгейдегі озық ойлы тұлғалар еді.
Алайда Алаш азаматтарының тарихтағы орнын анықтау әлі бір ізге түсе қойған жоқ. Кеңес өкіметі тұсында олардың атын ататқызбады. Ең қызығы, Гитлердің атын айтуға болатын, ал Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты айтуға болмайды. Олардың аты сөзіңнің иә мақалаңның ішінде кетіп қалса, мейлі сынап-ақ жаз, жұмыстан шығасың. Осындай заман болды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін, санамыздан өшіруге қанша тырысса да, жүрегіміздің түбінде сақталып, сағыныштан сартап болған есімдермен қайта табысқандай болғанымыз анық. Енді бәрі басқаша болатын шығар деп үміттендік.
Бірақ біз ойлағандай бола қоймады. Алаштың ұлт тарихынан алатын орнын толық мойындауға бұрынғы кеңестік сана жібермей жүрген секілді. Большевиктерге қызмет етіп, алаштықтарға қиянат жасағандарды ақтау одан әрі жалғасуда. Мұстафа Шоқайды сатқын деп, КГБ-ның құжаттарын қолдап, құлаш-құлаш мақала жазғандар бой көрсетіп қояды. Тіпті тәуелсіздікті жоққа шығарып, орыс империясынан бекер кеттік дегенді күні бүгінге дейін айтып жүргендер бар екенін қайтерсің.
Жарайды, мұның бәрі жеке адамдардың пікірі болар, әр кәллада бір қиял, жұрттың барлығы бір бағытқа бірден қайдан түсе қойсын деп ойладық. Енді биліктің өзінің пікірі қандай болды дейсіз ғой.
Билік Алашты мойындады. Мерейтойларын атады. Кітаптарын шығарды. Бірақ өмірімізге, ұстанымымызға, бағытымызға алтын арқау болатындай ұлттық идеямызға айналдырмады. Біз Алаш көсемдерінің ескерткіштері астанамыздың ең төрінде азаттығымыздың темірқазығындай болып, әр ұрпақтың көзқуанышына айналар деп ойлаған едік. Астанадағы маңдайалды университетімізге солардың біреуінің аты берілер деп үміт қылған едік. Алайда бәрі басқаша болды. Астананың қақ төріне, көзі тірі болса да, президент қызметінде отырған басшымыздың ескерткіші орналасты. Мемлекет қайраткеріне көзі тірісінде ескерткіш орнатылмайды деген заң далада қалды. Астанадағы ең үлкен университетке қазақ елінің тәуелсіздігіне қатысы жоқ орыс ғалымы Л.Н.Гумилевтің аты берілді.
Басқа жерде жоқ, тек біздің ғана еншімізге бұйырған ерекше лауазым бар екен. Одан кейін ұлылардың ұлысы бір атақ пайда болды. Оған арналып жеке заң шықты. Ол адам бір өзіне ғана арналған жеке заңмен өмір сүреді екен. Енді оған жағымпазданатын топ жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Ол туралы романдар, поэмалар жазылды, кинофильмдер түсірілді, оны пайғамбарға теңеп ұлықтағандар өз ара жарысқа түсті, тіпті бір ақын оны құдайдың өзіне теңепті деген хабар жетті (Алла сақтасын!). Енді біреуі қызды-қыздымен бізге тәуелсіздікті бір кісі алып берді деп баршамызды айран-асыр қылды. Тағы біреулер демократия деген бәлесі құрысын, бізге енді сайлаудың қажеті жоқ, осы кісі сайлаусыз-ақ өмір бойы жүре берсін деп ұран тастады. Конституцияның ешкімге қажеті болмай қалды. Жағымпаздарды жексұрын жандар шығар деп ойлаушы ек, біздің қоғамда ең беделді адамдар солар болып шықты.
Ал енді осы айтып отырғанымыздың бәрі кейінірек айтылған бір мәлімдеменің қасында әшейін ойыншық болып қалды. Ол қандай мәлімдеме екенін қазір айтамын. Дайындала беріңіздер.
Алашың айдалада қалып, бар әңгіме тек бір адамның төңірегінде ғана жүріп жатқан кез ғой. Бір күні әлгі бір адам – маған дейін қазақ тарихында мемлекет болған жоқ – деп, бәрімізді есімізден тандырып тастамасы бар ма...
Есімізді жиғаннан кейін, өз құлағымызға сенбей, әлгі сөзді сен де естідің бе деп, бір-бірімізден сұрай бастадық. Естідім дейді ол да. Бәлкім, байқамай айтып қалған шығар деп жұбаттық өзімізді өзіміз. Бірақ бір күні әлгі кісі сол сөзді тағы айтып, тағы есімізден тандырды. Басқаны білмеймін, өзім осылай үш рет есімнен тандым. Есімізден танатын себебіміз мынау.
Ресейде мемлекет басында жүрген саясаткерлер негізінен империя дертіне шалдыққан ұлы державашыл шовинистер екені баршаға мәлім. Жириновский бастаған бір топ Қазақстанда, Украинада бұрын-соңды мемлекет болған емес, сондықтан олардың мемлекет есебінде жеке бөлінуі заңсыздық (не легитимно), ал Қазақстанның солтүстігіндегі 5 облыс Ресейдің жері, оларды қайтару керек деп, сарнағандарына 30 жыл болды.
Ресейдегі саяси шамандардың текке сөйлемейтіні белгілі. Олар мемлекеттік саясаттың жоспарында тұрған жобаларды әр түрлі эпатажды формада жариялап отыратынын талай көрдік. Соның бір мысалы – бүгінгі Украинада жүріп жатқан соғыс. Сондықтан мұның артында үлкен қауіп-қатер жатқаны ешкімге құпия емес. Өстіп ниеті жаман жириновскийлерді атарға оғымыз болмай жүргенде, өз еліңнің басшысының «бұрын қазақта мемлекет болған емес» дегеніне есіңнен танбағанда қайтесің?
Осы пікірді Ресей президенті В.В.Путин қайталап айтқанда барып, біздің тарихшылардың қатты ашуланғанын көрдік. Біреулер «Қазақ тарихы» кітабын поштамен Кремльге жіберіп, Путинді ұялтыпты деп естідік.
Енді осы арада Алаш тақырыбына қайта оралуға тура келеді.
1917 жылғы февраль революциясынан кейін Алаш азаматтары Алашорда үкіметін жариялағанын білеміз. Большевиктер оның толық жасақталуына мүмкіндік бермей, қысымшылық жасап, ақыры таратып тынды. Дегенмен, Алаш азаматтарына кешірім жасап, ұлттық автономияны кеңестік үлгіде қайта құруға келісім берді. Жаңа мемлекет құрып жатқан оларға да сауатты адамдар ауадай қажет еді, сондықтан жоғары білімді алаштықтарды жұмысқа тартты. 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы жарияланды. Күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан бұл республика Алаш азаматтарының күшімен құрылған еді. Алаштықтардың бұған сіңірген еңбегі ұшан теңіз деп айтуға болады. Өйткені ол кезде қазіргі Қазақстан аумағы жоқ болатын.
Бұрынғы Қостанай уезі түгелдей Челябі губерниясына қосылып, Ақмола облысы Омбы губерниясы атанып, оның құрамына Көкшетау, Атбасар, Пертропавл, Омбы уездері енген-ді. Павлодар, Қарқаралы, Аягөз, Зайсан және Өскемен уездері Сибревкомның құзырына көшкен.
Бірнеше ауданымыз Башқұрт АССР-ы мен Алтай губерниясының ішінде болды. Оңтүстіктегі Жетісу, Сырдария облыстары Түркістан Автономиялық Республикасына қарайтын. Осы былықтың бәрін реттеп, қырық бөлек болған қазақ жерін жинап, тұтастырып, оның шекарасын анықтап, тарихи құжаттармен дәлелдеу үшін қаншалықты жігер-қайрат, еңбек, білім қажет болды десеңші! Айтпақшы, шекараға байланысты Сибревкоммен болған айтыста да қазақтар жеңіп шықты. Осының бәрі Алаштың артық туған азаматтарының арқасы еді. Бүгінгі күнде солар сызып берген шекарада өмір сүріп отырған мына біздер ең алдымен сол арыстарға мәңгі қарыздармыз.
Алаш азаматтарының күшімен құрылған Автономиялық Советтік Социалистік Республика, мейлі Ресейге тәуелді болсын, жаңа заманға сай, жаңа форматтағы мемлекет болатын. Әлбетте Ресейдің құрамында болу оның мемлекеттік мәртебесін жоққа шығара алмайды. Әлемде өзге елге тәуелді болып отырған мемлекеттер аз емес. Сондықтан бүгінгі заманғы Республикамыздың тарихын Қазақ АКСР-ның құрылған күнінен бастауымыз қажет. 2020 жылы оның 100 жылдығы тойлануы керек еді. Тойланбады. Мән берілмеді. Оның орынына Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтті.
Осы арада Сәкен Сейфуллиннің Сталинге жазған хатында «Біз Алаш берген автономияны мойындамаймыз» деп, ал Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хатында «Қазақ Автономиялық Кеңестік Республикасын» таратып, оның солтүстік облыстарын Ресейге беруді, ал оңтүстіктегі облыстарын, «Орта Азия Федерациясын» ашып, соған қосуды ұсынғанын айтпай кете алмаймыз.
Әңгіме неден шықты? Иә, жоғарыда айтқан үлкен кісінің: «Қазақта бұрын мемлекет болған жоқ, өйткені шекарасы болған жоқ» деген сөзінен шықты. Шекараны заңдастырып, біз жасадық деген сөзі тағы бар.
Қазақ мемлекетінің арғы-бергі тарихы сан ғасырлық екені аздаған сауаты бар адамның бәріне белгілі. Оның үстіне, КСРО тарағанда тәуелсіздік алған, бізбен тарихы ортақ, тағдырлас Әзербайжан, Армения, Грузия, Өзбекстан тағы басқа мемлекеттер бар – солардың ешқайсысының «бізде бұрын мемлекет болған жоқ» деген сөзін естімеппіз. Ал шекараны заңдастыру мәселесіне келсек, бар шекараны ғана заңдастыруға болатынын, ал жоқ шекараны заңдастыру мүмкін емес екені еске сала кеткіміз келеді.
Сөзімізді қорытындылай келіп, айтарымыз мынау.
Бүгінгі өркениетті елдердің басында тұрған Америка Құрама Штаттарында мемлекеттің іргесін қалаған аталар (отцы-основатели) деген ұғым бар. Оған олардың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон, үшінші президент, «Тәуелсіздік декларациясының» авторы Томас Джефферсон, конституцияны жазғандардың бірі Джеймс Мэдисон – небәрі жеті адам кіреді.
Джордж Вашингтон, Американың тәуелсіздігін алып берген қолбасшы, президенттік бірінші мерзім аяқталғаннан кейін, екінші мерзімнен бас тартқан. Бүкіл үзеңгілес замандастары жалынғандай болып, екінші мерзімге әрең көндірген. Президенттік екі мерзім дәстүрі осыдан кейін әрі қарай жалғасты.
Ал Томас Джефферсонның «Тәуелсіздік декларациясын» көркем шығарма оқығандай оқисың. Демократияны ондай терең түсіндіріп берген басқа ешкімді өз басым білмеймін.
Мінеки осы адамдар – АҚШ-тың негізін қалаушылар болып есептеледі. Саяси ортада болып жататын, қоғамның іргесін солқылдатқан дау-дамайлардың өзінде, бәрінің тоқтайтын жері – мемлекеттің негізін қалаушы аталардың сөздері. Бір-бірімен бітіспес жау секілді күресіп, ешбір келісімге илікпей жүрген саяси партиялардың өздері мемлекеттің негізін қалаушылардың ой-пікірлері төңірегінде мәмілеге келіп жататын кездері аз емес.
Бізде қазір тәуелсіздік жылдарында билік құрған авторитарлы режімнің дәуірі аяқталды дегенді жұрттың бәрі айтып жүр. Ол дәуірге қайтып орала алмайтынымыз белгілі. Егер біз шын мәнінде жаңа Қазақстан құрғымыз келсе, ұлттық идеяны айқындап алуымыз керек.
Ол идея – Алаш идеясы. Республика нышанындағы жаңа заманғы жаңа мемлекетті жасақтаған Алаш көсемдеріне – Қазақ Республикасының негізін қалаушылар (Отцы-основатели) деген мәртебе берген жөн.
Бұл культ емес, өркениетті елдердің бәрінде бар – тарихты дұрыс түсініп, әділ бағалай білу. Насихатпен жасалған жалған дақпырт-даңқтан арылып, ақиқатты мойындау.
Екінші айтарымыз, қазіргі конституциямен жаңа Қазақстан жасау мүмкін емес. Толып жатқан түзетулермен қырық жамау болған, аяққа тапталған Ата Заңымыздан бас тартып, 1993 жылғы варианттың негізінде жаңа Конституция жасау күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе. Ол үшін, бәлкім, референдум өткізу қажет шығар.
Темірді қызған кезінде соқ деген. Енді кешіксек, темір суиды, оны соққаннан пайда жоқ.
Сөз айқын, іс батыл болсын. Сонда ғана біз ұлттық, демократиялық бағытқа бет түзей аламыз.
Төлен Әбдік,
жазушы