Азат Перуашев: Қазақтарға ұлан-ғайыр жерді тарту еткен Ленин де, Кеңес үкіметі де емес - АЛАШ АРЫСТАРЫ

Азат Перуашев: Қазақтарға ұлан-ғайыр жерді тарту еткен Ленин де, Кеңес үкіметі де емес - АЛАШ АРЫСТАРЫ

Белгілі журналист Михаил Козачков телеграм каналында Алматы қалалық маслихатының депутаты Ақбөпе Әбілқасымованың әлеуметтік желідегі пікірінің скриншотын жариялады. 

«Ленин мен Кеңес үкіметінің арқасында осы жерге ие болдық. Бұны ұмытпауымыз керек» деп жазған маслихат депутатының сөзі қоғам наразылығын тудырды. 


Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пікір білдіріп, төл тарихын білмейтін депутаттың сөзін сынға алды. 

- Михаил Козачковтың жазбасына, нақтырақ айтқанда, ондағы маслихат депутатының постына қатысты бір жайтты ескерткім келеді: мұндай депутаттар (қай партияның мүшесі екен?) ешбір Жириновский мен Зюгановтарсыз-ақ өз елін табанға салып, шейіт болған ата-баба аруағын қорлауда. 30 жыл бойғы саясаттың күлімсі иісі шығатын осындай пікірлерді оқысаң, төл тарихымыз 1917-ші немесе 1922-ші жылдардан (КСРО құрылған) басталуы керек секілді. Ал, оған дейін бұл жер жабайы адамдар мекен еткен шөл дала болған деп ойлайды-ау осылар? 

Қазақтарға Тәуелсіздік пен ұлан-ғайыр жерді тарту еткен Ленин де, Кеңес үкіметі де емес. Бұл ауадай азаттықты XVIII-XIX ғасырларда ата-бабаларымыздан (көне Түрік қағанаттары мен Алтын Орда мұрагерлерінен) қарудың күшімен тартып алған, ал, XX ғасырда тоталитарлық жүйенің өзі Ресейдегі ақпан төңкерісінен кейін дүр сілкінген халықтың ерік-жігерімен санасуға мәжбүр болды. Қазақстанда мұндай қайсарлықты «Алаш» ұлттық автономиясы мен партиясының көшбасшылары көрсете білді, ал, патшалық Ресейдің өзге өңірлерінің өз ұлттық лидерлері болды. Дәл осы протомемлекеттік құрылымдар мен олардың жер аумақтары кеңес республикаларының алғышартына айналған, солардың негізінде бүгінгі тәуелсіз мемлекеттер, біздің мемлекетпен қоса, құрылды. Көкірек көздерің оянар сәт келген шығар? Тым болмағанда, өз ата-бабаларың қандай мұрат жолында құрбан болғанын біліп жүрсеңіздерші, - деп жазды Азат Тұрлыбекұлы телеграм арнасында.  

Еске сала кетейік, «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде Қазақ Республикасының 100 жылдығына орай Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен белгілі алаштанушы Сұлтанхан Аққұлының «Тәуелсіздіктің 30 жылынан соң, бізге де-коммунизация саясатын жүргізу – бүгінгі міндет» атты көлемді мақалалары (https://qazaquni.kz/alash/111360-qazaq-respublikasynyng-100-zhyldygy) жарияланған болатын.