Азат Перуашев: Қазақ елі үшін Алаштан асқан идея жоқ
2022 ж. 05 наурыз
7709
0
Наурыздың 5-і Алаш арысы, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні. Осы ұлықты күнге орай "Ақ жол" демократиялық партиясы «Алаш» ғылыми зерттеу институтымен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы Қаламгерлер аллеясында орналасқан "Үш арыс" ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Шараға, "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» фракциясының депутаттары, белгілі алаштанушы ғалымдар, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.
- "Ақ жол" партиясы Алаш мұрасын насихаттауға ерекше көңіл бөледі. Партияның ұйымдастыруымен "ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы" жалпыұлттық байқуы өткізіледі. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген жастарымыз қатысып, Алаш арыстарының еңбегі мен ел тәуелсіздігіне қосқан өлшеусіз үлестері туралы ғылыми тұрғыдан зерттеулер жүргізеді. Жалпы, қазақ елі үшін Алаштан асқан идея жоқ. Біз сол үлттық идеяға жұмыс істеуіміз керек. Биылғы жылы ЮНЕСКО шешімімен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтпек. Ахмет Байтұрсынұлы Алашорда үкіметінің білім, ағартушылық саласын басқарған тұлға. Яғни, Алаш арыстары білім саласына көп көңіл бөлген. Бүгінде көршілерімізде болып жатқан соғыстар білімсіздіктің нәтижесі. Біз өркениетті елдердің қатарына енгізіміз келсе, саясат, экономикамен қатар, білім, мәдениет саласына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Білімсіз, мәдениетсіз ешқашан өркениетті ел бола алмаймыз. Бүгінгі шараның екі мәні бар. Біріншіден, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне орай гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етсек, екіншіден, еліміздің білім мен мәдениет саласы жаңа дәрежеге көтерілсе екен деген тілек тілеп отырмыз, - деді Азат Тұрлыбекұлы.
Салтанатты рәсім барысында белгілі алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы да сөз алып, Әлиханның тарихтағы орны мен ұлт алдындағы еңбегі туралы айтты.
- Әлихан Бөкейханның тарихтағы рөлі ерекше. Бабалар аманатын ұрпақтың санасына сіңіру үшін Алаш мұрасын тыңғылықты зерттеу керек. Осы бағытта "Ақ жол" партиясының атқарып жатқан еңбегі орасан зор. Биыл ұлт ұстазының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтпек. Осының барлығы Алаш арыстарының еңбегі еш кетпегендігінің дәлелі, - деді С. Аққұлы.
Еске сала кетейік, "Ақ жол" партиясының ұйымдастыруымен елімізде жыл сайын "ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жол" жалпыұлттық байқауы өткізіледі. Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық бағдарламасын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттауды басты мақсат еткен байқауға Алаш қозғалысын және тарихын зерттеп жүрген 18-35 жас аралығындағы Қазақстан және шетел азаматтары өздерінің жеке жұмыстарын (эссе, мақала) байқауға ұсына алады.