ӘУЛИЕКӨЛДЕГІ ӘФСАНА немесе МҰҒАЛІМКӨЛДЕГІ МАХАББАТ
2023 ж. 23 мамыр
8752
0
Орыс қызы Александраның Бадрисафа аталуының сыры
Әулиекөл – қазақ жерінің ежелгі тарихи мекендерінің бірі. Бұл жер көлдерге бай, нақтырақ айтсақ жеті бірдей көлді табиғат-ана сыйға тартқан сұлу өлке! Осы қаз-қатар жатқан қазанғап көлдердің бір аумақта шоғырлануы әрі орыс патшалығы тұсында бұл өңірге «қара шекпенділердің» қалың қоныстануының ықпалы болар, аудан 1997 жылға дейін «Семиозер» аталып келді. Ал, ел аузындағы аңызға зер салсақ, «...ауыл ортасындағы айна көлдің бірі сарқырай ағып, жер астына сіңіп кетеді де үш күннен кейін қайта пайда болыпты» сол себепті бұл елдің аты Жаратушының тылсым құдіретімен «Әулиекөл» деген атауға ие болса керек.
Жергілікті жұрттың көзі үйренген жеті көлдің тарихи атаулары да әр қилы. Мәселен, осы көлдердің орысша атаулары – Учительское, Камышеное, Купальное, Больничное, Пожарное, Комсомольское, Грачевник және Кожевеное, Перешеек, Соленое, Стегловое деп оннан асып түседі. Бірақ жеті көл, яғни Семиозер делініп келеді. Енді осы көлдердің кейбірі ғана қазақша атауға ие: «Мұғалімкөл, Қайранкөл, Қамыстыкөл», қалғандарының қазақша атауы әлі күнге бимағлұм, бұл тереңдеп зерттеуді қажет ететін тақырып. Енді мақала тақырыбына ойыссақ, Әулиекөл елдімекені – бозбала Ахметтiң балалықпен қоштасып, жігіт болып, қосағы Александраны тапқан жерi. Бұған ерекше мән беріп, салмақ сала айтуымыздың өзiндiк себептерi де жетерлік. «Өз алдыңа отау тігіп, шаңырақ көтеру» үшін бір басың екеу болуы керек. «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөз өмір сынағында елеуден өткен қағида, ендеше Ахмет те жеке өмірін, осы өз Отауын, Ошағын құрудан бастағаны анық. «Бас екеу болмай, мал құралмайды» дегенді бабаларымыз бекер айтпаған. М.Әуезовтің мақаласында: «…Қостанай уезіндегі Әулиекөл деген жерде екінші рет оқытушы болған. Әулиекөлден үшінші рет ауысып барған школы Қостанай қаласы…» деген мәлімет бар. Тұлғаның рухани һәм қаламдас інісі Мұхтардың осы «…Әулиекөлде екінші рет оқытушы болған» деуінің астарында бізге тылсым болып келген жұмбақтың шешуі жатқандай. Асылы, Ахметке ат басын қайта-қайта бұрғызған «Әулиекөлдің», кейін оқытушы Ахметтің құрметіне бір көлі «Мұғалімкөл» деген атауға ие болғаны мәлім. Осы бір киелі мекеннің тарихына, бастауыш мектептің балаларына сабақ берген қос мұғалімнің тағдырына зерделей қарасақ, астарына үңілсек Әулиекөл әфсанасын ұққандай боламыз! Адамзаттың басына бір-ақ рет берілетін, бұл жарық пәниде пенде өзiне өмiрлiк жар таңдауда кездейсоқтыққа бой алдыруы мүмкін бе деген сауал қай-қайсымызды да ойландыратыны анық?!
Әлбетте, жазмыштың бәрі де Алла Тағаланың бұйрығымен, маңдайыңа нені жазса, соны көресің! Әйтсе де Ахаңдай алғыр жанның жүрегіне жол тапқан перизатты да, сол аруды өзіне мәңгілікке жар еткен Ахметті де кейбір жандар айтатын «пендешілік есеппен тұрмыс құрған-ды» деу, күпіршілік сияқты көрінеді. Ал, қос ғашық туралы бізге жеткен әңгімеге зер салсақ, оларды бір-біріне кезіктірген тағдырдың тылсым күшінің құдіреті шексіз бе дерсіз! Қазақ деген ұлысқа керек кезінде туып, оның керекті ісін атқарған Ахметтей ақиық жанның маңдайыңа қандай жанды бұйыртты екен, бұл Жаратқан?! Енді соның сырына үңілейікші... Қазақ даласына өзге ұлт өкілдерінің қоныстандырылуының, оның ішінде Ресей жерінен орыстардың қоныс аударылуының саяси себептері болды. Мәселен, орыс патшалығы тұсында әділетсіз билікке қарсы бұқара халықтан шыққан көзі қарақты сауатты жандар өздерінің тарихи Отаны – Ресейден әдейі аластатылған. Сондай аласапыран уақытта Орал жағынан Қостанайдың Аманқарағайына ауып келген бірлі-жарым орыстарға, осы сар даладағы қонақжай қазақы ауылдан бастарына тұрақ болар баспана бұйырғаны белгілі.
Аманқарағай – Қостанай өңіріндегі табиғаты сұлу, қалың қарағайлы, ұзындығы екі жүз шақырымдай алқапқа жайылған, орманды мекен әрі бұл өлке айдын шалқар көлдерге бай. Осы өңірге отбасымен жер ауып келген Иван ауылдағы Аманқарағай орманының қорықшысы болып, тапқан аз нәпақасымен отбасын асыраған қарапайым шаруа екен. «Адамның басы, Алланың добы» демекші, Иванның қызы Александра осылайша орманнан жеті шақырым қашықтықта орналасқан Әулиекөлге кез келеді. Орыс қызы Александра ару да қаражаяу емес еді. Ол сауатты, көзі ашық, иманжүзді, аяулы жан болса керек. Ал, осы елге оқытушы болып, екінші рет қайта келген жас мұғалім «пешенесіне жазған періштесін» кезіктіреді.
Ахметтің «Әулиекөлді» өзіне пана тұтып, қайта оралуына себеп жоқ та емес еді. Өйткені, анасы Күңшінің ағайын-туғандары, өзінің нағашы жұрты – Сүгір елі осы жердің байырғы жұрты болатын. Сүгір – үлкен ата Арғыннан тарайтын, тамыры терең, бұтақтары кеңге жайылған, өсіп-өнген тармақ. Бүгінге жеткен мәліметтерге сүйенсек, ру атына айналған Сүгірдің Шеру деген баласынан Құлыбек туады. Құлыбек – Ахметтің нағашы атасы, яғни Күңшінің әкесі. Ахметтің нағашы бабасы Шеруді ауқатты болған деседі арқа жұрты. Сонау бір алмағайып орыс патшасына қазақ елі тәуелді болған тұста, бетпақтағы ауа жайыла қоныстанған көңілі дарқан дала жұртының жұдырықтай жүрегіне бодандықтың құрсауы сызат салған заман туды. Ел мен елдің, ауыл мен ауылдың арасындағы қарым-қатынасы да осы патшаның ұзын құрығының қилы-қилы қимылына қарай бағынатын құлдық күйге түсті. Құлыбектің күйеу баласы Байтұрсынды, ағайындарымен қоса айдатқан да осы патшаның қитұрқы саясаты еді. Патша ағзамның ұзын құрығына ілігіп қалмас үшін Құлыбек бай «шалғай жатқан Торғайдағы құдасы Шошақ әулетімен жалпы, құдандалы жегжат-туыстармен абайлап араласып, туған қызы Күңшіге де іштей тілеулес болып», бәрін сырттарынан бағып, бір шетте тыныш жататын. Торғайдағы тумалардан қол үзіп, Сүгір елінің біршама уақыт бұйығы өмір кешуіне тура келеді. «Уақыт өзі емші» дегендейін, талай
жылдар оқу қуып, соңыра еңбек жолын бастаған осы бір қысыл-таяң тұста тіршілігіне демеу іздеген Ахмет нағашыларының ауылын пана, әрі қара тұтып келуі әбден мүмкін?!
Қостанай маңындағы елеусіздеу тыныш жатқан ауылда сабақ беріп жүрген жас оқытушыны өмір-талқы өзі баулиды, тәжірибесін ұштайды. Көк аспанның аясында жарқырап жатқан, қасиетті Әулиекөл де қос жүректің лүпіліне куә болып, тағдырларына ортақтасып, олармен бірге сыр шертеді... Жан сырларын ақтарған Әулиекөл, қос ғашықтың аппақ сезімдеріне куә болғанымен, олардың бастарына ұзақ пана бола алмайды. Ол кезде ел ішіндегі жазылмаған Дала заңы бойынша, нәсілі бөлек жандар бір-бірімен отандасуға болмайтын еді. Өмірдің бұралаң соқпағына енді аяқ басқан, ұстанған діндері бөлек, «бірі – мұсылман, бірі – христиан» қос жүрек, махаббаттарына араша болар, пана іздеп, жақын маңдағы арасы жүз шақырымдай болатын Қостанай қаласына келеді. Мұнда көп аялдамайды, осы өңірге жақын жатқан теріскейдегі Троицкіге жол тартады.
Мәңгілікке бірге болуға қол байласқан олар, ақ некесiн қиғызу мақсатымен, шаһар ішіндегі Мұсылмандар мешітінің ақыл-кеңесіне жүгінеді. Мешіттің имамы айтқан кеңес бойынша, олар сол жерде Александраны мұсылмандыққа қабылдау үшін қажетті барлық рәсімдерді орындайды. Ахметтей жігіт падишасына жар болуға ант-су ішкен болашақ қалыңдығы Зейнолла ишанның қарауында екі айдай имани дәрістер алады. Көп ұзамай Александра Мұсылмандық мектептің өзіне қойған сынақтарынан сүрінбей өтедi. Олар осы қалада біршама уақыт тұрып қалады. Мұсылман дiнiн риясыз пейілмен қабылдаған аруға, Ахметтің жүрек қалауынан шыққан «Бадрисафа» деген жаңа ныспы беріледі. Ол бұл есімді кенеттен таңдамаған еді. Бала күннен тілін арабша сындырып, Мұхаммед пайғамбар туралы танымы ерте жастан қалыптасқан Ахметтің «Алла сөзін хақ» деп танитын қасиетті Құраннан сауаты зор болатын. Айдай толықсыған ару Александрасының өн бойынан кіршіксіз пәктікті таныған оның санасына осы «Бадрисафа» есімі орала берді. Арабшада «бадрун» сөзінің «толық ай», ал «сафа» сөзінің «кіршіксіз таза» деген мағына беретінін білетін ол, болашақ жарына тек осы сұлу есімді ылайық көрді. Әрі сол шешімге тоқтам жасайды. Екі жас осылайша «Құдай алдында мәңгі бірге болуға ант-су ішіп», Мұсылмандар үйінен ерлі-зайыпты болып шығады.
Ахмет пен Бадрисафа Әулиекөлде табысып, онда аз уақыт аялдаса да, оның ауыл балаларын оқытудағы қалтқысыз қызметін жергілікті жұрт ерекше бағалайды. Олар екі жастың елден кеткенін қаламайды. Бірақ өмір соқпағындағы тағдырдың темірдей талабы ел таңдауымен санаспайды. Аманқарағайлықтар қос ғашыққа деген шексіз сағынышын, олардың аппақ махаббатына деген ізгі ілтифаттарын, ауыл ортасындағы әсем айдын «Әулиекөлдің» көп көлінің бірін «Мұғалімкөл» деп әспеттеумен ұрпақ жадында мәңгілікке қалдырды. Мұғалімкөл күні бүгінде ұлт ұстазы Ахметін ұмытқан жоқ. Көкпеңбек көлдің тұп-тұнық суының бетінде жарыса жүгірген толқындары, айдынында жүзген ұзын мойын аққуларды аялай тербетеді. Сонан соң аққулардан оза жағалауға асыққан асау толқындар Ахмет пен
Бадрисафаның табаны сан рет тиген жағаны жарыса кеп, кезек-кезек өбеді. Мінекей, табиғат ананың жұрт жұмысы үшін жаралған, ғасырда бір-ақ рет туатын, төл перзенті Ахметі мен оның сүйікті жары Бадрисафаға деген шексіз махаббаты, мәңгілік ескерткіші. Жарқыраған Мұғалімкөлдің жағасында Ахаң сабақ берген мектеп әлі бар. Қабырғалары бөренеден өрілген ағаш мектептің маңдайшасына, оның бұл білім ордасында қашан сабақ бергендегі жазылып, мәрмәр тастан тақта ілінген. Ал қарсы алдында осы күнгі жобамен салынған үш қабатты мектеп ғимараты бой көтерген. Айналасы әсем қоршалған, жанында бау-бақшасы бар қос оқу ордасы бір-біріне саялы сән-салтанат беріп, алыстан «мен мұндалап» өз оқушыларымен қатар, басқаларды да өзіне шақырады.
Енді біршама алға оза отырып, 1989 жылы 5 қыркүйекте Шолпан Ахметқызына Қазақ КСР Прокуратурасы берген «Ақтау туралы» мәліметтерге назар аударсақ. Анықтамада: «…Байтұрсынова Бадрисафа Мұхамед-Садыққызы, туған жылы – 1878, Орал қаласының тумасы, ұлты – татар, КСРО азаматшасы, үйшаруагері» деп, оған 1931-ші жылы 13-ші қаңтарда тағылған жер аудару қаулысының күші жойылғаны жөнінде мәлімдеме жасайды. Ресми құжатта Бадрисафаның нағыз ныспысы – орыс нәсілі екендігі көрсетілмеген. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, Александра «тағдыр-талайым» деп қабылдаған Ахметімен өмірін мүлдем жаңаша бастаған. Сондықтан да оны кейінгі ортасы – жаңа жұртшылық «татар қызы Бадрисафа Мұхамед-Садыққызы» деп таныды. Шындығында, алғаш көргендер оның ақсары өңіне қарап-ақ, ныспысы «орыс» екенін бірден аңғарса да, Ахметтің отбасымен етене араласқандықтан, жақын туыстары мен жора-жолдастары мұсылман дінін қабылдаған биязы Бадрисафаға үлкен құрметпен қарайды. Тумысынан бауырмал қазақ жұрты оны «Ахаңның жары» деп ерекше әспеттеп, сыйлаған.
Ш.А.Байсалова естелігінде Бадрисафа анасының келбетті, әрі сұлу болғанын, оның мұсылманша киінетіндігі, әкесі Ахметті «отағасы», «төрем» деп құрмет тұтқандығын, ал ағайын-туғандарының арасында анасының «ақ келін» атанғандығын жазған. Ш.Ахметқызы ата-анасының бір де бір суретін өзімен бірге сақтай алмағанын өкінішпен еске алатын. Кейінгі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған әкесінің суреттері мемлекеттік мұрағаттардан алынса, анасының суреті өзінің сипаттауымен, Орталық саябаққа серуенге шыққан орыс әйелдерінің «жиынтығынан» салынғанын айтқан еді. Ахаңның асыл жары Бадрисафа анамыздың аяулы бейнесін еске түсірушілердің бірі Шолпанның құрбысы – Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова. Ол өзінің «Ардақтап өтем әкемді» атты мақаласында, үлкен әкесі Асқардың қызы Ботакөз әпкесінің мәліметтерін келтіре отырып, өте қызықты деректер береді. Онда Ахаңның бәйбішесі жөнінде: «…жеңгейдің нәсілі – орыс. Тілі келсін-келмесін, тек қазақша сөйлейтін. «Қ»-ны «к» деп айтатын, тәтемді «Міржакып кайным», Ахмет жұбайын «төрем» дейтін. Бадрисафа жеңгей ақ сары, көк көзді, қыр мұрынды, орта бойлы, толықтау денелі болатын. Құлағына ақ тасты алтын сырға салатын, басынан аппақ орамал түспейтін, оны желкесіне байлап қоятын»- деп жазады. Және
Бадрисафа аналары дайындаған әр түрлі тағамдардың дәмділігі тіл үйіретіні соншалық ауыздарының суы құритынын, әрі оның жүздеген жұмыртқадан қатыратын шәк-шәк, бауырсақтарын кесуге көмектескендерін шынайы сүйіспеншілікпен мақтана еске алады.
Бадрисафа Мұхамед-Садыққызының аса мейірімді, әрі өте қонақжай болғандығы, жұбайының туған-туыстарына деген шексіз құрметі ел аузында да аңыздай тараған. Мәселен, 1926 жылдары туған еліне демалуға келген Ахмет пен Бадрисафаның аз күн тәрбиесінде болып, шапағатын көрген ақкөлдік Әубек Сатыбалдыұлының олар туралы әңгімесін 1998 жылы өз құлағымызбен есітіп, бейнетаспаға жазып алған едік. Бұл шамамен, Әубек ақсақалдың он екі-он үш жасында басынан өткізген оқиғасы. Қария әңгімесін: «…Ахаңның жұбайы әйелдердің нағыз перизаты, бек сұлуы еді» деп бастады. Ел ішінде оның орыс қызына үйленгенін жаратпаған қауесет тарап кеткен. Олар алғаш елге келгенде, оның орыс әйеліне үрке қараған ағайын-туыстар мен тума-жегжаттар көп болды. Солардың ішінде бала болсам да мен де бармын. Мен Ахметтің үлкен ағасы Қалидың қозылы-қойларын бағып, есік аузындағы бөстекке жата кететін кіріптар кедей ағайынының баласымын. Үсті-басым – ебір-жесір. Басым –жалақ, әрі суы шыққан – таз, адам баласы жаныма жолай алмайтындай сасықпын. Менің мүшкіл халімді көрген Ахмет ағатайым кейбір туғандарыма ұқсап теріс айналмастан, бірден орыс әйеліне «–Мына бейбақты күтіп, бақ» - деп, тапсырма берді. Әлгі орыс жеңгеміз өзгелер сықылды «тыжырынып» жиіркенбестен, мені қасына ертіп, барлық жағдайымды жасады. Ауыл маңындағы өзенге апарып, өмірімде сабын көрмеген денемді, иісі аңқыған сабынсумен жуындырып, басыма дәрі жағып, айналдырған аз күнде «көзімді шайдай ашты». Мен осылайша «ел қатарына қосылдым» деп, Әубек ақсақал басын шайқай, тамсана өткен күндерді есіне алды. Сонан соң сол күндер көз алдында тұрғандай, өзінен-өзі күлімсіреді. Оның терең әжім басқан жүзінде «Ахаңдай ағатайы мен Бадрес жеңгесіне деген ризашылығының табы әлі сақталғандай көрінді» маған. «Аштықта жеген құйқаның дәмі, аузыңнан кетпейді» деген бабалар сөзі осындайдан шыққан-ау, шамасы.
Ахаңның туған жерінен шыққан, Сарытүбектің сар аптабына қақталып, топырақ-құмын кешіп өскен, бүгінгі аға ұрпақтың әңгімесіне ден қойсақ, яғни, торғайлықтардың айтуынша мынадай қызықты хикаят бар: «...Ахмет Орынбордағы оқуын бiтiрген соң, Қостанай уезiнiң Әулиекөлiнде бастауыш мектепте оқытушы болып тұрған тұста Мұхамедсадық деген татар көпесiнiң үйiнде пәтер жалдап тұрады. Сол көпестiң балиғатқа толып отырған Бадрисафа атты бұла бойжеткен қызы бар екен. Ол қыздың күтушiсi орман қорықшысының Александра деген орыс қызы. Байдың қызы Бадрисафа кенеттен келген сырқаттан көз жұмады. Көпес қайғысын ұмыту үшін қызының көзiндей болған сыпайы, әдептi ару Александраны Ахметке ал деп қолқа салады-мыс...». Бұл ел ішіндегі аңызға айнала бастаған әңгіменің ақиқатқа алыс-жақынын дөп басып айту қиын. Бірақ, шындыққа бір табан жақын-ау деп те қаласың. Қалай болған күнде де орыс қызы «Александраның – Бадрисафа» деген мұсылманша ныспыны кейін алғаны
анық. Ал Ахметтің Аманқарағайдай қазақы ауылда өзінің анасының төркіні, нағашы жұрты Сүгірлер тұрғанда татардың үйін жалдауы, солақай саясаттың салқынынан болса керек.
Қостанайлық жорналшы әрі жазушы Байтұрсын Ілияс 1998 жылы ғұламаның 125 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Алтын бесік» кітабында Ахметтің жұбайы жөнінде мынадай деректі оқиғаны баяндайды: «...Нұртаза ақынның баласы, атақты Әбіқай ақынның туған бауыры Нәуен молда Орынбордан келе жатқан Ахаңды үйіне құрметпен қарсы алып енгізеді. Бұрыннан Ахаңа іші бұратын, қадір тұтатын, әзіл-қалжыңы жарасқан достығы болыпты. Нәуекең Ахаңа әзілін қыстырып жібереді: – Аха, мына қасыңыздағы тым сымбатты асыл перизатыңыз, өзінің көзі де әдемі келісті, есімі кім болар екен? - дейді. Сонда Ахаң мүдірместен:
Есімі – Александра Ивановна,
Құдайдың ризамын қиғанына,
Бір кәпірді мұсылман қып сауаптасам,
Тұрмай ма ол молданың иманына»,-
деген екен. Бұл туған еліне алғаш рет жұбайын ертіп келген сапарындағы Ахметтің басынан өткен оқиға. Кітаптың орыс тілінде берілген мәтінінде: «ол» сөзі «он» болып өзгеріске түскен:
«Это – Александра Ивановна,
Благодарю всевышнего за встречу с ней,
Одну неблаговерную я обратил в ислам,
Не равен ли мой подвиг службе 10 имамов».
Өлең орыс тіліне жолма-жол баламаланған. Осындағы қазақ тіліндегі – «ол» мен орысша «он» сөздеріндегі айырмашылық – әріптік қате. Бұл шумақ ел аузында сақталып, ауызша жеткендіктен түрленіп, өзгеріске түскен болуы керек. Десек те, бұл өзгеріс бір шумақты өлеңдегі мәтін мағынасын бұзып тұрған жоқ. Шумақтың орысшамен қатар берілген қазақшасындағы алдыңғы екі жолы 20-21-ші беттердегі алғашқы нұсқасынан біршама ауытқыған, яғни «Есімі – Александра Ивановна, Құдайдың ризамын қиғанына» деген жолдар «Бұл кісі Александра Ивановна, Құдайдың мен риза маған қиғанына» деп, төртінші қатардағы: «Тұрмай ма ол молданың иманына» деген қатар «Татымай ма он молданың иманына» болып өзгеріске түскен.
Екінші нұсқадан алғашқысының ұйқасы мәнді, әрі құлаққа жағымды естіледі. Қалай десек те араға талай жылдарды салып, Ахаңның жерлестерінің жадында жатталып, әйтеуір осы күнге жоғалмай жеткен, бұл шумақтың ХХІ ғасырдың ұрпағына да айтары көп-ау?! Жөпелдемеде кенеттен туған осы Ахметтің зайыбына шығарған арнау-шумағының әрбір сөзінде тұнып тұрған тәлім-өнеге, философиялық ой-толғамды көруге болады. Әрі нәсілі орыс болғанына қарамастан, Александрадай арудың мұсылман дінін, ділін, тілін қабылдауы – «Құдай қосқан қосағы Ахметке»
деген аппақ, кіршіксіз сезімін айғақтап тұр емес пе?! Ал, ұлт ұстазының ұлы істерінің қуаты болған Александра-Бадрисафа анамыздың мұсылман болуы – бүгінгі рухсыздық жайлаған жаһандану дәуірінде өз дінінен безіп, шыққан тегін басқаға айырбастаған дүбәра, санасыз ұрпақтарға үлгі етерлік өнеге ғой.
Ахметтің асыл жары Бадрисафа хақында зерттеуші ғалымдардың тарапынан да әр қилы нұсқадағы болжамдар айтылып жүр. Мәселен: «…Осы жерде айта кетелiк, А.Байтұрсыновтың жұбайы Александра/ға/ атты орыс әйелi болады. Өзі тұрған пәтер иесінің қолында жүрген жетім қыз (тiптi фамилиясы белгiсiз) А.Байтұрсынов түрмеде жатқанда тамақ тасып, кiр-қоңын жуып, қызмет көрсетедi. Адамгершiлiгi зор азамат мұндай қайырымдылықты, адал көңiлдi аттап кетудi ар санап, түрмеден шыққан соң сол жетiм қызға үйленедi» деген жаңсақ пікір еш қисынға келмейді. Тура осыған ұқсас ақпаратты танымал жазушы да қайталайды. Тіпті, тарихи тұлғаны 1907 жылы еш дәйексіз түрмеге отырғызып қояды да, «34 жасқа келгенде, әрең үйленеді» деген сәуегейлік жасайды. Шындығында, Ахметтің 1907 жылы емес, 1908 жылдың қараша айында аз уақыт абақтыда отырғандығы туралы мәлімет бар, оған кейінірек тоқталамыз. Жазушының мәлімдеуінше: «...Болашақ жұбайлар Қарқаралыда танысқан кезде Ахаң 34 жаста, Александра 29 жаста болатын. (...) Сонымен кейінгі тұрағы Орынборға Ахаң мен Бәдрисафа ерлі-зайыпты болып келеді» - дейді. Жоғарыда үзінді келтірілген жолдардың авторлары өз зерттеулеріндегі ой-тұжырымдарын: «...тағдыр тауқыметiн кешiп жүрген кездерi түрмеде көмекке келген қызға кейiннен аяушылық сезiммен үйленген» деген ақылға сыйымсыз мәлімдемелермен түйіндейді.
Шындығында, мұндай жаңсақ пікірлер негізсіз екеніне, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатынан табылған тарихи құжаттардағы деректер дәлел бола алады (Бұдан әрі – ҚР ОММ). Осы ҚР ОММ-ның сирек қорларында қатталған құпия ресми деректер дүдәмал болжамдарды толықтай теріске шығарады. Мұрағат мәліметтеріне кезек бермес бұрын, осындай құпия құжаттардың қатталуына не себеп болды екен? «Құрығы ұзын патша саясаты нені көздеді, ал «қолы қысқа» Ахмет нені көкседі?». Енді соның сырына үңілелік.
Қазақтың басына түскен қиын да қилы алмағайып заманда ұлтқа бас болу – Ахмет Байтұрсынұлының маңдайына бұйырған киелі іс. Мамандығы қарапайым оқытушылықтан бөлек, саяси өмірге араласуына түрткі болған – ол қазақ халқының өз Отанында отырып, бұратана күй кешуі еді. Өзінің атамекенінде отырып өзінің тіліне, діліне, дініне, жеріне иелік ете алмаған жұртының аянышты ахуалы, оны және оның айналасына шоғырланған қазақ оқығандарын саясат-сахнасына күрескер етіп алып келді. 1904 жылдың соңына таяу Ахмет отбасымен бірге Қарқаралы қаласында болғанғандығы, әрі осында тұрғандығы анық. Нақ осы қалада күрескер-ағартушының саяси көзқарасы қалыптасып, ол қоғамдағы әлеуметтік қозғалыстарға белсене қатысады. Дәл сол тұста болып жатқан сан қилы уақиғалардан тыс қалу мүмкін де емес еді. Өйткені, жаңа ғасырға қадам басқан қазақ ұлтының алдында үлкен сынақтар тұрды.
Біріншіден, өз атамекенінде отырып, дербес ұлт ретінде өзінің ұлттық мүддесін қорғай алмауы – көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялыларының намысын қозғап, ширықтырды. Екіншіден, барлық іс басқару жүйесінде патшалық құрықтың қыспағында болуы – қазақ оқығандарының өрісі мен тынысын тарылтып, тығырыққа тіреді. Осындай саяси қысымшылықтармен қатар, шектен тыс көпе-көрнеу қазақ ұлтын «бұратана» деп менсінбеуі – олардың ыза-кегін туғызып, қандай да бір шешуші қадамдар жасауға мәжбүрлейді. Осының бәріне негіз болған 1896-шы жылы Ақмола, Семей, Торғай өңірлеріндегі жер ахуалының аңысын адақтап шыққан атақты Щербиндік зерттеу саяхаты сапарынан соң, қазақ даласының шұрайлы жерлеріне қоныс аударушылардың санының күрт өсуі еді! Әрі олар жергілікті тұрғындардың ежелден қалыптасқан шаруашылық дәстүрімен санаспастан, қазақтың мал, егін шаруашылығында алқабын күрт тарылтып, өздеріне тиісілі нормадан артық жерлерді иемденуі – қазақ оқығандарының қандай да бір әрекетке келіп, шара қолдануларына негізгі түрткі, себепші болды.
Райхан ИМАХАНБЕТ
А.Байтұрсынұлы мұражай-үйі жетекшісі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУдоценті м.а.