“Алаш” арыстарынан 100 жылдан кейін, “Ақ жол” партиясы тағы да Республикамызға еліміздің төл атын қайтаруды талап етуге мәжбүр
2021 ж. 07 қараша
5930
3
“Ақ жол” демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың, Сұлтанбек Қожанұлының еске алуға арналған “Еркін сұхбат алаңында” айтқан сөзі.
Құрметті қауым!
Бүгін біздер шын мәнінде тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Елімізде Алаш азаматтарының аттары қайта жаңғырып, олар жайында жаңа ақпарат ашылуда.
Әрине, Тәуелсіздік алғалы бері жазықсыз қудаланған Алаш арыстарын ақтау бойынша мемлекет бірқатар жұмыстар жүргізді. Оның барлығы дұрыс. Сонымен қатар, арыстарымыздың ел үшін істеген ерліктері, енбектері туралы біз әрдайым ұмытпай, насихаттаумыз керек. Себебі мәселе күнәсіз өлтірілген адамдарды ақтауда ғана емес, - олардың ерлігі мен батырлығына және құрбан болғанына лайықты саяси баға бергенімізде.
Биыл еліміз үшін ұлықты мереке - тұғырлы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Құтты болсын келе жатқан мерейі! Кез-келген мемлекет үшін Тәуелсіздік күнінен артық айтулы дата жоқ. Соңғы бір-екі жылда кейбір көрші мемлекеттердің шенеуніктері қазақ мемлекеттілігіне, қазақ жеріне қатысты "Қазақтарға Тәуелсіздік көктен тегін түсті, солтүстік жерді оларға біз сыйладық, сол сыйлықты қайтару керек", - деп арандатушылық пікірлер айтып жүр. Мұның себебі, біз әлі күнге дейін Тәуелсіздік бізге қандай ауыр, қандай ұзақмерзімді, көпбуынды күрестің нәтижесінде келгенін ашып айтпай жүрміз. Әрине, біз Құдай берген көршілермен бейбіт қарым-қатынаста болуымыз керек. Дегенмен, қаһарман ата-бабаларымыздың ерлігіне әділетті бағасын беруіміз қажет.
1920 жылы Москвада Әлімхан Ермекұлы екі рет баяндама жасап, Әлихан Бөкейханның жинаған деректеріне сүйеніп, Қазақ жерінің тұрғындарының көпшілігі кім екен, шаруашылығы қандай, ұлты кімдер екені дәлелденіп, СовНарКомның шешімімен Қырғыз Автономиясы жарияланғанын білесіздер. Бұл автономияның алғашқы қарлығашы - Алаш автономиясы болғаны баршаға мәлім. Ал жетпіс жыл өткен соң автономиялық, сосын одақтық республикасының территориясы мен билік институттарының негізгінде, біз Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Яғни, Тәуелсіздіктің іргетасын қалаған - Алаш арыстары. Соны біз ресми түрде мойындауымыз керек.
Ал, Сұлтанбек Қожанұлы Алаш автономиясын да, Қырғыз (одан кейін - Қазақ) Республикасының да құруына тікелей қатысы бар. Ол 1917 жылы жалпықазақ съезіне қатысып, Алаш автономиясы жарияланғаннан кейін Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаевпен бірге Ташкентке барып, Түркістан автономиясын құрды. Ол Түркістан автономиясына қазіргі Орта Азия елдері, оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан жерлері болса, автономияның жетекшісі алдымен Мұхамеджан Тынышбаевты сайлап қойды, кейін Мұстафа Шоқай болды. Яғни, бұл кісілер расымен де Тәуелсіздік пен ұлттық мемлекеттілік үшін күрескен. Одан кейін большевиктер ұлттық автономия береді деп келісіп, Алаш азаматтары жергілікті Совет Үкіметінің қызметіне кірісті. Сұлтанбек Қожанұлы сол Үкіметінің мүшесі болып, Ұлы далада ең атышулы, ықпалды, өткірсөзді “Ақ жол” газетін құрып, оның саясатын бағыттаған.
Білім министрлігін басқарып, қазіргі кездегі еліміздің бірнеше оқу орындарының ашылуына себепкер болды. Сұлтанбек Қожанұлының ең үлкен еңбегінің бірі - 1920 жылдан бері автономиялық Республикамызға Қырғыз атын бергеннен кейін С.Қожанұлы оған келіспей, Жалау Мыңбайұлымен тағыда басқа да азаматтармен бірге, еліміздің өз атын қайтару туралы мәселе көтерді. Лениннің де, Сталиннің де алдында "Қырғыз" атауының біздің елімізге қателесіп берілгенін қайта-қайта дәлелдеп, төл атымыз "қазақ" деп, 1925 жылы Қазақ Республикасы деген заңды атауын қайтарды. Оның батыл, ержүрек, өжет мінезін көрген Сталиннің өзі "Шығыстын Шыңғысханы" деп атаған. Ол кісінің атқарған қызметі, еңбегі еліміз үшін баға жетпес ерлік болды деп санаймын.
Осыны ерекше бағалап, мен “Ақ жол” партиясы атынан 2019 жылы Үкіметке депутаттық сауал жолдадым. 2020 жылы Қазақ Республикасына 100 жыл толады - деп, мұны той ретінде емес, осы азаматтарымыздың еңбегімен ерлігіне бас иіп, батырлығын мойындап, Қазақ Республикамыздың 100 жылдығын ресми түрде атап өтуіміз керек, - Үкіметке ұсыныс айттым.
Тіпті тотаритарлық большевик Үкіметі еліміздің шың атын құрметтеп, Қазақ (!) Совет социалистік Республикасы деп мойындаса, белгісіз себептермен тәуелсіздік алғаннан кейін, аяқ астынан ел атынын орнына, жер атын пайдаланып "Қазақстан" болдық.
Сондықтан мен өз сауалымда елімізге төл атын қайтарып, "Қазақ Республикасы" атануымыз керек екенін айттым. Үкімет сауалымды Ш.Уәлиханов атындағы Тарих институтына сараптамаға жіберді, сарапшылар қауымы да "Депутат А.Перуашевтың ұсынысында толық тарихи негіздері бар", - деп айтты. Бірақ белгісіз себептермен, Үкімет өз тарапынан біздерге жауап бермей қалды.
Олай болса да, біз бұл мәселе ары қарай жылжытамыз.
Осылай тура жүз жылдан кейін, Сұлтанбек Қожанұлы секілді батыр аталарымыздың ізін басып, "Ақ жол" депуттары қайтадан мемлекетімізге өз еліміздің атын қайтаруды талап етуге мәжбүр болдық. Иә, қазіргі билік қолдамаса да, ерте ме, кеш пе, біздің мемлекеттің өз атауы қайтарылады. Оған еш күмән жоқ.
Бүгінгі шараның Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жасалып жатқаны да бекер емес. Кім екенімізді, қайдан шыққанымызды, не үшін бар екенімізді ұмытпау үшін - Сұлтанбек Қожанұлы сияқты Алаш арыстарының ерлігін құрметтеп, олардың рухы алдында бас июіміз керек. Алаштың жарқын аты өшпесін, құрметті ағайын!