“АҚ ЖОЛ” “АЛАШҚА ТАҒЗЫМ” ШАРАСЫН ӨТКІЗДІ
2021 ж. 30 мамыр
10321
1
“Ақ жол” партиясы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне екінші рет хат жазып, ескерткеніндей, бүгін 31 мамыр күні сағат 8:30-да Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған “Алашқа тағзым” шарасын өткізді.
Елордадағы Сейфуллин-Әуезов көшелері қиылысынан басталған “Ақ жол” партиясының Алаш шеруі үш көше жүріп өтіп, Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш мемориалға келіп, тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Зұлмат пен зобалаң құрбандарының әруақтарына дұға бағышталып, құран оқылды.
Алдын ала айтылғанмен, еліміздің басты телеарналарының ешқайсысы келмеді. Көшеде көп кездескен полиция бақылап жүріп отырды.
Ақжолдықтар былтыр бір көше жүріп барып, Саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандарына тағзым еткен еді. Енді биыл үш көше жүріп өтті.
Алла қаласа, Ақ жолдың Алаш шеруі астананың ғана емес, бар қаланың басты көшелерін толтыратын күн де келеді.
“Ақ жолдың” “Алашқа тағзым” шарасы жыл сайын дәстүрге айналғанындай, АЛЖИР қасірет мемориалында жалғасады.
“Ақ жол” “Алашқа тағзым” шеруін еліміздің барлық өңірінде өткізді.
Алла жар болсын Алашқа!
Өлі риза болмай қалай жариды ел,
Көз алдымнан кетпей мәңгі тұрады-
4 миллион!-
Қолын жайып нан сұраған сәбилер,
О дүниеде дұға сұрап жүр әлі...
Ойнамаңдар әруақтардың жанымен,
4 миллионды жоқтай алмау - есірлік!
Қызыл туын жуған Қазақ қанымен,
Қызыл Одақ құрыса да, соттай алмау - не сұмдық?!.
4 миллион - бір мемлекет!
Көтеретін қай ұлтты да белеске,
Өмір бойы қалай алмас ел еске?!.
Пірі сынды тіл тигізбеу Кеңеске,-
Тірі сынды 4 миллионды қайта өлтіру емес пе?!.
Енді бүгін Ер болатын келді шақ,
Есеңді өзге түгендемес, еш ғалам.
Азаттықты алған соң да ел құсап,
Аза тұта алмадық-ау, кеш, бабам!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні